ДЕРЕКТЕР СӨЙЛЕЙДІ

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында тарихи сананың қалыптасуына, қазақ халқының мемлекеттігі мен ұлттық санасының нығаюына ерекше мән беріледі.  Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақаласында «Архив–2025» мәселесіне, тарихи маңызы бар архивтік құжаттарды тауып, сақтау мәселесіне үлкен көңіл бөлді.

XX ғасырдың 20-30-жылдары ұлттық тарихи білімнің қажеттігі туралы А.Байтұрсынов, С.Сей­фуллин, С.Сәдуақасов, Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақов, Н.Манаев, Т.Жүргенов сынды тағы басқа мемлекет және қоғам қайраткерлерінің сөйлеген сөздері мен жазған мақалалары газет-журнал беттерінде үнемі жарияланып отырған болатын.

Алматы қаласының Мемлекеттік архивінде көрнекті әдебиеттанушы, ғалым, филология ғылы­мының докторы, профессор Мекемтас Мырзахмет­ұлының құжаттары жеке қор бойынша жинақтау дерек көзі болып табылады. Тізімдеме Б.Момыш­ұлы туралы және оның жинақтаған кітап­тарынан тұрады. Құжаттар төрт бөлімге бөлінген. Соның 3-бөлімінде Б.Момыш­ұлының жинаған және қолтаңбасы қойыл­ған кітаптары сақталған. М.Мырзахмет­ұлының 616-қорында «Жұлдыз» журналы­ның алғашқы шығарылымдары «Жаңа әдебиет» атауымен 1928 жылы топтастырып шыға­рылған басылымдары бар. Оның бас редак­торы Сәкен Сейфуллин болған. Әрине, ол кездегі жазу үлгісі А.Байтұрсы­новтың төте жазуымен (араб қарпі) басылған. «Жаңа әдебиет» айына бір рет шығатын жаңа әдебиет сын журналында қазақтың белгілі классиктері Б.Майлиннің, С.Сейфул­линнің, С.Мұқановтың, Ғ.Мүсі­ре­повтің, Ж.Ай­мауытовтың, І.Жансүгі­ровтің, Ә.Тәжібаевтың, А.Тоқмағамбе­тов­тың және сол кездегі жас ақын-жазушы­лардың мақа­лалары мен өлеңдері басылып шыққан. Мысалы, С.Мұқановтың «Сұлу­шаш» поэмасы 1-нөмірден бастап 5-нөмірге дейін бөліп-бөліп басылып тұрған.

Сонымен қатар, Сәкен Сейфуллиннің немере інісі Мәжиттің «Жаттығу бөлімі» деген айдар бойынша «Қалай жазу керек?» деген өзекті мақаласы және әр сандарында бірнеше өлеңі жарық көрген. Бұл журналдың «Өлең, әңгімелер» айдарында, аты айтып тұрғандай, ақын-жазушы­лар­дың әңгімелері мен өлеңдері жарық көрген. Мысалы, Б.Майлиннің «Қара бала», «Оспан Олжабаев», Ж. Аймауытовтың «Кү­нікейдің жазығы», Тайшықұлы Қадырдың «Сай басында» (аңшылардың өмірінен әңгіме) сияқты әңгімелері мен А.Тоқма­ғамбетовтың «Темірші», С.Сейфуллиннің «Тазала», І.Жансүгіровтің «Өнер»,  Ә.Тәжі­баевтың «Арыс тұзы» және тағы да басқа өлеңдері жарияланған.

Сонымен қатар, «Сын бөлімі» айда­рында Мұстапаның «Октябрьдің өткел­дері», Ғаббас Тоқжанұлының сол заман­дағы өзекті тақырыптардың біріне арналған «Қандай әдебиет үстем болмақ, қандай әдебиетіміз бар?» атты мақаласы, Ыдырыс Мұстамбайұлының «Біздің таластарымыз», «Абай» , «Көркем әдебиет туралы Мәскеу­дегі қазақ оқушыларының пікірі» сияқты мақалалар жарияланған.

Сондай-ақ, «Аударма» бөлімінде Мәжит Р.Гардиниктің «Кер баланың шөлінде» атты әңгімесін, «Красин кемесінің жүрісі» және М.Горькийдің «Бақ», V атты аноним жазушының «Бес қашқын» мақаласы және Чернышевскийден аударған «Түпсіз терең, қамал бұзған берен», Максим Горькийдің «Дауылпаз туралы жыр»,  І.Жансүгіровтің «Құрыш құс» және М.Горькийден «Мен жазуға қалай үйрендім», Ж.Аймауытовтың «Молла Мирамидің кітап жазуға қалай кіріскені», Әлкей (Кнут Камсонның) «Кезген күндер» атты әңгімесі журналдың №10, 11-сандарында жариялаған.

«Халық әдебиет бөлімі» айдарында Малдыбайұлы Біләлдің «Кенесары заманы­нан», «Арыстанбап ақын мен Орынбай ақынның айтысқаны» мен «Төле бидің бала кезінде билік айтқаны» атты әңгімелері, ел аузынан Балқай Байтоғайұлының «Нұр­жан ақын» мен Әбділдәнің «Асаубай Тақ­пақтың сөзі» сияқты өлеңдер мен әңгі­мелерді жинақтап шығарған.

Сонымен қатар, 1923—1926 жылдары араб әліпбиімен жазылған Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев және А.Байтұрсыновтың шығармаларынан құрастырылған кітап жеке қор құрушы М.Мырзахметұлының 616-қорында сақталған. Ол кітапта «Мамай батыр», «Қаздауысты Қазыбек», «Ке­несары–Наурызбай», «Төле би», жоқтаудың түрлері, тағы басқа әңгіме, өлеңдері жарияланған.

«Ұлтты сүю – ұлтшылдық емес» деп Бауыржан Момышұлы айтып кеткендей, ұлтжанды адам – өз ұлтының тегі мен тарихын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, ділін, тілі мен дінін ардақтап, өмірінің соңына дейін қастерлей білетін адам. Бұның бәрі, негізінен, адамға білім арқылы қалыпта­сатын құндылық болып табылады.

Ш.САЛИМГЕРЕЕВА,

Архивтік құжаттарды ғылыми пайдалану және жариялау

бөлімінің басшысы, т.ғ.к.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *