Депутаттық бақылаулар күшейтіледі

VІ Алматы қалалық мәслихатының Еңбек, жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшелері Наурызбай ауданында жүргізіліп жатқан жол жөндеу және жол құрылысының сапасын талқылады. Комиссия мүшелерінің басқосуын атаулы комиссия төрайымының орынбасары Әміржан Нәбиев жүргізді. Жиналыс барысында Наурызбай ауданында жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстары туралы Алматы қалалық мобилділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев қысқаша мәлімет берді. Өзі жауап беретін жұмысын кім жаман десін, Сағындық Тоқтасынұлы биыл аудан бойынша 25,6 шақырымды құрайтын 23 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілетінін және сол жөндеу жұмыстарының сапалы атқарылып жатқаны, кейбір көшелердегі жөндеу жұмыстары тамыз айының жиырмасыншы жұлдызында аяқталғаны туралы ақпарат берген болатын.

Бірақ комиссия жанынан құралған депутаттық топ мүшелері жүргізген арнайы рейд осы аудандағы жол жөндеу жұмыстары бойынша орын алған бірқатар кемшіліктерді, жөндеу жұмыстарын мойнына алған Мәмед Насимов басқаратын «ASMAR STROY» ЖШС-нің жөндеу жұмыстарындағы жауапсыздықтарын фотоайғақтармен нақты дәлелдеп берген тұста «Жұмысымыз сапалы атқарылып жатыр» деген жол жөндеушілер әр түрлі сылтау айтқанмен, шынайы фактілерге қарсы уәж айта алмады.

Рейд барысында фотоға түсірілген шынайы көріністер олардың өз кемшіліктерін мойындауларына мәжбүр етті. Жол жөндеу жұмыстары кезінде жаяу жүргіншілер жолы, арбамен жүретін мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы жолдар –пандустардың белгіленген мөлшерге сай келмейтіндігі, бордюрлардың қалай болса, солай орнатылғаны және төселген асфальт жабындылардың сапасыз тегістелгені қатаң сынға алынды. Әсіресе, Сәбденов пен Тайжан көшелерінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына комиссия мүшелері төменгі баға беріп, техникалық бақылауды күшейтуді талап етті.

«ASMAR STROY» ЖШС-нің басшысы Мәмед Насимов жүргінші жолына ғана жауапты екенін, ал бордюрларды орнатуға «Эталлон» кәсіпорны жауапты екенін айтып ақталғысы келіп еді, Әміржан Нәбиев оның сылтау емес екендігін, тіпті сол жүргінші жолының өзі сапа талабына сай келмейтіндігін айтып, жол жөндеу жұмыстарындағы кемшіліктерді қайта қалпына келтіру үшін он күн мерзім берді. Осы уақыт ішінде «ASMAR STROY» жол жөндеу жұмысы бойынша жіберген кемшіліктерін қалыпқа келтірмек, оны депутаттық топ қайта қарап, қабылдап алатын болады.

Осы отырыста Еңбек, жұмыспен қамту және көлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрайымының орынбасары Әміржан Нәбиев жүргінші жолын бір мекеме жасаса, оның жан-жағына орнатылатын бордюрларды тағы басқа бір мекеме орнатса, жұмыстың сапасын талап ету қиын болатындықтан, жол жөндеу жұмысына қажетті шаруалардың барлығын бір мекемеге жүктеу қажеттілігі туралы ұсынысын білдірді. Комиссия мүшелерінің пікірін қайдам, депутаттың бұл ұсынысы біздің көңілімізден шықты. Тек жол жөндеу жұмысында ғана емес, шаһар шаруашылығына қатысты көп шаруада бір жұмысты бірнеше мекеме қатар атқаратындықтан сапа деген мәселе ақсап тұрғаны анық.

Оған мысалды алыстан іздемей-ақ қоялық, мәселен, Төле би көшесінің бойындағы жылу жүйелері менсу құбырларын төсеу жұмыстарын жүргізу 2017 жылы басталған еді. Өткен жылы уһ деп жасалған жерлердің бетін асфальттап, жолдарды тегістеп қойған сияқты еді, биылғы сәуір айынан бастап тура өткен жылы жасалып бітті деген аймақ қайта қазылды.

Демек, өткен жылғы атқарылған жұмыс талапқа сай болмағаны да. Жұртты қайдам-ау, бауыры қайта-қайта тесіліп, жыл сайын топырағы ақтарылып жататын осы көше үшін Төле би бабамыздың аруағынан ұят болды. Біздіңше, Төле би көшесіндегі жөндеу жұмыстарын қалалық мәслихат депутаттары өз бақылауына алғаны жөн шығар. Өйткені екі-үш жылдан бері Төле бидің бойымен қатынайтын жолаушылардың ығыры шығып бітті.

Сонымен қатар, депутаттық топ мүшелері кешке қарай көліктер мен жолаушылардың қозғалысына кедергі келтіретін Райымбек даңғылы мен Пушкин көшелерінің қиылысындағы адамдар кептелісін ретке келтіруді және сол қиылыстан жан-жаққа қатынайтын автобустар бағыты мен санын көбейтуді Алматы қалалық мобилділік басқарма басшысына тапсырды. Қаламызда мұндай адам шоғыры үзілмейтін қиылыстар жеткілікті, ол Сайран автобекеті маңындағы Төле би мен Өтеген батыр көшесі мен Төлеби мен Момышұлы атындағы көшелердің қиылысындағы адамдар кептелісі дер едік. Осы көше қиылыстарындағы ретсіздікті ретке келтіру де жыл сайын айтылатын, бірақ күні бүгінге дейін шешімі табылмай келе жатқан қала өміріндегі өзекті мәселелердің және адам өмірі үшін қауіпті көше қиылыстарының бірі болып тұр. Бұл қиылыстарда жол-көлік апаты да жиі орын алып жатады.

Комиссия мүшелері айтқандай, депутаттық бақылаулар күшейтілсе, көп кемшілік ретке келер ме еді. Қала басшысының сала басшыларынан талап етіп отырғаны осы атқарылып жатқан жұмыстарға деген бақылау күшейту болып отыр емес пе? Қатаң бақылаудың жоқтығы көп ісіміздің берекесін кетіріп тұрғаны жасырын емес, ал жол жөндеу жұмысындағы кемшіліктерге жол беруге болмайды, жол салу ең алдымен сауапты істердің бірі, жол адамның тағдыры екенін осы жұмысты мойындарына алған жол жөндеушілер ескере жүрсе игі.

Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *