Депутат Дамирдың Наурыз тойы

 

Биылғы Наурыз мейрамы жыл­дағыдан өзгеше  өтіп жатыр. Оның өзгеше өткізілуіне бүгін тағы да көз жеткіздік. «Нұр Отан» партиясы Бостандық аудандық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі, Алматы қалалық мәслихатының депутаты, Халықара­лық ақпараттық технология универ­ситетінің ректоры Дамир Шыныбеков бір күннің ішінде үш жерде Наурыз мерекесінің өтуіне ұйытқы болды.

Алдымен №51 мектептің алдын­дағы әдемі алаңқайда өз округында орналасқан мектеп басшыларын шақырып, аудан ақса­қалдарының басын қосып, олардың батасын алып, игі ісін бастады. «Жаңбырмен жер көгереді, батамен ер көгереді» демекші, жас басшы, жаңа депутат қатып қалған стан­дарттардан шығып, халықтың қалың ортасына келді. Қарапайым халықпен кеңседе емес, таза ауада, аулаларда, саябақ пен скверлерде кездесуді ұйғарыпты.

Наурыз көжеден дәм тата жүріп жұрттар көкейтесті мәселелерін халық  қалаулысына жеткізуге мүмкіндіктері мол болды. Университеттің ұлт-аспаптар оркестрі күмбірлетіп күй тартып, колледждің шәкірттері әуелете ән салып, биші қыздары мың бұралып билеп жатты. Бостандық аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясы Бостандық аудандық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі Хамит Біржанов жиылған жұртты Ұлыстың ұлы күні­мен құттықтап, мерекені ұйымдас­тырып отырған Дамир Әбдухалиұлына ризашылығын білдіріп, келіп кірген ит жылының халқымыз үшін құт жылы болуына тілектестігін білдірді.

Аудандық Ардагерлер кеңесінің белсенді мүшелері Меңдіғали Мұса­ғалиев пен Қайрат Кенжеболатов сынды ақсақалдарымыз да аталық баталарын беріп, жүректен шыққан тілектерін жиылған қауымға жеткізе білді. Осыдан соң Мұстафа Өзтүрік көшесінің 8-үйінің ауласында тұрғын­дармен, осы жердегі пәтер иелері кооперативтерінің басшылары­мен, Наурызға арналған мерекелік іс-шаралар жалғасын тапты. Мемле­кеттік тілдің майын тамыза отырып, халық қалаулысы өз сайлаушыларына ыстық ықыласын, мерекелік құттық­тау тілегін жеткізді. «Құлақтан кіріп бойды алатын жақсы ән мен тәтті күй» қатысушы­ларға керемет көңіл-күй сыйлады. «Нұр Отан» партиясы Бостандық аудандық филиа­лының қызметкерлері мен арда­герлер, тұр­ғындар сөз сөйлеп, көктем мереке­сі – жыл басы, Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Әр түрлі ұлт өкілдері наурыз көже ішіп, дастар­ханнан дәм татты.

Халық қалаулысы сондай-ақ, қазақ­тың қос батыры Мәлік Ғабдуллин мен Ербол Сыпатаев атындағы көше тұрғын­дарының Наурыз мерекесіне қатысты.

 

Б.ӘБДӘЛІҰЛЫ,

«Нұр Отан» партиясы Бостандық аудандық филиалының кеңесшісі.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close