ДЕПУТАТ ДАЛАҒА ДАСТАРХАН ЖАЙДЫ

Үлкен үмітті арқалаған кешегі азаматтар бүгінде ақ сақалды қария болып, еліміздің ардагері атандық. Талай асудан өтіп, өмір өткелдерінің небір қиыншылықтарын мойымай көтеріп, бақытты отбасылық өмірді өткердік. Міне, жастық шақтың жалын оты бойымыздан тарқап, ұрпағымыздың қызығын көретін шағымыз да келіп жетті, шүкір, баршамыз, сол бақытқа ие болдық та. Отбасымызбен қатар, қаламыздағы белді азаматтарымыз да үлкен кісіге деген құрметтерін ұмытпай, жиі ізгі істерін жасап, сый-құрметін көрсетеді. Жақында таза ауада тынығып, бой жазып қайтқан ардагерлерді Еркінбаев Ержан мырза үлкенге деген құрметі арқылы ерекше ықыласына бөледі. Алматы қалалық мәслихатының депутаты Еркінбаев Ержан Мәлікұлы бір топ ардагер қауыммен бір күндік уақытын өткізіп, ардагерлерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ардагерлер қауымы мұндай үлкен құрметті атап айтуды, оқырманмен бөлісуді жөн көріп отыр.

Үлкен 50 орындық жайлы автобус №172 мектептің алдына келіп аялдады. Белгіленген уақыт бойынша Медеу ауданының ардагерлерін мектеп алдында Алматы қалалық мәслихатының депутаты Еркінбаев Ержан мырзаның көмекшісі Алмас үлкен сәлеммен қарсы алды. Ол өзін таныстыра отырып, депутаттың тапсырмасы бойынша бізді белгілі бір демалыс орнына жеткізіп салатын­дығын айтып, көлікке отырғызды. Жайлы орындарға жайғасқан арда­герлер көлігі Шымбұлақ тау шаңғысы спрот кешеніне қарай бағыт алды. Жол-жөнекей естелікке суретке түсіп, Алматының көрікті жерлерін тама­шалады. Әңгімелесіп отырғанымызда, көлік кешенге қарасты қанатты көлік бекетіне әкелді. Жол бастаушымыз Алмас  көліктің әр кабинасына сегіз адамнан отыратынын және каби­наның тоқтамай, жылжып отыра­тынын айтып, сақ болуға шақырды. Таби­ғатты тамашалай отырып, Шым­бұлаққа да жеттік. Бұл жерде ардагер­лерді Еркінбаев Ержан құшақ жая қарсы алды. Бәрімізбен амандасып болған соң, біршама әңгіме айтып отырдық. Содан кейін Ержан мырза біздің тау шаңғысымен сырғанайтын спорт алаңына барғымыз келетінін білген соң, өтінішімізді жерде қалдырмай, бірден қабыл алды. Сөйтіп, жолға шықтық. Алмас ұлымыз барар жеріміздің табиғаты жайлы біраз әңгімелеп берді. Таудағы ауаның тазалығы бір басқа, ондағы өсімдіктер, алуан түрлі құстарды көріп, құдды бір табиғи қорықта жүргендей күй кештік. Сол жерде  бір сағаттай көк майсада демалып, көк кілемде аунап, күш-қуат жинадық. Сәл тыныққаннан кейін  қайтуға әзірленіп, әуелгі базаға бет бұрдық. Бізді күтіп тұрған депутат түскі асқа шақырды. Дастархан жаздық дәмханада жайылған екен. Түскі ас барысында Ержан мырза Шымбұлақ спорт кешенінің тарихы, бүгіні және келешек жоспарлары туралы әңгімелеп берді. Одан соң депутат ретінде атқарып жатқан ауқымды жұмыстарына тоқталды. Еркін әңгіме-дүкеннен кейін ардагерлер азаматтарға алғыстарын білдіріп, өз өнерлерін ортаға салды.  «Алтайдың ар жағынан келген ару», «Сұрша қыз», «Көк тудың желбіре­гені», «Атамекен» сынды әндерді шырқап отырған біздің сән-салта­натымызға басқа да демалушылар қосылды.

Сый-құрметке, жылы жүзді ықыласты қабылдауға риза болған ардагерлер – А.Ахметова, А.Васи­ленко, Ж.Мұқаев, А.Шынғожаев, сондай-ақ, №2 емхана ардагерлері мен №172 мектеп ардагерлері үлкен рахметтері мен алғыстарын айтып, депутатқа, қызмет көрсеткен кешен қызметкерлеріне мықты денсаулық, еңбектеріне табыс тіледі. Ұйым­дастырушылар ардагерлерге азық-түлік себетін ұсынды. Осылайша Шымбұлақтан әндетіп көтеріңкі көңіл-күймен үйімізге оралдық.

И.Іргебаев,

Медеу ауданы Ардагерлер кеңесі

 №32 округінің төрағасы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *