ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖАҢА БАСШЫСЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек кеше  мегаполистің  денсаулық сақтау қоғамдастығымен кездесу барысында Денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысы  Қанат Төсекбаевты таныстырды.

Соңғы жылдары Алматыда қала тұрғындарының денсаулығына қатысты негізгі индикаторлар бойынша оң нәтижелерге қолжетті, денсаулық сақтау ұйымдарын жаңа заманауи медициналық техникамен қамтамасыз ету 80%-ға жетті. Тұр­ғындардың  94%-ы электронды пас­портпен қамтылды. Жыл аяғына дейін қаланың барлық емханалары қағазсыз форматқа көшеді. Жүргі­зілген медициналық реформалар нәтижесінде сырқаттарға қызмет көрсету уақыты 20%-ға, кезек күту 30%-ға қысқарды.

«Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласына үнемі айрықша назар аударып келеді, бұл мәселе Елбасының халыққа Жолдауында да  көрініс тапқан. Президенттің тапсыр­масы бойынша  сырқатты емдеудің жаңа  әдістерін енгізген учаскелік меди­цина қызметкер­лерінің жал­ақысы 1 қаңтардан бастап біртіндеп 20%-ға өседі. Тек  Алматының өзінде ғана бұл шара жалақысы 199 416 теңгеге жететін учаскелік қызметтің 1028 дәрігерін, еңбекақысы 130 766  теңгеге дейін өсетін  2400 медбикені қамтиды», – деп атап өтті Бауыржан Байбек.

Дегенмен, атқарылған жұмыс­тарға қарамастан тұрғындардың қаланың медициналық ұйымдары көрсететін қызметтерге көңілдері толмайды. Осыны ескере отырып, мегаполис басшысы   Денсаулық сақтау басқармасы жаңа басшысының алдына принципті  әрі жүйелі жұмысты қажет ететін бірінші кезектегі міндеттерді қойды.

Яғни  медицина ұйымдарының барлық қызметі ашық болуы  және  сы­байлас жемқорлыққа жол берген бас­шыларға қатаң  шаралар қолда­нылуы  қажет. Қаланың медицина ұйым­дары азаматтардың барлық өтініштеріне мо­ниторинг  жүргізулері, оларға дер ке­зінде мән берулері  әрі өздерінің қар­жылық есептерін жария етулері тиіс.

Денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысына қаланың медицина мекемелері жанындағы Қадағалау кеңесінің құрамына ҮЕҰ, БАҚ өкілдерін және блогерлерді енгізе отырып, оны қайта қарау  тапсырылды. Өз кезегінде ұйымдардың ішкі аудит қызметі тек Қадағалау кеңесіне ғана тікелей есеп берулері тиіс.

Бұлдардан өзге дәрілерді сатып  алуды электронды  форматқа  көші­ріп, медициналық техниканы сатып алған кезде оның нақтылы бағасына жасалған  сараптаманы жіті бақы­лаған жөн.

Орталықтандыру қағидасы бойынша медициналық қызметті қолжетімді  ету үшін мегаполистің әр ауданында ұйымдық-құқықтық формасы өзгерген көппрофильді стационарлар құрылатын болады. Осыған орай, Денсаулық сақтау басқармасына медициналық ұйым­дардың басшыларын конкурстық негізде тағайындаудың нақтылы механизмін  әзірлеу тапсырылды, мұнда түпкі  нәтижеге ерекше назар аударылуы тиіс. Қала басшысы  талапқа сай әлеуметтік лифт құруды және басшыларды меритократия принципі бойынша таңдауды ұсынды.

Айта кетерлігі, Денсаулық сақтау басқармасының жаңа  басшысы өзінің еңбек жолын медициналық жедел жәрдемде фельдшер болып бастаған. Әр жылдары Алматыдағы  балалардың жұқпалы аурулар ауру­ханасының және  Астана қаласын­дағы медициналық жедел жәрдем станциясының  бас дәрігері қыз­меттерін атқарған. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Батыс Қазақстан облысының  Денсаулық сақтау басқармасын  басқарған. Қазақ мемлекеттік медицина университетінің және Ганновер жоғары медицина мектебінің түлегі.

 

«АҚШАМ-АҚПАРАТ».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *