«Денсаулық айлығының» денсаулығыңызға жәрдемі тиді ме?

Қаламызда қала әкімдігінің ұйымдастыруымен «Шетсіз қала» бағдарламасының аясында «Денсаулық айлығының» өткізіліп жатқанынан алматылықтар хабардар болса керек. Біз бүгін осы айлыққа қатысып, өз денсаулықтарын тексертіп үлгерген қала тұрғындарымен тілдесіп, «Денсаулық айлығының» олардың денсаулығына тигізген жәрдемі, дәрігерлердің мобильді тобының мұндай тексеру жүргізуінің тиімділігі неде деген сауалдар төңірегінде ой бөліскен едік.

 

«Денсаулық» денсаулық сыйлады

Фарида АУТОВА,

Түрксіб ауданына қарасты «Нұршашқан» ықшамауданының тұрғыны:

– Ең алдымен, осындай іс-шара ұйымдастыруға ұйытқы болған және шет ауданда тұратын тұрғындардың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайына алаңдаушылық білдіріп, бізге айрықша көңіл бөлген қаламыздың басшысы Бақытжан Сағынтаев баламызға рахмет айтамыз. «Шам жарығы түбіне түспейді» демекші, Алматы үлкен қала, үлкен үйіміз болғандықтан оның шаруасы қашан да шаш-етектен болатынын түсінеміз. Ең бастысы, шет аудандарға көңіл бөліне бастады, бізді сол қуантып отыр. Ал сол шет аудан тұрғындарына деген қамқорлықтың денсаулықтан басталуы да тегін емес. Өйткені, денсаулық деген әр адамның ең басты байлығы. Мен «Нұршашқан» ықшамауданында тұрамын. Емхана дәрігерлері де «Ашық есік» күндерін жиі өткізіп тұрады, бірақ «Жұлдыз» ықшамауданында орналасқан №20 емханаға жету мен сияқты жасы ұлғайған адамдар үшін өте қиын. Оның үстіне қоғамдық көліктің қатынауы да қиындау. Ал енді керек дәрігердің барлығы есігіңнің алдына келіп, сенің денсаулығыңа алаңдау­шылық білдіріп, тегін тексеріп беріп жатса, осы іс-шараны ұйымдастыру­шыларға алғыстан басқа не айтуға болады. Өз басым кардиолог пен көз дәрігеріне жете алмай жүр едім, міне көп ұзамай мен оларды емес, олар мені іздеп келді. Тиімді тұсы осы дер едім. Ал жәрдемі «Денсаулық айлығы» маған зор денсаулық сыйлады. Рахметтен басқа айтарым жоқ.

 

 

Ауырмайтын жол іздеу керектігін түсіндірді

Жанар АХМЕТЖАНҚЫЗЫ, «Сәлем» базарының сатушысы:

Күні бойы жұмыстан қолымыз тимейді. Шынымды айтсам, Оразадан кейін кішкене денсаулығым сыр беріп, қантымды, холестеринімді тексертіп алсам деп жүргенмін. «Денсаулық айлығының» арқасында соның реті келді. Көзімнің қан қысымы бар екен, оны да осы тексерудің арқасында біліп алдым. Қаншама маман дәрігерлердің тексерулерінен өтіп алдық. Ал емханаға барсақ, осынша дәрігердің қабылдауынан өтіп үлгере алмас едік. Жас ерекшелігімізге байланысты өзім тіркеуде тұратын емхана скринингке шақырады, соған бармаймыз ғой. «Денсаулық айлығын» өткізуге қатысқан дәрігерлер мен салауатты өмір салтын қалыптастыру орталы­ғының қызметкерлерінің ақыл-кеңесінен «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағиданың маңыздылығын түсіндік.

 

 

Іздесек таптырмайтын мамандардың өзі келді

Әбдірасул ЖАЛМАҚАНОВ, «Сұлусай» елді-мекенінің тұрғыны, зейнеткер:

Осыдан бірнеше жыл бұрын біз тұратын «Сұлусай» елді-мекенінде фельдшерлік пункт ашылған болатын. Алматыдан шалғай, тіркеуде тұратын емханасы алыстау сұлусайлықтар үшін фельдшерлік пункттің ашыл­уының өзі үлкен жаңалық болған еді. Бұл үшін №2 емхананың бас дәрігері Тоғжан Еспергеноваға үлкен рахмет айтқанымыз да жөн. Ал енді қала басшысының бастамасымен шет ауданда тұратын тұрғындардың денсаулығын жақсарту мақсатында қала көлемінде арнайы «Денсаулық айлығының» ұйымдастырылуы адамға жасалған қамқорлықтың ең үлкені әрі сауапты істердің бірі дер едім. Жасым жетпістен асып бара жатыр. Анау айтқан сырқатымыз болмағанмен, жүрек шаншып, бүйректің бұзыла қалатыны бар. Мобильді топ құра­мындағы білікті дәрігерлердің арқасында денсаулығымды тұтас бір тексеруден өткізіп алдым. Сол үшін қаламыздың білікті дәрігерлеріне алғысымыз шексіз. Дегенмен, осындай тексерулерді әр тоқсан сайын ұйымдастырып тұрса, нұр үстіне нұр болар еді, осы тексеру кезінде қаншама адамның науқасы анықталды. Тіпті, кейбір адамдар түпті тұрақты қан қысымының мөлшерін білмейді екен. «Денсаулық айлығы» денсаулықты күтіп-баптаудың жолдарын да нұсқады. Ауырмайық.

Сауалнаманы жүргізген –

Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *