Деннің саулығы – басты орында болу керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы   жылғы Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі»  Жолдауы 11 бағыт бойынша болашақта атқарылар жұмыстарға бағыт берді. Аталмыш Жолдау барысында  Мемлекет басшысы экономика халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы керек екенін баса  атап көрсетті. Сондай-ақ,  Жолдауда еліміздің жаңа экономикалық бағдарының  басты жеті қағидатқа негізделуі керек екені нақты айтылды.

Мемлекет басшысының  аталмыш Жолдауында «Денсаулық сақтауды дамыту стратегиясы»  басты көрініс тапты. Әлемді уысына алған індетке қарсы күресте авангард ретінде осы  салаға ерекше назар аударды. Пандемия жағдайында дәрігерлер мен санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарының жұмыс нәтижелері тікелей әлеуметтік маңызға ие екені аталды. Бұл ретте   нақты адамдардың өмірі ғана емес, жалпы тұтастай қоғамның тұрақтылығы да байланысты екені баса айтылды.  Сондықтан «медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары мемлекеттің ерекше бақылауында»- деген сөзі сала қызметіне ерекше екпін берді.

Мәселен, 2020 жылдың наурыз айынан бастап бүгінгі күнге дейін медицина қызметкерлеріне 84,4 млрд теңге сомасында ынталандыру төлемдері берілді. Бұдан өзге, жыл соңына дейін де ұстемақылар  төленеді. Мемлекеттен  бұл қажеттілік үшін  136,8 млрд теңге сомасында қаражат бөлінді.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ағымдағы жылдан бастап дәрігерлердің жалақысын кезең-кезеңмен көтеріп,   2023 жылға қарай экономикадағы орташа жалақыдан екі есе жоғары деңгейге жеткізу міндетін қойып отыр.

Мәселен, «2021 жылы 247 мың медицина қызметкерінің жалақысын көтеруге 222,3 млрд теңге, 2022 жылы – 361,7 млрд теңге, 2023 жылы – 557,5 млрд теңге көлемінде шығыстар көзделсе,  2023 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы шамамен 561 мың теңгені құрайды екен.

Мемлекет тарапынан ауылдық жерлердегі жас дәрігерлерді қолдау үшін 2019 жылы 849 маманға көтерме жәрдемақы төленіп,  659 маман  тұрғын үймен қамтылды. Бұдан өзге  142 маманға өзге де әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді.

Жалпы, 2020 жылы практикалық денсаулық сақтау қажеттілігіне сәйкес 2 327 жас маман жұмысқа орналастырылды. Еліміз бойынша дәрігерлермен жалпы қамтамасыз ету 74 мыңнан астам маманды құрайды. СOVID-19-ға қарсы күрес бойынша қажетті мамандармен қамтамасыз ету 28 мыңға жетті.

Сонымен қатар, Жолдауда атап көрсетілген тағы бір маңызды аспект Қазақстанда барлық базалық дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды өндіру болып табылады. Осы тапсырмаларды іске асыру шеңберінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі бірлесіп, фармацевтикалық өнеркәсіпті дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарын әзірледі.

Біздің елімізде денсаулық сақтаудың заманауи, бәсекеге қабілетті, қолжетімді және тиімді жүйесін құру үшін денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуды қамтамасыз ету аса  қажет. Осы тапсырмаларды орындау аясында өңірлерде 13 модульдік жұқпалы аурулар ауруханасы салынып жатса,  Өскемен және Тараз қалаларында үш нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Елдің ғылыми және медициналық әлеуетін шоғырландыру үшін 2023 жылдың соңына қарай қазіргі және ықтимал эпидемиологиялық қауіп-қатерлерге ден қою үшін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында әрқайсысы 500 төсектік инфекциялық аурулар бойынша екі көпсалалы ғылыми орталық салынады. 2025 жылға дейін төсек қорын жаңартудың 50% қамтамасыз ету үшін мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктер есебінен еліміздің аймақтарында 20 ірі заманауи медициналық орталықтар құрылады. Бұл нысандар  халықаралық сапа талаптарына сәйкес халыққа жоғары технологиялық медициналық көмектің барлық спектрін көрсететін көпсалалы ауруханалар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  алғашқы медициналық-санитарлық көмекті ұйымдастырудың тәсілдерін түбегейлі қайта қарауды тапсырды. Қазіргі кезде Министрлік 2021-2023 жылдарға арналған алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуді жақсарту бойынша, оның ішінде бірінші кезекте ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қол жетімділігін арттыру жөніндегі шараларды әзірлеп жатыр.

Сонымен қатар, медициналық көмектің қол жетімділігін арттыру үшін ауылдық елді мекендер үшін автобус негізіндегі 100 жылжымалы медициналық кешендер сатып алынса, оның ішінде 25 қондырғы аймақтарға жеткізілді.  Сәтін салса, алдағы үш жылда ауылдық елді мекендерді дәрігерлік амбулаториялармен және фельдшерлік-акушерлік пункттермен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Денсаулық саласы қызметкерлері Мемлекет басшысының  дәстүрлі Жолдауын зор ықыласпен қабылдап, ондағы басым бағыттарды жүзеге асыруға белсене атсалысады. Өйткені, біз үшін халқымыздың денсаулығы қашанда  басты орында тұрады.

Қаншайым Мұсаева,

Денсаулық сақтау саласының үздігі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *