ӘДЕМІЛІК ӘЖЕТХАНАДАН БАСТАЛАДЫ

2015 жылы Қытайда тегін қоғамдық 68 мың әжетханаларды құрастыру мен жаңартуға 3 млрд. доллар жұмсалыпты. Ал алып Ресейдің 27,8 пайызына, Мол­довияның 23,6 пайызына, Румынияның 20,9 пайызына әжетхана жетіспейді. Бұл мәселені тек АҚШ қана толық шешкен екен. Жалпы, әлемде әжетхана мәселесіне айрықша көңіл бөлінетіні белгілі. Біздің базарлардағы әжетханаға кіріп-шығу қалай мүмкін болмаса,  Жапония секілді мемлекеттерде әжет­хана үлкен демалыс орынға айналған. Ал Қытай елі бұл мәселеге «мәдени револю­ция» жылдарында да айрықша мән берген. Әрине, ол кезде айтулы өзгеріс бола қойған жоқ. Қалаларда квартал бойынша бір әжетханадан келді. Кіші пәтерлерде болған да жоқ.

Қытайдың төрағасы Си Цзиньпиннің өзі бұл мәселеге ерекше назар аударып, «әжетхана өркениетті қалалар мен ауылдардың басты көрсеткіші» деп атап көрсетті. Бүгінде Қытайда бұл іспен жатпай-тұрмай айналысып жатыр. Пекинде 10 мың адамға алты қадамдық әжетхана болса, ол тегін интернет, телефон, банкоматтармен қамтамасыз етілген. Ауылдардағы жергілікті партия ұйымдары мақтанышпен әр отбасында қазіргі заманға сай екі унитаздан бар деп ақпар беріп жатыр.

Қысқасы, қазіргі әлемдік держава­лар цифрлық революция жасап, ғарыш­ты игеріп жатыр, оған дау жоқ, ал Қытай­­дың түсінігінде, тәртіп, тазалық ең алдымен өз ошағыңда, оның ішінде әжетханадан басталады.

 

Үй жұмысы жынысыңа қарамайды

Бұрнағы жылы Виго шаһарындағы мектепте пәндер тізіміне үй жұмысы кірді. Бұл пән бойынша ұлдар үтік­теу, тігу, ас дайындау, басқа да қолмен атқары­латын жұмыстарға машық­танады. Сонымен қатар, сантехника, электрмен, тас қалаумен, ұсталықпен де айналысады. Атаулы пәннен оларға еріктілер және өздерінің ата-аналары сабақ беруге құқылы. Бұл болашақ үлгілі отбасын құру үшін қажет пән. Бұл тек әйелдерге ғана емес, ер адамдарға да керек. Отбасында осындай түсіністік болған жағдайда ажырасу да болмайды.

Бұл идея қайдан келді? Мектеп әкім­шілігі оқушы­лар арасындағы ген­дер­лік теңдікті ынталандыру үшін осын­дай әрекетке барған. Әбден талқыланған соң ол идея студенттер мен ата-ана­лардан қолдау тапқан. Бүгін­де мек­тептің бұл идеясы ата-аналардың да қолын ұзартып, қуанышқа бөлеп, олар теңдікті осылай түсініп отыр.

 

Өз-˜˜˜˜өзіне үйленді

Адамның ақымақтығында шек жоқ-ау, дегенмен де кейбіреулер үшін бұл әбден дұрыс қадам болып та көрінуі мүмкін-ақ. 38 жастағы бразилиялық Жус­сора бұл әлемдегі өз-өзіне үйлен­ген тұңғыш әйел. Оның той салтанаты өзінің әлеуметтік парақшасында жария­ланды.

– Әр әйел өз тойында бұлт түстес көйлек кигенді ұнатады. Бұл тойда саған серіктес те керегі жоқ. Шығын аз. Өзіңе деген махаббат бұл ең адал махаб­бат, – дейді ол.

Неке жүзігінің орнына әйел кейпіндегі қанатты көбелек бейнеленген татуировканы таққан. Сонымен қатар, көпқабатты ыдысқа салынған тортқа тапсырыс берілген. Айналып келгенде ол бұл әрекетін күйеуге тиіп проблема болмауы үшін ойлап тапқан көрінеді.

 

Арманын жақындатып, қиыншылықты алыстатып…

Түркияның Карабюк шаһарындағы колледж студенті Алладин бейнесінде жағдайы төмен отбасының балаларына көмектесуді ұйғарыпты.

22 жастағы жас жазушы Анил Джан тұрмысы нашар отбасы сәбилерінің арма­нын орындау үшін ертегідегі кейіп­керлердің рөлінде шебер ойнайды.

Өзінің достары — еріктілермен түрік студенті сондай жағдайдағы 25 отбасына кіріп шыққан. Ата-аналардан олардың балалары нені армандайтынын тәптіш­теп сұрап алып, іске жан-тәнімен кіріседі.

Ертегідегі Алладиннің киімін киіп алған ол 25 балаға сый-сияпат алған.

– Әрине, кедей отбасындағы бала­лардың арманы да қарапайым болып келеді. Мәселен, жаңа киім, аяқ киім, ойын­шықтар. Жап-жаңа кроссовка, футболка алған баланың жүзіндегі қуа­нышты көру бізге үлкен бақыт сый­лайды, – дейді ол.

Балаларға арманын жақындатып, қиыншылықты алыстатып жүрген осындай Алладиндер бізге де керек.

 

Ең қауіптісі құрт ауруы

Британдық маркетинг агенттігі дүниежүзілік құзырлы орындардың дерегі мен дәйегіне сүйене отырып, 50 мәселенің ішінен төртеуі адамзатқа аса қауіп төндіреді деген тұжырымға келді.

Олар мыналар: эпидемия, ядролық соғыс, табиғи апаттар және астероид­тың жерге құлауы.

Оның ішінде сарапшылардың айқындауынша, ең қауіптісі құрт ауруы (туберкулез) екен. Бұл дерттің бүгінгі қарқынына қарағанда, ол жер беті аумағында әлі 4812 жыл тұрады екен. Сонымен қатар, ендігі бір қауіп ғаламдық жылыну көрінеді. Бұл процесс енді 2136 жылда 44 градусқа жетеді дейді.

 

Бесіктен белі шықпай жатып…

ЮНИСЕФ-тің мәліметі бойынша, Орталық Африка Республикасы әлем елдері ішінде балалардың некеге тұруы жағынан көш бастап тұр. Бүгінде мұндай жасөспірімдер саны 28 пайызға жетті. Оның ішінде Никарагуа мен Мадагаскар қамшы салдырар емес. БҰҰ-ның Балалар қорының директоры Х.Хенриетта «ерте некеге тұру бала­лардың балалығын ұрлауда» деп дабыл қақты. Оның баяндамасында аталға­нындай, әлемдегі 2,2 млрд. жасөспі­рімнің ішінде 765 миллионы некеге тұрған. Бұл әлемде әрбір бесінші жұп 18 жасқа дейінгі азаматтар деген сөз. Сондай-ақ, әлем бойынша 115 миллион­нан астам жасөспірім 15 жасқа дейін отау құрып үлгерген. Ал әрбір бесінші қыз бала 18 жасқа дейін-ақ теңін тапқан. Ұлдардың арасында әрбір отызыншы отағасы болып алған.

Ендігі жерде ЮНИСЕФ өкілі әлем елдері басшыларынан мәселеге өте жауапты қарауын және 2030 жылға дейін бұл мәселе шешілмесе ақыры аса жақсылыққа әкеліп соқпайтынын ескертеді.

 

Бидің арқасында

Ұлыбританияда соңғы төрт жылда қызық тәжірибе орын алды. Оған 10-15 жыл аралығында мыңға жуық жасөспі­рімдер қатысты. Атап айтқанда, мектеп бағдарламасына қазіргі би түрлері хип-хоп, грайм енгізілген. Осы бидің арқасында балалардың оқуға қатысуы 95 пайызға артқан. Мектептен шығарылмақ болған не қыдырымпаз оқушылар мектепке оралған. Бір ғажабы, осы өнер түрінің арқасында оқушылар математика, ағылшын пәнінен бұрын-соңды болмаған жоғары нәтиже көрсеткен.

Осыған орай ұлттық қайырымдылық ұйымы Бирмингем қалалық университетімен біріге отырып, осы би түрлерін мектеп бағдарламасына түпкілікті енгізу жөнінде ұсыныс түсірген. Әзірге жауап жоқ.

 

Қ.ИМАН.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close