ӘДЕМІЛІК КӨПТІК ЕТПЕЙДІ

Асанәлі ӘШІМОВ,

Қазақстанның Еңбек Ері, Халық артисі:

— Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев кешегі өткен активтің кеңейтілген отырысында көп мәселені тереңінен таразылап, саралап берді. Барды – бар, жоқты – жоқ деді. Билік өкілдеріне алдағы уақытта нені атқарып, нендей мәселені көпке созбай шешу керектігін тапсырды.

Мен өзі сонау жастық шағымда осы Алматыға арман қуып келіп, осы шаһардың құшағында тербеліп, өсіп-өнген адаммын. Мені тұлға қылған да осы Алматы. Сондықтан ауасын жұтып, суын ішіп отырған қаламызда болып жатқан жаңалықтарды қалт жібермей қадағалап жүреміз. Шаһардың әрбір жетістігіне қуанып, кемшілігі болса ренжіңкіреп отыратынымыз да рас. Республика халқының 10 пайызы біздің Алматыда тұрады екен.

Бақытжан Сағынтаев Алматыға келе салған күні-ақ атқа қонып, аз уақыт ішінде-ақ барлық ауданның тыныс-тіршілігімен танысып шықты. Сондағы көрген, түйгендерін алқалы жиында көппен бөлісті, шешу жолдарын да көрсетті.

Байқағанымыздай, әлеуметтік инфрақұрылымның 70%-ы Алматы төрінде орналасқан, яғни қаланың орталық аудандары ғана жақсы дамыған деген сөз. Соған орай қала орталығында еңбек ететіндердің айлығы шеткі аудандарда тұратын ағайынның жалақысымен салыстырғанда екі есе көп көрінеді. Демек, халықтың өмір сүру деңгейінде тепе-теңдік жоқ. Сондықтан шеткі аудандар шетте қалмасын, әлеуметтік теңсіздіктерге жол бермейміз деп отыр.

Шеткі аудандарда жұмыссыздық белең алған. Осы тұрғыда қала әкімі аудан әкімінің ісі қанша жұмыс орнын ашқанымен бағаланатындығын шегелей кетті. Мектеп, емхана жетіспейді. Жол мәселесі де жетісіп тұрған жоқ. Халық сапалы ауызсуға зәру. Алдағы уақытта Алматыны дамыту «Шетсіз қала» қағидаты бойынша жүргізілетін болады. «Шетсіз қала» деген  тұжырымдамасын бар жақсы тек мегапо​листегі орталықта орналасқан аудандарға ғана орнатылып қана қоймай, өзге де аудандарға жете көңіл бөлініп, олардың айналасы қажетті инфрақұры​лымдарға қолжетімді болатындығы деп түсіндік.

Мәселен, көшеде кетіп бара жатқанда аспанға шапшып, мың бұрала билеп тұрған қарапайым ғана субұрқақтың өзі көңілге қуаныш сыйлап, жаныңды серпілтеді. Осындай фонтандар тек орталық аудандарда ғана емес, шеткі аудандарға да қондырылса деймін. Әдемілікті күнде көріп жүрген адам өзі де әдемі, көркем болуға ұмтылып тұрары анық.

Бақытжан Сағынтаев – руханият әлемін де жүрегімен түсінетін қазақы бала ғой. Жиын соңында бізге арнайы келіп сәлемдесіп, кішілігін, кісілігін көрсетіп жатыр. Алдағы уақытта өнерде жүрген тұлғалармен де арнайы жүздесу ұйымдастырып, дөңгелек үстел басында рухани әңгіме қозғауға ниеті барын да айтып қалды. Біз ондай азаматтарды әрқашан қолдауға әзірміз. Әр қадамына тілекшіміз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *