«ДЕКАБРИСТ ҚЫЗ»

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы, доцент Гүлжаһан ОРДА туралы бір үзік сыр

«Бізді сол кезде алаңға алып барған ұлттық рух екенін мақтана айта аламын. Қазақ елінің сан ғасыр аңсаған тәуелсіздік үшін күресінің соңғы және нәтижелі тарихи көтерілісіне куә болған мен – ең бақытты жанмын».

Бұл – сонау 1986 жылы сол кездегі жүйеге деген тегеурінді қарсылықтарын білдіріп, жұдырықтай жүректерін қолдарына ұстай алаңға жүгірген, желтоқсанның ызғарында жаны да, тәні де тоңған өрімдей қазақ қыздарының бірі — Гүлжаһан Орданың сөзі.

Нұржамал ӘЛІШЕВА

 

Ерін далабымен жазылған ұрандар

Ол кезде Гүлжаһан Абай атындағы Қа­зақ педагогикалық институтының (қазіргі ҚазҰПУ)  2-курсында оқып жүрген. Небәрі 18 жаста.

Олар жеті қыз еді. Оларды ешкім де үгіттеген жоқ болатын. Бірінші күні алаңға шық­қанда қолдарында ештеңе де болма­ған. «Ұлттардың өзін-өзі билеу правосы бұрмаланбасын!», «Қазаққа өз ұлтынан басшы!» деген ұран-сөздерді, дәл сол минуттарда бір-бірінің қалта­сын ақтарып жатып, қолдарына іліккен ерін бояйтын қызыл далаптарымен жазып алып шыққан болатын.

Ертеңіне таң атпай оларды ұстаз­дары алаңға бармаңдар деп қаншама үгіттеді. Жатақханаларға кезекшілер қойылды. Оқытушылар таңертең бәрін оятып сабаққа алып шыққанда, жеті қыз бүгін де алаңға барамыз деп қашып кеткен.  Себебі, «алаң­да қазақтар қыры­лып жатқанда, сабақта отыру мүмкін емес еді». Араларында дайын­дық тобы­нан түскен 23—25 жастағы қыз-жігіттер де болды. Олар да Гүлжа­һан­дарды алаңға шықпауға үгіттеді. Ал намыс­қой қаршадай қыздар оларды тыңдамақ түгілі «бұттарыңдағы шалбарды шешіп бізге беріңдер» деп салғаны да шындық.

Алматыда жастар көтеріліпті деген хабар шалғай ауылға да жеткенде, Гүлжа­һанның әке-шешесі тумысынан ер мінзеді қыздарының сол дүрбелеңнің ішінде болға­нына шүбәсіз болыпты.

– Меніңше, ұлтжандылық ананың сүтімен, әкенің күшімен келетін қасиет. Қазақ халқының тарихында ішер асы бол­маса да есік алдына сәйгүлік бай­лауды мұрат еткен тарихи тұлғалар көп қой. Құла­гер үшін Ақанның,  Қызыл жебе үшін Рысқұлдың өмірмен қош айтысқаны шын­дық болса, біз сол жауынгер халықтың ұрпағымыз. Себебі, менің марқұм әкем де өле-өлгенше есік алдында тұлпар ұстап, көкпаршы болған кісі, – дейді Гүлжаһан Жұмабердіқызы.

Иә, кіндігінен тараған он баласын да бесігінен бірлікте, өзара ынтымақта, бар­­лық адамға адал, мейірімді де, намысқой болуға баулыған Жұмаберді әке көкпар шапқан атақты шабандоз, атбегі болған. Есіктің алдындағы көкпар атын жайылым­ға жібермей, жыл он екі ай қолда ұстап, күнделікті жем-суын өлшеумен беріп, оның бабына зор мән берген екен.

Күн кӨзіне ұмтылған жас шыбық

Екінші күннің таңында милицияның құрығына түсіп қалған ол, маңдайына «оқу дәрістерінен өз еркімен кетіп, оқу тәртібін, социалистік жатақхананың ережесін, қоғам­дық тәртіпті бұзғаны үшін» деген ресми таңба басылып, Фрунзе ауданының ішкі істер бөлімінде тергеуге алынды. Он күннен кейін қоғамға қауіпті адам ретінде оқудан шығарылды.

Олар сөйтіп «қоғамға қарсы қылық көрсеткен» жастар ретінде Компартия мен ішкі істер бөлімінің шешімімен еңбек­пен түзеу колониясына жібері­леді. Бірақ сол кезде жоғары оқу орны­нан қуылған өрім­дей жастар үшін жасалған ең үлкен жақсы­лық – еңбек­пен түзеу мерзімі әрқайсының туған ауылында өткендігі. Гүлжаһан қақаған қаңтардың басында кіндік қаны тамған Шардара ауданының «Қызылқұм» совхозына оралады.

Бірақ елге барған соң да аудан көле­мі­нен ұзап шығуға рұқсат етілмей, жергілікті тәртіп сақшысының тікелей бақылауында жүрді. Мұның бәрі де енді ғана көктеп, күн көзіне ұмтылып, бой көтеріп келе жатқан жас шыбықты белінен майыстырғаны айтпаса да түсі­нікті. Көзін жұмса болды, ызғар шаш­қан көшедегі сеңдей соғылысып тұрған қалың топтың арасынан жылаған, тоң­ған қыз-жігіт­тердің бейнесі, институт оқыту­шыларының зекіп ұрысқандары, бәрі-бәрі қайта орала кететін. Тіпті, ештеңе естігісі, көргісі келмегендей көзін тарс жұмып, көрпесін бүркеніп ала қоятын сәттері де аз емес-тін.

Ол-ол ма, өрімдей қызды кейін Мем­­лекеттік қауіпсіздік комитеті «фамилиясы неге Ордаева, «Алаш орданың» қандай ұрпағы болды екен» деп, жеті атасына дейін тексерген бола­тын. Ол кезде Алаш қай­раткерлерінің ақталмаған кезі. Бұдан еште­ңе шығара алмаған Компартия қара­пайым отбасы­ның иесі, әкесі Ордаев Жұма­бердіге «баласына дұрыс тәрбие берме­гені үшін» деп қатаң сөгіс жариялады.

Арада бірнеше жыл өткенде барып белгілі болғанындай, тіпті сол жылдары партия тапсырмасы бойынша сіңлілері Әлия (8-сынып) мен Зояны (6-сынып) және 10 жасар бауыры Бақдәулетті де «Ордаев­тардың сабағы мен тәртібі қалай?» деп тексеріп, бірақ үздік әрі өнегелі балалардан ешқандай ілік таба алмаған көрінеді.

«Стипендия да, жатақхана да берген жоқ…»

Гүлжаһан Алаштың ардақты азама­ты Халел Досмұхамедұлының «орыс тілінен енген жұрнақтарды қолданбаған жөн» деген қағидасына сүйеніп, бертін келе Қазақстанның төлқұжатын алғанда «ев» жұр­нағын біржола алып тастап, таза ата­­сы­ның атымен қалды. Бұл да ұлт­жан­ды­лықтың бір белгісі болса керек.

«Бала тәрбиесін сеніп тапсыруға бол­майды, тек қара жұмыс істеу керек» деген нұсқаумен «партия» Гүлжаһанның қолына кетпен беріп, күрішші етті. «Тұр­ғын үй – 87» жоба бойынша құры­лыс бригадасында бетон айналдыратын жерде оператор болды. Шөп жинап, тиеу, тара­ту секілді қара жұмыс­тардан да тартын­ған жоқ. Оны ауылдастары «батыр қыз», «декабрист қыз» деп құрмет­тейтін.

Ал сол бір жылдары «бала тәрбиесін сеніп тапсыруға жарамсыз» деп таныл­ған Гүлжаһан Орда араға екі жыл салып, институтына оралып, жоғары оқу орнын жеті жыл оқып, «үздік» дип­ломмен бітіріп, үш-төрт жылдың ішінде ғылым кандидаты, он жылдан соң жас ғалымдарға тағайын­далған М.Әуезов сыйлығының лауреаты болға­нын қалайша мақтанып айтпасқа!

Айтпақшы, Гүлжаһанды факультет­тің комсомол комитеті «комсомолға лайықсыз жан» деп танып, дереу ком­сомол қатарынан шы­ғарады. Неше күндік сұрақ-жауап қажытқандықтан, «комсомолдық значогің қайда?» дегенде ол еш тайсалмастан жилетінің ішінде басы төмен қарап тұрған «күн көсемнің» бейнесін көрсеткенін де ерлікке балаған артық болмас.

 

«Біз жетеу едік…»

Иә, олар жетеу еді: Мырзағазина Бақыт­­гүл – бұрынғы Торғай облысы, Жанкелдин ауданында туған. Басынан қатты жарақат алып, көп ұзамай қайтыс болған. Айтуларынша, жетеудің ішін­дегі нағыз ұлтжанды қыз осы Бақыткүл болыпты; Сүлекеева Айгүл – қазір Арқа­­лық қаласында тұрады. Екі бала­ның ана­сы; Әлишеева Бақыткүл –  Алматы облы­сы, Ұзынағаш ауданының қызы. Қазір Алматыда тұрады, екі бала­ның анасы; Ерхо­жина Шаттық та осы қалада, №62 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, АлМПУ-дың ізденушісі, үш баланың анасы; Бекентаева Жұмагүл – Қостанай облы­сы, Жанкелдин ауданында мұғалім, үш баланың анасы; Момынқұлова Зәуре – Жамбыл облысы, Мойынқұм ауда­нында ұстаз, үш баланың анасы; жетін­ші қаракөзіміз – Орда Гүлжаһан.

Осы аталған қыздардың алды он күн­нен, қалғаны таңнан кешке дейін мили­цияның сыз тартқан тас каме­расына қамалып, тергеліп, қиналған.

– Сол кезде жалпы институт бойын­ша білмеймін, ал біздің Филология факуль­тетінің қазақ бөлімінен жеті қыз, бір жігіт оқудан шығарылған бола­тын. Ер бала осы жақын маңда, Алматы облысында тұрады. Оның бөлімі басқа болғандықтан ол жөнінде мағлұматым жоқ, аты Ермек болатын, – дейді кейіпкеріміз.

– 1988 жылы қазақтың ұлтжанды азаматы Мұхтар Шахановтың Мәскеуде Арал мәселесін айтамын деп мінбеге шығып алып, «1986 жылғы Желтоқсан» мәселесін көтеруі – біздің дер кезінде ақта­луымызға түрткі болды. Сол жылы оқуды қайта жалғастыруға мүмкіндік алдық. Кел­ген соң да жайымыз мәз болған жоқ. Бір семестр не стипендия, не жатақхана берген жоқ. Себебі, біз ол кезде де қатаң бақы­лауда жүрдік. Жаңа курсқа оқуға келгенде, ел бізге үрке қарайтын. Кенжеш Бозжанова (педа­гогика ғылымының маманы) көзімізді шұқып тұрып қараласа, Немат Келім­бетов (ежелгі дәуір әдебиетінің мама­ны) орны­мыздан тұрғызып тұрып мақтай­тын. «Міне, біздің бүгінгі батыр қыздарымыз!» деп жаңа топқа үлгі ететін. Сонда 1986 жылы елде болған курстастарымыз қайсының сөзіне сенерін білмей дал болатын. Ал біз Немат ағайымыздың осы ерлігін әр уақытта айтып жүреміз. Сол кезде бізге медет болған осындай ұлтжанды ағаларымыз болатын, – дейді Гүлжаһан Жұмабердіқызы.

 

Гүл жиған Гүлжаһан

Бүгінгі уақытта Гүлжаһан Орда М.Әуе­зов атындағы Әдебиет және өнер инсти­тутының бас ғылыми қызметкері, филоло­гия ғылымының докторы, доцент, «Алаш­тың бір ардағы» (1998), «Көркем ойдың құді­реті» (2007), «Мүсілім Базарбаев зерттеулері және әдебиеттану ғылымының мәселелері» (2010) монографияларының авторы.

Отандық филология саласында соңғы 50 жылдық әдебиет тарихын қамтып жүйелеген 10 томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы» іргелі-ғылыми зерттеуінің 7-8-3 томдарына жауапты шығарушы болды. Бұл жоба мемле­кеттік «Мәдени мұра» бағдар­ламасы аясында жүзеге асырылған бола­тын. Аталған томдарға «Ғали Орманов», «60-90 жылдардағы қазақ әңгімесі», «Шерхан Мұртаза», «Әбіш Кекілбаев» сынды тарауларды жазды.

Гүлжаһанның қаламымен 60-қа жуық ақын-жазушының, майдангер қаламгерлер­дің шығармашылық келбет­тері, портреттері суреттелді. Мәселен, «Қазақ көркем сөзінің шеберлері» ұжымдық моно­графиясында Бұқар жыраудан бастап, Шөмішбай Сариев­ке дейінгі аралықтағы 45 қалам­гердің шағын шығармашылық келбеті жарық көрді.

Қызмет барысында ғалым Гүлжаһан – отбасында қарапайым әйел, аяулы жар, мейірімді ана. Өмірлік серігі Түр­кебаймен танысқан сәттері де қызық. Жігіт «осында Шардараның қызы оқиды екен» дегенді естіп, бой­жеткенді арнайы іздеп келген көрінеді. Сұрас­тыра келгенде әкелері бірге көкпар шапқан, замандас, қатар адамдар болып шығыпты. Екі бала сүйген екеуі әлі күнге бір-бірін қолдап отырады.

Гүлжаһан гүл өсіргенді жақсы көреді. Оның жұмыс кабинеті де, үйі де гүлзар бақтай жайнап тұр. Бос уақы­тында тоқыма тоқитыны да бар. Бала күнінен тұскиіз тігу, алаша, жұлқыш, кілем тоқу сынды ұлттық қолөнерді мең­­герген. Бұл қасиеттер анасы Ұлба­ладан дарыған.

Иә, бір үйдің қыздары моншақтай түзіліп отыра қалып, күйтабақтан «Алпа­мыс», «Қобыланды», «Қыз Жі­бек» жыр­ларын тыңдап кілем тоқитын. Мұндайда әкелері де балаларына өз мақамымен «Арқалық батыр», «Қобы­ланды», «Ер Тар­ғын»  жырларын жатқа айтып, көңілдерін аулап қоятыны бар-ды. Гүлжаһан әкесінің көкпарға шаба­тын атының ерін де қаптап, ою басып, зерлеп, әсемдеп тігіп беретін. Осындай қазақи құндылықтармен сусын­дап өскен бойжеткеннің патриот болмауы мүмкін емес қой, айтыңызшы?!

Гүлжаһан – он баланың ішіндегі бесін­шісі. Бұл отбасынан жоғары білімді сәулет­ші, заңгер, ұстаз, әдебиетші, дәрігер, тарих­шы сынды абыройлы маман­дық иелері шығып, бүгінде әрқайсысы бір-бір шаңы­рақтың тұтқа­сын ұстап, бүгінгі Тәуелсіз еліне қызмет етіп жүр.

Бәрекелді! Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын, ағайын!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *