ДЕГЕЛЕГІМ, КЕЛДІҢ БЕ?!

Әншінің Астанадан құстай ұшып жеткен беті осы. Өзінің туып-өскен, есейген, білім алған, ес жиған, қасиетті Жамбыл жеріне де аңсап жетті-ай, шүкір…

Көптен бері жұрт алдына шыға қоймаған әнші, термеші – Есенбек Әмірбекұлы мұндағы достары­ның қолпаштауымен тәуекелге бел буып, ән сүйер жерлестерінің алдында есепті концертін бермекші оймен осында асыққан болатын.

Асықпай ше?! Оқтай зулаған уақыт қалайша тез өте шыққаны есінде жоқ. Күнделікті қарбалас- пен жүргенінде, өзінің асқаралы алпыс жасқа қалай келіп қалғанын да байқамапты. Үлкен ұлы Ринат әке жолын қуып әншілік өнерді таңдаса, ортаншысы Рифхат «Қазақстан» телеарнасының белгілі бейне инженері. Кішісі Ардақ та осы арнада кіші ағасының өнеріне еліктеп, ізін басып келеді. Әрине, жан жары Шәмшәгүл осы жақсылық­тардың басы-қасында.

Есенбектен бір жастай үлкен болғандықтан да, алпысқа одан ертелеу толғандықтан да, «Алпыс – талтүс» деген жастың ел алдындағы жауап­кершілігін өткен жылдары түсінген жағдайым бар.

Өнер саласында жүрген әрбір азаматтан жұрты жаңа ән-жырларды асыға күтіп жүретіні белгілі. 30, 40, 50, 60… Әрі қарай Алла бас амандығын беріп жатса, ес жиып, есейген сайын осындай дөңгелек жасқа толғанда, ел-жұрты кәдімгідей одан үлкен өнер, жаңалық күтіп, дәмететіні бар.

Есенбек жиырма жасында қандай бала мінезді жігіт болса, асқаралы алпысқа толып жатқанында да, сол баяғы сәби көңілді, балалық қалпында қалып қойғаны байқампаз жанға көрініп-ақ тұрады. Өнерге де керегі осы мінез. Сахнадағы орындалар әрбір туынды бір-бір драмалық спектакль іспеттес. Өнерді өз жүрегің арқылы өткізу үлкен адамгершілікті талап етері хақ.

Әнді немесе орындалар термені дүйім жұрттың көз алдында, айтылар шығарманың мазмұнына қарай тыңдарманның санасына анық етіп құйып бермесең, өзің түсінбей тұрған дүниені ел қалай түсіне қойсын. Жүректен шықпай жүрекке жетпейді деген осы да.

Әрбір әннің басталуы, шыңы, аяқталуы болады. Ішкі әлемін жүрегіңе әбден сіңдіріп алмай, сенен жақсы өнерпаз шыға қоюы екіұдайы екенін Есенбек әнші жақсы біледі.

Сонау 80-жылдары алғаш сахнадан жарқ етіп көрінген Есенбек – Сүйінбай, Жамбыл, Кененнің ән-жырларымен қоса Кемпірбай, қырғыз ақыны Оспанқұл, Нұрғиса сынды заңғар тұлғалардың інжу-маржан, жауһарларын бірінен соң бірін ел алдына алып шығып, киелі сахнадан тыңдарманын тұшымды өнерімен сусындатып, халықтың үлкен ықыласына бөленіп-ақ келе жатқан мықты өнерпаз.

Өзіміз де алпысқа толып көрдік. Оның қандай ауырлығы мен жеңілдігі бар екенін жүрегімізбен кәдімгідей сезіп жүретін кезеңдеміз ғой.

Есенбектің өз басының дара ерекшелігі – алпысқа толса да, сол бозбала кездегі алтын көмейлі даусынан айнымауы.

Жас ұлғайған сайын дауыс та өзгере бастай­тыны анық. Ал Есенбек жыршыда ол бүгінге дейін байқалған емес.

Өз басым «Оспанқұлдың Кененге айтқан көңі­лі» толғауын тұңғыш рет осы Есенбектің орын­да­уында тыңдап, көзіме жас алып, қатарлас жүр­ген дос ретінде таңырқап, таңдай қаққан жанның бірі мен болатынмын. Үніндегі ерекше дауыс темб­рі, қазақтың ұлттық ән-жыр эпостарына арналып, анадан туыла салғандығы қайран қалдырады.

Қазақша ән салса – қазақ, қырғызша ырласа – қырғыз дейсің де қоясың…

Осындай өнер иесімен кезінде бірге жүріп, жастық шақтың қайталанбас сәттерін бірге өткізгенімізді қалай ғана ұмыта аламыз?! Бізде бір курста төрт ұл, жиырма алты қыз оқыдық. Жам­был мәдени ағарту училищесінің театр бөлімін бірге тәмамдадық. Бірімізден-біріміз үйреніп алып, орындап жүрген әндерімізді халық сүйсіне тыңдайтын. Кәзіргідей өлі дауыс деген атымен жоқ. Ән айтсаң ел алдында жаныңды жеп, қара терге малынып, рахаттанып беріле орындайтын алтын кезеңдер еді ғой, шіркін…

Бүгіндері Жамбыл облыстық қазақ драма теа­т­рының директоры – Болат Бекжанов, облыстық мәдениет бөлімінің басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев, мен, осы Есенбек Сәтбаев төртеуміз бірге оқып, бірге бітіріп шыққан бір жылдың түлектеріміз.

Өнердің театр саласы бойынша отыз студент бітіріп шыққанымызбен, солардан екшеліп, сахна саласында еңбек етіп жүрген ұлдар жағынан төр­теуміз болсақ, қыздар жағынан Галина Қойшы­баева, Гүлсім Сариева, Сәнім Сахиева атты курс­тас­тарымызды ғана атап айтуға болады.

Осы оқу орнында оқып жүргенде Есенбек екеуміз туып-өскен Талас өңіріне жол тарттық.

Біздің курстың басшысы, ұстазымыз Қасымхан Қайсабаев деген марқұм ағайымыз болатын.

– Кітапты көп оқыңдар! Немерович Данченко, Ста­ниславскийді, Чеховты, тағы-тағыларды тауып алып, білімді жандарыңа азық етіп жинаңдар! Әк­төр – өте қиын мамандық! Кө-ө-ө-ө-п оқу керек! – деп ағайымыз күнде мазамызды алатын.

Сол ойымызда… Бұрынғы Талас ауданының орталығы Ақкөл селосындағы аудандық бір қабатты кітапханаға соға кетпекші болып, осы ескілеу ғимаратқа бас сұқтық. Екеуміз де орыс тілінен нөлміз-ау, нөлміз. Қасымхан ағай тағы да былай депті: – Кітап ұрлау қылмыс емес… – Оны да ұмытқан жоқпыз.

Кіреберістегі үлкен залда кітап сөрелері өте көп болатын. Ортасына түсіп алып, кітап қарап келеміз. Есенбек келесі қатарда жүрген. Бір кездері екеуміз бір сөренің ортасында кезігіп қалдық.

– Уһ! – деп Есенбек бір рет ауыр күрсініп алды.

– Не болды?! – деп, сұрауын сұрап алып, бет жүзіне қарасам, шынымен де қатты қиналып тұрған сыңайлы.

Еңкейді де шұлығынан бір жұп-жұқа кітапты алып шықты.

Мезгіл – қалың қыстың ортасы. Тыста әппақ қар және де сықырлаған сары аяз.

– Әй, мына атаңәлетті аңсарым ауып оқысам ба деп едім… Жақсылық Сәтібековтің өлеңдері ғой. Өте жақсы көретін ақыным еді…– деп бір қайырып қойды.

Сол тұстары ақын ағаның «Қара кемпір» толғауы жаңадан шығып, дүркіреп тұрған кезі болатын.

Екеуміз екі айырылып, тағы да бөлініп екі жақта жүрміз. Келесі бір қалтарыста тағы да жолығып қалдық.

– Уһ, – деп, бұл жолы да маңдайы тіптен тер­шеңкіреп, қатты қиналып кеткенін байқағандай болдым.

– Бәле болды ғой мынау деп, беліне қыстырған әлгі кітапты «уһлеп» маған және көрсетті. Сөйтті де, оны бас киіміне салып, тұмағын баса киіп алды.

Ендігі бір жолығып қалғанымызда, кітапты бас киімінен алып, пальтосының ішкі қалтасына салып жатты.

Не керек, екеуміз сыртқа шықтық.

Едәуір жер кітапханадан алыстаған соң Есенбек:

– Неше кітап алдың ей?! – демесі бар ма маған.

Мен қойны-қонышымнан, бас киім, ышқыр… не дейсіз, санағанда ұзын-ырғасы жүз жиырма кітаптай шығардым. Әрине, бәрі жұп-жұқа, орысша… Театр туралы… Ағайдың театрға байла­нысты айтқан оқулықтарының біразы бар енді.

Түгіне түсінбесем де, айтқан авторларын түгендеп шығыппын. Айдалада, қиянда бұл кітаптар не үшін тұрғанын ұға алмадым.

Есенбектің екі көзі шарадай…

– Құдай -ау жүз жиырма кітап?! Оу, қалай сала бергенсің қорықпай?!

Оның таң қалғанына қарап, мен енді ғана шынымен қорқа бастадым. Есенбектің түрін көріп-ақ қорықпауың мүмкін емес еді. Сабамызға түскен соң:

– Ал сенікін көрейік! Сен неше кітап алдың? – деп, оның жаңалығын көрмекші болдым.

– Ой, құрысын! Жаңағы кітапты тықпаған жерім жоқ. Ең соңында жасыратын жерім қал­мады ғой… Есіктің, аузынан шыға бергенімде: – Әй, Есенбек, не ұрлап бара жатсың?  деп тоқтатып, тексеретіндей көрінді де тұрды. Құрысын, осыдан құтылайыншы  деп тастап кеттім… Ой, рахат-ай! –дейді ғой батыр.

Міне, сол адалдығы мұрты бұзылмастан бүтін күйінде осы күнге дейін әлі сақтаулы.

Ал еңбектеніп алып шыққан соншама кітаптан ақыры ештеңе түсінбеген соң, бір-бірлеп курстастарға таратып бердік. Олардың да түсініп жарытқандары шамалы-ау… Тек қос Сәуле сияқты бірен-сараны ғана болмаса.

Жамбыл облыстық қазақ драма театрына алғаш оқу бітіріп келгеннен кейін, сегіз-тоғыз жылдай пәтерден-пәтер жалдап, «үйі жоқтың – күйі жоқ» дегендей боп жүрген жағдайым болды.

Екеуміз Сүлейменов көшесінің бойымен келе жатсақ, тура облыстық кітапхананың бұрышынан әдемі бір бес қабатты үй соғылып жатқанын көрдік.

Актерлық курсты бітіріп, мен театрда, Есенбек облыстық филармонияда әнші боп қызмет істеп жүрген кезіміз…

– Әй, Әбеке! – деді Есенбек даусын орындықта отырған дәу қарын бастықтың сөз саптауына салып. Әбеке, актер боп жұмыс істеп жүргеніңізге міне, биыл сегіз-тоғыз жылдың көлеміндей болды. Сізден ұяттау да болып жатыр… Мына соғылып жатқан еңселі үйден мен сізге үш бөлмелі пәтер бергізейін, жете ме? Қай қабаттан керек еді, үшінші ме, әлде төртінші ме?

– Өй, әдірем қал, әдірем қалғыр!– дедім ұрысқақ әйелдің үнімен. Сол үйіңді өзің басыңа шәйнап жақ! Рахмет сізге, Есенбек мырза! – дедім әрмен қарай.

Ертесіне облыстық мәдениет бөлімінің бастығы Әлібек Әмзеев аға маған қоңырау шалады ғой үйге.

– Әй, атаңәлет, үйдесің бе? Қатыныңның қасында жатсың ба? Ұйқылы-ояу жауап бересің ғой. Басқармаға кел. Саған осы үй керек пе, жоқ па? Давай, құжаттарыңды жина! Үй басқара­масына тапсыруымыз керек.

Ол кезде Әлібек аға екі бөлмелі ғана орта­лықтағы ескі үйде тұратын еді.

Мына сұмдықты қараңыз!.. Құжат дайында­лып, берілмек үйдің мекен-жайы белгілі болғанда мен Есенбектің айтқан сөзіне таң қалдым. Таң қалмағанда ше?! Маған берілетін пәтер Есенбек айтқан орталықтағы әлгі бес қабатты кірпіш үйдің төртінші қабатынан нәсіп етілді. Және де сол айтқан он бес метрлік лоджасы,  бөлек-бөлек бөлмесі мен екі балконы бар, үш бөлмелі еңселі пәтер болса?!

Қуаныш пен қобалжу да болды. Қобалжы­ғаным – Әлібек аға ескі екі бөлмеде, ал мен жап-жаңа үш бөлмеде.

– Аға, мынау ыңғайсыз екен… Сіз мынаған келіңіз. Ал мен екі бөлмеге барайын…– деп ағамның алдынан өттім.

– Ой, атаңәлет, бұл сенің несібең. Маған үй табылар. Көп сөзді қой, – деді.

Көп ұзамай біз Сүлейменов көшесіндегі су жаңа он сегізінші үйге қоныс аудардық.

«Көргені мол асыл ағама Алла разы болсын!» деген ойым өле-өлгенше жанымда сақталар. Мұндайда рахметтен басқа не айта қоюға болады. Міне, Есенбек дос мені осылай таң қалдырғаны бар.

Облыстық қазақ драма театрында қайсыбір жы­лы қырғыздың «Індет» деген драмасы сахна­ланды.

Ері мен әйелі ішкілікке салынып, перзентсіз болғаннан соң асырап алған қыздарына небір айуандық қорлықтар көрсеткен отбасы жөніндегі спектакльге Есенбек те көрермен болады ғой.

Ерді – Жүніс Әлімбеков, әйелін – Мәкен Райыс­ханова, қызды – Гүлшат Қыпшақова ойнайды.

Жүніс үйдегінің бәрін сатады. Әйелі екеуі еңіретіп ішеді. Драма желісі бойынша оқиға осылай өтеді.

Ал қыздары осы қорлықты күнде көріп жүреді. Сөйтіп, бір жеке қалғанында «өз анасын» сағынып отырып, өкситін Гүлшаттың оқитын монологі бар екен. Бір сәтке қыздың мұңына құлақ қойған Есенбек сол оқиғаның ішіне өзін ұмытып, біржолата еніп кетеді ғой.

– Тып-тыныш боп тына қалған өлі тыныштықта өгей қыздың басындағы трагедиясына қалай қосылып кеткенімді өзім де білмей қалыппын. Бір қарасам у-у-у-у деп дауыстап жалғыздан-жалғыз жылап отырмын дейді Есенбек. Өзімнің уілдеп дауыстап, жылап отырғанымды оқыстан өзім естіп қалдым да, жан-жағыма қарадым. Бүкіл залда жалғыз өзім еңкілдеп, ботадай боздап отырғаныма, есімді әзер жиғаннан соң ыңғайсыздандым сонда.  Сол өмір тура осы жерде, қазір өтіп жатқандай болды. Ал мен соның ішінде жүргендеймін.

Есенбек осы әңгімені айтты да, жанары жасаурап, өз-өзінен ыңғайсызданып күліп алды.

Болат дос Есенбекке Уфадан жиырма төрт тілді гармон әкеп, оған арнайы жаздырып сыйға тартты. Жұртшылықпенен алдағы асқаралы алпысқа толу күніне орай, Есенбектің жеке ән-жыр кешін өткізу ісі жоспарланып, концерттік бағдарламасы әзірлене бастады.

Селтең-селтең, немқұрайлы дүниелер емес, ойы терең, айтары мол, өскелең ұрпақтың тәлім-тәр­биесіне лайықталған ән-терме, толғаулар сара­ланып алынды. Біздер де халық әндері, толғау­лары, қырғыз әндері, ұлттық нақыштағы компози­торлардың әндерін жаттап, жүрекке сіңіріп, тыңдарманның алдына жүрексіне шығып, толқып барып орындап, өнер тәжірибесінен өттік. Ұлттық әндерді жүрегімізге сіңіре жүріп, өз жанымыздан әндер жаза бастадық. Қалың қазақтың ортасында ән айттық. Алла бойыңа әу бастан өнер дарытса, сен одан қайда қашсаң да құтыла алмайды екенсің. Есенбекте де солай болған. Жүрегі тек өнер үшін жаратылған азамат.

Сан салалы ән-толғауларды орындаумен қатар, өз жанынан да әуендер шығарып, өлеңдерін қоса жазуды Алла оған нәсіп етті. «Шәмші туралы ән», «Дегелегім, келдің бе?!», «Елді сағыну» сынды авторлық әндері әңгімеміздің толық айғағындай.

Ал ол жазған «Көшек батыр» поэмасы өз алдына бір төбе.

90-жылдардың басында мен Алматыға өнер іздеп кеттім. Елден отыз жылдай алыста жүріп қалдым. Бұл жылдары Есенбек Таразда болды. Кезінде жарты нанды бөліп жеген досым мені сағынған кезде «Дегелегім» деген әнімді орындап, жылап алады екен. Керісінше, мен елге қоныс аударып келгенімде, Есенбек жұмыс бабымен Астанаға көшіп кетіпті.

Жеті-сегіз жылдай болды, енді Есенбекті біздер сағына бастадық. Ол осы келуінде елді аңсап, «Дегелегім келдің бе?!» деген ән жазып келіпті. Жүрегіңді елжіретер, мағынасы терең осы әнді Есенбектің туған жерге деген жүрекжарды сағынышындай қабыл алдық.

Асқаралы алпысың құтты болсын, Есенбек дос!

Алла саған жар болсын демекпіз!

 

  Әбиірбек ТІНӘЛІ,

   Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

әнші-композитор.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *