«ӘДЕБИЕТКЕ АҒАЙЫНШЫЛЫҚ ЖҮРМЕЙДІ»

  • Өткен-кеткен

Шараф Рашидовтың  Мұхтар Әуезовке өкпелеуі

88Әшірбек АМАНГЕЛДІ

Бұл әңгімені біз кезінде журналист-жазушы Шараф­фадин Әміров екеуміз  академик ғалым Асқар Қонаевтан естіп едік.

Тәуелсіздікке қол жеткізген кешегі 90-жылдардың басында баспасөзге бұрынғыдан да кеңдік пен  еркіндік тиді. Әрбір газет-журнал жұртты елең еткізетін қызықты да көкейтесті мақалалар жазуға ұмтылып жатты. Мұндай ағым-науқаннан біздің «Зерде» (бұрынғы «Білім және еңбек») журналы да тыс қалмады.  Соның алдындағы қайта құру-бетбұрыс заманында Қазақстан Компартиясы XVІ съезінің мінберінен респуб­ликаның бірінші басшысы Д.Қонаевпен қоса, Димекеңнің інісі – Ғылым академиясының президенті А.Қонаевтың атына да қатты-қатты сындар айтылып, оның шет жағасы газеттерде де жазылды. Осыған байланысты Асқар Меңліахметұлының өзімен сұхбаттасып, көкейде жүрген бірқатар сұрақтарға жауап алып,  мәселенің анық-қанығына көз жеткізуді мақсат еттік.

77Әйтеуір, тілін тапқан болуы керек Асқар Қонаевпен кездесудің ретін Шараффадин келістірді. Келісілген уақытында қосарлана жетіп бардық. Ол уақытта Асекең  академияның президенттігінен босап, Металлургия ғылыми-зерттеу институтында бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарып жүрген беті  екен. Шынын айту керек, біз ол кісімен негізінен орысша сөйлесетін шығармыз деп барғанбыз. Қуанышқа қарай, есіктен кіргеннен таза қазақша тіл қатқанда ішіміз жылып қоя берді. Әдеп пен ізеттілікті сақтап,  Асқар Меңліахметұлына ойымызды жеткіздік.  Бірақ, ол кісі «бітіп келе жатқан жараның аузын тырнап қайтеміз?» дегендей, біз жобалап барған тақырып төңірегінде сөйлесуді қаламады. Аз кем ананы-мынаны  сөз етіп отырды да:

– Ақыры келіп қалған екенсіздер. Онан да мен сіздерге көп адам біле бермейтін әрі өзім куәсі болған  Әуезов пен Рашидовке қатысты бір әңгімені айтып берейін, – деді. Бұрын-соңды естімеген жай болғандықтан біз:

– Айтыңыз, – деп  тыңдауға пейіл білдірдік.

– Сонау 60-жылдары біз Ләйла Мұхтарқызымен  үйленгеннен кейін бірер жыл Әуезовтің жанұясымен бірге тұрдық, – деп бастады Асекең әңгімесін. – Мен сонда Мұхаңның ұлылығы мен биік парасат­тылығына  көз жеткіздім…

… Бір күні ойламаған жерден үйімізге артынып-тартынып екі өзбек жігіті келді. Мол сәлем-сауқат, жеміс-жидекке қоса, бәрімізге бірсыпыра киім-кешек те әкеліпті. Мұхаңа, маған костюм-шалбар, әйелдер мен балаларға да көйлек-көншек дегендей. Сөйтіп, аяқ астынан қарық болып қалдық. Іштей «бұл неткен батпан құйрық, кенеттен бізге келіп жатқан?» деп ойлап қоямыз. Мұхаң үйде жоқ болғандықтан, әлгілер бір айналып соғатындарын айтты.

Кешке Мұхаң келген бойда бәріміз жарысып, «осылай да осылай» деп айтып жатырмыз. Ол кісі:

– Пәлі! Бұл тегін болмаса керек. Оның үстіне өзбек ағайындар болса. Мұның артында бір салмағы бар шығар? – деді.

Айтқандай-ақ, әлгі екі өзбек жігіті қас қарая қайта оралды. Амандық-саулықтан соң, шәй үстінде қонақтар Мұхаңа  Өзбекстан Компартиясының бірінші хатшысы, жазушы  Шараф Рашидовтың  сәлемін  жеткізді. Сөздерінен ұққанымыз, Ш.Рашидовтың «Сильнее бури» деген романы КСРО мемлекеттік сыйлығына ұсынылып жатқан көрінеді. Соған  Комитеттің отырысында Мұхтар Әуезов шығарманы қолдап-қуаттап сөйлесе дейді. Өйткені, Мұхаң Мәскеудегі Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар беру жөніндегі комитеттің мүшесі-тін.  Екеуі екі жақтап: «Шараф ака катта жазушы. Бірнеше кітаптың авторы. Ол кісіні Өзбекстанда зор құрмет қылады» деп жатыр. Сөз арасында: «Сіз мақұл десеңіз болды. Қалғандарымен келісілген» дегенді қосып қойды. Бұл сөзге Мұхаң сәл тіксініп қалды. Дегенмен, өзіне тән мәдениеттілігін сақтап:

– Мен бұрын-соңды жазушы Шараф Рашидовтың шығармаларымен таныс емес едім. Сондықтан кітабын қалдырып кетіңіздер. Мұқият оқып, танысып көрейін, – деді.

Әлгі екеуі қолдарын жүрек тұсына қойып, қайта-қайта иіліп:

– Шараф ака көп-көп сәлем айтты. «Жақсылығыңызды ұмытпаймыз», қолы тисе Тәшкенге қонақ болып, келіп кетсін деді, – деп біз секілді жон арқасын бермей,  арттарымен шегіншектеп шығып кетті.

Арада он-он бес күндей уақыт өтті. Бір күні түннің бір уағында кабинетіне Мұхаң шақырады. Барсам, қолына Ш.Рашидовтың  әлгі «Сильнее бури» романын ұстап алған. Қатты күйініп отыр.

– Мұндай шығарманы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынуға болмайды. Өйтсек, әдебиетке де, сыйлыққа да қиянат болады, – дейді.

…Мен қапелімде не айтарымды білмедім. Оның үстіне әдебиетші, жазушы емеспін.

Ертеңіне үй-ішімізбен Мұхаңа жалынып жүрміз. Әкелген өрік-мейізін жеп, киімдерін киіп қойғанбыз. Ұяттан қысылып барамыз.

– Жоқ болмайды. Оны мақтап сөйлесем, не үндемей қойсам, ол менің азаматтық һәм жазушылық ар-намысыма сын, – деп Мұхаң көнбейді. Ондайда ол кісіні райынан қайтару қиын.

Айтқандай-ақ, Мұхаң  Мәскеуде Ленин­дік және Мемлекеттік сыйлықтар беру жө­нінденгі комитеттің отырысында  Ш. Раши­довтың романына қатысты сыни пікірлер айтыпты. Беделді Әуезов осылай деп отырған соң, қалғандары  да соның  пікіріне жығыл­ған.

Артынан Ш.Рашидов  Мұхаңмен сыйлас біреу арқылы: «Ағайын халық едік. Жылы пікір білдірудің орнына сынап сөйлепті. Тым болмаса үндемей отыруына болар еді. Мен әдебиеттен болмағанымен, ондай жоғары сыйлықты бәрібір басқа саладан болса да аламын!» деп өкпесін айтып, ренішін білдіріпті.  Мұхаң әлгі кісіге: «Шарафқа сәлем айт. Әдебиет – ардың ісі. Оған ағайыншылық жүрмейді!» – депті.

Расында да кейіннен, беріде 80-жылдары  Мұрынтаудағы алтын кенін ашқаны үшін  Ш.Рашидов бірнеше автормен бірге Лениндік сыйлыққа ие болды. Екі мәрте Социалистік Еңбері Ері атанып, Саяси Бюроның мүшелігіне кандидат болып, кеңес өкіметінің бар жақсылық шарапатын бір кісідей-ақ көрді…

Асекеңнің осы әңгімесінен кейін мен қызық үшін Өзбекстанның көрнекті мемлекет және саяси қайраткері Шараф Рашидовтың  (1917 – 1983) өмірбаянына үңілдім. Онда  оның  қаламгер ретінде ең алғашқы өлеңдер жинағы «Мой гнев» (1945 ж.) шыққаны, мұнан кейін   «Победители» (1951), «Сильнее бури» (1958), «Могучая волна» (1964), «Зрелость» (1971) романдары және  «Приговор истории» (1957) публицистикалық мақалалар жинағы  жарық көргені жазылыпты. «Заманының ағымы мен ұстанған саясатына сай бұл шығармалардың қай-қайсысында да кеңес адамдарының отаншылдық сезімі, патриоттығы мен қажырлы да табанды еңбегі бейнеленді» делінген.

Шығармашылығымен жете таныс бол­мағандықтан,  Шараф Рашидовтың қалам­герлік деңгейі мен шеберлігіне «пәлен» деп баға беруден аулақпыз. Әйтсе де, айтпаса сөздің атасы өледі. Оның атынан шығар­маларының көбін сол тұстағы Өзбекстан Жазушылар одағы басқармасының  төр­ағасы, әйгілі жазушы Камил Яшен жазған деген қауесет бар. Рас-өтірігін қайдам, кейбір деректерге сүйенсек, өзбектің белгілі сатиригі А.Каххар Шараф Рашидовтың тіке өзіне «өзбек әдебиетіндегі  орның жоқтың қасы.  Камил Яшенсіз екі сөздің басын қосып жаза алмайсың», — деп  айтқан көрінеді.

Өз елінде саяси биліктің ұшар басына шыққанға дейін Ш.Рашидов Самарқан облыстық «Ленин йули», республикалық  «Қизил Узбекистон» газеттерінің редакторы, Өзбекстан жазушылар одағы басқармасының төрағасы  және Өзбек КСР Жоғарғы кеңесі төралқасының төрағасы  сияқты лауазымды қызметтер атқарды. Ал, 1959 жылдың нау­рызынан – 1983 жылдың 31 қазанына, яғни өмірінің соңына дейін Өзбекстан Компар­тиясы ОК бірінші хатшысы қызметінде болды.

Ақиқатын айту керек,  Шараф Раши­довтың  өзі ширек ғасырдай басқарған Өзбек­стан кеңестік республикасының экономи­касы мен әлеуметтік жағдайын көтеруге, ғылымы мен мәдениетін дамытуға сіңірген еңбегі орасан зор. Мысалы, оның кезінде  «ең алдымен көп балалы отбасыларына пәтер берілсін» деп арнайы қаулы шығартып, ел астанасы Ташкентте өзбек ұлтының үлес салмағын көбейткенін жұрт халқының болашағын ойлаған көрегендік деп бағалайды.

Уақыт деген жүйрік. Академик Асқар Қонаевтан бұл әңгімені естігенімізге де жиырма жылдан асыпты. Жақында мен осыған қатысты  бір дерек табылып қала ма деген оймен Алматыдағы  М.Әуезовтің  музей үйіне бас сұқтым. Өкінішке қарай, ештеңе табылмады. Әйтсе де музейдің директоры, Мұхаңның жиені Диар Қонаев:

– Тура осы әңгімені әкем маған да айтып еді, – деп растады. Сонан соң:

– 1957 жылы Лениндік сыйлық берерде татар ақыны Муса Жалилдің «Моабит дәптеріне» дауыс беріп, ең жақын досы Леонид Леоновты да ренжітіп алған екен, –  деді.

Осыған қарағанда қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов  орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой тәрізді әдебиетті туыстық пен достықтан, жолдастықтан  биік қойып, киелі де қасиетті өнер санаған, оған адал қызмет ету  ардың ісі деп білген…

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *