ӘДЕБИ ӘЛЕМ ДЕ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРУ ҚАЖЕТ

Сарыарқа төсінде  өткен Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық торқалы тойы  Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің №5 ғимаратының жанына орнатылған Мағжан мүсінінің ресми ашылуынан басталды. Жиынға жиналғандар  алдында Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры  Серік Өмірбаев пен облыс әкімі Құмар Ақсақалов құттықтау сөз сөйледі. Ақын ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.

Ақын еліне келгендегі алғашқы назар аударғаным – халықтың көтеріңкі көңіл күйі болды. Өйткені, мен бұл өлкеге 1998 жылы  Қазақстан Ғылым академия­сының осы өңірге жіберілген фоль­клорлық-этнографиялық экспеди­циясының тапсырмасымен келіп қайт­қан едім. Экспедицияға Сәбең мен Ғабеңнің елін аралап, Көкшені көктей өтіп, Алматыға оралу  тапсырылған болатын. Бәрімізге дерлік  экспедиция­ның жүріп өтетін маршруты белгіленген жол картасы берілген. Тапсырма бойын­ша Манаш Қозыбаев атындағы уни­верситетке келіп түстік. Олар бізді ке­ректі ақпараттармен жабдықтап, қасы­мызға жолбасшы мен бірнеше студент қосып берді.

Қалаға келген соң, экспедиция мүше­лерімен келісе отырып, бағытын қазіргі Мағжан Жұмабаев (бұрынғы Булаев) ауданына бұрдым. Сөйтіп, экспедицияны Мағжан елінен бастауды жөн көрдік. Осыдан кейін ауданның әкімдігіне келдік. Мән-жәйді түсін­дірдік. Ол кісінің аты-жөні қазір есімде қалмапты. Жасы қырықтарға келген орыс жігіті болатын. Бізді  риза көңілмен  қарсы алып, сол кездегі шаруа қожа­лығының бастығы Николай Жигалов деген азаматпен таныстырып, оған газел машинасы мен жанармай тауып беруді тапсырды. Ол кісі тапсырманы бұлжыт­пай орындап, сол аудандағы талай аңызды жерлерді аралатып, сол кездегі Сергеев, қазіргі Шал ауданының шек­а­ра­сына дейін шығарып салды. Бұл күндері ол кісі бақилық болыпты. Қазір Булаев қаласындағы Ленин көшесі сол кісінің атымен аталады екен.

Алматыға келген соң «Мағжан елін аралағанда» деген үлкен мақала жазып, Қызылжар өңірінің жайымен таныстыр­дым. Оның ішінде ұлы ақынды өмірге әкелген жердің әл-ауқатын көтеру мәселесін көтердім.

Бүгінде ұлы ақын елінің  әлеу­меттік-экономикалық дамуында үлкен серпіліс бар. Әсіресе, жас буынның құлшы­нысы ерекше жалынды, өздерін еркін сезінеді. Жайқала өсіп келе жатқан жас қайыңдай жігерлі. Жас ұрпақтың санасына патриоттық сезімді ұялату мақсатында жыл сайын мектеп оқу­шылары арасында Мағжан оқуларын өткізіп отыруды әдетке айналдырыпты. Енді бұған қоса, Мағжан оқуларының жеңімпаздары ақынның бейнесі салын­ған төсбелгімен марапатталса, нұр үстіне нұр болар еді.

Соңғы кезде табиғаттың тосын мінез көрсетуінен,  өңірдің бірқатар жерлерін  бірнеше мәрте су басқаны белгілі. Сол шығынның ізі өлкені біраз әлсіретіп-ақ тастады. Облысқа басшылық етіп отырған Құмар Ақсақалов жас та болса, өз әріптестерімен шаруаны ұйымдас­тыру, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде біліктілігі мен іскерлігін көрсе­тіп, ауқымды шаруаларды атқарып жатқаны байқалады. Бір ай бойы толассыз жауған жаңбырға қарамастан ұлы ақынның 125 жылдық мерейтойы  абыроймен өткізілді. Қызылжардан басталған тақтайдай тартылған тас жол ақынның туған жері Сарытомарға дейін жетіпті. Президент бекіткен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының белсенді  жүзеге асырылып жатқандығын  Сарто­марда өткен тойға тігілген этноауылдар дәлелдеп берді.

Ұзақ та үзбей, толассыз  жауған жаңбырдың  бір пайдалы тұсы да бар екен – өлкені көк шалғынға бөлепті. Қалың шөп белуардан асады. Түгін тартса, майы шығатын нағыз жұмсақ қара топырақты өлке мал шаруашы­лығын өркендетуге қолайлы-ақ.Төрт түлік алаңсыз  жайылатын өңір екендігі тамсандырады. Мағжан ақын жырына қосқан байғыздың мұңлы әуені де үлкен әсер қалдырды. Кеш болса, сол ауыл­дардың орнына билік етіп жүргендей ауық-ауық үн беретіндігіне куә болып, байғыздың дауысын алғаш рет осы өлкеден естідім.

– Шет елдерден келген қандас­тарымызды бос ауылдарға қоныстан­дырдық.Тұрақтамай кете береді. Тек Өзбекстаннан келген қандастарымыз ғана майлы топыраққа картоптары мен жеміс-жидектерін егіп, жерге үйіріліп жатыр, –  дейді  жергілікті аудан басшы­лары.

 

Ақын тойы төрт күнге жалғасты. Алғашқы күнгі той – Мағжан негізін салған педколледжден басталды. Келесі күні мереке  Мағжанның туған жері Сары­томарға ауысты. Алыс-жақын елдерден келген қонақтарды бірге күтуде облыстық ішкі  істер басқармасы ұйым­шылдық танытты. Ұшқыр бәйге, жорға жарыс, аламан бәйге ұйымдас­тырылып, жеңімпаздарға темір тұлпарлар сыйға берілді.

 

Үшінші күні – Николай Погодин атындағы орыс  драма театрында В.Ша­лаевтың «Мағжанға сот» деп аталатын спектаклінің қойылымы тегін көрсетілді. Спектакль бастан-аяқ Мағжан өмірінің тарихи кезеңдерінің оқиғаларына құры­лып, оған өмір шындығы арқау болған. Мағжанның трагедиялы тағды­рының қыр-сырын тереңдей ашуда сюрреалис­тік стильді шебер пайдалана отырып, қойылым кезінде көрермен­дерді үлкен тебіреніске түсірді. Ақын­ның түрмедегі тағдырын сомдаған Евге­ний Патешкин мен жастық шағын бей­нелеген Кон­стантин Демидовтың рөлде­рінің сәтті шықаны соншалық, көрер­мендердің жанарына жас үйірді. Бұдан актерлердің қазақ ақынының траге­диялы тағдырын терең сезіне білгендігі көрінді.

Ұлы ақынның тойына шақырылған меймандардың  әрқайсысы өзінше тарту таралғы жасады.Мен «Қазақ әдебие­тіндегі постмодернизм» атты кітабымды аяқтап, жарыққа шығарған едім. Сон­дықтан «Мағжан – модернист» деген үлкен тарауым тойға сый болды. Алғаш­қы даналарына той иесі болған универ­ситет иелік етті. Әзербайжан мен Өзбек­станнан, Қырғызстан мен Қарақалпақ­станнан, Қабардин-Балкардан келген ақын-жазушылар Мағжан тойына шашу ретінде өлеңдерін оқыды. Көпшілігі Мағ­жанның бірнеше өлеңдерін өз тілде­ріне аударған екен. Сонымен таныс­тырды. АҚШ-тан келген, Мағжанның 16 өлеңін ағылшын тіліне аударған Тимур Қожаоғлы өлеңдер жинағын Қозыбаев университетіне сыйға берді. Ақынның мерейтойына орай, облыс әкімшілігі бас болып, «Қазақтың Мағжаны» және «Мағжан Жұмабаев» атты энциклопе­дияны жарыққа шығарыпты. «Біздің Мағжан» атты мерейтойлық жинақ  құрастырылып, «Алаш-Таным» баспасы­нан жарық көрген екен. Оған мұрындық болып жүрген Байтұрсыновтанушы ғалым – Тұрсын Шаңбаев. Кітаптың шығарылу полиграфиясы өте жоғары. Мұқабасынан бастап, қағазына дейін көз тартады. Мағжан өлеңдері орыс, түрік және ағылшын тілдерінде сөйлеп тұр. Өкінішке орай, осы жинаққа енгізілген «Пайғамбар», «Орал» өлеңдері «Арыс» баспасынан шыққан жинақтан алын­ғандықтан, одан кеткен қателіктерді толық қайталаған. Мағжан өлеңдерін ағылшын тіліне аударған Тимур Қожа­оғлы да сол жинақты пайдаланған екен. Түрік тіліндегі аудармасы да содан алынған.

Осы орайда, қандайда бір игі істі атқарар алдында сол саланың маманда­рымен ақылдасып-кеңесудің  артықшы­лығы болмайтындығын ескере бермей­тіндігіміз өкіндірді. 1988 жылы бес арысымыз  ақталғанда Тұрсын Шаңбаев Ахмет Байтұрсыновтың шығармаларын зерттеуді қолға алып, кандидаттық қор­ғаған еді.  Мағжан шығармаларын зерт­теуге жігіттердің батылы жетпей тайсақ­тағанда, тәуекел етіп, «Мағжаннан неге қорқады екен, байқап көрейін» деген ниетпен, ат жалынан ұстап, намысқа қамшы салып, «Мағжан Жұмабаев поэзиясындағы фольклорлық дәстүр» деген тақырыпта диссертация жазып, 1994 жылы сәтті қорғап шықтым. Содан бергі аралықта «Мағжан шығармала­рының фольклорлық  қырлары», «Жы­ры­мен жұртын оятқан», «Мағжан символист», «Мағжан поэзиясындағы заман шындығы» деген төрт кітабым жарық көрді. «Жырымен жұртын оятқан» 1998 жылдан шет мемле­кеттерде оқылып келеді. Той аясындағы шара­ларда осы еңбектердің ескерілмей қалғаны қынжылтты.

 

Жасыратыны жоқ, 1912 жылы «Шол­пан» жинағы жарық көрген кезден бастап, 1938 жылы атылып кеткеннен кейінгі аралықта, бірауыз жылы сөз естімей, өмірден өткен Мағжан ақынның мұралары, одан кейінгі 50 жыл бойы жабық тақырып болып келді.

 

Ендігі жерде  ел ардақтысына айнал­ған талантты ақынның тұлғасын, жауһар жырларын, шығармашылығын зерттеу мен зерделеу үшін  Мағжантану орта­лығын ашу керек. Бұл пікірді Қызыл­жардағы  Мағжан Жұмабаев атындағы колледждің бір оқытушысы да айтқан еді. Бірақ оны колледжден ашудың жөні келмес. Шығармашылық ауқымы терең Мағжантану орталығы тек институт пен университет қабырғаларынан ғана ашылғаны жөн. Білімі жоғары, білікті мамандар сонда. Ендеше бұл мәселе төңірегінде Қозыбаев атындағы Сол­түстік Қазақстан мемлекеттік универ­ситеті ғана емес, Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институты да ойланғаны абзал. Бұл қадам – ақын өлеңдерінің бір ортаға жиналуына ықпал етеді. Әрі ақын шығармалары төңірегіндегі тартысты пікірлерді бір арнаға тоғыстыруға жәрдем етеді. Ендеше енді ғана жұлдызы жарқырай бастаған ақын шығармала­рының  рухын көтеріп, оның ұрпақ санасынан өз орнын алуы үшін еңбек етуіміз керек. Мұны әдебиет әлеміндегі  рухани жаңғырудың бір бағдарына  айналдыру – парызымыз.

 

Бақыткамал  ҚАНАРБАЕВА,

Қайнар академиясының профессоры, мағжантанушы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *