Дат сәулетшiсiнiң сөзi мен қала әкiмiнiң ойы бiр жерден шықты

ӘКIМ ҚОЗҒАҒАН МӘСЕЛЕ — НАЗАРДА

4Құттыбек АЙМАХАН

Әнеукүнi жұмыстан жеңiл көлiкпен дәл кешкi қарбалас уақытта шығып едiк, мегаполистегi көлiк кептелiсiне тап болдық. Және қандай? Алдымен Шевченко көшесiмен әзер қозғалып, келесi Жамбыл көшесiне түскен едiк. Мәссаған, бұл көше де көлiкке толы. Амал жоқ, Қабанбай көшесiмен бiраз жылжуға мәжбүр болдық. Бiрақ, мұнда да жүрiсiмiз өнбеген соң машинаны одан кейiнгi Қарасай батыр көшесiне бұрдық. Ендi қайтемiз, бұл көше де автокөлiкке бiтiп тұр. Одан әрi баратын көше жоқ. Төле би көшесiн жақсы бiлемiз, онда кеш кiсiн көлiктер жылжымақ түгiлi, табандап тұрып алады. Сондықтан да, Қарасай батыр көшесiмен «iлби жүрiп», «Тастақ» базары аумағына жеткенде сағат тiлi кешкi 20.00-дi соқты. Сонда Масаншы – Шевченко көшелерi қиылысынан Төле би – Тiлендиев көшесi қиылысына жеткенше екi сағаттай жүрiппiз. Ау, кей күндерi жаяу жүргенде бұл аралықты бiр жарым сағатта жүрiп өтпеушi ме едiк…

Алматы – адамдарға қажеттi қала болуы керек

Бүгiнде алматылықтардың көрген күнi осы… Таңертеңгi немесе кешкi уақыттарда шаһарда көлiкпен қозғалу мүмкiн болмай барады. өйткенi, қазiр қададағы автокөлiктер саны орта есеппен жылына 25 мыңға көбейiп жатыр. Бүйте берсе, жақын арадағы бес жылда Алматыдағы көлiк саны қала тұрғындары санын қуып жетерi анық. Сонда не iстеймiз? Белгiсiз…

Әрине, қаламызда автокөлiктiң шектен тыс көбейiп кетуi – Алматы экологиясына адам айтқысыз залалын әкелуде. Әйтпесе, кешке қарай көшелерге қараңызшы, көк түтiннен көзiңiз ашиды. Әрине, мұндай жағдайда адамдарды емдеудiң өзi қиын. Одан да көшелердi көк түтiннен арылтуға бар күштi жұмсау керек…

Қала әкiмдiгi қазiр осы бағытта зор жұмыстар жүргiзуде. Атап айтқанда, қалаға кiреберiстерде 13 экологиялық бекет ашып, қоғамдық көлiктердi таза экологиялық отын – газға көшiрiп, электрмен жүретiн жолаушылар көлiктерi қатары көбейтiлiп жатыр. Әрине, бұл – Алматы экологиясының қалыпты жағдайда тұруына сәл де болса ықпалын тигiзуде. Алайда, автокөлiктердiң күн санап көбеюi бұл мәселенi жылдам шешуге өз кесiрiн тигiзiп жатқанын көзiмiз көрiп жүр.

Осы орайда жақында ғана қала сәулетшiлерi қауымдастығының өз ұсыныстарын қала әкiмi Ахметжан Есiмовке көрсету барысында шаһар басшысының «Алматы адамдар үшiн қажеттi қала болуы керек. Бiзге табыс немесе экономикалық пайданы ғана ойлап қоймай, ең алдымен, адамдар туралы ойлау керек. Бұл ретте қаланың оңтүстiгi мен батысын биiк ғимараттармен қалқалаудың қажетi жоқ. өйткенi, ол жақпен таудан соққан таза ауа өтедi. Сол секiлдi орталықтағы ескi ғимараттарды бұзудың да қажетi жоқ – Алматы өз келбетiн сақтап қалуы керек. Бұл ретте бiз алдағы уақытта Панфилов көшесiн жаяу жүргiншiлер көшесiне айналдыруды ойластырып отырмыз. Сонда бұл көшемен тек қана жеңiл-рельстi көлiктер ғана жүретiн болады», — деген сөзi еске түседi.

Шынын айтқанда, көпшiлiк алматылықтар қала әкiмiнiң әлгi сөзiне қуанып қалды. өйткенi, орталықтың тынысын ашу – бүкiл қаланың тынысын ашу деген сөз.

5 жылда велодүкендерде велосипед сату 6 есеге өскен

Жақында Алматыға белгiлi дат сәулетшiсi Ян Гейл келiп, қалалық әкiмдiкте лекция оқыды. Онда ол алматылықтардың неғұрлым көшеде көп жүргенiн қалайтынын айтып өттi. Бұл ретте өзiнiң де осы мәселемен айналысуға келгенiн тiлге тиек еттi. Осы Гейл мырзаның айтуынша, қазiргi қала салудағы ең басты мәселе – көлiк мәселесi екен. Сондықтан да, өзiнiң қаланы қайтсе автокөлiктер тұтқынынан босатуға болатынын ойластырып көретiнiн айтқан Ян Гейлдiң сөзi қалалық әкiмдiктiң ойынан шыққандай едi.

Жалпы, Ян Гейлдiң тұратын қаласы – Копенгаген соңғы жылдары әлемдегi өмiр сүруге ең қолайлы қала болып табылған. Сонымен қатар, Ян Гейл Нью-Йорк, Сидней, Мельбурн, Лондон және басқа қалалардың көшелерiндегi жағдайды жақсартумен айналысыпты. Ал негiзiнде, әлемдегi өмiр сүруге ең қолайлы 10 қаланың iшiндегi 6 қалада осы Гейл жұмыс iстеген екен. Оның iшiнде, әсiресе, Лондонның көк түтiннен, яғни, автомобильдерден қалай арылғанын бiр кездерi «Алматы ақшамы» газетi де жазған болатын. Қазiр бұл қалада сырттан келетiн автокөлiк қала iшiне кiрмейтiн болған. өйткенi, олар үшiн қала сыртында автотұрақтар жұмыс iстейдi. Қалаға келгендер машиналарын сонда қалдырып, Лондон iшiнде қоғамдық көлiкпен қозғалуға дағдыланған. Соның салдарынан қазiр Лондон қаласының орталығында автокөлiк тым азайып, халықтың өмiр сүруiне қолайлы жағдай орнаған.

Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов соңғы кездерi осындай ойды жиi айтып жүр. Бұл ретте шаһар басшысы: «Қазiргi таңда қалаға кiреберiсте 4 автовокзал құрылысы басталды. Ал олардың әрқайсысында 5 мың орындық автотұрақтар болады. Сөйтiп, бiз күн сайын қалаға кiретiн 200-300 мың автокөлiктi сыртқа қалдыра аламыз», – дейдi. Сондай-ақ, Ахметжан Смағұлұлы қалада велосипед қозғалысын дамыту жайына да баса тоқталып, «қалада велосипедшiлер қатары көбейiп келедi. Әрине, ол Копенгагендегi секiлдi аса көп емес. Мысалы, Дания астанасындағы халықтың 37 пайызы қала iшiнде велосипедпен қозғалатын болса, Алматыда велосипед тебушiлер саны 1 пайызға да жетпейдi. Дегенмен, менi велосипедке деген қызығушылықтың өсiп келе жатқаны қуантады. өйткенi, соңғы 5 жылда велодүкендерде велосипед сату 6 есеге өскен және велошеберханалар да көбейiп жатыр», — деп атап өттi.

Алдағы жылы Алматыда автотұрақтар саны өседi

Қалай айтсақ та, Алматы қаласының экологиясын жақсарту мақсатында қалалық әкiмдiктiң қандай жұмыстар атқарып жатқаны жұртқа көрiнiп тұр. Бұл ретте ауаны ластаушы ең алдымен автокөлiк екенi бәрiмiзге белгiлi. Мiне, осы қаладағы «№1 мәселе» шаһар басшысы Ахметжан Есiмовтiң экологиялық бағытты жеке бақылауына алуына себеп болды. Мысалы, тек соңғы жылдары ғана қалаға жап-жаңа 195 троллейбус, 17 трамвай әкелiнiп, 400 газбен жүретiн автобус пен 200 экотакси сатып алынды. Бұдан қалды, биылғы жыл қалада «Қоғамдық көлiктi дамыту жылы» деп жарияланып, метро құрылысы жалғасын тапты да, жеңiлрельстi көлiк жобасы қолға алынды.

Сонымен қатар, соңғы кезде Алматыда автотұрақтарды ақылы ету жұмысы да қолға алынды. Осы орайда қала әкiмi А.Есiмов: «Шет елдерде қалалық кеңiстiк өте тиiмдi пайдаланылады. Ал бiзде бәрi басқаша. Атап айтқанда, Республика алаңы астында бiрнеше жерасты ақылы паркингi салынды. Бiрақ, оны пайдаланып жатқандар өте аз. Көбi алаңның өзiне қойғанды қалайды. Себебi, оларға ақысыз-пұлсыз көлiк қаңтарған тиiмдi. Бiрақ, келесi жылдан бастап қалыптасқан жағдай түбегейлi өзгередi. өйткенi, алаңның үстiндегi барлық автотұрақтар ақылы болады», – дейдi. Және дәл осындай жағдай Республика сарайы айналасында да қалыптасқан.

Қысқасы, келер жылы Алматы қаласында ақылы автотұрақтар көптеп жұмыс iстейтiн болады. Бұл, әрине, осы арқылы қала бюджетiне ақша түсiру ғана емес, ең алдымен кез-келген жерде тұратын автомобильдердi бiр жерге топтастыру. Сөйтiп, көшелердегi автокөлiктер мәселесi шешiлiп те қалар деген үмiт бар. Сосын, осындай жұмыстар нәтижесiнде қаладағы автомобильдер саны да қысқаратын шығар деп ойлаймыз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *