Дастарқанда ас мол болса, көңiл де тоқ

Өтеш ӨТЕУЛIҰЛЫ

«Атамұра» баспасынан жазушы Кәдiрбек Сегiзбайұлының «Қазақы дастарқан» атты түрлi-түстi, сапалы қағазда басылған кiтабы жарық көрдi. Ұлтымыздың ғасырлар бойы қастерлеп келген сан түрлi тағам түрлерi, оларды дайындау тәсiлдерi туралы жазылған бұл кiтаптан оқырман мол мағлұмат алады. Қазы-қарта, жал-жая, құрт-iрiмшiк, тары-талқан, жент, сiрне, қуырдақ болып жалғасып кете беретiн тағам түрлерiнiң көпшiлiгi түркi халқының бiразына ортақ болғанымен, халқымыздың тарихымен бiрге жасасып, әжеден анаға, анадан қызға мұра болып келедi. Ғасырлар бойы жасап, әзiрлеу әдiстерiн қапысыз жетiлдiрумен болған ұлттық тағам түрлерi – ұлттық мәдениетiмiздiң бөлiнбес бiр саласы. Тұрмыс-тiршiлiгiмiздiң, салт-дәстүрiмiздiң, өмiр сүру ерекшелiгiмiздiң әлеуметтiк мұрасы. Кез-келген этностың өзiне тән қадiр-қасиетi, болмыс-бiтiмi, кiсiлiк келбетi, ең алдымен ұлттық дәстүрлi тағам түрлерiмен танымал ғана болып қоймайды, оның өмiр-тiршiлiгiнiң, ой-ниетiнiң де нақты көрiнiсi болып табылады.

Халқымыздың көшпелi өмiр салтында ұлттық тағам түрлерiне қарай қадiр тұту, жол-жоралғылар, әр қонақтың беделiне, туыстық жақындығына қарай сыбаға тарту – осының бәрi дәстүрлi мәдени-салтымыздың көрiнiсi болмақ. Ұлттық дәстүрлi тағам түрлерiне мән беру – бүгiнгi дастарқан мәзiрiнiң еселеп молаюына ықпал етедi. Дастарқанда ас мол болса, көңiл де тоқ. Халқымыздың ғасырлар бойы түрленiп, молайған дәстүрлi ұлттық тағамдарының келешек ұрпаққа қадiр-қасиетiн жоғалтпастан жетуiн көксейдi кiтап авторы. «Атамұра» корпорациясының президентi Р.Құл-Мұхаммедтiң жетекшiлiгiмен бес мың данамен жарық көрген түрлi-түстi суреттермен көркем безендiрiлген көлемдi кiтаптың тағылымдық ықпалы мол.

«Алматы Ақшамы» газетiнiң бетiнде бiраздан берi жазушы Кәдiрбек Сегiбайұлының «Қазақы дастарқан» айдарымен ұлттық тағам түрлерi туралы мақалаларын жариялап келемiз. Ұлттық тағам түрлерiне қатысты қызықты деректерге құрылған тартымды оқылатын еңбегiн алдағы кезде де жариялай беретiн боламыз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *