Құдашадан құр қалғанды…

Жеңіс ШЫНЫБЕКОВ

 

Әркімге бір соқтығып, үлкен демей, кіші демей, жөнді-жөнсіз ойнай беретін Қалтақтан мезі болған жұрт ит қосып қуады да, артынша оның сайқымазақ, күлдіргі мінезін сағынып, іздеп отырады. Өзі осы ауылға жиен болғандықтан, оның шектен шығып кеткен әзілін ешкім кек тұтпайды. «Түрт сайтан, түрт» деп желіктіре түседі. Оған ерлі-зайыптыларды, екі туған ағайынды ұрыстырып, абысындарды араз­дастыру қиын шаруа емес. Мысалы, «Пәленшенің қатыны пәленше­мен…» деп сөздің аяғын жұта салса, жеткілікті. Кейбіреулер оны жәй әзіл деп қабылдаса, жұптасына аз-мәз күдігі бар отағасылар кәдімгідей ойланып қалады. Ойыннан от шығып, біраз үйлерде ыдыс-аяқ сынып жатады. Кейін Қалтақтың өзі келіп: «Пәленше осылай деп айтсаң, бір жарты қоямын деген соң, жәй айта салып едім», – дейді. Енді отағасы әйелін тастай беріп, әлгі «заказчик­тің» соңына түседі. Сөйтіп, ауылдың әр үйінде жанжал оты бірде шалқып, бірде сөніп, шәт-шәлекей болып жатады.

Сол қылжақбас Қалтақ ескі «шайтан арбасын» шиқылдатып келіп, нағашы ауылдың шеткі көше­сіне кірді. Мұның қарсы алдынан Көшектің жақында ғана үйленген ұлы келіншегімен жолыға кетті.

– Әй, жігіт, осы ауылдың бала­сы­сың ба? – деді Қалтақ танып тұрса да қылжақбастығына басып.

– Иә, – деді жігіт те оны танып, – мен Көшектің баласымын ғой.

– Көшек-Мөшегіңді мен білмей­мін, – деді Қалтақ, – қайдағы бір ал­қаштарыңды менің алдыма тарта бермей, жылқы зауыты қайда, соны көрсетіп жібер.

– Бұл ауылда жылқы зауыты жоқ, – деп жігіт аңтарылып тұр.

– Ойпырым-ай, жас басыңмен қалай өтірік айтасың? Жылқы зауыты неге жоқ дейсің? Ім…м әлгі елдің бәрі білетін Сарыайғырдың үйіріндегі Бозбие, Торбесті, Құнан­көк, Ақтай, Керқұлын дегендерді білмейсің бе?

– Е, аға, олар адам аттары ғой.

– Оттапсың, бала, бұл – жыл­қыға қойылатын аттар. Жылқысы көп болсын деген ырымы ма, бір үйлі жанды жылқының атымен атаған. Тіпті, ана Бозбие деген кемпірдің Сарыайғыр шалға кездесуін қарашы. Ха, күлесің бе, жылайсың ба? Олардың барлығы жылқы аттас, значит жылқылар. Ал жылқы тұратын жерді «жылқы зауыты» деп атайды. Жігіт те, келіншек те сықылықтап күліп жіберді.

– Сіз, аға, Сарыайғыр атам мен Бозбие әжемнің үйінде талай болып едіңіз ғой, лезде ұмытып қалғансыз ба? Әне, анау оң жақтағы төртінші үй.

– Әй, сен салага, «склерозсың» деп мені неге сөгесің? Өйтіп менің ар-намысыма тимегін. Мына қасың­дағы қара қызды қайдан тауып алдың? Анада аудандағы бақтасүйісіп тұрғаның бұйра шаш сары қыз еді ғой. Оны ұмытқан жоқ­пын, – деді Қалтақ «шайтан арба­сына» міне беріп, басын шайқап. – Ай, жігіттер-ай, Дон-жуан­сыңдар, ынсап жоқ сендерде. Бүгін біреумен, ертең басқамен… аңқау қыздардың басын айналдырып биялайша ауыстырасыңдар-ау. Біз бір-ақ қызбен нетіп, нетуші едік…

– Ау, ау, аға, ол басқа жігіт шы­ғар. Мен, мен онда болған жоқ­пын, – деді сасқалақтаған жігіт.

Қалтақ әудем жер ұзап барып, артына қараса, келіншек бетін басып, қашып барады екен. Бірдеңе айтып, ақталған жігітті шапалақпен тартып-тартып жіберді. Мына көрініске айызы қанған жігіт мырс-мырс күліп, Сарыайғыр нағашы­сының қақпасын ашты.

Сарыайғыр қарттың үлкен немересінің келіншегі босанған. Бүгін қыз жеңгесі мен бірнеше құдағи, құдаша балаға бесік әкеліп отыр. Өзі ежелден әңгімеге жоқ, балалары да үндеместер болған соң, қарт қонақтарды күлдіріп, думанды қыздырып отырсын деп Қалтақ жиенді әдейі шақыртып еді. Қалтақ келе сала, билікті өз қолына алып, тым-тырыс отырған қонақтардың көңіл-күйін тік көтеріп әкетті. Әр түрлі күлдіргі әңгімелер айтып, шек-сілелерін қатырды. Шампан шарабын да ішкізді.

Қонақтар енді жатырқағанды қойып, дуылдап ән салды, би биледі. Қалтақтың алғашқы келгенде-ақ өзіне қарама-қарсы отырған сұлу құдашаға көзі түсіп еді. Ішілген шараптан ба, әлде басқа себебі бар ма, құдаша беті бал-бұл жанып, толған айдай толықсып отыр. Бұған да әлденені емексіткендей наздана күлімдеп қарайтын сияқты.

«Япыр-ай, адамзатта да мұндай сұлу болады екен-ау деді іштей Қалтақ. Мынандай жалындаған жанармен адамды өртеп жібере ме, қайтеді? Меңсіз, қыртыссыз аққұба жүзінің алабұртуын-ай. Ана торсиған толық кеудесі маған көзі түскенде неге демігіп, жиі көтеріліп, басылады? Алтын алқа құп жарасқан аққу мойны неткен әсем. Шіркін, сол мойынды аймалап, иіскеп, сүйер ме еді?! Сабыр, сабыр, қан қызыл топ-толық еріндер тұрғанда, мойыннан сүйгені несі? Әй, Қалтақ-ай, алаңғасарсың сен. «Мен сүюге жаралғанмын» деп әлденеге емексітіп тұрған әдемі ерін анау. Ал сен мойын деп санда­ласың».

Жүрегінде кенет басталған ала­пат дауыл Қалтақты әп-сәтте есең­гіретіп тастады. Енді оның сөздері божырап, аузынан икем кетті. Есіл-дерті құдашаға ауып, көзімен ішіп-жеп қа­райды. Ол да соны сезді ме, бұған наздана, күлім­деп жақындай түседі. Қалтақ бір орайы келген сәтте:

– Құдаша-ай, жү­регіме Мұзды мұхит­тың суы мен мұзы сөндіре алмайтын от салдың ғой. Өртеніп кетпейтін үмітім бар ма? – деді.

– «Құдашадан құр қалғанды құдай ұрады» деген бар. Байқап кө­ріңіз, – деді құдаша сыңғырлай күліп.

«Япыр-ай, бар болса, күйеуі ме, жігіті ме, мына күлкіге жанып, күл болып кетпей, қалай шыдап жүр екен? Мен біттім, құрыдым. Тәуекел етіп көрмесем, құрдымға кетер түрім бар. Өкініші кетпес».

Түн ортасы ауа той толастап, ел ұйқыға жатты. Ұры тазыдай сумаңдап, сығалап жүріп, бұл құдашаның жеке бөлмеде жатқа­нын көріп қалды. Бар­лығы ұйқыға кетті-ау деген шамада аяғын мысықша басып, бөл­меге енді. Құдашаның аяқ жағынан келіп:

– Құдаша…а…а, – деді демі үзіле сыбырлап.

– Әу, – деді құдаша тап мұны күтіп жатқандай, – жәй жүрсіз бе, әлде ұйқысырап…

– Бағана бір үміт отын жаққандай болып едің… – Құдаша тіл қатпады. «Үміт ең соңынан қайтыс болады» деп ойлады Қалтақ. Үндемегені…

Қалтақ аттай тулаған жүрегінің әміріне бағынып, құдашаның көрпесінің шетін көтере берді. Сол сәтте құдашаның бір өкшесі танауынан сәл төменірек, екіншісі қақ маңдайға сарт ете түсті. Қалтақ көзінің оты жарқ етіп сынған күрек тістерін қолына түкіріп, шыға жөнелді. Көрпесін бүлкілдете үнсіз күліп құдаша қалды.

Қалтақ «шайтан арбасын» ши­қыл­датып, бездіріп келеді. Күйі­ніп күбірлейді. «Құдашадан құр қал­ғанды құдай ұрады» дегеніне мал­данып барып едім. Қос аяқтап тепті-ау бетімнен. Бүгін мені құдай қос қолдап ұрған күн екен. Қайта ая­ғында бізөкше төплиі болмаға­нына шүкір де, Қалтақ, шүкір де…

Әгәрәки танауымды бұзып, көзімді ағызып жібергенде, не істейтін едім. «Қыздың қулығы қырық есекке жүк болған» деген нақыл сөз ып-ырас екен. Қазымыр шалдар өз басынан өткізгеннен кейін айтқан ғой. Мен сияқты есалаң есектерге ескертіп өте-мөте дұрыс айтқан.

Қызғаншақ қатыным «туған күніңе сыйлық деп мен алтынмен қаптатып берген қос күрек тісің қайда?» деп сұраса, қай бетімді айтамын, ойбай! Сұлу құдаша допша теуіп аузымның қақпасына гол қылып соқты деймін бе, ұят-ай, масқара-ай! Құдашаның Тоқтыбай­дың тентек мінезді, бас білмеген асау торы биесіндей тебеген екенін білмедім ғой мен сорлы. Оны білге­німде қанша сұлу болса да, тіпті періште болса да, одан қырық шақырым аулақ жүретін едім ғой, ойбай! Аспандағы айға қол созамын деп қор болдың-ау, қайран Қалтақ!

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close