ДАРИЯМЫЗ СУАЛЫП, ТАУЫМЫЗ ШАҒЫЛАТЫНДАЙ НЕ БОЛДЫ?

Газет қиындысынан ізеттілігі үшін өзіміз жақсы көретін, ақындығына талай рет тәнті болған айтыскер ініміз Айтақын Бұлғақовтың «Дария кеуде, тау мүсін, қарттарым қазір бармысың?» атты мақаласын оқып, «әттеген-ай» демеске шарамыз қалмады. Қолымызға амалсыздан қалам алдырған да осы жәйт. «Қоржынға салынған, таңбаланған (анығы нөмірленген) асықты алып, кезек-кезек сахна төріне көтерілгендердің аттарын атап, түстерін түгендеуге дәтіміз бармайды. Аузы дуалы, батасы бәтуәлі дейтіндей бір қарияны көрмедік», – деп қарадай түңіліпті. Бұл – Жетісу жерінде өткен республикалық батагөйлер байқауынан кейін туындаған ойы болса керек.

Соған орай, республика деңгейінде өткен батагөйлер байқауының басы-қасында түгел болған адам ретінде құдай­шылығымызды айтуды жөн көрдік. Іс жүзінде мәселе тіпті де бұлай болған жоқ. Бірді-екілі қатты сүрінгендер болды, көптің алды, сахна төрі кім үшін де қиын бола­тыны түсінікті. «Жаңылмас жақ, сүрінбес тұяқ болмайды» дегенді ата-бабамыз осындайда айтқан болуы керек. Сол бірді-екілі адам сүрінді екен деп, қалған он шақты сыйлы қарияны тобымен теріске шығарып, күресінге лақтырғандай ету еш қисынсыз.  Өйткені, олардың арасында  Баукең (Бауыржан Момышұлы) жіктеген абыз да, ақсақал да, қария да болды. Шалдың болмағанын өз көзімізбен көрдік.

Ертең жарыс деген күннің кешінде жан-жақтан келген батагөйлер түгелдей қонақ­үйге түсті.  Бірге болып, жата-жастана бәрімен сұхбаттасқанымызда небір су төгілмес жорғалардың екпініне разы болдық.  Әсіресе, бір көргеннен көңілімізге қона кетіп, жүрегімізді дір еткізген жам­былдық Аманжол Дүрәліұлы қарияның сөз саптасы, бата берісі, жан-жағындағы елді бірден танитын сұңғылалығы, қай кезде де сергек, кеуде бастырмас ер көңілдігіне ештеңе жасырмас ақ көңілдігі қатар келген, мұнтаздай таза киім киісін көріп, абыз демеске әддіміз болмады.  Ойша шамалап, ертеңгі бірінші жүлде бұйырып тұрған кісі осы болар дедік. Ойымызды да жасырмай айттық.

Ертесіне мың болғыр Нұртілеудің және оның басқаруындағы әділқазылар алқа­сының арқасында жарыс жеңімпазы болып Аманжол ақсақал алға шықты. Жеңім­пазға да, оны әділдікпен таныған төре­шілерге де шексіз риза болдық. Жалғыз бұл кісі ғана емес, қатысушылардың бәрі түгелдей әділ бағасын алды. Оның дәлелі – реніш білдірген, төрелікке наразы болған ешкім болған жоқ.

Екінші орынды иемденген Алматы облысының батагөйі Жаңабай қария туралы да осыны айтуға болады. Небір бата беру жарыстарына қатысып ысылғаны, көкірегі көрік екені аузынан шыққан көрікті де ғибратты сөздерінен көрініп тұрды. Көрермендер де дүркірете қол соғып, сөз танитындықтарын ризалықпен білдіріп отырды. Байқап отырмыз, залдағы ел теңіздей толқып, мәре-сәре болған жұрттың көңіл-күйінде шек жоқ. Кейбіреулер ризалықтарын дауыстап айтып жатқанын да естідік. Бұларды мақала авторы да көрді, естіді деп ойлаймыз, басқадай болуы мүмкін емес.

Үшінші орынды иемденген Алматының Наурызбай ауданынан келген батагөй ақса­қалымыз, 85 жастағы Төлеш Стамбек­ұлы. Бұл кісіні көптен білеміз. Ақын, сазгер, жазушы, зергер. Оның үстіне  бұл кісі туралы «Алматы ақшамы» газеті бірнеше мақала жариялаған. Газеттің айқара бетін түгелдей алған түрлі-түсті суреттерде Төкең­нің қолынан шыққан білезік, сақина, сырға, қамшы, кемер белдік сынды тағы басқа да көптеген бұйымдары көздің жауын алып тұр.

Бұл жолы да қолы ашық, көңілі жомарт Төкең келіскен бір қамшысын сахна төрінен Балпық би бабамыздың кесене шырақшысына сыйлап та жібер­генін, шәкірті Мәншүктің ағамыздың «Екі жұлдыз» атты әнін нәшіне келтіре шыр­қағанын, бүкіл залдағы   елдің әншіге деген ерен ризалығын Айтақынжан, айналайын, өзің де көрдің. Бұл кісінің өз өлеңдерін, ескілікті қисса-дастандарды жатқа айтқа­нын, күйшілігін, әншілігін, оған қоса қысы-жазы отыратын шеберханасын арнайы келіп көріп кеткенің дұрыс болар еді.

Ал  түркістандық Сатыбалды, жамбыл­дық Орынбай, қызылордалық Келдібай,  қаратаулық Қолдасбек пен арыстық Жолдасбекті абыз демесек те ақсақал деп тануға әбден тұратын кісілер. Шешендігін, батагөйлігін, суырыпсалмалығын, әділдігін, жомарттығын, бауырмалдығын, тәубашыл­дығын көзіміз көрді. Көріп тұрып, құдай­шылдығын айтпасақ, бізге сын.

Мақаланың өн бойын алып тұрған бүкіл қазақ жеріндегі шал-шауқанның дүбәр­­алығын, жағымпаздығын, бата бер десе тілек айтып кететінін, екіжүзділігін, тағысын тағыларын мақала авторы ашына жазған және дұрыс жазған. Еш талас жоқ. Біздің айтпағымыз, бүкіл бір қоғамның басындағы қордаланған дүйім кемшілікті үйіп-төгіп әкеліп, жарысқа қатысқан он үш адамның мойнына арта салу қаншалықты дұрыс?

Мұның шешімін де, кесімін де автордың өзіне қалдырдық. Ақын жүрегінің таза­лығына, елін сүйген ер-азаматтың кісілігіне сенгендіктен солай еттік. Дана қазақта «Ашу үстінде көз қызарады, ашу кеткен соң бет қызарады» деген аталы сөз бар.  «Бата жарысынан бөлек, салт-дәстүрге байла­нысты сұрақ­тарға кейбір ақсақалдарымыз «білмейді екенмін» деп, «ағынан жарылды» дейді автор.  Расы да солай. Өйткені, қойыл­ған сұрақтардың біразы қазір Қазақ­станда мүлде ұмыт болған, тек Шығыс Түркістан мен Моңғолия қазақтарында сақталған салт-дәстүрлер.  Шығыс Түркіс­тандық этнограф Зейнолла Сәніктің кітабынан алын­ған. Мысалы,  көгентүп,  шеген-шапан, баутағар, түйемұрындық, бел көте­рер, мертік беру, қазан шегелеу деген сияқ­ты, тағы басқа да көптеген салт-дәстүрлер мен ырым-тыйымдар, «Қазақ этногра­фиясы» (Зейнолла Сәнік, Жанат Зейнол­лақызы. Алматы: «Ан-Арыс» баспа­сы, 2016 ж. 576 б.) атты  кітапта баяндалға­нымен, бұл кітапты әлі кездестіре қоймаған қазақ­стандық оқырман үшін жоғарыда аталған салт-дәстүрді түгел талдау қиындық туды­рары сөзсіз. Бұл мәселеге түсіністікпен қараған абзал деген ойдамыз.

Мақалада амалсыздан езу тартқызар бір жағдай баяндалған. Ол – «Байқауға келген­дердің арасында сақал-мұрт жап­сырып алғандарды да көрдік» деген сөйлем. Бізге де алғашында солай көрінген. Алыс­тан қарағанда кәдімгі Наурыз мейрамында әртістер сомдаған Қыдыр ата дерсіз. Жарыс басталарда қасымызға келіп бос орынға отырды. Ұзақ әңгімелеу барысында байқа­ғанымыз  кереметтей етіп өсірген сақал-мұрт, киген киімін қарасаң көз тоймай­тындай. Аты-жөні – Данияр Оралбеков. Талдықорған түбіндегі Мұқыры ауылынан. Жасанды сақал-мұрттың бата беруге не көмегі бар дейсіз.

Енді бір айтпай кетуге болмайтын мәселе, автордың «Мүмкін нағыз дария кеуде қариялар ауылда қалып, пысықайлар жиналып қалды ма деген күдік те көңілді кеміреді» деген жолдар туралы. Күдік – жаман, күдікке бой алдыру – одан да жаман. Қай аудан, қай обылыс жүйрігін алып қалып, жабысын аламан бәйгеге қоспақ?

Батагөйлерді бастап келген, бапкерлік көрсетіп жүргендер де өнер адамдары, жазушы, журналист, өнер зерттеушісі, ардагерлер кеңесінің төрағалары ондай іске бара қоймасы анық.

Алла Тағаланың шеберлігін қараңыз, жарыс болар күні таңертең қонақүйдің алдында топ болып естелік суретке түстік. Ортамыздағы Әбілғазы Райымбекұлы бауырымнан жарысқа қатысатын шығар­сыз дегенімізге үзілді-кесілді бас тартты. Жүрексініп тұрған сыңайлы. Қатысамын десе ол кісіге кім кедергі болмақ?

Жарысқа қатысушылар жөнінде күдік болмас үшін батагөйлер жарысы жиі өткі­зіліп тұрса, әрбір келген команда мүшелері бейтарап комиссияның талғауынан өткізіл­се, әр командадан қатысатын адамдар саны теңдей болса, бұл шаралар бата­гөй­лердің сайдың тасындай болып іріктелуіне мүмкіндік туғызар еді.

 

Данияр ӘЛБОЗЫМ,

этнограф, жазушы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *