Дария кеуде, тау мүсін қария

Ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен шақта Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, одан аман-есен елге оралған Әбсемет Сатыбалдыұлы туған жерді түлетуге ұзақ жылдар еселі еңбегімен үлес қосқан нағыз еңбек майталманы болатын. Өмірі өнегеге толы, кейінгі ұрпаққа тағылымын молынан қалдырған осындай адамдарды жалпақ жұртқа дәріптеудің маңызы зор. Өйткені, мәңгілік ел болуды көздеген қазақ халқының келешегі оның өткеніне қарап айқындалатыны анық. Ел мен жер тарихында есімі құрметпен аталып, кейінгіге үлгі болар асылдары неғұрлым көп болса, ел болашағы соғұрлым баянды болары сөзсіз.

Әбсемет Сатыбалдыұлы көпті көрген көнекөздігіне қоса, одан тағылымды ой түйген көкірек-көзі ашық, ел мен жердің өткеніне жетік шежіреші болатын. Әңгімені әріден қозғап, жүйе-жүйесімен дәйекті айтатыны Шиен ауылы тұрғындарының есінде. Тарихи деректерге келгенде «бұл туралы мынадай кітапта былай деп жазылған» деген сияқты дереккөзге сілтеме жасай отырып, тыңдау­шысын ұйытып әкететін сұңғылалығын кезінде оның әңгімесіне талай құлақ түргендер жақсы біледі. Жоғары білім алмағанымен, тарихқа терең бойлайтыны әркез тәнті ететін. Кез-келген тақырыптан жан-жақты хабардар атамыз кітапты көп оқып, радиоқабылдағыштан күнделікті жаңалықтарды жібермейтін. Жасына байланысты зейнеткерлікке шыққаннан кейін туған жер, еліне қорған болған тұлғалар туралы деректер жинасты­рып, зерттеп-білгендерін аудандық, облыстық газеттерде жариялап тұрды. Оны ауылдастары дария кеуде, тау мүсін қария ретінде құрмет тұтты. Өмірінің соңына таман Алматыда тұрып, соғыс ардагері есебінде қалалықтардың да құрметіне бөленді.

Шиен ауылында 1918 жылы дүниеге келген Әбсемет ата бала кезінен зерек те алғыр болып өсіпті. Әкесі Сатыбалды Мейірманұлы ешкімнің ала жібін аттамаған адал, өмірінде өтірік сөз айтпайтын, мінезі жайдары адам болғандықтан айналасына сыйлы екен. «Тектіден текті туады, ата жолын қуады» демекші, баласы Әбсемет те ғұмырында өзінің адал еңбегіне ғана арқа сүйеген арда азамат болып қалыптасады. Анасы Науат әжеміз он құрсақ көтергенімен, балаларының көбі жастай және өсе келе шетінеп, екі ұлы мен екі қызы ғана тұрақтай­ды. Олар Әдишә, Рақила, Әбсемет, Әшімбек.

Ол кезде заман қиын, жетіжылдық мектептің бес сыныбын бітірген бала Әбсемет одан ары оқуға отбасылық жағдайы келмей, еңбекке ерте араласып, он бес жасынан ауылдағы «Кеңес» ұжымшарының қара жұмысына жегіледі. Шаруашылықта ол уақыттары арпа-бидай, темекі, картоп, бақ өсіретін төрт бригада бар екен. Еңбегімен көзге түскен оны шаруашылық басшылары сол төрт бригаданың біріне жетекші етіп бекітеді. Осылайша жиырма жасқа толмай жатып бригадир ретінде ауылдастарын ортақ мақсатқа жұмылдырады.  Айналасындағы­ларға қабілет-қарымымен танылған жігерлі жігіттің  аз уақытта сатылап өсе бастағаны болар, 1938-1939 жылдары «Кеңес» пен «Шиен» колхоздары бірігіп, 18-партсъезд атындағы шаруашылық болып құрылғанда, оның есепшісі болып еңбек етеді.

Ұлы Отан соғысы басталғанда Әбсемет Сатыбалдыұлы алғашқы лекпен әскерге аттанады.

Кескілескен қанқасап майданда көрсеткен қазақ танкисі Әбсемет Сатыбалдыұлының ерен ерліктері ескерусіз қалмай, «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін» және басқа да бірнеше медальмен марапатталған. Кезінде атаның әңгімелерін көп тыңдағандардың бірі мен едім. Журналист мамандығын таңдағанымнан болар, кейде ол жазған-сызғандарын маған қарататын. Бірде оның «Қызыл  әскер кітапшасын» қолыма алып, ондағы Жоғарғы бас қолбасшылықтың алғыстары тізімделген жазбаны қағазға көшіріп алдым. Онда неміс-фашист басқыншыларын талқандау жөніндегі Командованиенің әскери тапсырмаларын сәтті орындап, жау қолындағы қалаларды алғаны, азат еткені үшін 11 алғыс көрсетілген екен. Оның алғашқысы 1944 жылдың 5 наурызында, соңғысы Прага қаласын азат еткені үшін 1945 жылғы 10 мамырда беріліпті. Проскуров-Тирнополь, Каменск-Подольск, Львов, Кельвус, Лодзе, Замероральд, Берлин, Бранденбург қалаларын алу, Одер өзенінен өту, жау қорғанысын бұзу кезіндегі темір сауытты танк экипажының көздеп-атқышы Әбсемет Сатыбалдыұлының ерліктері осылайша құжатталған.

Отан алдындағы борышқа адалдық пен батыр бабалардың ерлік дәстүрін жалғаудың жарқын бір көрінісі осындай-ақ болар, сірә. Жеңімпаз жауынгер соғыстан кейінгі бейбіт еңбекте де үнемі алдыңғы қатардан көрінді. Ауылда егіс бригадирі бола жүріп, Семейдегі сауда техникумының үш айлық курсын бітіріп, 2-3 жыл сауда қызметкері болып жұмыс істеді. Ауыл ақсақалдарының шешімімен колхоздың тексеру комиссия­сының төрағасы болып сайланды да. 1956 жылдан бастап мал шаруашы­лығымен айналысуды қолға алып, екінші тыңды игеруге шығады. Бастапқыда тоқты, одан кейін бойдақ қой бақты. Ол кезде еркек қойды етке өткізетін. Жасынан еңбекқор жан жоғары өнімділікке қол жеткізді. Отардағы әрбір қойдың тірідей салмағын 60-70 келіден айналдырып, кей жылдары жүз пайыз қоңдылықпен өткізіп жүрді. Әр қойдан 5 келіден жүн берді.

Одан кейін баққаны саулық қой болды. Алғашқы жылдары әр жүз саулықтан 120-125-тен қозы алса, кейінгі жылдарда бұл көрсеткіш 155-ке жетіп, ауылдың маңдайалды шопанына айналды. Ұжымшарда атқарған адал еңбегі үшін талай рет мақтау қағазын алып, есімі құрмет тақтасынан түскен жоқ. Мемлекет тарапынан еңбегі лайықты бағаланып, 1968 жылы «Мал шаруашылығының бірінші класты шебері» белгісі берілсе, 1975 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Одан кейін де ондаған мерекелік медальдар алды.

Әбсемет Сатыбалдыұлы  бұдан он бес жыл бұрын 85 жасында дүниеден өтті. Атамыздың абыройының асқақтауына құда-құдандалы болып жастайынан қосылған өмірлік жары Күләйхан апаның қосқан үлесі зор болды. Ол кісінің де өмірден өткеніне отыз жылдан асты. Биыл Күләйхан Бектембайқызының да туғанына 100 жыл толды. Шешеміз еңбекқорлығының, белсенділігінің арқасында ауылда бірінші сайланған ауылдық кеңестің тұңғыш депутаты болған адам екенін атап айтқан жөн. Колхозда ол кездері трактор-техника деген атымен жоқ, жер жыртудан бастап, дайын астықты қоймаға, стансаға тасымалдауға дейінгі жұмыстар өгіздің күшімен атқарылады, жұмыстың барлығы қолмен істеледі. Еңбекшілердің таңғы алакеуімнен бастап қас қарайғанға дейінгі уақыты егістік басында өтеді. Жас келіншектер тіпті жұмыс арасында емшектегі баласын емізіп кетуге де мұршасы келмегенін, қазір айтса адам нанғысыз көрінеді. Бірақ бұл сол заманның шындығы болды. Сондай күндері Күләйхан шешеміздің үйде қалған бесіктегі шырқыраған тұңғышын жұбату үшін көрші Әбез атаның кемпірі Әшипан апа сәбидің аузына омырауын тосып емшек береді екен. Ал Әбсемет ата соғыста от пен оқ кешкен жылдары Күләйхан ана қартайған ата-енесімен бірге шопан таяғын қолға алып, қоғам малының соңында жүрді.

Әбсемет ата мен Күләйхан апаның еңбекқорлығы көпшілікті таң қалдыратын. Саналы ғұмырларында аянбай еткен еңбектерінің жемісін көрді де. Еңбекпен есейіп, еңбекпен өсіп-өнген жандар бала-шағасына, бүкіл ауылға ғибратты істерімен өнеге көрсетті. Олар алты бала тәрбиелеп өсіріп, бәріне де жоғары білім алғызды. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, балалары жан-жақта әр салада жемісті еңбек етіп, өсіп-өніп отыр. Әбсемет әкеміз бен Күләйхан шешемізден тараған ұрпақтар бүгінде Шиен ауылы мен Алматыда тұрады. Бәрі де абыройлы, ақжүзді. Ара­ларында сан-салада жемісті еңбегімен  елге танылған азаматтар бар. Ата ұрпағы  жапырақ жайған мәуелі бәйтерекке айналған үлгілі үлкен әулеттің бір-бір бұтағы іспетті.

 

Серік ӘШІМБЕКҰЛЫ,

журналист.

Шиен ауылы,

Жамбыл ауданы,

Алматы облысы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *