ДАРБАЗАДАН ШЫҚҚАН ДАРАБОЗ

«Ерте, ерте, ертеде…» деп басталатын ертегілердегі секілді мың құбылған өмірдің ащысы мен тұщысын тартпаған қазақ жоқ шығар. Сол қазақтар қай ғасырда, қандай жағдайда тұрмыс кешсе де елі мен жерін, отбасын ойлаған, адал еңбек етіп, имандылықты жүректеріне ұялатқан. Сапаш Байғозыұлы сондай асыл жандардың ұрпағынан.

1905 жылы мамыр айының ма­мыра­жай күндерінің бірінде Дарбаза ауылында дүниеге келген. Ол кісінің балалық шағының қалай өткенін сол жылдарды көз алды­ңызға елестете отырып көз жеткі­зуге болады. Иә, қазақтың қабыр­ғасына батқан қиын жылдар еді. Аштық пен ашаршылық­тың жан алқымнан алған сәттерін ойласа­ңыз, қазіргі күнімізге тәубе етері­міз даусыз. Жоқшылықтан жұ­мыс­қа араласып, 15 жасында қара жұмысшылардың қатарын толық­тыр­ған. Белі қатайып, буыны бекімесе де ересектермен бірге елге қызмет етті. 1920 жылдан Дарбаза, Қызыл ту (қазіргі Сарыағаш) стан­саларында, №51, 52 разьездердің құрылыс жұмыс­тарында істеді. Ол кезде қандай құры­лыс болса да жұртқа таңсық көрінетін тірлік еді. Әсіресе, 1930 жылы №29 (қазіргі №70) орта мектеп құрылысын салу­ға белсене қатысып, сол мезгілдегі елеулі істің басы-қасында жүргеніне ризашылық білдіріп отыратын.

Сапаш 1938 жылдан Дарбаза темір­жол бекетінде еңбек ете бастады. Бұл да бір дүрілдеген дәурен болатын. Өйткені, қос темірдің үстімен құстай ұшатын «қара өгіздің» құдіретін жұрт жағасын ұстап еске алатын. Сол жаңа­лықты елмен бірге көрді, салта­натына ортақтасты, алғысқа ие болды. Қара жұмысқа деген құштарлықтың өзі бар ауыртпа­лықты ұмыттырып жіберетін. Бірақ көзден кетсе де көңілден кетпейтін сәттер болады. Сол төңіректе Сапаш қария тебірене отырып әңгіме айтатын. Сонау 30–33-жыл­дардағы ашаршылық пен нәубәтті, халық басындағы қайғыны әңгіме­ле­генде қабағы тұнжырап, іштей егілетін. «Е-е, балаларым, ашаршы­лықта осы теміржол бойында, жол-жөнекей талай қазақ қырылып қалды. Таңер­теңімен әр жерде жатқан өліктерді жинайтынбыз. Апарып көмдік. Бір тілім нанға зар болған қазекеңдер бала-шағасын шұбыртып иен даладан осылай қарай ағылды.

Ташкентке жеткендердің біра­зы аман қалды. Талғажау ету үшін нені жемеді дейсің. Кейбіреуіне қолдан келгенше көмектестік. Денесі ісіп кеткен, құр сүйегі қал­ған, көз жанары сөнуге айналған, кірпігі әрең қимыл­даған, есінен алжасқан, жүре алмай талықсып жатып қалған, аузына ас салсаң жұта алмағандар болды. Ол күндер енді қайтып келмесін. Кейде түсіме кірсе шошып оянамын»,– деп отырады екен.

Қазаққа бұл аз болғандай, 1941 жылы тарихта қалған Ұлы Отан соғы­сы басталды. Жұрт жаппай майданға аттанып жатқанда Сәкең де қарап қалмауды ойлап, 25 шіл­деде соғысқа өз еркімен аттанды. Қазақстанның ауыл еңбеккерлері қатарында жауды жеңу үшін өзде­рінің отансүйгіштік және еңбек парызын жанқиярлықпен өтеді.

Қазақстандықтар 1941–1945 жыл­дары майданға 5829 мың тонна астық, 734 мың тонна ет және басқа да азық-түлік, өнеркәсіп үшін шикізат берді. Майданда атылған әрбір бес оқтың төртеуі Қазақ­стан­ның үлесіне тиді. Ұлы Отан соғысы жылдары 1 мил­лион 200 мың қазақстандық армия қатарына алынды. Яғни әрбір бесінші қазақ­стандық майданға аттанды деген сөз. Әсіресе, Мәскеу, Сталин­град, Ленин­град үшін болған шай­қастардың тарихында қазақстандық батырлардың ерліктері алтын әріптер­мен жазылды. Бұл жылдары жарамды ер-азаматтың көпшілігі соғысқа аттанды. Тылда қалған бала-шаға тойып тамақ ішпесе де, таңнан тұрып қара кешке дейін жұмыс істеді, сөйтіп жеңіске өз үлестерін қосты.

Осы бір тарихи деректерді тізбе­­легенде Сапаш ақсақалдың да аты аталуы керек-ақ. Ата жаумен алты жыл айқасып қана қоймай, соғыс кезінде Сібір, Қиыр шығыс, Моңғол, Жапон және Қытай шекараларында күзет пен құрылыс жұмыстарында жанқиярлықпен еңбек етті. Соғыс мақсатында құры­лыстар салу – сол кездегі ең маңызды шаралардың бірі еді. Өте қауіпті жерлерде күзет қызме­тін атқарды, темір жолдарды жаудан қорғады. Әскери эшалондарының тоқтаусыз жүруіне септігін тигізді. Осы­лайша жеңісті күндерді жа­қын­­датып, тыныштықтың туы тігілгенше Отан қызметінде абы­ройлы қызмет етті.

Сапаш Байғозыұлы 1946 жыл­дың желтоқсан айында елге аман-есен оралып, ағайындарымен қауыш­ты. Ерен ерлігі үшін «Ұлы Отан соғысы» орденін, «Герма­ния­ны жеңгені үшін», «Маршал Жу­ков» басқа да 10-нан аса медаль­дарды кеудесіне тақты.

Жаутаңдап қарап дала тұр,

Көз жасын сүртіп жаңа бір.

Хабарсыз ұлын сұрауға,

Жолыңды тосып ана жүр.

Қанша үйдің ұрлап адамын,

Қанша үйде сөніп қалды оттар.

Көрдің бе ұлын ананың,

Соғыстан қайтқан солдаттар?

Осы өлең бертінде шықса да кешегі өмірді айна-қатесіз суреттеп береді. Шын мәнінде соғыс қазақ­тың қабырғасын қаусатып, қара жамыл­дырып кетті. Жүз мыңдаған ана жары­нан, баласынан ажырады, әйелдер жесір, балалар жетім қалды. Осы сұмдықты көзімен көрген қария боздақтардың орнын жоқтатпады, белді бекем буып, еңбекке қайта араласты. Нақтырақ айтсақ, 1947 жылы 18 мамырдан бастап сүйікті кәсібіне қайта оралды.

Сол бір жылдары ауылда жоқ­тың қасы болған көлік түгілі паравоз жүргізу дегеніңіз адамның түсіне кірмейтін құбылыс болатын. Қара түтіні будақтаған қара бураны тізгіндеп, болат жолдың бойында бақытын іздеді. Ақыры мұратыны жетті, адал еңбегінің жемісін көрді, алғыс арқалады, жұрттың ризашылығына бөленді. Зейнеткер­лікке шыққанда ғана жастық шағы­ның жарқын күндерін есіне алып, ел үшін тер төккеніне қуанды.

Сапаш ата еңбек демалысында жүрсе де үйде қол қусырып отыра алмайтын. Әділ, шыншыл, сөзіне қылау жұқтырмайтын. Өте әңгіме­шіл, есте сақтау қабілеті мықты болғанын көз көргендер үнемі айтып отырады екен. Мәселен, соғыста болған алапат алты жылын күнбе-күн тізбектеп, оқиғасын еш шатастырмай айтатын еді. 1999 жылы 95 жасында дүниеден өткен­ше Сапаш атаның сыр бермеген сырбаз мінезін ауылдастары, жекжат-жұрағаттары жыр етіп есіне алады.

– Әкем мұсылмандықты қатты ұстанатын. Ағайын ортасында кесімді пікір айтуымен есте қалды. Ауылдағы мазарды асарлатып қоршатты. Мешітке көп көмек берді. Әкеміз қайтыс болған соң ақса­қалдар өзара ақылдасып, мазарға есімін қойды. Ол кісі үлкенді-кішілі жиындарда әр адамның ауыртпалық пен қиын­дықтан қашпауына, байлық пен дүние бітсе көңілі аспандап, таспауы­на, адал еңбек маңдай терінің арқасында келген дүниені онды-солды шашпауына, жетім-жесірлерге, мүгедектерге көмекте­суді насихаттайтын. Соңғы демі біткенше ұрпақтарына үлгі-өнеге көрсетті,– дейді ұлы Тасбалта.

Әкелерінің ұл-қыздарын жастайынан еңбекке баулығанын, тым қатал ұстамаса да бос жүргіз­бейтіндігін, адалдыққа үйреткенін тебірене еске алады. Асыл жары Данапашпен бірге өздерінен өрбі­ген 7 ұл-қызына ұлағатты тәрбие берді. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Тасбалта да таңғажайып өмірді әке жолын қуудан бастады.

Тасбалта Сапашұлы 1951 жылдың 18 қыркүйегінде дүниеге келген. Ташкент қаласындағы теміржол транспорты инженерлік институтының кешкі бөлімінде оқып, күндізгі мамандығына сай жүмыс істеп, білім ордасын ойдағыдай тәмамдаған. 1968 жылы еңбек жолын Орта Азия темір­жолы Ташкент желісінде монтер болудан бастап, Ташкент кеңесінің 50 жылдығы атындағы вагон жөндеу зауытында дәнекерлеуші, стансада бағыттаушы, 1974 жылдың шілде айынан Дарбаза стансасында кезек­ші болды. Тіпті, Ленинград қала­сындағы әскери округте теміржол әскери бөлімінде пойыздың аға реттеушісі болды. Абыройлы еңбе­гінің арқасында партия қатарына өтіп, аға сержант шенінде елге оралды.

Өнегелі өмірді көріп, еңбекте ысылған жігіт 1976–1979 жылдары «Жылға», 1979–1983 жылдары «Дарбаза», 1983–2004 жылдары «Сарыағаш» стансаларының басты­ғы болды. 2004–2006 жылдар ара­лығында «Қазақстан темір жол­дары» Ұлттық компаниясы акцио­нерлік қоғамының Шымкент жүк тасымалдау филиалы директоры­ның көмекшісі, 2006 жылдың шілдесінен «Қазақстан темір жол­да­ры» Ұлттық компаниясы акцио­нерлік қоғамы Семей стансасының бастығы қызметтерін атқарды. Ал 2008 жылдың 11 наурызынан бері Сарыағаш стансасының бастығы.

Осы салада үзіліссіз 40 жыл еңбек етуінің өзі азаматтың қайсар­лығын көрсетеді. 1990 жылы «Құрметті теміржолшы» белгісімен марапатталды. Қазақ, өзбек, орыс тілдерін еркін меңгерген. Қазіргі ақпараттық технологияның тілін білетін бірден бір маман.

Ал Сапаш қарияның тағы бір ұлы Нұрболат 1965 жылдың 2 ма­мырында Дарбаза ауылында дүние­ге келген. Теміржолға қарасты №29 орта мектепті бітірген соң, еңбек жолын «Дарбаза» стансасында жұмысшы болудан бастады. 1985–1987 жылдары Аягөз қаласында әскери борышын өтеп келгеннен кейін Жамбыл қаласындағы гидро­мелиоративтік құрылыс инсти­тутының Қызылорда филиалында инженер-механик мамандығы бойынша білім алды. Сарыағаш мақта тазарту зауытында көлік транспортының инженері қызметін атқарды.

1993 жылдан бері Оңтүстік аймақтық Кеден басқармасының «Жібек жолы» кеден бекетінде инспектор, аға инспектор, бас инспекторы. «Қабыланбек», «Ғ.Мұ­ратбаев», «Кескен» кеден бекет­терінде еңбек етті. Қазіргі кезде «Сарыағаш» стансасындағы кеден бекетінде маман. 2000 жылы Түр­кіс­тандағы Қазақ-түрік халық­аралық университетінің Заң факуль­тетін құқықтану бойынша тәмамдағаны және бар. Ұзақ жылғы еңбегі үшін «Кеден коми­тетінің құрылғанына — 15 жыл» мерекелік медалімен марапат­тал­ған. Ол туралы әріптестері былай дейді: «Нұрболат өз кәсібін жетік меңгерген, білікті, іс-тәжірибесі мол маман. Берілген тапсырманы мінсіз орындайды. Бірде Өзбекстан азаматы жолаушылар пойызымен Ресейге алып бара жатқан 45 тасбақамен ұсталды. Тағы бірде шетелдік азаматтар контрабан­далық тәсілмен валюта алып   өтемін дегенде Сарыағашта ұстал­ды. Мұндай оқиғалар жиі қайта­ланып жатады. Талай рет кедендегі бақылап-өткізу кезінде қылмыс­тарға тосқауыл қойды. Арам пиғыл­мен пайда іздегендердің жолын кесті».

«Сарыағаш» станциясы кеденші­лерінің жеткен жетістіктері мақ­тауға лайық. Осының бәрі Нұрбо­лат Сапашұлы Байғозиевтің адал еңбегінің көріністері. Ол қазіргі күні Гүлмира Жапарқы­зымен бірге бақытты ғұмыр кешуде.

Гүлмира еңбек жолын қазіргі Елшібек батыр орта мектебінде аға тәлімгер, мұғалім болудан бастап, 1991 жылы №29 ортаазиялық теміржол мектебіне мұғалім болып ауысады. Бұл білім ұясы бүгінде Сапаш Байғозиев атындағы жалпы орта мектеп деп аталады. Гүлмира болса 2005 жылдан бастап Сапаш Байғозиев атындағы №70 жалпы орта мектептің директоры.

Қазіргі күні ол басқаратын мек­теп аймақтағы үздіктердің қата­рында. Оқушыларының қол жеткізген жетістіктерін әрдайым мақтан ететін мектеп директоры ел азаматтарын отаншылдыққа тәр­бие­леп жатқандарын әрдайым мақтан етеді. Ал отбасындағы бес бала да өзі құралпы жастарға өнеге көрсетіп жүр.

Сапаш Байғозиевтің өнегелі өмірі балалары түгілі отызында орда бұзып, қырқында қамал алған азаматтарға да сабақ боларлық. Бар қиындықты басынан кешірсе де мойымаған мықты қазақтың бүкіл ойы қара балалардың бақытты болуы еді. Сол арманға Сапаш қарияның да, бүкіл қазақтың да ұрпағының қолы жетті.

 

Итен ҚАРЫМСАҚҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Сарыағаш станциясы.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *