ДАРА ТҰЛҒА ЕДІ

Баяғының абыз қариялары «Ажал деген атқан оқ, бір Алланың қақпаны» деп бекер айтпаса керек. Күні кеше ажалдың қаңғыған соқыр оғы театр сахнасының тағы бір талантын құрығына байлады.

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, жарқын бейнелі Тұрсын Құралиев 2 қазан күні 68 жасында дүниеден озды. Сонау 1968–1972 жылдары М.Щепкин атындағы театр жоғары училищесінде актер мамандығы бойынша білім алған сәттен бастап, ол сүйікті шаруа­сынан бір сәтке де қол үзіп қалған емес. Ол қазақтың театр және кино өнерімен бітеқайнасып, өзінің сүбелі үлесін қосумен болды. Мар­құм 41 жыл бойы табан аудармай Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында еңбек етті. Осынау цифрлы деректің өзі-ақ оның өнерге қаншалықты құштар, қаншалықты адал болған­дығын аңғартса керек. Әлбетте, мұндай жандар ілуде біреу ғана.

Тұрсын Байтайұлы – 1950 жылы 6 қаңтарда Жамбыл облысы, Шу ауданы, Құлақшын бекетінде дүниеге келген. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киносту­диясында жұмыс істеді. Қазақ киносына етене араласып, 50-ден астам киноға түсті. «Айман – Шолпан» (Әлібек), «Апуа (Арман), «Жәкеп кісі (Шалгез), «Зар Заман» (Барақ Сұлтан), «Ең әдемі келін­шек» (Алтай) киноларындағы образдары арқылы танылды. Актер театр сахнасында да табысты еңбек етіп, өз кейіпкерлерін шырқау биікке көтере білді. «Ай тұтылған түнде» Ақжігітті, «Ақан сері – Ақтоқтыда» Жалмұханды, «Нұрлы жаңбырда» Мұхитты, «Күн сайын сағынамын» қойылымында Сәкенді өзіне тән бірегей шеберлікпен сомдап, өнердегі қайталанбас өзіндік жолын қалыптастырды.

Ұлы ақындар адамзатқа келетін рухани апатты, өзге де ақиқаттарды алдын-ала ескертіп отырса, Тұрсын сахна мен экранда өмір мен өлімнің арпалысын, ажал алдындағы адам­ның дәрменсіздігін көрсетті.

Кино мен театрда бабы мен бағы қатар келісіп, сәтті рөлдерді иелену және оны ойдағыдай алып шығу – кез-келген актердің пешенесіне жазыла бермеген. Біреу кинода оза шапса, енді бірі театрда халық ықыласына бөленеді. Тұрсын Құралиев аудиториядан да өзінің көрерменін тапқан тұлға. Актер соңғы рет «Қазақстан» ұлттық арна­сының тапсырысымен таспа­ланған «Тар заман» сериалына түсті. Алаш қайраткерлерінің өмір жолы мен саяси сахнадағы күресін, қысыл­таяң сәттері мен жарқын келешекке ұмтылған бастамаларын көркем стильде паш еткен туындыда ол Әлімхан Ермековтің бейнесін алып шықты. Әрине, бұл сериал қоғамда үлкен резонанс тудырып, тамашалап, оң бағасын беруші қауымның саны күрт көбейді. Аман болса, ағамыз әлі талай киноға көрік беріп, әлі талай образды паш етуші еді. 1998 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген артисі атағын 2010 жылы Елбасы Жарлығымен «Құр­мет» орденмен марапатталды. Қазақстанның Еңбек ардагері және «Қазақстан тәуелсіздігіне 25 жыл» медалімен марапатталады.

Адамның дүниеге келуі қандай ақиқат болса, дүниемен қоштасуы да сол сияқты ақиқат.

Қаралы күнде қайғыра отырып, қалың оқырманға, қазағына, әулеті мен асыл жарына, туыс-бауыр­ларына көңіл білдіреміз. Иманың жолдас болып, жаның пейіштің нұрында шалқысын демекпіз!

 

«Ақшамдықтар».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *