Дара тұлға, дарынды ғалым

Өткенін ұмытқанның болашағы бұлыңғыр болатыны, жоқтан бар пайда болмайтыны белгілі. Бүгінгі балалар хирургиясының жеткен жетістіктері сол 1960 жылдары Камал Ормантаев бастап, балалар хирургиясының қара шаңырағын көтерген алдыңғы буын ардагер марқұмдар Т.Мырзабеков,  Қ.Қожақанов, С.Ешмұхамбетов,  А.Ерекешов, А.Қарабеков және де басқа  көптеген әріптестердің еңбегінің нәтижесі. Оларды ұмытпау – біздің парызымыз! Сол марқасқалардың бірегейі,  бүгінде 75 жасқа толып, үстіне торқалы шапан жабатын, астына ат мінгізетін академик Қасен Қожақанұлы болатын.

Қасекең 1944 жылы 9 шілде айында Алматы облысы, Балқаш ауданы, сол кездегі Ерікті ауылында дүниеге келген. Ол соғыстан кейінгі қиындықтардың тау­қыметін көріп өскен азамат.

Жалпы, Қасекеңнің келбеті мен адамгершілігі, еңбекқорлығы, шаршау дегенді білмейтін шыдамдылығы, қажыр­лығы, қайсарлығы, бірбеткейлігі  әкесіне тартқан. Ал ашық-жарқындығы, алғырлы­ғы, сезімталдығы, елгезектігі, ақкөңілдігі, ақыл-парасаты, адалдық пен тазалығы, бауырмалдығы анасы Қаншайымға тарт­қан. Қасекең: «Анам мені біреудің ала жібін аттама, ешкімге жамандық істеме, қолыңнан келсе тек жақсылық жаса, одан жалықпа, адамды танымасаң да көмектес, кішіпейіл бол,  кішіпейілдік кісіліктің белгісі деп тәрбиелеген», – дейтін. Тіпті, кейде өзі «Анамның алақаны мен басқан ізі маған пейіш, анам Генеральный секретарь және менің үлкен Академиям» дейтін! Бір қызығы, ол балаларының ешқайсысын балабақшаға бермеген. Өйткені, «бала­бақша менің анамнан артық тәрбиелей алмайды» деп отыратын.

Туған елінде 1963 жылы орта мектепті бітіріп, сол жылы Алматы Медицина институтының Педиатрия факультетіне оқуға түсіп, жақсы бітіріп шықты.

– Институтта сабақтардың қиындығы, орыс тіліне шорқақтығына қарамастан, 4-курста балалар хирургиясы үйірмесіне қатысып, 1968 жылы Бакуде өткен Бүкіл­одақтық конференцияда баяндама жасап, бірінші орын алып, бүкіл елді елең еткізген, –  деп еске алады ұстазы, акаде­мик Камал  Ормантаев.

Тегінде Қасекең жас кезінен бастап батыл хирург бол­ған адам. Мысалы, институт бітірген соң Балқаш ауда­нында жұмыс істеп жүргенде  жүрегіне пышақ қадалып қансыраған адамға, аяқ сүйектері үгітіліп  кеткен балаға, өзінің сүйікті жары Айкен жеңгейге қалай операция жасаға­нын жыр қылып айтып жүретін. Ол әр хирургтің қолынан келе бермейтін батылдық. Ондай батылдыққа жүрек, әрине, білім керек. Ал білім кітапта екенін студент кезінен түсінген Қасекең «менің бар байлығым да, ақылшым да, ұстазым да, досым да – кітап, кітап маған дұрыс сөйлеуді, қатесіз жазуды, ой үстіне ой қосуды үйретті», – деп шабыттанатын.

Қасекеңнің тағы бір ерекше қасиеті, қандай ауру алдына келетінін  сезіп-біліп отыратын және сол ауру туралы алдын-ала оқып дайындалатын. Мұндай көріпкелдік Қасекеңнің тұқымында бар екен. Өйткені, Ақыл бабасынан: «Ақа, бойыңыздағы көріпкел қасиеттер балаларыңызға дари ма?», – деп сұрағанда, бесінші ұрпақ­тарымның біреуіне қонады деген екен, сол бесінші ұрпағы осы – Қасекең!

Білім – құдіретті күш, алға ұмтылмау – кейін шегіну екенін ерте түсінген Қасекең 1971 жылы Алматыда үйі, артында көмектесетін адамдары жоқ болса да, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының қарсылығына қарамастан, Балалар хирургиясы кафедрасына клиникалық ординатураға  оқуға түседі. Ординатура кезінде алғырлы­ғын, еңбекқорлығын байқаған профессор Камал Орман­таев ассистент қызметке шақырады. Ол кезде ассистент болу қазіргі ғылым докторымен пара-пар болатын. Бойында парасаты бар Қасен Қожақанұлы студенттерге тек сабақ беріп қоймай, олардың адамшылық қадір- қасиетіне, рухани өсуіне, жан тазалығы мен ар тазалығына көп көңіл бөлетін.

Жанарынан мейірім ұшқыны төгілген Қасекең өзі білгеннен үйренеді, білмегенді үйретеді. Тәжірибесі артқан Қасекеңді күрделі науқас түскенде күндіз-түні ауруханаға шақыратын. Шаршау дегенді білмейтін Қасекең қысылтаяң кездегі жауапкершілікті өз мойнына алып, қиын операцияларды өзі жасайтын. Кім біледі, сол балалар хирургиясының отына күйіп, жалынына шарпылып жүрген кездері денсаулығына әсер етті ме екен деген де ой туады. Қасекең тіпті ауруын жұмыспен жеңгісі келген кездері де болған.

Мәнсіз әңгімені, нәтижесіз істі, жалтақ тіршілікті жек көретін Қасен Қожақанұлы «ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба» деген Абай атасының өсиетін естен шығармай, ғылыми зерттеу жұмыс­тарымен айналысып, 1979 жылы Мәскеуде кандидаттық диссертация қорғайды.

Білімдіні тағдыр жетелейтінін, білімсізді тағдыр сүйрейтінін жете түсінген Қасекең болашақ докторлық диссертацияға кеуде хирургиясының ең қиын, әрі емдеуі әлі зерттеле қоймаған, өңеш күйігі тақырыбын таңдап алады.

Ғылыми зерттеу нәтижесінде 9 ғылыми жаңалық ашады. Соған байланысты Кеңес Одағына еңбегі сіңген өнертапқыш атағы беріледі.

1991 Мәскеуде докторлық диссертация қорғайды. Одақтың бас балалар хирургі Ю.Ф.Исаков: «бұл ғалымға диссертация қорғатпай-ақ баяндама мен    ашқан жаңа­лықтары негізінде доктор атағын беруге болады», – деп тамсанса, оппоненті академик Э.А.Степанов Қасекеңнің ойлап тапқан жаңа тәсілдерін Одақ көлеміндегі басты ғылыми жаңалық деп бағалап, оның тәсілдерін Одақ көлемінде кең пайдалануға ұсыныс жасайды.

Жалпы, Қ.Қожақанұлы 4 оқулықтың, оншақты әдістемелік ұсыныстардың, 100-ден астам ғылыми мақалалардың авторы.

Докторлық диссертация қорғаған соң Қасекең Педиатрия факультетінің деканы, Ұлттық медицина университетінің бірінші проректоры болып тағайындалады. Бұл қызметтерді де «Мен жанбасам лапылдап, сен жанбасаң лапылдап, аспан қалай ашылар» деп, қажымай-талмай, абыроймен атқарады.

Білімі мен ғылымы кемелденген, шоқтығы биік Қасекең 1994 жылы профилактикалық медицина академиясының академигі болып сайланады. Бірақ амал не, 1995 жылдан бастап денсаулығы сыр бере бастайды.

Дарын дара болмайтыны белгілі, Қасекең «сегіз қырлы, бір сырлы» адам еді. Әдебиет пен өнерге, тарих пен шежіреге бай, ұлтжанды азамат болатын. Абайдың, Шәмші әндерін нақышына келтіріп айтатын, шахматты керемет ойнайтын, белгілі футболшы, алдына жан салмайтын қақпашы еді.

Сонымен қатар, Қасекең 15 жасында өмір бойы сүйген жары Айкен жеңгемізге арнап:

«Мен сүйем сенің мөлдір  көздеріңді,

Мен сүйем сырға толы сөздеріңді. 

Мен сүйем пәктігіңді аппақ болған,

Сүйемін, сүйе берем мәңгі өзіңді», –

деп лирика мен романтикаға толы, жан тебірентетін өлең жазған ақын.

Әттең-ай, өзі жұмыс пен ғылыми зерттеу істерінен қолы тимей, уақытында құнттамай, жинақталған өлеңдерін, хаттарын, екшеленген ой толғаулары мен жарияланбаған мақалаларын бауыры, досы, әріптесі профессор С.Ешмұхам­беттегі реттеп, «Даурен» атты 10 баспа табақ кітап етіп шығарды.  Кітаптың атын «Даурен» деп қоюының өзі бір хикая!

Әттең-ай, ғылым мен білімнің суырылып шыңына шығып, мыңдаған балаларды өлім аузынан алып қалған, ғылымға, халқына бергенінен берері көп абзал азамат 52 жасында бақилық болды. Бірақ Қасекеңнің тәні бақилық болғанмен, өлмейтұғын артында өзі – ұлдары, ізі – қыздары, ғылыми мұрасы қалды.

Оған куә, 1999 жылы академик Камал Ормантаев бастаған бір топ ғалымдармен бірге Қасекеңе Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы берілді. Қасекеңнің басына қонған ғылыми, кәсіби дарын еліміздің аузынан ана сүті кеппей ауырған балаларының басына қонған бақ десем, артық болмас.

Жоғарыда айтылған сөздер – Қасен дәрежесін көтеру үшін емес, азаматтың бойына біткен ой-парасатты, маңдай терін төгіп істеген еңбегі, көз майын тауысып жасаған ғылыми жұмыстарын мойындау.

Балалар хирургиясын ғылым, өнер дәрежесіне көтерген Қасекеңнің  бұл өмірде өз мүддесі болды, ол мүдде денсаулығына қауіп төнген балаларды емдеу мен Баян сұлудай Айкен жеңгей мен балаларына деген махаббаты еді.

Әруағыңыз риза болсын, Қасеке! Ендігі айтарымыз – жатқан жеріңіз – торқа, алдыңыз – пейіш, артыңыз – кеніш, жаныңыз – жәннатта болсын, әруағыңыз үрім-бұтағыңызды, елді қорғап-қолдап жүрсін деп тағзым етеміз!

Қапан ТҰРСЫНОВ,

     балалар хирургі, профессор.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *