«ДАНАШЫМНЫҢ» ДАРА ЖОЛЫ

Әсілінде, адамның адамнан айырмашылығы – білімі мен тәрбиесінде. Тал бесіктен жер бесікке дейін жинаған білімі мен тәрбиесін ешкім біреу тартып алады-ау деп уайым шекпейді. Оған күні-түні күзет қойып, мазасызданбайды. Себебі, білім – басында, адамгершілігі – жүрегінде. Ал білім емес дүние жиған адам жылдар бойы жинаған байлығын кез-келген уақытта біреу ұрлап кетуі мүмкін деп уайымдап, қалай сақтаудың қамында ғана жүреді. Ойлап қарасақ, байлық емес білім деген адамды өмір бойы түрлі қауіп-қатерден сақтап, ұлы мақсаттарға жетелейді екен.

Білімді болу жеке тұлғаның өзі үшін емес, ұлты үшін де аса қажет. Қазақ тарихындағы ұлтқа қызмет еткен қайрат­керлер елін, жерін қорғап, қазақ мемлеке­тінің құрылуына септігін тигізе білді. Алаш зиялылары халықтың қамы үшін, болашағы үшін аз тер төккен жоқ. Мұ­ның дәлелі – бүгінгі тәуелсіздігіміз. Қа­зақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев, қазақ жастарын сауаттандыруды жүзеге асырған, тұңғыш мектеп ашқан ағарту­шы-педагог Ыбырай Алтынсарин, қазақ­тың әліпбиінің негізін салған Ахмет Байтұрсынұлы секілді қаншама тұлғалар қазақтың өркендеп қанат жаюына қызмет етті.

Заман талабына қарай бүгінгі жас­тарымыз «білектің емес, білімнің күшіне» сенетін болды. Елімізде көп тіл білетіндердің, ІT технологияларды жетік меңгергендердің, түрлі салада жаңалық ашып, жетістікке жетіп жатқандар саны­ның күннен-күнге артуы – жаста­ры­мыздың ғылымға бетбұрысын көрсетеді.

Ұлттық бәсекеге қабілетті болудың басты көрсеткіші – білім деңгейінде. Әлемдік білім кеңістігінде өз орнымызды айқындап, білім беру жүйесін халықара­лық деңгейге көтеру үшін  еліміздің барлық білім ордалары үлкен қарқынмен жұмыс жасауда. Соның ішінде әр шәкіртін балалықтан даналыққа жетелеп жүрген  «ДАНАШЫМ» мектебінің орны ерекше.

«Данашым» физика-математика мектебі 1999 жылы алғаш рет шәкірт­теріне білім есігін айқара ашқан еді. Бүгінде 20 жылдық тарихы бар бұл мектептің негізін еліміздің мақтанышы Гүлшарбан Камылбайқызы Сабурова  қалаған. Алғашында санаулы оқушысы болған мектеп бүгінде керегесі кең, іргесі қаланған, білім беруде өзіндік орны бар 160-қа жуық шәкірт тәрбиелеп отырған, білікті де ұлағатты ұстаздар ұжымынан құралған білім ордасына айналды.

Әр сыныптағы бала саны 18-ден аспайды. Бала санының аз болуы – әр оқушыға жете көңіл бөлініп, сабағын қада­ғалауға, жеке жұмыс жасау­ға, уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Мектептің негізгі бағыты: мате­матика, информатика пәндерін тереңдетіп оқыту. Математика пәнінің факультатив сабағы қосымша оқулықтар негізінде өтіледі. Сонымен бірге,  қазақ тілі, орыс тілі пәндеріне де ерекше зейін қойылып, ағылшын тілін 1-сыныптан бастап Окс­форд, Кэмбридж бағдарламасы бойынша  оқыту қолға алынған. Өйткені, мектептің алдына қойған мақсаты – қаланың ең мықты деген   физика-математика мек­теп­теріне оқушылар дайындау.

Ұрпаққа тәрбие беру,  білім нәрімен сусындату – екінің бірінің қолынан да келе бермейді. Алдына келген әр шәкірт­тің білімі мен тәрбиесі үшін ұстазға жүк­телетін міндет ауыр. «Ұстаз болу – жү­рек­тің батырлығы, Ұстаз болу – сезімнің ақылдығы»,  — деп Ғафу Қайыр­бе­ков үлкен баға берген екен. Сонымен қатар, «Данашым» мектебі десе, Гүл­шарбан  Камылбайқызының есімі қатар жүреді. Ол –  өзінің көрегендігімен, алдын-ала болжап және сол мақсатта жемісті де өнімді еңбек етіп келе жатқан асыл ұстаз. Гүлшарбан Камылбайқызы  –  ҚР білім беру ісінің үздігі, педагогика ғылымының кандидаты,   «Ы.Алтын­сарин», «Ерен еңбегі үшін» медальдары мен «Қазақстан даңқы» орденінің иегері, «Келешек-ФМШ» мектебінің директоры, «Дана­шым» мектебінің құрылтайшысы.  Гүл­шарбан Камылбайқызы Сабурова өзінің қоластында қызмет ететін әрбір ұстаздан үлкен жауапкершілікті талап етеді және ерекше талаппен жұмысқа қабылдайды. Ұстаздың жан-жақтылығы, үнемі ізденіс пен шығармашылық жолын­дағы тала­бының болуы шәкірт жүрегіне тікелей жол ашатындығы сөзсіз. «Адам­ның адам­шылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Сондықтан да «Данашым» мектебінің ұстаздар қауымы осы жүкті абыроймен атқарып келе жатқанын мақтанышпен айтуға болады.

Бүгінде мектепте  29 ұстаз еңбек етеді. «Білім үздігі» атағының иегерлері,  Білім мен ғылым министрлігінің, Алматы қаласы білім басқармасы мадақтамасын, «Ұлт мақтанышы», «Ел ардақтысы», «Лидер образования» атты мемлекет марапатының иегерлері де осы мектепте қызмет етеді. Аталған марапаттар жеке ұстаздарға берілсе, мектеп ұжымы да дарынды балаларды оқыту мен тәрбие­леуде жеткен үлкен жетістіктері үшін қала әкімінің Құрмет грамотасымен, «Дельфи­ните» халықаралық математика­лық турнирінде белсенділік танытқаны үшін Құрмет грамотасымен марапат­талған.

Гүлшарбан Камылбайқызы шет елдермен тәжірибе алмасу мақсатында жиі іс-сапарларға шығып тұрады. Ресейдің Мәскеу қаласы, Оңтүстік Корея­­ның Сеул қаласы, 2010 жылы Швей­царияның Цюрих қаласы, 2011 – 2014 жылдары ҚХР-ның Пекин қаласы, 2012 жылы Жапонияда,  2014 жылы Швейцарияның Женева қаласында және  2015 жылы Малайзия мен Англияда болып, тәжірибе алмасып келгеннен кейін ұстаздармен ой бөлісуді жыл сайын дәстүрге айналдырған. Ұстаздар қауымы да әрдайым өз біліктіліктерін арттырып, үнемі ізденіс үстінде, жаңашыл әдістеме­лерден хабардар болып жүреді.

Мектеп қабырғасында дарынды бала­ларды олимпиадаға дайындау мақсатында «Олимпиада резерві» мектебі жұмыс істейді. Бұл мектеп оқушының логика­лық ойлау қабілетін арттырып, олимпиа­далық есептерді шығаруды үйретеді. Сондықтан да бұл мектепте  аталған үйірмені мақсатты түрде өткізіп, оқушы­ның математикалық білімін арт­тырып, бәсекеге қабілетті ұрпақ даярлау мәселе­сін негізге алуда. «Данашым» физика-мате­матика мектебінің шәкірт­тері барлық қалалық, республикалық және халықаралық олимпиадаларға белсене қатысады. Атап айтсақ: Франция­дағы математикалық олимпиада (Париж, 2012 жыл, наурыз), М.В.Ломоносов атындағы халықаралық математикалық олимпиада (Греция, 2012 ж. қазан) М.В.Ломоносов халықаралық матема­тикалық олимпиада (Испания, Барселона, 2013 жыл, қазан), пәнаралық халықара­лық олимпиада (Анталия, 2014—2018 ж.ж, қараша) біздің оқушылардың білімі мен білігін сарапқа салатын алаңға айналды. Сонымен бірге, мектебіміздің оқушыла­ры халықаралық дәрежедегі «Болгар», «Кенгуру», «Золо­тое руно», «Дельфи­ните», республикалық «Ақбота», «Бас­тау», «Зерде»,  қалалық Жәутіков атын­дағы математикалық олим­пиадаларда үнемі жеңімпаздар қатарынан көрініп жүр. Математика пәнінен басқа оқушы­ларымыз тарих, ағылшын тілі, бейнелеу өнерінен қалалық, республика­лық, халықаралық олимпиадаларға қатысып, 1, 2, 3-жүлделі орындарды иеленіп келеді.

«Мектеп ұстазының жеке басының абыройы – ол мектептің де абыройы. Сон­дықтан да мектебіміздің қазіргі уақытқа лайықты, бәсекеге қабілетті болуы үшін ұстаздар қауымынан жан-жақты болып, аянбай еңбек етуді талап етеміз. Баласының болашағына немқұ­райлы қарай алмайтын, оның саналы тәрбие, сапалы білім алуын қалайтын ата-ана жақсы ұстазды өзі-ақ іздеп келеді. Ұстаз өз міндетін жетік біліп, алдындағы оқушының оқуға деген ықыласын арттырып, ал ата-ана өз міндетіне түсі­нікпен қарап, қолдап отырса ғана нәтиже болары сөзсіз анық! — дейді, мектеп директоры Саруса Бексеит­қызы Маки­шева. Демек, «Данашым» мектебінің сапалы білім беруі мен оқушының алған білімінің нәтижесіне үлкен мән беретін, жаңашылдыққа ұмтылатын, талабы жоғары, әділ басшы  Саруса  Бексеит­қызының да орны біз үшін ерекше.

Бүгінгі қоғам алдындағы мақсат –  өмірдің барлық саласында белсенді, шығармашылық іс-әрекетке қабілетті, еркін тұлғаны тәрбиелеу. Сондықтан да мектеп оқушылары тек интеллектуалды деңгейде ғана дамып қоймай,  физикалық тұрғыдан да өздерін жетілдіріп, футбол, таэквондомен айналысады. Әрі оқушылар спорт, хореография, музыкалық аспаптар үйірмелеріне (домбыра, фортепьяно) үлкен ықыласпен қатысуда. Ал бұл  оқу­шының жан-жақты болуын, салауатты өмір салтын сақтауын қамтамасыз етеді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы «Қазақстанның болашағы – білімді ұрпақ» деген болатын. Яғни  мемлекеті­міздің тарих сахнасында мәңгі қалуы, дамуы – ол өскелең ұрпақтың қолында екені хақ. Сол үшін де өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеу, оны дұрыс жолға салу, жан-жақты тұлға етіп қалыптастыру – бұл бүгінгі күннің басты мақсаты. «Дана­шым» мектебінен түлеп ұшқан әрбір жастың ертең мемлеке­тіміздің көркейіп, гүл­денуіне үлес қосатын, алпауыт елдермен мықты бәсекеге түсе алатын дамыған Қазақстанның іргетасын қалайтынына еш күмән жоқ. Себебі, «Данашым» мектебі әр шәкіртін бәсекеге қабілетті, білімді, ең бастысы, саналы азамат ретінде тәрбиелеп, ғылымға деген қызығу­шылықтарын арттырып келеді.  Баласының ертеңіне үміт артқан әр ата-ананың сеніміне селкеу түсірмей, білікті ұл-қызды білім нәрімен сусындатып, дарыны мен талантын шыңдап, бәйгеге қосып жүрген ұстаздар қауымына бас иеміз.

Оқушының биікке өрлеуі – ұстазы­ның маңдай тері.  Әрбір  ұстаз ерекше алғысқа лайық!  Ендеше,  «Дана­шым» мектебінде білім алғанына мақтанатын, білімі мен адамгершілігі толысқан, еліне адал қызмет ететін, жаңалық ашып, жаһанды таңдай қақтыратын дарынды түлектердің саны арта берсін! Сондай-ақ, «Данашым» мектебінің 20 жылдық мерейтойы құтты болсын! Осы 20 жылда жеткен жетістіктер мен биік белестер аз емес. Алар асулар әлі көп. Жарқын бола­шақтың жұлдызы болып, айна­ласына тек сәулесін шашатын шәкірт­теріміз көп болсын! «Данашымның» дара жолы басқаларға үлгі болғай!

 

Айжан  БӨРІБАЕВА,

 «Данашым» физика-математика мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің  мұғалімі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *