Дамыған ел болуымыздың кепілі

Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның  игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтерді. Аталмыш бағыттардың бәрі барынша өзектендірілген және уақыттың талаптарына нақты жауап береді.

«Мәңгілік Ел» болуымыз үшін  бізге ауадай қажетті қасиеттер мен құндылық­тардың қайнары тоғысып, ақыл-парасаты толысқан, ғаламдық ғылымды игерген адамдар көп болса, еліміз өркениетті, бәсекеге қабілетті болатыны ақиқат. «Бола­шақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің  алға басуына сөзсіз қажетті алғы-шарттардың санатында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессия­аралық келісім» ұстанымдарды  – ұлты­мызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы, – деп ашып көрсетілген.

Бәсекеге қабілеттілік саясат пен эко­номикада, білім, ғылымда, технологияда, яғни барлық салада болуы тиіс. Бәсеке болған жерде әрбір тұлға өзінің ең сапалы қызмет түрін ұсынады. Білім мен тәрбиесі ғажайып түрде үндескен, ұлттық идеоло­гиясы темірқазығына айналған табысты ел болуымыз үшін жақсылыққа ұмтылып, жаманшылықтан арылып, саналы түрде барлық қасиеттерімізді ізгілендіріп, сананы рухани жағынан үнемі жетілдіріп, дамытып отыруға тиістіміз. Мен, Елбасының осы сөзде­рін толық қолдай отырып, рухани мәдениеттің дамуы үшін тағылымды ұлттық тәрбиенің қайнарынан сусындап, биік адами құндылықтардың кемелдену бары­сында әрбір маман иесі кәсіби қызметін жоғары деңгейде жүзеге асыруы қажет­тілігін түсінемін. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім жүйесі әрдайым бірінші кезектегі орында тұруы міндет деп есептеймін.

Қазіргі кезең – жер-жаһанда ақыл-ойдың аламанға түскен уақыты. «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіз құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», – делінген Елбасымыз­дың осы еңбегінде. Түйткілді шешер түйінді ой бұл. Ұлттық болмысын, елдің тұтастығын сақтау – баршамызға сын. Ендігі міндет – ұлттық сананың көкжиегін кеңейту. Біздің болашағымыз, ұлт болашағы жарқын болу үшін ұлттық құндылықтарды сақтап қалу. Сонда ғана жастарымыздың бойында шынайы патриоттық сезім қалыптасады. Жоғарыдағы «ұлттық код» деген сөздің мәнісі де осында. Ұлттық мәдениет – біз үшін сарқылмайтын ұлы қайнар.

Ұлттық жаңғыру дегеніміз – ұлттық санамен тығыз байланысты. Оның түпкі мақсаты – ұлттық бірегейлікті сақтап, ел ішінде бейбітшілік пен келісім үйлесе отырып, ұлттық береке, бірлік салтанат құрған бәсекеге қабілетті, табысты ел болу. «Сонымен бірге, жаңғыру ұғымының өзі мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттер­ден арылу дегенді білдіреді», – дейді Н.Ә.Назарбаев. Сондықтан рухани жаң­ғыру үдерісін дер кезінде қабылданған оң шешім деп танимыз. Осы рухани жаңғыру­дың жүзеге асырылуын біз және сіз болып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бірлікте орындауымыз аса қажет. Бәсекеге қабілетті, әлемдік деңгейде танылған әрі дамыған рухани кемел ел болу – Елбасының асыл арманы.

Қазақ даласы қашаннан-ақ телегей-теңіз тарихымен, ежелгі, ортағасырларға және жаңа заманға қатысты тарихи жәді­гер­лерімен және құнды деректерімен үнемі зерттеушілердің назарын аударумен, қызықтырумен келеді. Ендігі мәселе – соларды танып-біліп, табылған мәліметтер­ді жүйелеп, зерделеп, оларды жастар тәрбиесінде тиімді пайдалана білуді үйрену болып тұр.

Осы бағдарда ол бабалар ұлағатымен астасып жатқан зерделі ойы мен парасатты пайымын білдіреді: «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Білімнің салтанаты жалпыға ортақ болуға тиіс. Оның айқын да бұлтартпас себептері бар». Осылайша мақалада айтылған әрбір ойдың астарында терең мазмұн мен зерделі пікір жатыр. Білім – рухани жаңғырудың басты алғы-шарты. Өйткені, ол жүйесі терең, алыстан пайым­дап, тереңнен тамырланған дүниетанымы кең адам ғана бәсекеге төтеп береді деген ауқымды ұғымды білдіреді.  Білімді ұрпақ тәрбиелеу балабақшадан бастау алса, осы жолда мектепке дейінгі ұйым педагогтары бәсекеге қабілетті, заманауи болуы шарт. Балабақша бүлдіршіндерін заманауи жаңа технологиялармен қатар еліміздің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын рухани жаң­ғыртып, қазіргі ұрпаққа жеткізу жолында еңбек етіп келеміз. Балабақша үштілділік бағытында жұмыстанып, аудан, облыс деңгейінде семинарлар өткізіп келеді.  Сонымен қатар, үш тілді меңгеру мақса­тында тәрбиеленушілер мен педагогтарға қосымша үйірме жұмыстары өткізіледі. Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында «Алматым – сүйікті қалам!» атты ауқымды тәрбиелік іс-шара өткізілді. Балабақша педагогтары Елбасының әр Жолдауын тыңдап, оны іске асыру мақсатында азған­тай болса да өз үлестерін қосуға әрқашан жұмыла кіріседі.

 

Айман БАЗБАЩАЕВА,

«Сөйлеу тілінде күрделі бұзылыстары бар балаларға арналған №26 балабақша»

КММ меңгерушісі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *