ДАМУЫ ҚАРҚЫНДЫ ЭСТОНИЯ

82Алдымен алғышарттар жасалынды

Ия, Эстония посткеңестік республикалардың ішінде дамуы қалыпты да қарқынды  ел саналады.

Сөзіміз дәлелді болуы үшін нақты мәліметтерге сүйенейік. Мәселен, жұрт таңқаларлықтай елдің ЖІӨ 2000-2005 жылдары 60 пайызға өсті. Бірақ, 2008-2009 жылдардағы  әлемдік дағ­дарыс тұсында 15,6 пайызға түсіп, баяулап қалды. Келесі 2010 жылы Эстония экономикасы дағдарыстан толықтай құтылды. Осы 2010-2011 жылдары ол Еуроодақта бюджет тапшылығын жойған  және жұмыссыздықты төмендеткен екінші мемлекет атанды.

Бүгінде Эстонияның ЖІӨ  24,8 млрд. долларды құрап, жан басына шаққанда 18,8 мың доллардан айналады. Елдегі орташа жалақы 980 еуро шамасында.

Өткен 2015 жылдың қазан айында  Эстонияда МВФ (Ха­лықаралық валюта қоры) мамандары болып, елдің жалпы сая­си-экономикалық жағдайына талдау жасады. Сонда ел экономикасының аяғына нық тұрып, біртіндеп өсу сипатында дамып келе жатқаны, макроэкономика тепе-теңдігінің қалыпты екені, жұмыссыздықтың азая бастағаны, құнсыздану деңгейінің төмендегені, мемлекеттік бюджеттің ретке келтіріліп, тұрақ­тылыққа бағыт алғаны атап көрсетілді. МВФ сарапшыларының болжауынша,   алдағы жылдарда Эстонияның ЖІӨ  3 пайызға өсе түседі. Бұл қазіргідей әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыс жағдайында жаман көрсеткіш емес.

Осы арада Асан  қайғы бабамыз: «Құйрығы жоқ, жалы жоқ, Құлан қайтып күн көрер?» деп айтпақшы, жерінде мұнай мен газы немесе басқадай байлық, табиғи ресурстары жоқ эстон жұрты мұндай табыс-жетістікке қалай жетіп отыр? — деген сұрақ туады.

Ол үшін Эстонияның өзіміз сияқты КСРО-дан бөлініп, тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңдегі даму барысына шағын шолу жасап көрейік.

Басқа республикалардан артықшылығы  / Латвия, Литва сияқты Эстония да нарықтық экономикаға өтуге бейімдеу болатын. Сондықтан да ол бірден өндірісі жолға қойылған, технологиясы озық Батыс Еуропаға бет бұрды. 1992 жылғы 20 маусымда Эстония  рубль аймағынан шығып, өзінің ұлттық ақшасы кронаны енгізді. Көпшілік елдер секілді крона долларға емес, неміс ақшасына  шағып есептеліп, 1 маркаға 8 крона  тең делінді. Мұнда эстондар қай елмен сауда-экономикалық байланысы басым болатынын  ескерген болса керек. Ал, 1999 жылдан  Германия  еуроны пайдалана бастағандықтан, крона еуромен салыстырылып есептелінетін болды. 2011 жылы Эстония да Еуроодаққа мүше болып, біржолата еуроға көшті.

Ақиқатын айту керек. Алғашқы кезеңде Эстония экономикасының қайта құрылып, көтерілуіне 1991-93-жылдары  батыс елдерінің 285 млн. доллар  көлемінде несие-кредит беруі,  сондай-ақ, 1940 жылы КСРО-ға қосылған тұста шетелдік банкілерде «қалып қойған» 100 млн. доллардың зор көмегі тиді.   Негізінен көршілес Финляндия, Германия, Швеция және Ресеймен сауда-саттық жүргізді. 1999 жылы ДСҰ (Дүниежүзілік сауда ұйымына), 2004 жылы ЕС (Еуроодаққа) мүше болып енді.

Байқап қарасақ, бұл елде алдымен рыноктық қатынастың алғышарттары жасалыныпты.

 

«Рийгикогу»  —  эстонша парламент

Айтпақшы, Эстонияның саяси құрылымын, яғни, елдің қалай басқарылатынын айтуды ұмытып барады екенбіз. Мұнда парламентті «Рийгикогу»  деп атайды. Оның сөзбе-сөз аудармасы — «Мемлекеттік жиналыс» деген мағына береді.

1992 жылы қабылданған  Конституциясы бойынша Эстония парламенттік республика. Соған сәйкес, Эстониядағы бар билік  халық қалаулыларының қолында. Парламент заң да шығарады, қаулы да қабылдайды. Тіпті, мемлекет басшысы — президентті де, үкімет жетекшісі – премьер-министрді де парламентте отырған депутаттар сайлайды. Қазіргі күні эстон парламентінде отырған 101 депутат елдегі ең белсенді саналатын 6 партияның өкілдері. Дәлірек айтқанда: Реформалар партиясы — 30 мандатқа, Орталықшыл партия – 27 мандатқа, Эстония Социал-демократиялық партиясы – 15 мандатқа,  Отан одағы партиясы – 14 мандатқа, Эстонияның Еркін партиясы – 8 мандатқа және Эстон Консервативтік партиясы – 7 мандатқа ие.

Эстония президенттігіне үміткер президент болып сайлануы үшін парламентте депутаттардың үштен екісінің қолдауына ие болуы керек. Ондай  көрсеткішке жете аламаған жағдайда үш тур өткізіледі. Мәселе онда да шешілмесе, президентті парла­мент депутаттары мен жергілікті басқару кеңесінің өкілдері сайлайды. Президент бес жыл мерзімге сайланады. Оның құзыреті шектеулі. Былайша айтқанда, мемлекет басшысы ретінде бірқатар өкілетті міндеттерді ғана атқарады. Президенттің қандай да бір саяси партияның мүшесі болуға немесе басқадай сайланбалы қызметтер атқаруына тыйым салынған. Бір адам екі рет қана президент бола алады.

Эстония егеменді ел болғалы президентті сайлауда алабөтен оқиға, келіспеушілік, не қандай да бір заңсыздық пен келеңсіздік орын алған емес. 1992-2001 жж. аралығында Леннарт Мери, 2001-2006 жж. – Арнольд Рюйтель болған болса, 2006 жылдың 9 қазанынан бері Эстон Республикасының президенті  Швецияда туған, ұлты эстон — Тоомас  Хендрик Ильвес.

Үкімет басшысын таңдауда  да шешуші пікір Рийгикогу депутаттардың билігінде. Оған лайықты деген кандидатураны президент парламенттегі саяси партиялардың жетекшілерімен кеңесіп, ұсынады. Депутаттар премьерлікке үміткердің өзі құрғалы тұрған үкіметтің бағдарламасы мен министрлер құрамы туралы баяндамасын тыңдап болғаннан кейін, ашық дауысқа салып сайлайды. Сонан  кейін ғана президент үкімет басшысын және оның  құрамын арнайы  жарлықпен ресми  түрде тағайындайды.

Өткен 17 жылдың ішінде Эстон үкіметі сегіз рет ауысып, қайта жасақталды. Мәселен, саясаткер Март Лаар 1999 жылдың наурызында парламенттегі: Реформалар партиясы, Отан одағы партиясы және Ұстамдылар партиясының өзара одақтасып, бірігуінің нәтижесінде премьер-министр болып сайланды. Бұдан кейінгі кезеңдерде: 2002-2003 жж. – Сий Каллас, 2003-2005 жж. – Юхан Партс, 2005-2007 жж — Андрус Ансип атқарушы билік тізгінін ұстады. Бір айта кететіні, соңғы айтылған Андрус Ансип бұдан кейін 2007-2011 жж. және 2011-2014 жж. аралығында депутаттардың мақұлдауымен екі рет үкіметті басқару сеніміне ие болды. Қазіргі күні Эстонияның премьер-министрі болып отырған Таави Рыйвас та  екінші рет сайланып отыр. Ол 2014 ж. наурыз – 2015 ж. сәуір аралығында  билікке Реформалар мен Социал-демократтар партияларының үкіметті жасақ­тауымен келген болатын.  Алайда, 2015 жылдың 1 наурызында кезекті парламент сайлауы өтіп, бұрынғы үкімет таратылды. Бұл жолы үкіметті жасақтау Реформалар мен Социал-демократтар, Отан одағы партияларының еншісіне тиіп, премьерлікке олар тағы да Таави Рыйвасты ұсынып, өткізді.

Эстония 2004 жылдан ЕС (Еуроодақтың ) мүшесі  болған­дықтан,  мұның алты өкілі Еуропарламентке депутат болып сайланады. Оған сайлану үшін де елде жалпыға бірдей жасырын дауыс беретін сайлау өткізіледі. Бір қызығы, бұл сайлауға  жасы 18-ге толған жергілікті тұрғындармен қатар, азаматтығы жоқ, бірақ, Эстонияда тұрақты түрде тұратын Еуроодақ елдерінің азамат­тары да қатысып, дауыс бере алады. 2004 жылғы Еуропарламент сайлауында  Социал-демократиялық партия 3 мандатқа, Реформалар, Орталықшылдар және Отан одағы партиялары бір-бір мандатқа ие болған болса, 2009 жылғы сайлауда  Орталық­шылдар – 2 мандатқа, Реформалар, Отан одағы, Республика және Социал-демократиялық партиялар бір-бірден депутаттық орындарға қол жеткізді.

 

Электрондық басқару елдің  бағын ашты…

Эстон жұртының ішкі өмірінен алынған мына бір оқиға көңіл аударарлықтай. Таңертең жұмысқа жеңіл көлігімен асығып бара жатқан таллиндік инженерді жол полициясы тоқтатады. Ол әдеттегідей әдеппен шекесіне қолын апарып сәлемдесіп:

— Кешегі өткен  туған күніңізбен құттықтаймын! – дейді.

— Рахмет! – дейді көлік жүргізушісі.

—  Бірақ, біз Сіздің амандығыңыз және жол қозғалысының қауіпсіздігі үшін ішімдік ішкен, не ішпегеніңізді тексеруге тиіспіз. – Сөйтеді де жеңіл көлік иесінің аузына алкометр құрылғысын тосып, үрлетеді. Алайда, құрылғы 0 промилені көрсетеді.

— Ғафу етіңіз!  Жолыңыз болсын!

Таллиндік инженер ешбір ренішсіз әрі қарай жүріп кетеді. Эстонияда болмаған сырт адам бұған: «Жол полициясының инспекторы көлік жүргізушісінің туған күнін қалай білді?» деп таңдануы мүмкін. Әйтсе де бұл көрініске бүгінгідей  «электроника   ғасырында» еш таңданудың  жөні  жоқ.

Бүкіл Эстониядағы көлік жүргізушілердің мәлімет-дерегі  жол полициясының компьютерлік базасына енгізілген.  Екініші жағынан, мұны эстон елінде тиімді жұмыс істеп отырған электрондық басқару жүйесінің жемісі деуге болады. Жалғыз жол полициясының қызметі  ғана емес, ел көлеміндегі барлық фирмалар мен шаруашылықтардың, компаниялардың өзара іскерлік қарым-қатынасы, сондай-ақ, олардың мемлекеттік органдармен байланысы — бәрі-бәрі электрондық үкіметтің қыз­меті­мен қамтылған. Ең бастысы, мұндай жүйе уақытты үнемдейді және «адамның қатысуы» арқылы болатын жемқор­лық пен сыбайластыққа жол бермейді.

Балтық жағалауындағы шағын ел Эстонияның бүгінгі жетістігі мен қарышты қадамын экономист сарапшы мамандар осы электрондық үкіметтің ұтымды қызметімен байланыс­тырады.

Дей тұрғанмен, Эстония мұндай деңгей мен жетістікке оп-оңай жете қойған жоқ. Бұлар да 1991 жылы КСРО тарап, тәуелсіздік алған, «балапан – басына, тұрымтай – тұсына кет­кен», зауыт-фабрикалар тоқтап, экономика құлдыраған өтпелі кезеңнің қиыншылық пен ауыртпалықтарды бастан кешті.

Сол кезде үкімет басына келген премьер-министр Март Лаар бірқатар  батыл реформалар жүргізді. Билік құрылымында талайдан отырған коммунист басшыларды қызметтен қуды, шығынға батқан, өзін-өзі ақтай алмайтын кәсіпорындарды жапты. Барлық экспорттық алымдарды жойды.

Экономикалық реформа төрт бағытта: ырықтандыру, тұрақтандыру, жекешелендіру, құрылымдық және институ­ционалдық реформалар жасау бойынша жүргізілді.

Үкіметтің құрамын орта жастары 35-тен аспаған мамандардан жасақтап, оларды Германия, Польша, Венгрия және Чехияға оқуға, тәжірибе жинақтауға жіберді. Бұларда басқалар секілді көл-көсір табиғи байлықтың, озық технология жұмыс істейтін өн­діріс орындарының жоқ екені белгілі. Сондықтан  ел эко­номикасын көтеріп, дамытудың бірден-бір мүмкіндігі – кәсіпкерліктің қалыптасып, қанат жаюына барынша қолайлы жағдай жасау, ІT техно­логияны қолға алу, туризмді  және ауыл шаруашылығын дамыту, сырттан көбірек инвестиция тарту бағытын таңдады.

Ерекше бір айта кететіні, Эстон елін басқаруда елеулі табысқа жеткізген Tііgrіhpe  («Жолбарыстың секіруі») бағдар­ламасын 1996 жылы  Эстонияның қазіргі президенті (ол кезде елдің АҚШ-тағы елшісі қызметін атқарған) Тоомас Хендрик Ильвес пен сол тұстағы білім министрі  Яак Аавиксоо ұсынған болатын. Бұл жоба,  ең бастысы, компьютерлік және желілік құрылымға, әсіресе, білім саласына көбірек инвестиция салып, заман талабына сай дамытуды көздеді. Мұның келешегінің зор екенін түсінген үкімет басшысы Март Лаар бірден қолдау білдіріп, 1997 жылдың  бюджетінде Tііgrіhpe жобасына қаржы бөлдірді. Осының нәтижесінде ел көлемінде UUCP технологиясы жұмыс істеп, Эстонияның барлық мектептері компьютер­лендіріліп, интернет жүйесіне қосылды.

Міне, осыдан бастап премьер-министрдің ұсыны­сымен жыл сайын мемлекеттік басқару жүйесін дамыту  ісіне  бюджеттің 1 пайызы  бөлініп  отыратын болды.

Үкімет алдымен жылжымайтын мүлік, коммер­циялық компаниялар және адамдардың реестрін жасап, компьютерлік базаға енгізді. Мұның жұмыс жүргізуге өте тиімді екенін байқаған басқалар да осындай жүйеге көшуге ұмтылды.

Мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға  Март Лаар енгізген 1 пайыздық қаржы шынында да пайдалы қайтарым бере бастады. Сондықтан да ол қыз­меттен кеткеннен кейін де бұл қаржыны бөлу тоқта­тылған жоқ.

Арнайы сертификациялық орталық ашылып, 15 жастан асқан барлық эстон азаматтарына электрондық куәлік ІD-карта үлестірілді. Жеке бастың мұндай куәлігі арқылы олар Еуроодақ және Шенген елдерінде жүріп, электрондық қызметтің барлық түрін пайдалануға мүмкіндік алды. Ендігі жерде ешбір эстондық өзімен бірге төлқұжат, т.б. қағаздарды алып жүрмейтін болды. Керек десеңіз, ол үйінде отырып-ақ әлгі ІD-картасымен елдің кез-келген түкпіріндегі дүкенмен сауда жасасып, қажетті тауарын алдыра  алады. Тіпті, Таллиннің әр бұрышындағы автотұрақтар да электрондық жүйемен қызмет көрсетуге көшті.

Бүгінде Эстония тұрғындарының 81 пайызы интернет қызметін пайдаланады, салық декларациясының 95 пайызы  электрондық  үкімет жүйесімен жіберіледі. Банкілік транзакциялардың 98 пайызы онлайн арқылы өтеді.

Экономист мамандардың айтуынша, орталықтанған, барлық саланы қамтитын электрондық үкіметтің қызметін пайдаланудың арқасында әрбір эстондық  жылына бір апта уақытын үнемдейді екен. Бұл дегеніңіз, ЖІӨ екі пайызы деген сөз.

2000 жылдан бері қарай  Эстония үкіметі қағаз толтырып әуре болып жатпайтындай  интернеттегі құжаттық  электрондық желіні пайдаланып жұмыс істеп келеді. Бас-аяғы 500 мекемені, яғни, барлық министр­ліктер мен уездік басқармаларды, департаменттер мен инспекцияларды қамтыған бұл жоба-жүйе Еуропалық комиссия тарапынан жоғары бағаланып, оған көршілес басқа елдер де қызығушылық таныта түсті.

2005 жылы қазанда  Эстония тұрғындары әлемде тұңғыш болып, жергілікті билік органдарын сайлауда үйлерінде отырып, интернет арқылы дауыс беруге қол жеткізді. Екі жылдан соң, яғни, 2007 жылы өткен парла­мент сайлауында эстондықтарға қалауларына қарай интер­нет көмегімен дауыс беру мүмкіндігі берілді. Мәлімет үшін айтар болсақ, 2011 жылғы парламент сайлауында сайлаушылардың 15,4 пайызы  интернеттік дауыс беру құқығын пайдаланды.

Жалпы, бір сөзбен айтқанда, Эстонияда «электрон­дық үкімет» жүйесін енгізу мемлекеттік басқару аппа­ратын ұстауға жұмсалатын шығынды  азайтты, сыбайлас жемқорлық жолын біршама кесіп, кәсіпкерлердің билікке деген сенімін арттырды.

Әрине, Эстонияның экономикалық дамуында қиын­дық жоқ, барлық мәселе шешілді деп айтуға болмайды. Мәселен, қазіргі таңда елдің ЖІӨ 69 пайызын – қызмет көрсету саласы, 29 пайызын – өнеркәсіп, 3 пайызын – ауыл шаруашылығы құрайды. Бұдан байқайтынымыз, қызмет көрсету саласының үлес салмағы басым. Дәлірек айтқанда, қонақ үй қызметі мен сауда-саттық, шағын құрылыс жақсырақ дамыған да, жоғары өнімділікке ие коммерциялық қызмет, өнеркәсіп және қаржылық делдалдық кенжелеу қалып қойған. Сондай-ақ, өндірісте ғылымның жетістігіне, озық техника мен техноло­гиялардың қолданылуы төмен. Ел экономикасының алдындағы ең бір күрделі мәселе осы болып тұр.

Мұны тездетіп қолға алмаса, жаһандық бәсекелестік белең алған заманда Эстонияның ЕС құрамындағы басқа әріптестерінен қалып қоятынын эстондықтар жақсы біледі.

 

Таллинн мен Астананың арасы…

Эстония астанасы  — Таллинн мен Астананың арасы 3034 шақырым. Уақыт айырмашылығы — 4 сағат. Алайда, бұл айырмашылықтар екі елдің байла­нысы мен ынтымақтастығына кедергі бола алмайды.

Қазақстан да, Эстония да тәуелсіз мемлекеттер бол­ған бойда 1992 жылдың 27 мамырында өзара диплома­тия­лық қатынас орнатты. Араға екі жыл салып, 1994 жыл­­дың маусымында Эстония Республикасының Президенті Л. Мери  біздің елімізге келіп, оның сапары барысында өзара түсіністік пен ынтымақтастық  жайында келісім-шартқа және сыртқы істер ведомстволарының ынты­мақтастығы туралы келісімге қол қойылды. Сол жылдың тамызында  Қазақстан Республикасының Прези­денті Н.Ә. Назарбаев­тың Эстонияға жасаған ресми сапары кезінде екі ел арасындағы өзара байланыстың негіз­гі бағыт­тары жөніндегі бірлескен Мәлімдеме жасалынып, бекітілді.

Осы сияқты 2009 жылғы 7-9 сәуірде  Эстон үкіметінің басшысы А. Анисип Астанаға келіп, Президент Н.Назар­баевпен, Параламент Сенатының төрағасы Қ. Тоқаевпен және  Премьер-министр К. Мәсімовпен  келіссөздер  жүр­гізіп, екі жақтың келісіміне қатысты бірқатар құжат­тар қабылданды.

Бұдан соң 2011 жылдың 20-21 сәуірінде ҚР Президенті Н.Назарбаев  Эстонияға мемлекеттік сапармен барып, ел­дің жоғарғы басшылығымен кездесулер жасады. Оның қорытындысы бойынша,  екі мемлекет  арасындағы әріп­тес­тікті тереңдетуге бағытталған келісімдерге қол қойыл­ды.

Сондай-ақ, 2012 жылғы  6 қыркүйекте Эстония пре­мьер-министрі А.Анисип елімізге жұмыс сапарымен ке­ліп, Елбасымыз Н. Назарбаевпен келіссөздер жүргізді. Мұнан соң ҚР Үкімет басшысы К. Мәсімовтің қатыс­уы­мен қазақ-эстон бизнес форумы өткізілді.

Екі елдің арасында сауда-саттық  әзірге белең ала қойған жоқ. Тауар айналымы 57,7 млн. доллар көлемінде. Оның ішінде экспорт — 1,4 млн. долларды, ал импорт – 56,3 млн. долларды құрайды. Бүгінгі күні  эстон капита­лының қатысуымен елімізде 70 кәсіпорын жұмыс істейді. Олар, негізінен, экспорттық-импорттық операциялармен, құрылыс жұмыстарымен, делдалдық қызмет көрсетумен, жиһаздар шығарумен, тағамдық өнімдер саудасымен айналысады.

Қазақстан жағын Эстонияның  транзиттік-көліктік әлеуеті, экология, энергия мен суды үнемдеу саласын­дағы технологиялары, жемісті жұмыс істеп отырған ІT технологиясы және электрондық үкімет жүйесі қызықтырады.

Екі мемлекет арасындағы Экономикалық, ғылыми және технологиялық ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақ-эстон үкіметаралық комиссиясы құрылып, нәтижелі жұмыс істеуде.

Бұл айтылғандарға қоса, мәдени-гуманитарлық саладағы байланыстар да қалыптасып келеді.  2004 жылдан бері Эстония астанасында  Қазақстанның  мәдениеті мен тарихына қатысты түрлі  мәдени шаралар өткізетін «Абай» қоғамы жұмыс істейді. 2009, 2011 және 2014 жылдары Таллиннде қазақ киносының күндері өткізілді. «Болашақ» бағдарламасы бойынша  студент­теріміз Тарту университетіне жіберіле бастады. Меди­цина, халықаралық экономика мамандықтары жөнінен де  екі жақтың  студенттер алмасу амалдары жүзеге асуда.

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

 

«Ақшамның» анықтамасы:

Эстонияның 62 жастағы қазіргі президенті Тоомас Хендрик Ильвес Швецияда туып, АҚШ-та білім алған. Мамандығы бойынша журналист, саясаткер, дипломат. Шешесі Ираида Сийтам 1927 жылы Ленинградта туған. Оның анасы Елизавета Чистоганова байырғы Санкт-Петербург тұрғыны. Елизаветаның күйеуі Пеэтр Сиийтам түбі эстондық болған. 1944 жылы Эстонияға кеңес әскерлері басып кіргенде Ильвестің ата-анасы Швецияға қашып, қоныс аударған. Ильвестің бүкіл балалық, жастық шағы Америкада өткен. 1972 жылы Нью-Джерси штатында орта мектепті бітірген. Әуелі психология мамандығы бойынша Колумбия университетінде бакалавр, кейіннен Пенсельвиния университетінде магистр дәрежесін алған.  1981-83 жж. Канададағы Ванкувер әдебиет орталығында көркемдік жетекші және директор. 1983-84 жж. сондағы Саймон Фрейзер атындағы университетте эстон әдебиеті мен тілінен сабақ берген. 1984-88 жж.Мюнхеньдегі «Свободная Европа» радиосында талдаушы, 1988-93 жж. сондағы эстон редакциясының меңгерушісі қызметін атқарған.  1991 жылы атамекені Эстонияға оралған. 1993-96 жж. Эстонияның АҚШ, Канада және Мексика елшісі болған. 1996-98 жж. және 1999-2002 жж. Эстонияның сыртқы істер министрі болып қызмет еткен. 2006 жылғы наурызда өткен сайлауда Тоомас Хендрик Ильветі Реформалар мен Социал-демократиялық партиялары президенттік қызметке ұсынып, жеңіске жетті. 2011 жылдың тамызында ол екінші рет президент болып сайланды.

Сыртқы саясатта «Мәскеуге жол Брюссель арқылы» жүру керек деген бағыт ұстанады.  2008 жылғы Ресей-Грузия қақтығысында Литва, Латвия және Польшамен бірігіп, Тбилисиге қолдау білдірді. Ішкі саясатта президенттің саяси саладағы «моралдық төреші» ретінде ықпалының зор болғанын жақтайды. Оның ойынша, «Эстония — барлық тұрғындары үшін қолайлы мекен» болуға тиіс. «Біз үшін әрбір адам маңызды» дейді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *