«Дала, сенің ұлыңмын!»

Әбдіраштың Жарасқанын еске алған поэзия кеші өтті

Жуырда Қазақ-Америка университеті жанындағы «Дара оқырман» поэзиялық клубы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы және Ардагерлер ұйымдарының «Қазақстан Ардагерлері» қауымдастығы қолдауымен, Қазақстан Жазушылар одағының жетекшілігімен қазақтың асыл перзенті, танымал ақын, журналист, жазушы-сатирик, аудармашы Жарасқан Әбдіраштың 70 жылдығына арналған «Дала, сенің ұлыңмын!» атты поэзия кешін ұйымдастырды.

Поэзия кеші Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев ұсынған «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» мемле­кеттік бағдарламасын іске асыру аясында өткізілді.

Еске алу алу кешіне Шөмішбай Сариев, Темірхан Медетбек, Нұрлан Оразалин, Зейнеп Ахметова, Ғайникен Бибатырова, Қали Сәрсенбай, Қалдыбек Құрманәлі сынды қазақтың белгілі ақын-жазушы­лары, сазгерлер, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатысты. Сондай-ақ, кешке Қазақ-Америка университетінің оқытушы­лары, Алматы қаласындағы бірқатар мектеп директорлары, «Қазақстан Ардагер­лері» қауымдастығының өкілдері, универ­ситет пен колледж студенттері және орта мектеп оқушылары қатысты.

Айтулы кеште ақынның поэзиясын сүйетін жас оқырмандар Жарасқан Әбдіраштың өлеңдерін мәнерлеп оқып, тыңдармандарды бір серпілтіп тастады. Мәселен, Қазақ-Америка университетінің және ҚАУ жанындағы Алматы байланыс колледжінің студенттері Аяшова Айзада, Дүйсенбі Әлішер, Қадыров Данияр, Пірманова Маржан, Омарова Марьям, Сейілбек Ернұр, Алпысбаева Жұлдыз, Шыңғысхан Жанәбілдің және университет жанындағы ЮНЕСКО ассоцияланған мектептің оқушылары Сопыбек Алдияр, Давид Алврцян, Тілепов Батырхан, Мақа­жанова Камилла, Саудабаева Томирис сынды жеткіншектердің нақышына келтіре оқыған өлеңдері жүректерге жол тапты. Сон­дай-ақ, қазақ поэзиясының жас жанашыры Мадина Жәрдембекқызы мен 5 жасар Азат Айтұмар оқыған өлеңдер де көпшілікті тәнті етті.

Поэзия кешіне ақынның жары, жеке хатшысы Нәзігүл апай, ұлы – казақтың дарынды кинорежиссері, суретші, сцена­рист Рүстем Әбдіраш, келіні Мадина және немерелері Іңкәр мен Әбілқайыр да қатысып, атсалысты.

Ж.Әбдіраш 1948 жылы 7 наурызда Қызылорда облысы, Арал ауданының Аманөткел ауылында дүниеге келген. 1969 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Журналистика факультетін бітіргеннен кейін, Журналистика және публицистика саласымен айналысып, республикада танымал «Қазақ әдебиеті» және «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеттерінде, сондай-ақ, «Жұлдыз» журналында тілші болып еңбек етті. Кейінгі жылдары «Тама­ша» музыкалық ойын-сауық театрында және Қазақстан Жазушылар одағы жанын­дағы көркемдік аударма және әдеби бай­ланыстар жөніндегі бас редактор қызметін атқарды.

Жарасқан Әбдіраш тақырыптық жағынан сан алуан өлеңдер, публицисти­калық очерктер, басқа да әдеби жанрларда өндірте жазып, өзінің ішкі жан-дүниесімен, адамға және өмірге деген қарым-қатына­сын оқырмандарымен бөлісіп отырды. Ол Қазақстандағы эпиграмма жанрының бастауында тұрған алғашқы ақындар­дың бірі еді. Өз шығармаларында адамзат­тың, қоғамның, жеке адамның, сондай-ақ, әйел затының проблемаларын қозғап, қазақ тарихына, әдет-ғұрпына да байланысты өз ойларын ұсынды.

Жарасқан Әбдіраш қазақ авторлары­нан алғашқысы болып атақты үнді ақын-жырауы, композитор Рабиндранат Тагор­дың туындыларын көркемдік стилі негізінде аударды. Сондай-ақ, Александр Пушкин, Корней Чуковский мен Алек­сандр Блок сияқты танымал ресейлік ақын-жазушылардың шығармаларын, өлеңдерін асқан шеберлікпен аударған бірегей ақын.

Өзін Әбдіраштың Жарасқаны деп атаған біртуар ақын бірқатар марапат­тардың иегері, оның ішінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі және Мағжан Жұмабаев сыйлығының лауреаты атанды.

Ақын балаларға және олардың мәселелеріне баса назар аударып, шығар­машылық тұрғыдан Қазақстандағы бала­лар әдебиетінің, оның ішінде поэзиясының дамуына айтарлықтай үлесін қосты. Қазіргі заманғы балалар поэзиясының жаңғы­руына ықпалын тигізді.

Қазақтың асыл перзенті Әбдіраштың Жарасқаны қысқа өмір сүргенімен, өзінің әр тақырыптағы, әр жанрдағы шұрайлы шығармаларымен қазақ әдебиетінде ойып тұрып орнын алды. Біз ардақты азаматы­мызды ешқашан ұмытпаймыз.

 

Қ.ӘБДІХАЛЫҚОВ,

Қазақ-Америка университетінің деканы.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *