Дала қоңырауы

Елжас Бекеновтің рухына

Шөмішбай САРИЕВ,

ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

Жазушы, сыншы Елжас  Жүнісұлы Бекенов қазақ баспасөзінің майталман қаламгері, әр жылдарда қазақ баспасөзін басқарған, қазақ баспасөзінің дамуына ерекше үлес қосқан тұлға. Орынборда білім алған ол Мәскеуде институт бітіріп, Пермде, Томбы губерния­сында, Орынборда қызмет­тер атқарды, шығармалары Ташкентте жарық көрді. 1892 жылы Ақмола губер­ниясы, Көкшетау уезінің Қарағаш ауылында туған Елжас Бекенов 1938 жылы Алматыда жазықсыз аты­лып кеткен. 

 

Алатау шыңдарына кім шыға алған,

Тағдыры боп тартылған мың сын арман,

Елжас Бекенов – Ілияс Жүнісұлы,

Заманында жазушы, сыншы болған.

Өз жолы бар адамның жол алдың ба,

Тарих деген қарамас бел алдың ба.

Қазақ деген халқына танылған ол,

Беделді қайраткер боп Ел алдында.

Бақ дәулет қону қиын дара басқа,

Ол кезде дауылды жел, дала басқа.

Солтүстік Қазақстан ел мекені,

Туған жер – туып-өскен Қарағашта!

Жүрегін Елжас өзі сезеді ме,

Бір дарын ұялапты өзегіне,

Мәскеудің институтынан тәлім алып,

Бар білімін арнаған өз еліне!

Мекендеген ұлт басқа, дала да жат,

Теңселген замана ғой бар азамат.

Қателескен кезі де болған шығар,

Қазақ үшін жан салған нар Азамат!

Қым-қуыт замана да жолы өрлеген,

Теңізге сапар кешкен нелер кемең.

Белді буып Бекенов Елжас ақын,

Өз жолын бастаған-ды өлеңменен!

Туған жерде ен дала жоталы кең,

Ұрпақ өсіп жатады бұтағымен.

Жазушы екендігін елі білді,

«Жаңа жол бойында» атты кітабымен!

Баспасөз биліктерін өзі атқарып,

Еркіндік тұлпар атпен босап барып,

«Алтынды жүйеменен» жүйе тапты,

Жазушы, сыншылықты қоса атқарып!

Күресті ашып тастап омырауын,

Еркіндікке ұмтылған толы қауым.

Өзі жазған «Бүгінгі ауыл елесімен»,

Қозғады Тәуелсіздік  «Қоңырауын».

Шыққан ғой жусанды өлке, гүл даладан,

Түсінер, түсінбес те бір қараған.

Әуезов, Мұқановтай ұлыларға,

Сын айтып, сыншы болған тұлғалы Адам!

Жан емес құр бекерге сезім қуған,

Елім деп еткен жан ғой өзін құрбан.

Бекенов Елжас өзі ұлтым деумен,

Сонау бір, сол жылдары көзін жұмған.

Кезінде Азамат боп гүлдеп өтті,

Бұл ғұмыр, қысқа ғұмыр кімге жетті?!

Шын аты – Ілияс боп бұл өмірден,

Арыстар кеткен жолмен бірге кетті!

Ұмыта алмас Елжастай серкесін де,

Нар жігіттің талай жүк өркешінде.

«Кеңес аулы» газеттің редакторы,

Сонау бір Петропавл өлкесінде.

Бірінсіз-бірі өмірдің болмас еді,

Артық болмас мұндайда толғаса елі,

«Екпінді құрылыс» атты газетті де,

Басқарған Оралда да Елжас еді.

Ол кезде Мемлекет пен Ел жас еді,

Адамның орны биік толмас еді.

Ең алғаш «Еңбекші қазақ» газетінде,

Көтерген жүгін осы Елжас еді.

Саясатпен жатса да құрықталып,

Дәуірмен шығады ғой сұрыпталып.

Елжастай  елі үшін күрескен ер,

Ағайын, сол қазақты ұмытпалық!

 

Арада үзілгендей ғасыр жатыр,

Өзі жайлы сыр тыңдап асыл жатыр.

Қазақтың баспасөзі құрылғаннан,

Бекенов сол баспасөз басында тұр!

Қарсы алған қасиеттеп жолда анасы,

Елжастай жолды салған ел данасы.

Қазақтың жазушысы, әрі сыншы,

Әдебиет-анамыздың төл баласы!

Құралған Тәуелсіз ел жан-жақтыдан,

Бәрі де шығар әр кез салмақтыдан,

Елжас бұл қазағымның қаламгері,

Өзі жазған кітаптай «Ардақты жан»!

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *