Дала дастанының түйткілдері

Тарихта таққа таласқан адамдар аз болмаған. Әсіресе, Алтын Ордада таққа  таласқан жандар өте көп болған. Онда бауыры таққа отыру үшін өз бауырларын ғана емес, сондай-ақ, әкесін, тіпті өз анасын да өлтірген жағдайлар орын алған. Осы қуатты Алтын Ордада ондаған жылдардың кезеңінде 50-ден астам ханның ауысып, билік жүргізуі мұның жарқын дәлелі бола алады.

1357 жылдың шілдесінде ханзада Бердібек Алтын Орданың астанасы – Сарайда өз әкесі – Жәнібек ханды  қылқын­дырып өлтіріп, өзін ханмын деп жариялап, таққа отырды. Ал Өзбек ханның ұлы Жәнібек те өз бауырларын өлтіріп, таққа отырған болатын.

Осы орайда барлығын да басынан бастайық. Әдетте Алтын Орданың тұңғыш ханы деп Беркені атайды. 1220 жылы моң­ғолдардың Хорезм бекінісін алуы кезінде Шыңғыс ханның қолына Хорезм шахы Алла ад-дин Мұхаммедтің анасы Теркен ханым мен оның немересі Хан-Сұлтан түседі. Шыңғыс хан оны үлкен ұлы Жо­шыға үшінші әйелі ретінде береді. Одан үш ұл дүниеге келеді. Оның үлкені Берке еді.

Берке інісі Батыйдың құқығын пайда­лана отырып, таққа отыру үшін күресуге бел байлайды. Алайда, тақтың тікелей мұрагері Батыйдың үлкен ұлы – Сартак бар еді. Берке Жошының ұлдарының ішінен бірінші болып Ислам дінін қабылдайды. Ал Сартак христианин еді. Берке осы мүмкіндікті пай­да­ланып, Сар­так­тың империяның астанасы Қарақо­рымда екенін ескеріп, өзінің бауыры Беркешарыға Сартактың сарайына қазақ даласы арқылы өтіп, оны ертіп келуге нұсқау береді. Сартактың құрметіне ойын-сауық ұйымдастырылады. Ойын-сауық кезінде Сартактың ішімдігіне у қосылып беріліп, ол уланып өледі. Одан соң жасөспірім Улакчи бір жылға жетпей­тін уақытта билік етіп, күтпеген жерден қайтыс болады. Берке таққа отырады және барлығына кінәлі деп тауып, Борақшын ханымды халықтың алдында дарға астырып өлтіреді.

Беркенің 1257–1266 жылдары хандық құруы Иранды,  Оңтүстік Кавказды билеп отырған немере бауыры Ильхан Хулагуге қарсы ұзаққа созылған соғыстармен атап өтіледі. Кескілескен шайқастар ханның сүйіктісі, арам пиғылды Ноғайдың басшы­лы­ғымен Әзербайжан аумағының басым бөлігінде болды. Берке Алтын Орда ханда­рының арасында бірінші болып, шыққан тегі қыпшақ, бүкіл Жерорта теңізінің, Египеттің билеушісі Бейбарыс сұлтанмен байланыс орнатады. Каирге негізінен түріктер, қыпшақтардан құралған сұлтан­дық гвардия жөнелтіледі.

1266 жылы он жыл басқарған соң Берке хан қайтыс болады. Алтын Орда оны ішегі бұралып, қайтыс болды деген ақпарат таратады. Таққа Батыйдың немересі Меңгі-Темір отырады. Ол бірінші кезекте бұрынғы ханның сүйікті зайыбы, қолында билігі бар әйел, қулығына құрық бойламайтын Джиджек ханымды әйелі ретінде алады. Осы жаңа билеушінің осыған дейін қазақ­тың Қоңырат, Үйсін тайпаларынан шыққан басқа да әйелдері бар еді. Көптеген ұрпақ­тарды қалдырған онға жуық ұл Батыйдың тармағын әрі қарай өрбіте берді.

Меңгі-Темірдің анасы моңғолдың ықпалды тайпасы Ойраттан шыққан Кучу ханым болатын. Оның ұлының моңғолдың дәстүрлі діні Тәңірге табынуды насихаттай­тыны осымен түсіндіріледі. Бірақ Меңгі-Темір Бейбарыс сұлтанмен байланысын жалғастыра отырып, таяуда орналасқан Ресейді табыстардың және адамдардың ресурсының көзі ретінде пайдаланады.

Меңгі-Темір қайтыс болған соң, оның қыздарының бірі Смолинскийдің және Ярославскийдің князі Федор Чермнойға тұрмысқа шығады және Христиан дінін қабылдап, шоқынып, оған Анна деген есім беріледі. Сонымен, 170 жылдан астам уақыт бойы Ярославль Мәскеу мемлекетіне қосыл­ғанға, яғни 1471 жылға дейін, Ярос­лавль князьдігін әйелдік тармақ бойынша Меңгі-Темірдің тікелей ұрпақтары биледі.

Меңгі-Темір Еуропамен сауда жаса­луына игі ықпал етеді. Сондай мүмкіндікті пайдаланып, Қырымда және Қара Теңіздің солтүстік жағында италияндықтар көшіп келіп орналасады, көптеген консулдықтар ашылады. Ол Кавказдың оңтүстік бөлігінде қауіпсіздік орнату үшін, ежелгі жауы – Иранның ильханы Абагомен Өзара бейбітшілік туралы шарт жасасады. Меңгі-Темір Алтын Орданың барлық аумағында қолданылатын, өзінің титулы бейнеленген бірыңғай монетаны басып шығару туралы бұйрық береді. Тұңғыш рет монеталарда «Батый үйінің таңбасы» аталатын, Алтын Орданың барлық аумағының тұтастығын, халықаралық аренадағы оның қуатын айқындайтын белгілер көрініс табады. Осы монеталарды қарап, зерделей отырып, бұл біртұтас мемлекеттің құрылғанына 750 жыл толды деп пайымдауға болады.

Меңгі-Темірдің тұсындағы Алтын Орда­ның қуаты жөнінде келесі факт баяндайды. 1270 жылы Ревельде (Таллин) орналасқан Тевтон орденінің ерсерілері орыс жерлеріне қарсы кезекті жорық жасады. Зәресі ұшқан Ұлы Новгородтың князі Ярослав Меңгі-Темірден көмек сұрап, өтініш жасайды. Меңгі-Темір хан Владимир наместнигінің алым-салық жинаушысы Әміреғанға немістермен келіссөз жүргізу жайлы бұйрық береді. Немістер жер қайысқан, мұздай қаруланған әскері бар Алтын Орда отрядын көріп, Новгородпен бірден-ақ бейбітшілік туралы келісім жасасады. Меңгі-Темір бұдан бұрын да бірнеше рет Ресеймен ынтымақтастық жасасқан болатын. Меңгі-Темір кезең-кезеңімен ортақ жауға қарсы бірнеше рет өз сарбаздарын аттандырған болатын. Айталық, 1274-1275 жылдары негізінен қыпшақтардан тұратын моңғол әскері Литваға қарсы жорыққа қатысты.

Таққа таласудың салдарынан Меңгі-Темір хан да қайтыс болды. Осы тұтас үдерісті Ноғай бақылап отырады. Ол Меңгі-Темірдің інісі Туда-Меңгіге арқа сүйеді. Бірақ жаңа хан Туда-Меңгі күшейіп алып, Ноғайдың өкілеттігін шектеуді ұйғарды. Осы сәтте Ноғай Туда-Меңгінің жиені – Тула-Бұғыны тақтың жаңа үміткері, бәсе­келесі ретінде аренаға шығарады. Ал Туда-Меңгіні халық алдында ақылынан адасқан деп жариялап, биліктен ығыстыр­ды. Арада екі жыл өткен соң Ноғайдың ықпал етуімен ол құпия жағдайда ажал құшты.

Тула-Бұғы Ноғайдың қолбасшылық ету қабілетіне ашық түрде күмән келтіре бас­тады. Ноғайға оның бұл әрекеті ұнама­ды. Ол 17 жасар Тоқтаны хан етіп жария­лауға бекем бел буды. Осы кезеңде Меңгі-Темірдің ұлдары – көптеген ханзадалар арасында таққа таласу басталған еді.

Ноғай өзіне арнайы шатыр тіккізіп, әл үстінде жатқан ақсақалдың рөлінде ойнап, алдын-ала аузына қан толтырып алып, оны құсқан сыңай танытты. «Ноғай әл үстін­де жатыр» деген әңгімені естіп, Батыйдың төрт ұлы шатырға кіріп, осы ақсақалдың соңғы сөздерін есту үшін оның жанына жақын барып отырған кезде тиісті белгі бойынша Ноғайдың жақтастары шатырды қоршап, әлгі төрт жігітті ұстап, тұтқындайды. Ноғай тұтқындалған төрт жігітті Тоқтаға алып баруға бұйырады. Алып барған соң өзі де Тоқта­ның жанына барып, былай дейді: «Тула-Бұғы, сенің әкеңнің патшалығын және сенің патшалығыңды иеленді, осы сенің әкеңнің ұлдары сені өлтіруге келісім берді. Оларды сенің қолыңа бердім, олар бойынша не істесең де, өз еркің».

Тоқта көп ойланбастан, Батыйдың төрт ұрпағын, олардың ішінде өзінің екі бауыры бар, дарға асып өлтіріледі. Көп ұзамай, оның бұйрығына сәйкес Меңгі-Темірдің үш ұлы да дарға асып өлтіріледі.

Осылайша Тоқта хан болып, таққа отырады. Меңгі-Темірдің кіші ұлы, Қоңы­раттан шыққан Олжай ханымнан туған Тоқта кейінірек Тоқтамыс хан атанып, Алтын Орданы 1291 жылдан 1312 жылға дейін басқарады. Ол 38 жасында қайтыс болады. Ресми мәліметтерге сәйкес, өзінің иелігіндегі орыс жерлерінде – кемемен Жайық өзенінің бойында серуендеуі кезін­де кеме апатқа ұшырап, ол суға батып, қаза тапқан деген дерек бар. Алайда, оның жиені Өзбек оған у беріп өлтіргені жөнін­дегі факті де бар. Көп ұзамай, Меңгі-Темір­дің немересі осы Өзбек өзін хан деп жария­лап, Алтын Орданың кезекті ханы болып, билік жүргізеді. Таққа таласқандар жөнін­дегі тарихи деректер осыны баяндайды.

Омар БӘКІРҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.

Жәмила ОРАЗБАЕВА,

№178 лицейдің қазақ тілі және

 әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *