ҚҰДАЙ НЕ БЕРСЕ ДЕ, БІЗДІҢ АНАЛАРЫМЫЗДЫҢ ПЕЙІЛІНЕ БЕРЕДІ

100Мен Мәскеуге келгенде аспирант  құрбымның жа­тақ­ханасында бір мол­давия­лық  әйел жұмыс істейтін. Жасы ол кезде  алпыс тоғызда болатын.  Жатақханадан бөлек шір­кеудің  және бір дүкеннің еденін жуа­тын. Жасы келсе де, үш жұмыс істей­тініне таңғала­тынбыз.

Жатақ­ханада кішкентай бөлмесі болатын. Әлгі молдаван кемпір үш жұмысынан бөлек, бәліш пісіріп, сататын. Жатақханада туған күнін тойлайтын студенттер әлгі кемпірге  ақшасын төлеп, тамақ жасататын.  Молда­виядан қызы ай сайын пойызбен шарап салып жіберетін. Вокзалға ба­рып, жолсеріктен қызы салып жіберген шарапты алып, сататын.  Жатақхананың тұрғындары Мар­гарита апайдың еңбек­қорлығына, өлер­мендігіне таңғалатын. Біреулер кемпірді «шаршамайтын шайтан шығар» десе, енді біреулер «Мол­давияда сығандар көп тұрады. Маргарита – молдаван емес, сыған болуы керек. Сұғанақтығы сығанға ұқсайды» дейтін. Маргарита апай  кескін-келбеті, «орысшасы» орысқа мүлдем ұқсамаса да, өзін «орыспын» деп таныстыратын. Әйтеуір, байғұс кемпір орыс болғысы келетін. Оның орыс түгілі, молдаван екеніне ешкім сенбейтін.

Кемпір ай сайын Молдавияда тұра­тын ересек балаларына ақша салып тұратын. Мәскеуде қара жұмыс істейтін баласы шешесіне келіп, санаторийде жатқандай демалып кететін.

Былтыр жетпіс бірге келген кемпірді жатақханадан жұмыстан шығарып жіберді. Жұмыстан шық­қасын тұрып жатқан бөлмесін де өткізді. Бірақ, мойыған Маргарита болмады. «Шар­шаған шығарсыз, жасыңыз болса, жетпістен асты. Енді қалған екі жұ­мысыңызды  істейтін шығарсыз» дегендерге, «шаршағаны несі?» деп, Маргарита ренжіп қалыпты. Сосын тағы бір жұмыс тауып алыпты. Бүгінде жасы жетпіс екідегі кемпір әлі де қатарынан үш жұмысты істейді.

 

P.S. Молдавандар нан іздеп Ресейге, басқа да мемле­кет­терге қаңғырып кеткен. Мәскеуде қара жұмысқа «жегілген» мол­давандарды жиі көресіз. Қартайған аналарын қаң­ғытып жібе­ріп, шешелері жіберген ақшаға өмір сүріп жатқан балаларын аяй­сың. Ал Маргаританың сөзіне сен­сеңіз, «энергия­сын шығар­маса, ауырып қалады екен».

Қазақтың әйелдерінің ниеті таза, пейілі кең ғой. Құдай не берсе де, біздің ана­лары­мыздың пейіліне бере­ді.

 

 

«Тірі Бекежанды» кӨре алмай кетті

Уақытты сағындым… Мен ауылда ғана уақытқа деген сағынышымды ұмытам. Тек техниканың дамуымен бірге ауыл адамдарының қарым-қатынасына сызат түскені, олардың бір-біріне үрке қарауы, «жасандылық ауруын» жұқтырып алғандығы жанымды ауыртады.

…Арық жағасында орналасқан мына қоржын тамда бақырауық Құрбан көкем тұратын. Біздің ауылда екі Құрбан бар: бірі – қара Құрбан, екіншісі – бақырауық Құрбан. Бірақ, бақырауық Құрбанның біреумен жаға жыртысып, төбелесіп, біреудің мұрнын қанатқанын көрген адам жоқ. Марқұм еңбекқор жан еді. Көктем шыға есік алдындағы бақшаны жалғыз өзі күрекпен аударып, картоп, қияр, қызанақ егетін. Бақшасында алты түп қарала болатын. Құрбан көкем терлеп-тепшіп егіп, еңбектеніп өсірген картопты көршілері қазып алып, әкете беретін. Қараладан көршілері тосап қайнатып жататын. Мен де қараланы етегіме толтырып, үйге таситынмын. Бірақ, бақырып, іштарлық жасаған Құрбан көкемді, не әйелін көрмейсің. Өзі ашық мінезді, ойын жасырмай айтып салатын, айналасындағы адамдармен айқайлап сөйлесіп жүретін адам еді. Теледидарымыз бұзылып қалса, сол үйге «көшіп» баратынбыз. Қолмен сүт беріп өсірген інімнің қоңыр қозысы болатын.  Інім қайда барса да, қозы еріп жүретін. Бізбен бірге қозы да Құрбан көкемнің үйіне кіретін. «Әй, мына қозыны сыртқа шығарыңдар, үйді былғайды» деп жатқан әйелін көрмейсің. Әйелі Ұлди қозының басын сипап, кино көріп отырады. «Құрбан көкем» деп жатырмын ғой, ол кісінің бізге ешқандай туыстығы жоқ, руы бөтен. Құрбан көкем балық ұстап әкелген күні көрші-қолаң үшін мейрам. Шақырмаса да, «Құрбан балық ұстапты» деп, үлкен-кіші сол үйге қарай  бет алады.  Көршілер Құр­бан көкем шабақ ұстаса да, біліп қояды. Себебі, әйелінің қолы ашық, мейірімді жан. Көрші-қолаңның бәріне екі-үш балықты қайдан жеткізсін?! Балықты картоп қосып, қуырады. Балық жеп отырып, теледидардың үстінен әрқайсымыз кезек-кезек ұрып, кино көреміз. Төрт үйге – бір теле­дидар. Үш үйдің бұзылған теледи­дары шебердің үйінде. Сәрсен көкем­нің теледидары жөндеуге келмейді екен. Ал Мұрат көкем шеберді арақ­пен сый­ламапты. Теледидарымызды шебер­­ге апарып тастағанымызға бір жеті, әкем шеберді арақпен де сыйлап қойған. Тек бір «темірі» табылмай жатқан көрінеді. Бұл – «тағы бір жартылық керек» деген сөз. Сонымен, бәріміз күн сайын «тегін кинотеатрға» барамыз.

«Қыз Жібекті» әр көрген сайын Құрбан көкем күс-күс қолына ұзақ қарап, «Биыл картошканы көп егіп, сатып, Алматыға барып,  демалам. Сонда арнайы Бекежан­ды іздеп барам. Ойбой-оу, тірі Бекежанды көру арманым ғой, арманым» деп қояды.  Құрбан көкем арманына жете ал­ма­ды. Осыдан үш жыл бұрын дүние салды.

Ауылға барған сайын Құрбан көкемнің үйіне ұзақ қараймын. Ауыл адамдарының бір-біріне деген жылы­лығы мен мейірімділігін сағынсам керек…

 

***

Қазақ қыздарының өзге ұлтқа тұрмысқа шығуына мүлдем қарсы­мын. Себебі, ұлтты сақтайтын – әйел. Көшеде қазақ қыздарының басқа ұлтпен қолтықтасып бара жатқанын көрсем, көңіл-күйім бұзылып, түңіліп кетем. Әсіресе, елден жырақта жүргелі  «қазақ қыздары туралы ешкімнен жаман сөз естімесем екен» деп тұрам. Мәскеуде өмір сүріп жатқаныма екі жылдан асты. Сыртта жүрген әрбір қыз өз елінің бет-бейнесі екенін, өзге ұлттар сенің жүріс-тұрысың арқылы ұлтыңа баға беріп жататынын білсе екен, соны үнемі назарда ұстаса екен деймін.  Қыз – ұлттың намысы, ары мен ұяты. Өкінішке қарай, мұны біреу білсе, біреу білмейді.

Осыдан екі жыл бұрын Мәскеуде бір қазақ қызбен таныстым. Екеумізді ортақ құрбымыз таныстырды. Әлгі қазақ қыздың жігіті грузин екен. Жігітінің табысы жақсы екенін,  сол жігітпен жүргелі азық-түлікке, басқа да шығынға  бір тиын да шығар­мағанын мақтанышпен айтты. Тіпті грузинді  әлгі қыздың шешесі мен туыстары да біледі екен.  Ол қызға тек қана қалталы жігіт керек екенін түсіндім.

– Мәскеуде қазақ жігіттері көп қой. Егер саған сені асырайтын жігіт керек болса, қазақ жігіттерінің ішінен де ақшасы бар жігіт табылар еді, – дедім.

Шынымды айтсам, мен онымен басқаша қалай сөйлесуге болатынын білмедім. Ұлттық құндылық, ұлттық намыс… бұл ұғымдар оған мүлдем жат еді.

– Ой, біздің қазақтың жігіттері «жадный» ғой, ақша шығармайды, – деп  ыржалаң-ыржалаң етеді.

– Қазақ жігіттері туралы әңгіме айту үшін саған өре керек. Қазақ жігіттерінен садақа кет, – деп қатты айтып тастадым.

Өзі «елге келгесін, қазақ жігітке тұрмысқа шығамын» деп қояды. Осындай жеңілтек қыздардың жақсы жігіттерді ұстап алып, обалына қалатынын ойласаң, әрине, жүрегің ауырады. Мен мұны не үшін айтып отырмын. Себебі, шетелде жүрген мұндай қазақ қыздары  ұлттың атына кір келтіреді. Меніңше, «Болашақпен», басқа да бағдарламамен шетелге оқуға кетіп жатқан қыздарға қатысты қатаң талаптар қойылуы керек.

Шетелде жүрген қыздарымыздың ішінде «біз – қазақтың бет-бейнесіміз» деп, ұлтымызды жақсы жағынан насихаттап, қазақтың  сөзін сөйлеп, намысын қорғап, өз болашағын тек ұлт болашағымен байланыстыратын қыздар да жетерлік.

 

Ол ертегілерін балаларға  арнап жазбаған

Әйгілі ертекші Андерсен өмір бойы «мені біреулер улап өлтіреді не өрттен өлемін» деп қорқыпты. Үнемі өзімен бірге «өрт бола қалса, терезеден сыртқа секіріп түсем» деп арқан алып жүріпті. Андерсеннің ертегілерін қатты бағалайтын скандинавиялық балалар  ертекшіге сыйлық жасағысы келеді. Олар ақша жинап, Андерсенге бір қорап кәмпит жібереді. «Мені біреулер улап, өл­тірмекші» деп қорыққан ертекші кәм­питтің бір бөлігін көршінің балала­рына таратып беріпті. Ертесіне  өзі кәмпит берген балалардың аулада ойнап жүргенін көргеннен кейін барып,  Андерсен кәмпиттен ауыз тиіпті. Андерсеннің 156 ертегісінің 56-сы басты кейіпкердің өлімімен аяқталады. Осыған байланысты және Андерсеннің болмысына қарап,  кейбір әдебиеттанушылар  «Андерсен бала­ларды жақсы көрмеді» деп жазады.

Ал Андерсен  өзін «ертекші» деп атағанын мүлдем ұнатпапты. «Мен ертекті балаларға емес,  ересектерге арнап жазамын. Менің шығарма­ларымның мәнін, философиясын түсінбейсіңдер» деп ренжиді екен.  Тіпті Андерсеннің көзі тірісінде ертекшіге құрмет ретінде туған қаласы ескерткіш қояды. Мүсінші Огюст Сабё ескерткіштің жобасын жасап, Ан­дерсенге көрсетеді. Креслода Андерсен ертек оқып отырады. Ал  балалар ертекшіні қоршап, тыңдап отырады.  Андерсен «Мен балалар жазушысы емеспін!» деп ренжіген  соң, мүсінші балаларды алып тастайды.

Жазушы  40 жасында 26 жастағы швед әншісі Йенни Линдке ғашық болады. Йенниге арнап, «Қар пат­шайымы», «Бұлбұл» ертегілерін жа­зады. Бірақ ертекшінің  шынайы се­зіміне әнші жауап бермейді. Андерсен өмірден үйленбей, баласыз өтті.

Өмірінің соңғы жылдарында Андерсен жезөкшелер үйіне жиі барыпты. Андер­сентанушылар: «Ертекші мұндағы бірде-бір әйелге қолының ұшын да тигізген жоқ. Ол өмірде адасып кеткен әйелдермен ұзақ сөйлесіп отыратын. Олардың жан­дүниесін, әлемін зерттеу үшін ғана баратын» деп жазады. Кейбір дерек­терде Андерсеннің  шешесінің екінші күйеуінен туған қарын­дастарының жезөкше болғаны, олармен жазу­шының араласпағаны айтылады.

Көзі тірісінде әлемге әйгілі болған ертекші «Шығармашылығым үшін жеке басымның бақытынан бас  тарттым. Ертегілеріме өмірімнің құнын төледім» деп жазады күнделігіне. 

 

Аягүл МАНТАЙ, Мәскеу

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close