ДӘСТҮРЛІ ӨНЕРДІ ТАҒЫ БІР ТҮГЕНДЕГЕН КЕШ

Жуырда Алматының Ұлттық кітапханасында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, әнші, ақын, композитор, қаламгер, ұстаз, ғалым Жәнібек Кәрменовтың соңында қалған рухани мұраларын құндақтаған 4 томдық кітабының тұсаукесері өтті.

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Бұған дейін де қаншама кітаптың тұсаукесеріне барып жүрміз ғой, бірақ бұл жолғы тұсаукесер бұрынғылардан өзгерек болды.

Қазақ өнерінің арғы-бергі тарихын түгендеп, батпан жүгін көтере жүріп, бабалар аманатына адал болған Жәні­бектей өнер жампозының аз ғана ғұмы­рындағы бітім-болмысы қандай болса, еске алу кеші де қазақы қалыппен, ұлт­тық бояуы қанық, сырлы да әдемі өтті.

Жәнібек Кәрменовтың 4 томдық шығармалар жинағының тұсаукесер жиынын «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры, Ж.Кәр­менов­тың шәкірті, фольклортанушы-ғалым Берік Жүсіпов жүргізіп отырды. Берік Мырзалыұлы тұсаукесер кешіне кең-молынан пішілген қазақы киім киген, үкілі домбыраларын құшақтаған өнер­паз да сымбатты қыз-жігіттерімен келіпті. Бейне кітапханаға қазақ ауылы көшіп келгендей әсерде қалдық. Ұлттық кітапхананың ресми жиынын да әуезді әуендерімен әрлеген сол бекзат өнердің иелері.

«Алатау» дәстүрлі өнер театры көркемдік кеңесінің шешімімен баспаға ұсынылған төрт томдық жинақта (құ­рас­тырушылар: Б.Жүсіпов, Ж.Кәр­менов­тың жары Т.Тұр­сын­ханова, театр маман­дары А.Ақан, Т.Болсынбек) кейіпкердің мақалалары, өлең және ой-толғаулары, сұхбаттары, телехабар­ларға әзірлеген сценарийлері, бұрын жарияланған әңгімелері мен повестері, сондай-ақ, баспа бетін көр­меген, аяқ­тал­­май қалған шығармалары және ол туралы жазылған естеліктер топтас­ты­рыл­ған.

Кітаптың тұсаукесер лентасын Ж.Кәр­­меновтың замандасы, ҚР Мем­­ле­кеттік сый­лықтың иегері, ақын Нұрлан Оразалин мен Ж.Кәр­меновтың жары Тоты Тұрсын­ха­нова қиды. Н.Ора­залин Жәнібек Кәр­менов туралы естелік­терімен бөлісті. Т.Тұр­сын­ханова  жи­нақ­­тың жа­рық көруіне қолдау көр­сеткен қалалық Мәдениет басқарма­сына, «Алатау» дәстүрлі  өнер театрына риясыз алғы­сын білдіріп, жақсы кештен естелік болсын деп, театр директоры Берік Мырзалыұлына қалам сыйға тартты. Алматы қаласы әкімінің ке­ңесшісі М.Ахет те жинақ туралы ойла­рын біл­дірді. Ақын М.Райым­бекұлы Ж.Кәр­меновке арнаған өлеңін оқыды. Ж.Кәр­меновтың кенжесі, әкесі көз жұмғанда небәрі екі жаста ғана болған Шаһкәрім Жәнібекұлы да текті аза­маттың ұрпағы екендігін білдіріп, Кәр­меновтар әулеті атынан жинақты шы­ғарушы азамат­тарға алғысын біл­дірді.

Ж.Кәрменовтың шәкірттері ҚР ең­бек сіңірген қайраткері Р.Стамғазиев «Ой­­ламаңдар жігіттер», Әділет Мұса ұста­зының «Бабаларым» әнін орындады.

Көзінің тірісінде Ж.Кәрменовтың репертуарында 300-ден аса ән болған екен. Дәстүрлі әнші Е.Шүкіманов пен «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әншісі С.Тақзия Ж.Кәрменовтың орын­дауындағы әндерден шашу шашып, жи­налған қауымды бір серпілтіп тастады.

Сөз соңында бұл тұсаукесердің «Ала­тау» дәстүрлі өнер театрының ҚР-ның Тұңғыш Президенті — Елбасы Н.Назар­баев­тың «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағ­дарламалары аясында, Ал­маты  қалалық Мәдениет басқарма­сы­ның қолдауымен дайындаған, ҚР Ұлт­тық кітапханасымен бірлескен жобасы екендігін де айта кетейік. Сон­дай-ақ, «Ала­тау» дәстүрлі өнер теа­трының тек ұлттық өнерді насихат­таушы мәдениет ошағы ғана емес, осы жарық көріп отыр­ған жинақ арқылы қазақ дәстүрлі  өнері­нің тарихын түген­деуге де бет бұрып отыр­ған қадамына да бәрекелді дейміз.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *