Дәстүр мен дiн қарсы ұғымдар емес

Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев Түркiстандағы халықпен болған кездесуде оқып жүрген студенттер мен мектеп оқушыларының паранжы немесе хижаб киюлерiне үзiлдi-кесiлдi қарсылығын бiлдiрген болатын. Жалпы паранжы киюдi қолдамайтынын жеткiзген едi.

«Бiздiң тарихымызда ешқашан мұндай болмаған, бiздiң дiнiмiзде мұндай дәстүр жоқ. Бiзге айтылған дiннен шын болған дiндi айыра бiлудi үйренетiн кез келдi… Бiздiң өз жолымыз бар», –  деп атап көрсеткен-дi.

Елбасы  жалған дiндермен күрестi ымырасыз жүргiзу мәселесiн Қазақстан халқы Ассамблеясының кезектi сессиясында да әңгiмесiне арқау еттi. Мемлекет басшысы дiни ағымдар мен секталар туралы неге жиi айтып жүр? Секталар мен дiни бiрлестiктердiң зиянкестiк әрекеттерi толып жатыр. Олар  дүниенi дүрлiктiруде. Әлемге үлкен қауiп төнiп тұр. Қазақстанда 4000-нан астам тiркелген дiни бiрлестiк болса, солардың 258-i Алматыда. Алыс-жақын шет елдерден келген 6000-ға жуық қоғамдық дiни бiрлестiктер де өз жұмыстарын Алматыда жүргiзiп отыр. Бұлардан өзге 70-тен астам жалған дiндi уағыздап жүрген миссионерлер тағы бар.

Осыған орай бiз бүгiн Қазақстан мұсылмандары Дiни басқармасының баспасөз хатшысы Оңғар қажы Өмiрбектi әңгiмеге шақырып, бiрненше сауал қойдық.

– Қазiргi жағдайда сектадан да исламның iшiнен шыққан дiни ағымдар ықпалды болып тұрған сыңайлы. Сiздiң пiкiрiңiз қалай бұл жөнiнде?

– Рас, бұл мәселе қазiргi күнi өте күрделiленiп кеттi. Бұған еркiндiк ашқан өзiмiздiң 1992 жылғы 16-қаңтарда қабылданған «Дiн және дiни бiрлестiктер жөнiндегi» Заңымыздың шала-пiсiлi болып, шикi қабылдануы. Ол кезде дiннiң қадiрiн ешкiм пайымдап жатпады. Оның соңы неге апаратынын ескермедi. Ресейдiң дiн жөнiндегi заңын көшiрдi де қоя салды. Бiрақ Ресей арада 4-5 жыл өткесiн ол заңына қайта оралып, оны толықтырып, әлемдегi зиянды  дiни ағымдар мен секталардың өз жерiне кiруiне тыйым салынған жаңа қауқарлы құжат қабылдады. Ал бiздiң заң сол күйiнде қалды. Бұл мәселе қазiр елiмiздiң ынтымағына, әсiресе, мына ұлтымыздың бiр тiлдi, бiр дiндi ұстануында үлкен зардабын тигiзiп отыр. Бiз қашаннан бiр мақсатта болу арқылы ұлтымыздың бiрлiгiн, тiптi, керек болса, Орта Азия мен Қазақстандағы дiни бiрлiк ынтымақтастығын сақтап келген едiк. Ендi мiне, әлгi заңымыздың шикiлiгiнен әлемдегi қаптаған ағым-секталардың барлығы бiзде жүр. Кейбiрiне тыйым салынған болды, әлi де бiзде тыйым  салынатындар өте көп. Оның бәрiне тыйым салынбаса, қаншама ғасырлар бойғы зорға қол жеткiзген Тәуелсiздiгiмiзге қатер төнедi. Ертеңгi күнi қаптаған келiмсектер кетедi, айналып келгенде, зар илеп қалатын өзiмiз. Бiз өзiмiзбен-өзiмiз дүрдараз болып, ана Ливанның, Югославияның күйiн кешуiмiз мүмкiн. Оның бетiн аулақ қылсын әрине. Бiр ұлттың бiрнеше дiнге, сектаға бөлiнуi, ол ешқашан  жақсылық әкелген емес. Алтындай өзiмiздiң ислам дiнiмiз тұрғанда, өзге жаққа мойын бұру көрсоқырлық болады. Өзге дiн мен сектаның етегiне жармасу бiлiмсiздiктiң нышаны. Бұлдырға, сағымға iлесу немесе ұрыну ендi өте аянышты, өте қауiптi нәрсе.

– Бiзде мұның алдын алатын амал-тәсiл немесе жол бар ма? Бар болса ол қандай?

– Алдымен бiз заңымызды нықтауымыз керек. Бiздегi орыс ағайындарымыз ұстанатын православие дiнi бар ғой, соларға рұқсат берiлсе, онан кейiн бiздiң мына ислам дiнiмiзге мүмкiндiк ашылуы керек. Қазақстанда осы екi дiн ғана сақталуы керек те, қалғандарының бәрiнiң – ағым-секталардың жолы жабылуы керек. Бiзге елдiң бiрлiгi мен ынтымағы, Тәуелсiздiгiмiздiң  баянды болуы  ауадай қажет. Одан кейiнгi нәрсе, мына мектебiмiзден бастап жас балаларға ислам дiнiнiң әдептерiн имани тұрғыда оқытқан абзал. Осындай пәндi оқу бағдарламасына енгiзу керек. Қазiр тоғызыншы сыныптан бастап дiнтану пәнi оқытылады, онда  бүкiләлемдiк дiндердiң тарихы айтылады. Дiндер тарихын бiлген де жөн, әрине. Бiзге қажетi – өз дiнiмiздi терең түйсiну, шариғаттың жолын сақтау. Оны тоғызыншы сыныпта емес, бастауыш сыныптан бастап оқытса, жастарымыздың иманды, әдептi, адамгершiлiгi жоғары болып өсуiне ықпалы зор болар едi. Әрине, олар­дың бәрiне ертең молда болу мiндет емес, адам болу мiндет. Адам  болғанда, адамгершiлiгi жоғары, ойы  таза, көз­қарасы шынайы қазақ болу мiндет. Мiнекей, осы жолды қолға алып, балабақшадағы бүлдiршiндерiмiзге де имани  тәрбие бергенiмiз мақұл. Әл-Фараби бабамыз айтқандай. «Кез-келген тәрбие ғалымға iлiм болып, адамзатқа қызмет етедi, адамзаттың болашағы үшiн, ұлтымыз үшiн пайдасын тигiзедi. Тәрбиесiз алынған бiлiм апат әкеледi» деген, мiне сондықтан бiз осы мәселеге үнемi назар аударсақ.

– Соңғы уақытта Алматыда орын алған лаңкестiк оқиғаларға дiндарлардың қатысы жөнiнде айтылып қалып жүр. Осы көзқараста қаншалықты шындық бар деп ойлайсыз?

– Ал қазiргi уақытта дiни бiлiмсiздiктiң салдарынан кез-келген оқыс оқиғалар сол жерде намазхана болса, «бұның арасынан түрлi ағым иелерi шығып жатыр, Дiни басқарма не iстеп отыр» деген әңгiмеге келiп тiреледi. Бұл тек қана Дiни басқарма ойлайтын мәселе болмауы керек. Бiз тек қоғамдық ұйымбыз, бiздiң сөзiмiз тек қана имамдарымызға жүредi. Олар өзiмiзге тиесiлi мешiтте­рiмiзде 5 уақыт намазын өткiзiп жүр. Жұма намазында уағыз айтады. Ал ендi мешiт имамдары мектептер мен басқа да оқу орындарына басшылары шақырса ғана барып уағыз айтады. Шақырмаса бармайды, бұған заң тыйым салған. Өйткенi, мемлекетiмiз дiндi бөлiп тастаған.

Осыған байланысты қаладағы 34 мешiтiмiз әрқайсысы өзiнiң орналасқан жерiне қарай сол аумаққа қызмет етедi. Сондағы мектеппен және оқу орындарымен тығыз байланыста. Шақырған уақытта ғана белгiлi тақырыпқа уағыз айтады.Оқушылармен кездеседi де қайтады. Ал ендi 5 уақыт намазымызды өтеуден басқа имамдардың мешiттегi жұмысы жетiп-артылады.

– Хижаб – бүгiнгi күннiң өзектi мәселесiне айналып тұр ғой. Бұл тұрғыда  түрлi пiкiрлер де айтылып жатыр. Дiни басқарманың бұл жөнiнде көзқарасы қандай? Өз ойыңыз не дейдi?

Ал ендi хижаб мәселесiне келсек, бұлайша бүркенiп, беттi жабу немесе көздi ғана көрсетiп жүру қазақы салт-дәстүрiмiзге де, Құранда айтылған талапқа да сай келмейдi. Әрине, хижаб мұсылмандар үшiн қажет нәрсе. Ол мұсылман әйелдерi мен қыздарына парыз болып саналады. Бiрақ, оның белгiлi шарттары жоқ. Құранның осыған қатысты аятында «Ұятты, әурет жерлерiңдi жабыңдар» делiнген. Тұмшаланып, бет-ауыздарыңды жауып ал демеген.

Дiни басқарма осы тұрғыда ойлана келiп, өзiмiздiң дiлiмiзге жақын, салтымызға сай, ұлттық нақыштағы киiм үлгiсiн халқымызға ұсынуды жөн көрдiк. Киiмнiң неғұр­лым ғұрпымызға сай болғаны, қазақтың исi шығып тұрға­ны абзал. Сонымен қатар, шариғаттың шартына сәйкес болғаны да жөн.  Дiни басқарма ұлттық үлгiдегi киiмдерге бәйге жариялады. Оның жүлдесi қомақты. Кез-келген дизайнерлер, модельерлер, шебер тiгiншiлер қатыса алады. Қорытындысы үстiмiздегi жылдың қыркүйек айында шығарылады. Осы игi шараға он саусағынан өнер тамған ағайындардың  ұйымшылдықпен қатысуын сұраймыз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *