Дүрлігуге еш негіз жоқ

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

 

Ауа-райының құбылмалы мінезінен бе кім білсін,   әйтеуір, қазір Алматы жұрты өз денсаулықтары үшін алаңдаулы. Оған себеп те жоқ емес, 17 мамырдан бері  қалада  менингогтық жұқпа шығыпты,  соның салдарынан үш адам қайтыс болыпты деген қауесет кезіп жүр.   Осы мәселенің анық-қанығын  қала тұрғындарына жеткізуге тырысқан Алматы қаласының тазалығы мен эпидемиологиялық ахуалына жауапты қалалық  қоғамдық Денсаулық  сақтау департаментінің басшылығы  арнайы баспасөз мәслихатын ұйымдастырған болатын. 

Қашанда әліптің артын бағып сөйлейтін аталған департаменттің басшысы  Айзат Молда­ғасимова орын  алып отырған  оқиғаны жоққа шығарған жоқ. Үш адам­ның қайтыс болғандығын,  менингит ауруы­ның таралуына себеп болатын менингок инфекциясының  өткен жылдар­мен салыстырғанда көрсеткіші төмен болғанмен,  биыл оның  өлім-жітімді болуы жұртшылықтың үрейін туғызып отырған­дығын айта келіп, бұл  жұқпаның араға үш, бес жыл салып қайталанып тұратын   жұқпа екендігін түсіндірді. Мысалы, 2013 жылы  Алматы қаласында 69 жағдай орын алса, 2015 жылы 49  менингогты жұқпа тіркелген. Сондықтан тым  үрейленіп, дүрлігуге негіз жоқ деген Айзат Молдаға­симова қаламыздағы жұқпалы аурулар ауруханаларының кез-келген жағдайға  дайын  екендігін, сырқатқа қарсы қолданы­латын антибиотик дәрмектердің жеткілікті екендігін жеткізді. 19 мамырға дейін 47 адам   дәрігерлерге шағымданса, оның 15-і зертханалық тексерулерден өткізіліп, оның біреуінен ғана осы жұқпаның белгілері айқындалған. Ал науқас адамдармен қарым-қатынаста болды деген 715 адамның 615-і дәрігерлерлік тексеруден өткізіліп, оның біреуінен ғана осы жұқпаның белгісі бар  адам анықталған. Ал аурудың қайдан, кімнен, қалай таралғанын, ауру шыққан балабақшаның мекен-жайы  нақты айтыл­ған жоқ. Аурудың себеп-салдары толық талданған соң жарияланады деген депар­тамент басшысы қазір қаламыздағы барлық мектепке дейінгі тәрбие мекемелері мен мектептерде оқшаулау бөлімі ұйымдас­тырылып, балалардың арнайы тексерулер­ден өткізіліп жатқандығын айтты. Бұл оқиға департаменттің қадағалауында деген қоғамдық денсаулық сақтау сақшылары   жұқпаның беті қайтқанша  бассейнге, адам көп шоғырланатын мәдени спорттық іс-шараларға баруды тежей тұруды ескертті. Ал көлікте, көшеде бетперде тағып жүрудің зияны жоқ дейді мамандар.  Бетперде тағу қазір қала  тұрғындарының арасында қа­лып­ты жағдайға айналған, әсіресе, жастар  жағы бетпердені көбірек тағады. «Сақтан­саң, сақтаймын» деген  ғой, сақтықта қорлық жоқ.  Мектептерде, балабақша­ларда  Алматы қалалық қоғамдық Денсау­лық сақтау департаменті  мамандарының қатысуымен тәрбиешілер  мен ата-аналар­мен  жиналыстар өткізіліп, аурудың белгі­лері мен оның алдын алу шаралары түсін­дірілуде.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *