Дәркембайдың «дегендері»…

*ҚАЗАҚЫ ҚАЛЖЫҢ

Ұлттық қолөнерімізді ұлықтап, ата-дәстүрімізді қайта жаңғыртқан, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Еуропадағы қыпшақтар қауымдастығының басқарма мүшесі, Қырғыз Республикасы Дизайн академиясының корреспондент-мүшесі, ұста Дәркембай Шоқпарұлының туғанына биыл – 72 жыл.

Ұлттық қолөнерімізде өзіндік қолтаңбасын қалдырған ұстаның атында бүгінде Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Ақши ауылында музей бар. Қай заманда да, қоғамда да «ұлыдан ұрпақ, тектіден тұяқ қалады» деген ұғым бар. Қазақ қолөнерінің құнды мұралары мен іргелі дәстүрлерін паш ететін бұл қазыналы шаңырақты қазір оның ұлы, әкенің асыл өнерін әрі қарай жалғастырушысы, мұрагері, қолөнер шебері  Дәулет Дәркембайұлы басқарып отыр. Жуырда музей жұмысымен таныстық. Онда 2400-ден астам құнды жәдігер  сақталған.

Музейде бес адамнан құралған шығармашылық топ жұмыс істейді. Олар өлкемізге белгілі қолөнер шеберлері –  Құрманғазы Қадыров, Жанболат Нұрданбек, Мүлікбаев Ринат, Тілепбергенов Мәди.  Бірі теріден, қыштан  бұйым жасаса, бірі ағаш шебері,  әрі зергер.

Дәркембай Шоқпарұлы – ұста, зергер, аспаптанушы (оргенолог), мәдениеттанушы, мүсінші, суретші, өлкетанушы, этнограф, ғалым-ұстаз, фольклоршы, ақын,  айтқыш-шешен деген мәртебелерге ие болған шоқтығы биік қолөнер ше­бер­і. 

         Бүгін назарларыңызға замандасы, інісі, шәкірті Камнұр Тәлімұлы жинақтаған «Дәркембайдың дегендерінен» үзінді ұсынып отырмыз.

 

ТАПҚЫРЛЫҚ

2001 жылы Францияда «Экспо – 2001» халықаралық көрме өтеді. Белгілі ұста, өнер шебері Дәркембай Шоқпарұлының да осы көрмеге қатысып, қазақ қолөнерінің құдіретін шетелдіктердің алдында тағы да бір асқақтатудың сәті түседі.

Көрме біткен соң Париждің көрнекті мәдени орындарын араламақ болып, Қазақстан елшілігіне соғады. Сол кездегі елші Ақмарал Арыстанбекова елшіліктің мәшинесі мен тәржімешісін Дәкеңдердің жанына қосып береді.

Бәрі Париждің Лувр, Нотр-дам де Париж, Енисей бағы, Версаль сияқты мәдениет орындарын аралайды. Соңында Армия мұражайына келеді. Онда француздың ұлы қолбасшысы Наполеонның табыты қабырғасы дөңгелек бөлменің ортасында, жиегін белуардан келетін шынжырмен қоршалған ұраға, жер деңгейінен кісі бойы төмен орналасқан екен. Экскурция жүргізіп тұрған гид:

– Осыны ойлап тапқан сәулетші өте данышпан адам ғой, шіркін! Сіздер ұлы қолбасшының мәйітіне амалсыздан бас иіп тағзым етіп тұрсыздар, – депті. Сонда Дәркембай:

– Кешіріңіз, бұл соншалық таңғала қоятын жаңалық емес! Бұны біздің бабаларымыз бұрыннан-ақ ойлап тапқан, – дейді.

– Не себепті олай дейсіз? – деп сауал қояды гид.

– Біздің қазақ деген халықтың киіз үйінің де қабырғасы дөңгелек, есігінің маңдайшасы аласа келеді, оған кірген хан да, қара да табалдырықты аттай бергенде міндетті түрде еңкейіп, ішіндегі отырғандарға тағзым ете кіруіне тура келеді, – деген екен Дәркембай ұстамыз.

 

ҰМЫТШАҚТЫҚ

Дәркембай Шоқпарұлы ең алғаш рет жеңiл автокөлiгiн сатып алып, ойында ештеңе жоқ, аңыратып келе жатса, жол бойында тұрған МАИ қызметкерi тоқтатады. Су жаңа көлiгiнен көңiлi таси түсiп қасына жетiп барған Дәкеңе:

– Құжаттарыңызды көрсетiңiз, – дейдi МАИ инспекторы.

Дәкең қайта жүгiрiп барып, көлігінде қалған «темір тұлпарының» бiрнеше құжатын әкеп көрсете бастайды. Асықпай қарап шыққан алатаяқ иесi: «Мыналардың бәрi де мәшинеңiзге ие болу үшiн берiлген қағаздар… Ендi осыны жүргiзуге берiлген куәлiгiңiз, яғни праваңыз қайда? – дейдi дауысын қатайтып. Сонда Дәкең сабаз саспастан санын бiр соғып, екi алақанын жайыпты да;

– Қап, бауырым-ай, құй сен, құй сенбе, мәшине сатып алуын алсам да, права сатып алуды ұмытып кетiппiн ғой, – деген екен.

ШОҚ  БАР  МА?

     Жаздың бiр жадыраған жаймашуақ күнiнде өнер тарланы Дәркембай Шоқпарұлы жанына өнерiн жалғастырушы үлкен ұлы Дәулеттi ертiп, өзiнiң ежелгi сырлас дос-iнiсi ақын Камнұр Тәлiмұлының үйiне келедi. Мезгiл түс әлетi болса керек. Есiктiң алдындағы көлеңкедегi сәкi ағаштың үстiне көрпенi төсеп тастап, қолтығына тиген құс жастықты жұмарлай шынтақтап жатып Дәкеңнiң қызу әңгiмеге кiрiскен кезi екен. Анадай жердегi ошақтың басында келген қонағына құрмет көрсету ниетiмен самаурынға шәй қойып зыр қағып жүгiрiп жүрген келiнi Меруерттiң ойында ештеме жоқ, қасындағы көмекшi болып жүрген кiшкентай қызы Ләйлiмге «бар» самаурын қайнады ма, көршi» деген тапсырма бередi. Бара салып

– Мама, самаурын қайнапты, бiрақ iшiнде от жанып жатқан жоқ, –  деген Ләйлiмге:

– Шоқ бар ма? – дейдi. Ләйлiм толық ести алмай қалды  ма деген оймен кәперiнде ештеме жоқ Меруерт келiнi тағы да еселей қайталап:

– Ей, шоқ бар ма өзi? Қарашы жөндеп, шоқ бар ма самаурында? – десе, келiнiнiң мына келеңсiз қылығына ары қарай шыдай алмаған Дәкең қызу әңгiмесiнiң желiсiн үзiп, ошақ жаққа жалт бұрылып:

–  Жоқ, келiн қарағым, бұл келген Шоқпар емес Шоқпардың баласы – мен, немересi ғой, – деген екен.

 

ҮНДЕМЕГІН, АҚЫРЫН…

 Бiр күнi Дәкең нағашы-жиен ретiнде, өзiнiң қалжыңдаса беретiн қашанғы қазақы қалыбымен сол кездегi «Дала дидары», кейiнгi «Ауыл» газетiнiң редакторы, белгiлi журналист Бекболат Әдеттiң үйiне телефон шалып:

– Уа, Беке, не iстеп жатырсыз? – дептi. Үй   тiршiлiгiне қол ұшын берiп жатқан Бекең қапелiмде өтірік айта алмай:

– Пияз турап жатырмын, – дептi.

Дәркембай:

– Үйде жоқ-ау қатының, – десе, Бекболат:

– Үндемегiн, ақырын.., — дептi. Сонда Дәкең:

– Солай ма едi, пақырым, – деген екен.

 

САҚАЛ ҚОЙЫПТЫ

Бір күні белгілі карикатурист-суретші Еркін Нұразқанов пен қолөнер шебері Дәркембай Шоқпарұлы көшеде кезігіп қалып, бір-бірінен жөн сұрасып тұрады. Еркін:

– Бүгін Қызылорданың атақты суретшісі Мұратбай Үмбетовті көрдім, сақал қойыпты, –  депті. Сонда Дәкең:

– Оу, Мұратбай сақал түгілі, арақты да қойған, деген екен.

ДӘРМЕН ЖОҚ…

Дәркең сырқаттанып үйде жатқанда, Совет деген келіншек өзінің таза көңілі мен риясыз ниеттестігімен үйге келіп ем жасап жүреді.

Бірде Совет қазақтың қалыптасқан әдебімен, ұстаның көңілін демеп қою үшін:

– Аға, аман-есен жазылып кетіңіз, біздің аяғымыз жеңіл болсын, – десе,

қалжыңбас Дәкең өзі қатты ауырып жатса да, әзіл-қалжыңынан жаңылмай:

– Е, Советжан, қанша жерден айтсаң да, енді сенің аяғынды ауырлатуға Дәркембайда дәрмен жоқ, – деген екен.

 

ЗЕРДЕЛІ ЖАУАП

Бірде белгілі театр қайраткері, өнердің майын езіп ішкен майталман өнертанушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Әшірбек Сығай өзінің құрмет тұтатын өнерпаз әріптес інісі Дәркембай Шоқпарұлын кездестіріп, амандық-саулық сұрапты. Сонда Әшірбек әріптесінің аман-саулығына еш іркілместен:

– Е, Әшеке, қара жер бізді басқанша, қара жерді біз баса тұрайық деп, ақырын ғана жүріп жатырмыз ғой, – деген екен ұста-зергер.

Әзірлеген

Нұржамал ӘЛІШЕВА.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *