ДӘРІГЕР БОЛСА, ҮМІТТЕЙ БОЛСЫН

Жасың келген сайын ауру-сырқау көбейе береді екен. Мұндайда шықпас жанға себепкер болатын дәрігерлерге жүгінеміз ғой. Мен Түрксіб ауданына қарасты №20 қалалық емханада тіркеудемін. Бұл емхананың қызметкерлерінің барлығы жұрттың алғыс-құрметіне әбден лайықты жандар.

Дейтұрғанмен, «жүзден жүйрік, мың­нан тұлпар» демекші, әр адамның өзінің қалаулы, таңдаулы дәрігері болады емес пе, мен өзімнің учаскемнің отбасылық дәрігері Үміт Әбілқасымқызы Бейсенбаеваны айрықша атап өтер едім. Үміт атына заты сай, алдына келген адамды үнемі жақсы­лықтан үміттендіріп, ең алдымен дәрісін емес, жүрек жылытар жылы сөзін  жол­дайды. Сол жақсы қасиеттері үшін біздің учаскеде есепте тұратын жас-кәрі Үміт Әбілқасымқызын өте жақсы көреді. «Жақсының жақсылығын айт» деген ғой, алда келе жатқан Медицина қызметкерлері күні қарсаңында мен сүйікті дәрігерім Үміт Бейсенбаеваға және осы учаскенің мейірімді мейірбикелері Тұраш Кибирова мен Вера Сухатеринаға аналық алғысымды айтқым келеді. Адамға денсау­лық сыйлап, ауырмайтын жол нұсқап жүрген дәрігеріміз Үміт пен мейірбике қыздарыма, сонымен бірге, осы емхананың барлық қызметкер­леріне еңбектерің жана берсін дегім келеді. Мың алғыс сендерге, ақ желеңді абзал жандар. Ал дәрігер мамандығы бойынша жаңадан қызметке келіп жатқан жас мамандарға «Дәрігер болсаң, Үміттей бол» деген тілек айтар едім.

 

Гүлбахрам БОЗЫМБЕКОВА,

зейнеткер.

 

Қолы шипалы Камария

Алматы қаласындағы Соғыс ардагерлері мен соларға теңестірілген ардагерлерге арналған емханаға тіркелген адамдарға осы емханада он үш жылдан бері мейірбике болып қызмет етіп келе жатқан Камария Айтмағанбетованың есімі жақсы таныс.

Камарияның мейір­бике болып қыз­ме­т еткеніне жиыр­ма үш жыл болса, соның он үш жылын ол арда­гер­лерге қызмет етуге арнап келеді. Оны жасы ұлғайып қал­ған аға ұрпақ өкіл­дері, ардагер аға-апалары жақсы көреді. Оның есімін ұмытып қалып жат­қан үлкендердің ыстық ықыласпен «әлгі өзіміздің қолы жеңіл көркем қызымыз» деп жататыны бар. Камарияны олардың бұлай еркелетіп, құрметтеулерінің жөні бар. Ол қызме­тімен ғана емес, өзінің жанға жайлы кішіпейіл көркем мінезімен де жұрттың ықыласына бөленіп жүрген аяулы жандар­дың бірі. Қолы шипалы. Оның салған инесінің орны да білінбей кетеді деп мақтап жатады емделушілері. Камарияның қолы­ның жеңілдігін біліп алған қарттар емха­наға укол салдыруға келе қалса, Камария Айтмағанбетованы іздейді. Жұрт­тың бұл ықыласын мейірбикенің көпке елене бермейтін тынымсыз еңбегіне берген бағасы болса, екіншіден, кәсіби шеберлігіне берілген әділ баға деп бағалаймын. Мен де Камария Айтмағанбетованың қызметін бағалайтын емделушілердің бірімін. Алда келе жатқан Медицина қызметкерлері күні қарса­ңында Камария Адамбайқызы Айтма­ған­бе­товаға осы емханада тіркеуде тұратын барша ардагер мен тұрғындар атынан алғыс айтқым келеді. Жаныңыз шуаққа бөленіп, адамдарға денсаулық пен жан жы­луын сыйлап жүре беріңіз, Камария.

Көптің ізгі тілегін жеткізуші– өзіңіздің пациентіңіз Мейрамбек КҮЛЕНОВ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *