ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ДЕГДАР!

Алаштың ақсақалы

 Қали СӘРСЕНБАЙ

Бұл кісінің бойында ерекшелік көп. Тіптен көп…

Атағы соншалықты жер жара тұра біреулердей ине, жіптен жаңа шыққандай күнде түрлі киіну бұл кісіде атымен жоқ. Тіпті, дүниежүзілік симпо­зиум­дарыңның өзіне сол үстіндегі қарапайым күрте­шесімен барып отыра беруге, мәртебелі мінберден сөйлеуге де бар.

Он бес жыл жазған туындысын әлі де он бес жыл жаза береді. Қанмен, термен жазылған «Қан мен терді» әлі күнге дейін қарап жатыр деп естиміз. Біреулер айына он әңгіме жазса, бұл кісі он бет жазуы да, жазбауы да мүмкін. Себебі, фальш, халтура деген онда атымен болмаған, ойына кіріп те шықпаған. Әр сөйлемді, әр сөзді мүсіншідей қашайды. Әр сөйлемінде саз, бояу бар.

Оны тыңдау, тану үшін кісіге қабілет, тіпті талант керек болар. Оның тыңдаушысының өзі белгілі бір деңгейде биік, эрудит болуы керек-ау.

Осынау зымыран жылдар ішінде бұл кісімен көп мәрте бетпе-бет отырып әңгімелесу бақытына да ие болдық. Ол әңгімелер ең кемі 3, 5 сағатпен аяқта­латын. Не деген зерде, не деген әңгімешілдік! Таңқа­лып жүреміз. Өзге өсіп-өнген елдерде биік тұлғаларының әр күнін хаттап отыру дәстүріне сайып айтсақ, кей тұста өзге болмаса да өзің үшін қажет-ау дейтін жайттарды күнделікке түсіріп қоятын да дағды бар.

Сол күнделіктің бір тұсында былай деп түртіп қойыппыз (30.09.2015): «Әбді-Жәмил Нұрпейісов телефон шалып, келіп кет деді. Үш сағатқа жуық сөйлестік. Газетімізді мақтады. Шын жүректен шыққан сөз екенін сездірді. Сондағы айтқаны:

– Қазіргі бір қауіпті нәрсе, жұрттың бәрі ұлы боп кетті. Әсіресе, газет материалдарында ұлы көп. Ұлылықты үлестіріп біттіңдер ғой.

«Выдающиеся» деген сөзді неге қолдан­бай­сыңдар? Сол ұлы дегенді алмастырмаса да соған жетеқабыл сөз. Сонан соң ана тау тұлға дегенді қойыңдаршы айналайын».

Өзі көп білетін адам көп нәрсеге таңданбайды, тамсанбайды. Біреуді көл-көсір мақтау ондай адамның әдетінде және жоқ. Әбең де сондай. Ал енді көңіліне ұнаған туынды, жеке адам туралы ол кім болса, ол болсын, балаша қуанып, ағынан жарылып айтуға бар.

Бұл кісіге дүние жүзінің дәулері (әрине, атақты қаламгерлер, тұлғалар) хат та жазып жатады, теле­фон да шалып жатады. Ол туралы пікірлерін өз елінде жариялап та жатады. Соның бәрін бұл кісі қалыпты жағдай деп қабылдайды. Ал бәзбіреулер туралы сондай дәудің бірі бірдеңе дей қалсыншы, ақпарат кеңістігін улатып-шулатып жіберер еді.

Дүниежүзілік масштабтағы адам – Әбді-Жәмил Нұрпейісов өзін тек сол деңгейде ғана ұстамай, елдің, өз ұлтының мәселесіне алғашқы кезекте араласып отыратын адам.

Жалпы, жазушы халықтың жаны, жады дейтін болсақ, сол міндетті лайықты арқалап жүрген аздың бірі осы кісі. Үн-түнсіз жүріп-ақ ерлік жасайды, ұлты үшін қажет жерінде азуын көрсетіп қояды. Қазаққа қырын қарағандардың талайына сес көрсеткен қаламгерлерді білеміз, айтылып та, жазылып та жатыр. Еліне едіреңдегендердің талайының екі аяғын бір етікке тығып жіберген. Бірақ әлемнің 35 тіліне аударылған бұл кісі оны да қалыпты жағдай деп қабылдайды.

Ұлы жасыңыз құтты болсын, дүниежүзілік дегдар! Осы сөзді де қалыпты жағдай ретінде қабылдайты­ныңызды біле тұра, осылай бір дедім.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close