ДҮНИЕГЕ АҚЫН КЕЛГЕН КҮН

«Дүниеге шын ақын, ұлы ақын келген күні сонымен қабаттасып даңқ та туады», – деген екен белгілі қаламгер Қадыр Мырза- Әли.

Ақпан айының тоғызыншы жұлдызы қазақтың маңдайына біткен дара тұлға, рухты ақын, әдебиет атты сара жолда өзіндік соқпақ салған қарымды қаламгер Мұқағали Мақа­таевтың дүниеге келген күні екені баршаға мәлім. Бұл — дүниеге елім деген ер келді деп барша қазақ даласы, оның әрбір тау-тасы мен сай-саласы қуаныштан шаттанған күн.

Ақиық ақын өмірден ерте озса да, ар­тын­да өшпестей мұрасы – өлең-жыр­лары қалды. Оның өлеңдері бүгінде кез-келген қазақпын деген азамат жатқа айта алатын деңгейге жетіп, қаншама уақыт өтсе де, өз құнын жоймай келе жатқаны көңіл қуан­тады. Қаламгердің ары таза, жаны мөлдір, жүрегі отты, рухы асқақ жырлары мен көр­кем дастандары ақынның өзіндей тұнық, ешбір жасандылығы жоқ туынды­лар.

М.Мақатаев шығармаларына тән басты сипат – өмірді, қоғамды, адамды ұлттық пайым-парасат, бол­мыс, рух тұрғысынан тануы. Төл әдебие­тімізде қай туынды болмасын ұлттық нақы­шымен, өзіндік үнімен, келбетімен ғана әлем әдебиетімен иық тірестіре алатыны белгілі. Ақын үшін Отаны, тілі, діні, ділі – сатылмайтын байлықтары. Ол өзі өмір сүрген кешегі кеңестік кезеңдегі кейбір проблема­ларға тікелей араласпаса да, қазақ үшін осындай ең құнды дүниелерді өлеңдеріне арқау ете отырып, ұлттық құндылықта­рымыздың жоғалып, жойылып, ұмытылып кетуінің алдын алды. Мәселен, ақынның «Үш бақытым», «Отан», «Туған жер», «Бесік басында», «Қарт аңшы­­ның дегені», «Әкеме», т.б. өлеңдері халық­тың рухани өмірінен хабар беретін, ұлттық келбетін айқындайтын детальдарға тұнып тұр. Сондықтан да Мұқағали еліміздің ертеңіне алаңдаған өзіндік үнін рухты өлең­дерімен жеткізді.

Осындай отты жырлары барда ақын да ғасырдан-ғасырға жасай бермек. Біз оның жауһар жырларын оқып, ойға түюден, жас ұрпаққа кеңінен насихаттап, бала санасы­на сіңіруден еш жалықпақ емеспіз.

 

 Гүлмадина БОРАШОВА,

№110 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Жетісу ауданы.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *