ДҮНИЕ-ӘЛЕМ ЖАҢАРУДЫ ҚАЛАЙДЫ

Алжирдегі көтеріліс, Боливиядағы төңкеріс осыны аңғартты

Әшірбек АМАНГЕЛДІ, «Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Уақыт керуенімен жылжи отырып, 2019 жыл да тарихтың қойнауына бет алды. Мұндайда «бұл жылда қандай жаңалықтар мен өзгерістер, саяси оқиғалар орын алды?» деген сұрақтың туары заңды.

Жыл басталмай жатып, сонау қияндағы Латын Америкасының Венесуэла елінде билікке қатысты бұрқ етіп дау-жанжал туды. Осы жылдың 10 қаңтарынан бастап, бұған дейін де мемлекетті бес жыл басқарып келген Нико­лас Мадуро екінші рет президенттік қызметті артқаруға кіріскен еді. Бірақ та «Лима тобына» кіретін: Аргентина, Бразилия, Чили, Канада, Колумбия, Коста-Рика, Гватемала, Гондурас, Панама, Перу, Парагвай, Мексика және Санта-Лючия елдері Мадуроның сайлануын заңсыз санап, одан билікті парламентке беру талап етті.

Аталған «Лима тобының» қолдауына сүйенген Ұлттық Ассамблея (парламент) төрағасы Хуан Гуайдо Венесуэла Конститу­циясының 233, 333 және 350-баптарын негізге алып, 11 қаңтарда жеке адамның билеп-төстеуіне жол беруге болмайтынын айтып, 23 қаңтарда өзін президенттің міндетін атқарушы деп жариялады.

Бұған қатысты әлемдік қауымдастық екіге жарылды. Мәселен, АҚШ Венесуэлаға шұғыл қосымша экономикалық санкциялар жариялады. Президент Дональд Трамп қайта сайлау өткізуге, оппозицияны қудалауды тоқтатуға шақырды. Ресей президенті Влади­мир Путин Николас Мадуроны жеңісімен құттықтап, оған елдегі саяси-экономикалық мәселелерді шешуде табыстар тіледі. Эль-Салвадор, Куба және Қытай Мадуроның сайлануын заңды деп таныды.

Саяси сарапшы және экономист мамандар Венесуэланың дағдарысты күйге ұшырауын саяси және құрылымдық факторлардан, елдің импортқа тәуелділігінен, әлемдік мұнай бағасының төмендеуінен және мемлекеттің өндірістің дамуына кең мүмкіндік пен ырық бермей, ең бастысы азық-түлік өндіру мен бөлуді өз бақылауына алуынан көреді.

Ұлттық Ассамблея (парламент) төрағасы Хуан Гуайдо өзін-өзі президенттің міндетін атқарушы деп жариялағанымен билікке қол жеткізе алған жоқ. Тақталас әлі жалғасуда. Билік тізгіні бұрынғысынша Николас Мадуроның қолында. Ол жақында армияның 1000 пайыз өзін қолдайтынын мәлімдеді.

Өзімізге етене таныс Белоруссия мен Ресей сырттай қарағанда талас-тартыстан аулақ көршілес, достас және одақтас елдер сияқты көрінеді. Күні кешеге дейін бұлар: «…тіліміз, дініміз бір, дәстүр-салтымыз ұқсас, туыстас славян жұртымыз» деп келгені баршаға аян.

Бұларды ЕАЭС пен ОДКБ ұйымдарының шеңберінде де сауда-экономикалық және әскери-қорғаныс саласындағы бірқатар мақсат-мүдделер біріктіретіні мәлім.

Осындай одақтастық қарым-қатынаста­рына, жақындықтарына қарамастан Беларусь пен Ресейдің арасында ауық-ауық келіспеу­шіліктер туындап отырады. Мұндай қайшы­лықтың бой көрсеткеніне бір-екі жыл емес, он шақты жылдың жүзі болып қалды. Дау-дамайдың бірден-бір себебі – мұнай мен газ саудасына барып тіреледі.

«Аларманға алтау – аз, берерменге бесеу – көп» демекші, Белоруссия мұнай мен газды арзандау бағамен алғысы келеді, ал Ресей ондай жеңілдік жасағысы келмейді.

2018 жылдың шілдесінде Ресейдің экономика мен қаржы министрліктері, басқа да қатысты ведомстволар бірігіп, Мемлекеттік Думада мұнай саласына байланысты «салық­тық маневр» туралы заңды бекіттіріп алды. Ол заң бойынша 2019 жылдан бастап, НДПИ (Пайдалы қазбаларды өндіру салығы) өсіріліп, 2024 жылға дейін мұнай мен мұнай өнімдерінің экспорттық алым-салығы біртіндеп жойылады.

Сайып келгенде, Ресей мұнайы Белорус­сияға арзан бағамен сатылмайтын болады. Беларусь билігінің қайта-қайта шырылдап, 2018 жылдың желтоқсанында Лукашенконың Путинмен үш рет кездесіп, онымен «салықтық маневрды» талқылауының себеп-сыры осында жатыр.

2019 жылдың 13 ақпанда Александр Лукашенко мен Владимир Путин Сочиде кезекті рет кездесті. Кездесу үш күнге созыл­ды. Сырт көзге жақсы көрініп, президенттер үзіліс кезінде шаңғы теуіп, хоккей ойнағанымен ортақ келісімге келе алмады.

Саммит соңындағы баспасөз конферен­циясында «Одақтық мемлекет құру туралы келісімге сәйкес Белоруссия мен Ресейдің бірігуі мүмкін бе?» деген сауалға Александр Лукашенко: «Біз екеуміз біріге аламыз. Алайда, бірігуге екі елдің халқы қалай қарайды. Қалай ма, қаламай ма? Мәселе сонда!» деп жауап берді. Осының өзі екі ел қарым-қатынасының аужайын аңғартқандай.

Жуықтағы 7 желтоқсанда Сочиде Путин мен Лукашенконың тағы да ұшырасуы өтті. Онда Беларусь басшысы: «кейбіреулер айтып жүргендей мұнай мен газды арзан бағаға сұрамаймыз. Мұнайды 63 доллардан қымба­тырақ, газды 200 доллардан сатып алуға дайынбыз. Біз тек екі жақтың сауда жасаушы субъектілерінің бірдей жағдай мен мүмкіндіктің болуын қалаймыз», – деп қайшылықтың шет жағасын аңғартып өтті.

Кейінгі түскен мәліметке қарағанда, Ресей «салықтық маневрдің» әсерінен Беларусь жағы шегетін шығынды мұнай өңдеу зауыттарына кері акциз енгізу арқылы өтеуге келіскен көрінеді.

Шыны керек, көпшілік 27-28 ақпан күндері Вьетнам астанасы Ханойда өткізуге жоспарланған жоғары дәрежедегі АҚШ – КХДР басшыларының кездесуіне үлкен үміт артты. Өйткені, алпауыт Америка мен қыңыр Солтүстік Корея пәтуаласып, келісімге келсе Корей түбегі ядролық қарулардан тазарып, тыныштық орнайтыны хақ.

Әрі үміттенуге негіз де бар-тын. 2018 жылдың 12 маусымындағы Сингапур самми­тінде қос тарап: осыған дейінгі тоңтеріс көз­қарасты қойып, өз халықтарының мүдделері мен ықыластарына қарай оң қарым-қатынас жасау, Корей түбегін ядролық қарулардан тазартып, бейбітшілік пен тыныштықты қалыптастыру деген сияқты маңызды мәселелерді қамтыған декларация қабылдаған.

Осының арқасында түйткілді мәселелер толық шешілмегенімен, Солтүстік Кореяның ядролық сынақтар жасауы мен баллистикалық зымырандар ұшыруы тоқтатылды. АҚШ пен Оңтүстік Кореяның бірлесіп әскери жаттығу­лар өткізуі тыйылды. Пхеньян мен Сеулдің ынтымақтастық әрекеті жандана түсті.

Қазіргідей әлемдік геосаясат онсыз да күрделеніп тұрған шақта айбарлы АҚШ та намысты КХДР да бір-біріне қару кезеніп, қорқытудан гөрі диалог, келіссөздер арқылы қарама-қайшылықтарды шешуге болатынына көз жеткізді.

Сондықтан да екі жақтың делегациясы да тиісті нәтиже болады, кездесу қорытынды­сында «Ханой декларациясы» қабылданады деген құлшыныспен келді. Өкінішке қарай, Трамп пен Кимнің көзқарастары қабыспай ортақ мәмілеге келе алмады.

Мұның себебін журналистерге арналған баспасөз конференциясында АҚШ президенті Д.Трамп: «КХДР – Йонбедегі ядролық нысандардың демонтаждалғанын және онда бұдан әрі сынақтардың жүргізілмейтінін алға тартып, біз салған санкциялық шаралардың толықтай тоқтатылуын талап етті. Бірақ біз оған көнген жоқпыз», – деп түсіндірді. Әйтсе де, ол АҚШ-тың алдағы уақытта Солтүстік Кореядағы ядролық нысандарға тексеру жүргізетінін, келісім жасалмаса да кездесудің пайдалы болғанын, тараптардың түсіністікпен тарасқанын, өзінің Ким Чен Ынмен достық қатынаста болатынын айтып, жиналғандардың көңілін аулады.

Әлеуметтік желілер және БАҚ құралда­рында жан-жақты жазылғанындай, ағымдағы жылдың 11 сәуірінде Судан Республикасында Қорғаныс министрі, генерал-лейтенант Авад бин Ауфдың басшылығындағы әскерилер жедел түрде ел президенті Омар әл-Баширді тақтан тайдырып, Конституцияны тоқтатып, парламент пен барлық үкімет органдарының таратты. Өтпелі кезеңде елді басқару үшін шұғыл Әскери кеңес құрылды. Оған төрағалық етуге басында Авад бин Ауфтың өзі кіріске­німен артынша мемлекеттегі бірлікті сақтау мақсатында Құрлықтағы жаяу әскерлер қолбасшысы, генерал-лейтенант Әбдел Фаттах Бурханға жүктелді.

Әбдел Бурхан бір айға жариялаған комен­даттық сағатты тоқтатып, түрмедегі барлық саяси тұтқындарды босаттырды. Оның айтуынша, екі жыл көлемінде елде тәртіп орнатылып, бәрі ретке келтіріледі, сонан соң демократиялық жолмен сайлау өткізіліп, билік заңды түрде азаматтық үкіметке беріледі.

Судандағы оқиғаны біреулер: «ел билігіндегі орын алған дағдарысқа байланысты амалсыз жасалған әрекет», – десе, екінші біреулер: «заңды үкіметті құлату, мемлекеттік төңкеріс», – деп айыптады.

Тамыз айының аяғында Әбдел Фаттах әл-Бурхани егеменді ел кеңесінің басшысы болып сайланып, өтпелі кезеңнің үкіметін басқару Абдалла Хамдукке жүктелді. Ол жаңа кабинеттің құрамын белгіледі.

Жуырда Судандың Жоғарғы соты бұрынғы президент Омар әл-Баширді үйінен 6 млн. еуро, 351 мың доллар және 5 млрд. фунт судан ақшасы табылғаны үшін жемқорлық айыбымен екі жылға бас бостандығынан айырды.

«Себепсіз салдар болмайды» дегендей, Судандағы ахуалдың асқынып, әскери төңке­рістің орын алу себебін сарапшылар: «билікке таласудан гөрі саяси-экономикалық жағдайдан, халықтың тұрмыс-тіршілігінің төмендеуінен», – деп пайымдайды.

Тарихтың толқынды да төңкерісті өзгеріс­терімен әлемде бес социалистік мемлекет: Қытай Халық Республикасы, Вьетнам Социа­листік Республикасы, Корей Халық Демо­кратиялық Республикасы, Куба Социалистік Республикасы және Лаос Халық Демокра­тиялық Республикасы қалғаны белгілі.

Биылғы 2019 жылдың 24 ақпанында Кубада Жаңа Конституцияны қабылдау жөнінде бүкілхалықтық рефрендум өткізілді. Оны тұрғындардың 87 пайызы мақұлдап дауыс беріп, Конституциядан коммунистік қоғам орнату міндеті алынып тасталды. Жекемен­шіктен бастап, меншіктің жеті түрі мойында­лып, жекелей саудамен айналысуға, еркін сауда-саттыққа рұқсат етілді. Шет ел инвес­тициясына жол ашылды. Бірқатар халықара­лық сарапшылар Кубаның Жаңа Конститу­циясын аса батыл және либерал сипатта жасалған деп бағаласа, әлдебір саясаттану­шылар: «Куба ең бастысы коммунизмнен бас тартты!», – деп ұрандатты.

Бүгінде мемлекеттік билік басына тек саясаткерлер емес, басқа мамандық өкілдерінің келуі таңсық болмай қалды. Сол айтқандай, талайларды таңқалдырып 21 сәуірде Украина­дағы президенттік сайлаудың екінші турында шоумен, әзілкеш әртіс, продюсер Владимир Зеленский, 73,22 пайыз дауыспен жеңіске жетті. Оның басты қарсыласы болған осыған дейінгі ел президенті Петр Порошенко небәрі 24,45 пайыз жинап жарты жолда қалып қойды. Шоумен Зеленскийдің оза шауып, жеңіске жеткені жөнінде әр түрлі пікірлер айтылды.

Дұрысы сайланғанша уәдені үйіп-төгіп беріп, артынан сан сылтаулар айтып орында­майтын кәдуілгі саясаткерлерден халық әбден шаршаған сыңайлы. Сондықтан бұл жолы неде болса саясаттың әртістерінен гөрі кәсіпқой әртіске сенім артып көруді жөн санаған тәрізді.

Көпшіліктің күткеніндей, қызметке кіріскелі бері президент В.Зеленский мемле­кеттік басқару жүйесі мен кадрлық құрамда біршама өзгерістер жасады. Жоғарғы Раданы таратып қайтадан сайлау өткізді. Сайлаудың нәтижесі бойынша оның жетекшілігіндегі «Халық қызметшісі» («Слуга народа») 43,16 пайыз дауыс жинап, 124 депутаттық орынға ие болды. Бұған қоса 130 округтағы мандат президенттің жақтастарының еншісіне тиді. Сөйтіп, «Халық қызметшісі» партиясы өзге­лермен коалиция құрмай-ақ, үкіметті жасақ­тауға, басқа да билік орындарын иеленуге мүмкіндік алды. Жаңадан сайланған Жоғарғы Радада сөйлеген сөзінде Владимир Зеленский президент ретінде өзінің алдында: елдің қорғанысын нығайту, Донбасста бейбітшілік орнату және Қырымды қайтару деген үш міндеттің тұрғанын еске салды. Және де өзінің түсінігінше президент жоғары лауазымды мансап иесі емес, мемлекет тізгінін ел сеніп тапсырған халық қызметшісі екенін айтты.

Дейтұрғанмен, В.Зеленскийдің прези­денттік қызметі барлық жағынан табысты да сәтті жүруде деп айтуға болмас. Мысалы, оның ауыл шаруашылығына арналған жер телімдерін сату және билікті орталықсыз­дандыру жөніндегі ұсыныстарына қарсылар табылып, мұғалімдер, кәсіподақ жетекшілері және шахтерлар наразылық шеруіне шықты.

Тағы бір айта кетенін, 9 желтоқсанда В.Зеленский Парижде Франция және Германия басшылары: Э.Макрон мен А.Меркельдің араағайындығымен Ресей президенті В.Путин­мен кездесіп, нәтижесінде Донбасс дауы түбегейлі шешілмегенімен, атыс пен қақты­ғысты тоқтату және екі жақта қолға түскен тұт­қындарды түгелдей алмастыру жайы келісілді.

Жұртшылық білетіндей, кейінгі екі жылда АҚШ пен Қытайдың сауда-саттық саласындағы дау-дамайы халықаралық қатынастағы күрделі түйінге айналды. Ақ үй Пекиннің 478 млрд. доллардың тауарларын экспорттап 155 млрд. долларға тауарлар сатып алуын, яғни 323 млрд. доллар айырмашы­лықтың болуын үлкен теңсіздік санап, 2018 жылдың басынан көптеген қытайлық тауарларға алым-салықты 20-30 пайызға өсірді. Бұған қоса, Құрама Штаттардың сауда өкілі арнайы зерттеу жүргізіп, «Қытайда америка­лық интеллектуалдық меншікті ұрлап пайда­ланады, осы арқылы біздің саудамызға орасан зор зиян келтіріп отыр», – деген айып тақты.

Қытай жағы да қарап қалмай АҚШ-тан экспортталатын ет пен жеміс-жидекке, нақты алғанда шошқа еті мен оның өнімдеріне, алюми­нийге алымды – 25%-ға, алма, жаңғақ, жидек секілді 120-дай өнімге алымды – 15%-ға көбейтті.

Вашингтон мен Пекиннің сауда-саттық­тағы дау-жанжалын мамандар «сауда соғысына» балады. Мұның зардап-залалын екеуі ғана емес, басқалар да тарта бастады.

Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) есебінше дүниежүзілік рынок 17 пайызға төмендеп, ЖІӨ 19 пайызға қысқарды, әлемдік экономика 1,52 трлн. шығынға ұшырады. Саудадағы мұндай текетірестің түбі жақсы­лыққа апармайтынын АҚШ та, Қытай да жақсы біледі. Сондықтан болса керек, таяуда Қытай Америкадан 50 млрд. долларға ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алатын болып, тоңның беті жібіді. Екі жақты сауда-эконо­микалық келісімнің алғашқы кезеңінің мәтіні қол қоюға дайындалды. Құжатқа 2020 жылғы қаңтарда қол қойылмақ.

Осы сияқты қазан айының басында Түркияның ойламаған жерден Сирияның солтүстік-шығысында «Бейбітшілік бастауы» әскери операциясын жүргізуі ЕО (Еуро­одақты) дүрліктіріп, АҚШ пен Ресей әбігерге салды. Англия, Бельгия, Германия, Польша және Франция елдері Түркияға нота жолдап, Сирия жерінен әскерін тез арада шығарып әкету талабын қойды. Ақ үй жедел түрде вице-президент Майк Пенс пен Мемлекеттік хатшы Майкл Пампеоны Анкараға аттандырып, ұзақ келіссөзден кейін Ережеп Ердоғанды әскери операцияны 120 сағатқа тоқтатуға көндірді. Оған қайтарым ретінде Америка күрд жасақ­тарын 32 шақырым шегіндіруге және Түркия-Сирия шекарасында қауіпсіздік белдеу-аймағын құруда көмек көрсетуге уәде берді.

Осының артынша В.Путин мен Е.Ердоған Сочиде кездесіп, әскери операция мен Сирия­дағы жағдайды жан-жақты талқылады. Екі жақтың мақұлдауымен күрдтердің «Халықтық қорғаныс отряды» жасағына Түркия-Сирия шекарасынан 32 шақырым ішке қарай шегінуге 29 қазанға дейін уақыт берілді.

Британия астанасы Лондонда өткен НАТО-ның 70 жылдық мерейтойлық саммитінде одақтастарының келісімінсіз «Бейбітшілік бастауы» операциясын жүргізгені және өз бетінше Ресейдің С-400 қаруын сатып алғаны үшін Түркияның атына қатаң айыптаулар айтылды. Е.Ердоғанның күрдтердің «Халықтық қорғаныс отряды» жасағын террористік ұйым деп тану туралы ұсынысы қабылданбады. Франция президенті Э.Макрон бұл орайда аталған күрдтер отрядтың ИГИЛ ұйымына қарсы күресте коалициялық күштерге көп қолғабыс көрсеткенін уәж етіп келтірді.

Саммиттің барысында «НАТО-ның бүгінгі басты жауы және қарсыласы кім? Біз кімге қарсы күресеміз?» деген сұрақ қызу талқы­ланды. Біршама айтыс-тартыстан кейін әупі­ріммен: «негізі қауіп Ресей мен халықаралық терроризмнен төнеді» деген тұжырым жасалды.

Ұлыбританияның бірбеткей премьері Борис Джонсон үшін қазіргі таңдағы ең басты міндет – Еуроодақтан енші алып, бөліну болып тұр. Оның алға қойған мақсаты бөлінуді жақтап дауыс берген 51,89 пайыз британия­лықтардың үмітін ақтау десе болғандай. Джонсон өзіне дейін үкіметті басқарып, «брексит» бойынша үш рет жоба ұсынып, парламентте өткізе алмай премьерліктен кеткен Тереза Мэйдің қателігін қайталамауға тыры­сып бағуда. Сәйкесінше, Еуроодақ басшы­лығы бұларға алдағы жылдың 31 қаңтарына дейін мұрсат берді. Джонсонның сенімді болып отырғаны мерзімінен бұрын өткен сайлауда оның консервативтік партиясы Қауымдастық палатасындағы 650 орынның 364-ін жеңіп алды. Ендігі жерде оған парламент тарапынан қарсылықтың болмайтыны анық. Премьер Джонсон «брексит» жайымен әуре болып жүргенде Шотландия билігі ши шығып, Британиядан бөліну үшін референдум өткізу мәселесін қозғауға көшті.

Жалпы, бүгінде төрткүл дүниенің тыныс-тіршілігіне зер салсақ, жер-жерде: Алжир, Боливия, Британия, Каталония, Чили, Эквадор, Франция, Гвинея, Гаити, Гондурас, Гонконг, Ирак, Ливан, Пәкістанда билікке қарсы көтеріліс, ереуіл, митинг, шеру тәрізді наразылық шараларының болып жатқанын көреміз. Бұл наразылықтардың түпкі себебі саяси-экономикалық, әлеуметтік сұраныстар мен мұқтаждықтарға барып тіреледі. Дәлірегі «жоғарыдағылар бұрынғысынша басқара алмай отырғанының, төмендегілер бұрынғысынша өмір сүргісі келмейтінінің» айқын көрініс.

Мысалы Алжир халқы 2019 жылдың көктемінен әр аптаның жұма күні жаппай наразылық шеруіне шығып, елді соңғы жиырма жыл бойы (1999–2019) басқарып келген, 82 жастағы президент Әбделәзиз Бутефликаны қызметтен кетірді. Халықтың талабымен кешегі 12 желтоқсанда жаңадан президенттік сайлау өткізілді. Оның нәтиже­сінде 58,13 пайыз дауыс жинаған бұрынғы премьер-министр Абделмаджид Теббун сайланғанымен, оппозициялық күштер: «бұл да қуылған президент Бутефликаның жақтасы» деген себеппен қарсылық акцияларын әрі қарай жалғастыруда.

Боливияны 13 жыл басқарып, экономика­лық-әлеуметтік салада бірқатар реформалық жетістіктер жасағанына қарамастан оппозия­лық топтың арандатуымен халық Эво Моралесті тақтан тайдырып, Мексикаға бас сауғалап кетуге мәжбүрледі. Уақытша билікке ие болғандар Моралесті қылмыстық жауап­кершілікке тартпақшы.

Соңғы екі жылдан бері тәуелсіздік жолында күресіп келе жатқан Испания құрамындағы Каталония да райынан қайтар емес. Испанияның Жоғарғы сотының 14 қазанда 2017 жылдың 1 қазанында Каталонияда референдум өткізуді ұйымдастырған белсен­ділердің ісін қарап, оларды 9 жылдан 13 жылға дейін абақтыға қамау, кейбіреулеріне айыппұл салу жөнінде үкім шығаруы каталония­лық­тардың ашу-ызасын онан сайын күшейтті. Осыған байланысты 18 қазанда 525 мың тұрғын наразылық шеруіне шығып, орталықтағы көлік қозғалысын, кейбір метро стансаларын, тіпті Саграда-Фамилия соборын жауып тастады. Полиция мен халықтың қақтығысы барысында 200 адам ұсталып, екі жақтан да бірнеше кісі әр түрлі жарақаттар алды. Бірқа­тар инфрақұрылымдардың, үйлер мен мейрам­ханалардың, автокөліктер мен мото көліктер бүлініп, жалпы есебі 2,7 млн. еуродай шығын келді.

Қытайдың арнаулы әкімшілік ауданы саналатын Гонконг маусым айынан бері мазасыз күйде. Мұнда «Күдікке ілінген адам­дарды Қытайға экстрадициялау туралы» заң жобасына қарсылық білдіріп, 12 маусымда 1 млн. және 16 маусым күні екі миллион адам наразылық акциясына шыққан. Халықаралық сарапшылар: «Гонконг халқының қылмысқа қатысты күдіктілерді орталыққа экстради­циялау туралы заң қабылдауға қарсы шығып бас көтеруі жәй сыныққа сылтау, ең бастысы еркін өмір сүріп қалған олар Пекиннің үстем­дігі мен билеп-төстеуіне көнгілері келмейді», – дейді.

Қорыта айтқанда, әлемнің әр бұрышында болып жатқан оқиғалардан байқайтынымыз халық қоғамның жаңаруын, еркіндікті, мемлекеттің жаңаша басқарылуын, барлық салада ашықтык пен әділеттіліктің болуын, тұрмыстық-әлеуметтік мәселелердің шешілуін қалайды. Онсыз тыныштықтың орнауы екіталай.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *