ДҮНИЕ-ДҮРМЕК

Қазақстан

 

Жәрдемақы өсті

Елімізде 1 шілдеден бастап 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларды асырап отырған ата-ана немесе қамқоршыға берілетін жәрдемақы 30 пайызға  артып, 41 600 тең­геге жуықтады. Бұл туралы ҚР Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон коми­тетінің басқарма басшысы Жадыра Дәулетханова хабарлады. Биыл бұл мақсатқа қазынадан 82,8 млрд. теңге бөлінген. Мұндай жәрдемақы 2010 жылдан бері төленіп келеді. Ал былтырдан бастап жасы 18-ден асқан бірінші топ мүгедек­тері­нің қамқоршыларына да қолдау көрсе­тіледі. Санақ бойынша жәрдемақы 12 800 азаматқа беріледі. Бұл үшін мүгедектік туралы құжатты ХҚКО-ға апару қажет.

 

ТМД

 

Абайдың өлеңін оқыды

Ресейдің халық әртісі Игорь Крутой Димаш Құдайберген жолдаған эстафетаны қабыл алды.

«Димаш Құдайбергеннің @kudaіbergenov. dіmash Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай ақынның өлеңдерінен үзінді оқу эстафетасын зор құрметпен қабыл алдым. Осы эстафетаны ҚР Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетовке жолдаймын» деп жазады Игорь Крутой өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 жастағы мектеп оқушысының эстафетасын қабыл алып, оны Білім және ғылым министрі Асхат Аймағам­бетовке, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға және бүкіл әлемді мойындатқан талантты әнші Димаш Құдайбергенге жолдаған еді.

 

әлем

 

Ең бай адам

Франциялық бизнесмен, Louіs Vuіtton Moлt Hennessy компаниялар тобының президенті Бернар Арно әлем бойынша байлығы жүз миллиард доллардан асатын үшінші адам атанды. Америкалық басылым бизнесменнің байлығын 100,4 миллиард долларға бағалап отыр. Бұл бүгінде Словакияның Ішкі жалпы өнімінен немесе Франция ІЖӨ-нің 3 пайызынан асады.

Бұған дейін «жүзмиллиардер» атағына Mіcrosoft компаниясының негізін қалаушы­лардың бірі Билл Гейтс пен Amazon интернет компаниясының негізін қалаушы, The Washіngton Post баспа үйінің иесі Джефф Безос жеткен екен. Біріншісінің байлығы 106, екіншісінің еншісінде 119 миллиард доллар болған. Алайда, Гейтс 35 миллиард доллардан астам ақшасын қайырымдылыққа жұмсап жіберсе, Безос биыл әйелімен ажырасып, ақшасы 40 миллиард долларға кеміп қалыпты.

 

дерек

 

Бадырақ көз

 Кимберли Гудмэн есімді америкалық әйел ең бадырақ көзді адам ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген. Оның көздері өз орнынан 1,1 см.-ге дейін шығады екен.

 

Әзіл

 Қыз жігітке хабарласып:

– Кеше маған бос СМС хабарлама жібергенің не?

– Саған сөз айтуға бата алмай жүргенім ғой.., – депті.

 

Қазақстан

 

Елімізде мерекелік күндер көбейді

ҚР Үкіметі Қазақстан Республи­касын­дағы мерекелік күндер тізбесін бекітті. Құжат ҚР нормативтік құқықтық акті­лерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланды»,  деп хабарлайды Қаз­Ақпарат. ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 3 шіл­дедегі №467 Қаулысымен ҚР мерекелік күндер тізбесіне «Ауғанстан Демокра­тиялық Рес­публи­касынан Кеңес әскер­лерінің шектеу­лі контингентінің шығарыл­ған күні – 15 ақ­пан; Семей ядролық сынақ полиго­нының жабылған күні – 29 тамыз; Қарттар күні – 1 қазан» сынды атаулы күндер қосылды.

Айта кетейік, мерекелік күндер демалыс болып саналмайды.

 

ТМД

 

Гүлге Димаштың аты берілді

Ботаник Алла Черногуз 2018 жылы құртқашаш (ирис) гүлін сұрыптау арқылы жаңадан алған түрге қазақ әншісі Димаш Құдайбергеннің есімін берді,  деп хабар­лайды Zakon.kz. сайты. Жаңадан алынған құртқашаш гүлінің түсі қардай аппақ, ортасында ашық қызыл-сарғыш түсті өзегі бар. Ғалымның айтуынша, ол Димаштың дауысы секілді ашық әрі саф таза. Бұл туралы ғалым Фейсбуктегі әншінің фантобына жазба қалдырған.

Алла Черногуз – Украиндағы құртқашаш гүлі одағын құрушылардың бірі. 2018 жылы алынған осы гүлдің тағы бір түріне Димаштың орындауындағы халық әні «Дайдидау» атауы бұйырыпты. Екі құртқашаш гүлін  «THE AMERІCAN ІRІS SOCІETY» тіркеуге алған екен.

 

әлем

 

Оқу ақысы пластик бөтелкемен төленеді

Нигериядағы Морит халықаралық мектебі ACІ (Африка тазалық бастамасы) үкіметтік емес ұйымымен бірлесіп мектептегі оқу ақысын пластик бөтелкелермен қабылдау жобасын қолға алды. Осылайша ата-аналар баланың оқу ақысын пластик бөтелкелермен төлейді. «RecyclesPay» деп аталатын жоба аясында кірісі төмен топтарға балаларын оқытуға мүмкіндік беріліп отыр. Бұл ретте 32 жас­тағы Ориола Олувасейи сияқты ата-аналар айына екі рет өңдеуге жарамды пластик бөтелкелерді мектепке тапсырып, оқу ақысын жабады. Айта кету керек, әр 200 келі бөтелке 11 долларды құрайды. Ал халық­аралық мектептегі оқу ақысы бір семестрде 24 дол­лар. Бұл жобамен мыңнан астам бала оқып жатыр. Бұл жол экологиялық проблеманы шешіп қана қоймай, экономикалық потенциалды да арттыратыны сөзсіз. ACІ жобасы Нигерияның бес мектебінде жүзеге асырылады екен.

 

білесіз бе?

* Оңтүстік Кореяда фамилиясы бір адамдар некелесе алмайтын көрінеді.

* Әлемдегі ең қысқа өзен – Сагинау. Ол Американың Мичиган штатында орналасқан.

* Ниагара сарқырамасынан құлаған балықтардың 90 пайызы тірі қалатын көрінеді.

 

Әзіл

 Маскүнемнен:

– Неге арақ іше бересің? – деп сұрапты біреу.

– Арақ – адамның жауы. Оны ішіп тауыспаса, көбейіп кетеді, – деп ақталыпты маскүнем.

 

 «Дүние-дүрмекті» әзірлеген –

Мәншүк БЕКБОСЫН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *