ДӘНЕШТІҢ ДОМБЫРАСЫ

МҰРАЖАЙ  ТӨРІНЕ ЖАЙҒАСТЫ

 

7Нұржамал БАЙСАҚАЛ

Сонау алпысыншы жылдары Дәнеш Рақышевтің әндерін тыңдаған  ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов «Дәнеш, сенімен бірге бізге ен байлық келіпті ғой. Пәлі, міне, өнер қайда жүрген? Өнеріңе өрнек бітсін» деп  сүйсінген, Сәбит Мұқанов   «Сенің даусың халқыңның асыл қазынасы екенін түсін» деп  ағалық ақылын айтқан.  Ән өлкесінде өзіндік өрнегімен, орындаушылық шеберлігімен танылған, халықтың өнерін інжу-маржанын бойына терең жиған қазақтың жезтаңдай әншісі,  Қазақстанның халық әртісі Дәнеш Рақышев  тірі болғанда биылғы жылдың  1 мамырында торқалы жасы – тоқсанға келер еді. Бірақ, бұлбұл үнді әншінің ғұмыр керуені  алпыс алты жасқа қараған шағында мәңгілікке  тоқтаған еді. Әйтседе,  өнердің иесі өлгенмен,  шәкірттері, тыңдарманы болған қалың елі қазағы барда өнер ғұмыры жалғаса береді. Оған үш күн қатарынан Алматыда өткен әншіні еске түсіруге арналған іс-шаралар  жарқын мысал бола алады.

8Осы іс-шараға қатысқан өнерсүйер қауым әншінің тек өнер жолымен танысып  қана қоймай,  Алматы облысының «Жетісу» телеар­на­сы түсірген  «Тағзым» атты деректі фильм арқылы   арғы-бергі беттегі өмір жолымен де танысты. Өнерлі отбасында  өскен  бала Дәнеш он екі-он үш жасында-ақ қолына сырнай,  домбыра ұстап ән салған. Ән өнеріне барынша ден қойған жас әнші он бес жасында-ақ әнші-күйші өнерпаз­дармен етене араласып, 1916 жылдың дүрбелеңі­мен туған жерінен жырақ кеткен атақты  ақын, әнші Әсет Найманбайұлының  Қадрихан, Мәмет секілді шәкірттерімен бірге жүріп, Әсеттің ән мұраларына көңіл бөле бастайды.  Дәстүрлі ән тарихын  зерттеушілердің Әсет пен Дәнешті байланыстыра айтуының бір себебі де осы шығар. Қайырбек, Байбазар  сынды әншілермен бірге жүріп, Құлжа  қаласындағы театрда қызмет атқарып, оның қазақ бөлімін басқара жүріп, ұлт өнерін өркендетуге үлкен үлес қосады. Әншілік орындаушылығымен  қатар,  өзгелерге ұқсамай­тын сазды да мәнді мақпал әндер шығарған ол көп ұзамай сазгерлігімен де кеңінен таныла бастайды. 1959 жылы туған топырағына оралуы  әншіге шалқар шабыт сыйлайды. Қаймағын бұзбай арғы беттен алып келген бай мұрасын өнерге жақын  ізбасарла­рының бойына дарыту жолында аянбай еңбек етеді.  Бүгінде әнші із  сал­ған өнер шаңырықтары, көзі тірісінде қалыптас­тырып кеткен әншілік мектебінен дәріс алған шәкірттері ұстаздарынан үйренген ән мұрасын халқына кеңінен насихат­тап, өнер мен білім саласында жемісті еңбек етіп келеді.  Дәнеш Рақышевтің   торқалы тоқсан жыл­дығы қарсаңын­дағы тойдың  Алматы қаласынан басталуы да  тегін емес, Өйткені, әншіні қанаттан­дырып, шабытына шабыт сыйлап, Әуезовтей ұлы ағалары, өзінен ит көйлекті бір жыл бұрын тоздырған  Нұрғисадай  рухани ағалары  батала­рын берген рухани мекені – Алатаудай асқар таудың ете­гіндегі Алматысы болатын.  Алматы­дағы  әнші Дәнеш Рақышевті еске алу кештері  Жүсіпбек Елебеков атындағы  эстрада-цирк колледжінде өткен  Мәдениет қайраткері, Т.Жүргенов атын­дағы  Қазақ Ұлттық өнер академиясының доценті Нұржан Жанпейісовтің ұйымдастыруымен «Әсет пен Дәнеш» атты ашық сабақтан басталып,  мұндай тағлымы мол кештер мен жүздесулер  әншінің жалғыз тұяғы Гүлнар Рақышева  мен жан-жақтан келген шәкірттерінің   қатысуымен Т.Жүргенов атындағы  Қазақ ұлттық  Өнер академиясының  «Дәстүрлі музыкалық өнер» ка­федрасының  меңгерушісі Қазақстан Рес­пуб­лика­сының еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиевтің ұйымдастыруымен әншінің жерлестері, ақын – Оразақын Асқар, жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы мен өнер зерттеушілерінің қатысуымен «Дәнеш – қазақ  ән өнерінің  алтын көпірі» атты дөңгелек үстел  өткізіліп, дөңгелек үстел басындағы өрілген әңгімені  белгілі әнші­леріміз – Рамазан Стамғазиев, Еркін Шүкі­манов, Нұржан Жанпейісовтер бастаған әншінің шәкірттері – Сүйінбай атындағы Алматы облыс­тық филармониясының әншілері, Қазақстанның  еңбек сіңірген әртісі Мырзахмет Мұқаманов,  Абылай Қармысов, Қазақстанның мәдениет қайраткері Ерболат Шалдыбеков, Серікбол Шыныбаев, Қарағанды облысының Балқаш қаласынан келген  Саттар Сәрсенқұлов,  Тілеулес Құрманғалиевтің, Аманкелді Күзеубай­дың,  Қуаныш Алтыбаев, Талғат Әбуғазы, Жасұлан Сақаевтың, Дәнештің әніне көңілдері ауған әнші қыздарымыз, Республикалық және Халықаралық байқаулардың лауреаттары – Шолпан  Дар­жанова, Мәдина Шәріповалар  шарықтата ән салған «Дәнеш салған әндер-ай» атты ән кешіне ұласты.  Ал Қыздар педагоги­калық  университе­тінің  шаңырағында өткен  «Ән өнерінің шебері» атты  іс-шара  әншінің  рухани өмірінің  шырағын жандырса, Ықылас атындағы  халық аспаптары мұражайында  салтанатты түрде  шымылдығын жап­қан  әншіні еске алу кеші  ән еркесі Дәнеш Рақышевтің  рухани ғұмырының мәңгілікке жалғасатындығына халқының көзін жеткізді. Мұражайда өткен кеште көңілі толқы­маған жан кем де-кем шығар.  Әншінің қызы Гүлнар Рақы­шева мен әншінің ең кенже шәкірті, танымал әнші Нұржан Жанпейісов   әншінің елу бір жыл жан серігі болған домбырасын мұражай қорына табыс етті. Ұстаздарының домбырасымен қимай қоштасқан шәкірттері домбыраны құшып сүйген тұста дәстүрлі ән өнерінің жанашыр­ларының жанарларына жас үйірілген еді. Қызы Гүлнар «мен бүгін әкемді екінші рет жерлеп тұрғандай  болып едім, бірақ,  қателесіппін, осын­ша шәкірт­тері мен қа­зағы тұрғанда әкемнің өлмейтініне көз жеткіздім» деп толқыса, жазушы Бексұлтан Нұржеке  ән салып, өнерлерін көрсет­кен іні-қарындастарына ризашылықтарын білдіріп, «бар екенсіңдер ғой, Әсет пен Шашубай­дың, Ақан мен Біржан салдың ізбасарлары» деп толқыды. Ал қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаевтың осы кешке қатысып,  әншінің рухына тәу етуі де жиналған жұртшылық пен  халық әндерін орындайтын әншілеріміздің дәстүрлі әннің шынайы жанашырларының барына көздерін жеткізіп, еңселерін бір көтеріп тастады.  Домбы­раны мұражай қорына қабылдап алған   Ықылас атындағы халық аспаптар мұра­жайының  дирек­торы, белгілі жыршы-термеші әрі дәстүрлі әнші  Ұлжан Байбосынованың әншінің  қоңыр домбыра­сын  қолына алып тұрып,  «Дәнеш ағаны сағын­ғанда мұражайға келіп, ән салып тұра­сыздар» деген жылы сөзі де көптің толқынысын басты. Сөйтіп,  Дәнеш домбырасы да мұражай мұрағат­та­рының төрінен орын алды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close