ДҮБІРІ БӨЛЕК ӘЛЕМДІК ДОДА

Алматыда футзалдан студенттік командалар арасындағы Әлем чемпионаты мәреге жетті

Нұрлан СҮЙІН

 Бүкіләлемдік студенттік спорт федерация­сының (FІSU) күнтізбесіне енген «Футзалдан студенттік командалар арасындағы Әлем чемпионаты» тұңғыш рет ТМД мемлекеттері аумағында өтті.

Дүбірі бөлек әлемдік дода 19–26 тамыз күндері Алматыдағы халықаралық деңгейдегі «Almaty Arena», «Halyk Arena» спорт кешендерінде өтті. Әлем чемпиона­тына дүниенің төрт түкпірінен 25 команда, 500-ге жуық спортшы қатысып, футзалдан әлем кубогін сарапқа салды.

Ерлер және қыздар арасында өткен аяқдоптан әлемдік додаға футзалдан танымал Ресей, Аргентина, Польша, Таиланд, Украина, Франция, Португалия, т.б. мемлекет­тердің командалары қатысты.

ФИСУ мамандары мен әлемдік деңгейде өнер көрсетіп жүрген футболшылар ұйымдастырылуына жоғары баға берген Алматыдағы әлем чемпионаты бір аптаға созылып, ерлер арасындағы финалда Қазақстан–Ресей кездесуі жанкүйерлерге футбол мерекесін сыйлады.

Алғашқы болып бұл кездесуде есепті қонақтар ашты. Төртінші минутта Сергей Орлов қақпаны дәл көздеп есеп ашса, бір минут өткен соң Антон Соколов есепті 2:0-ге жет­кізді. Алтыншы  минутта қазақстандық Ақеділ Мадияров көп жиналған қазақстандық жанкүйерлерге қуаныш сыйлағанымен, қарсылас команданың ойыншы­лары  Янар Асадов пен Сергей Орлов келесі минуттарда екі гол соғып, біздің жанкүйерлердің үміт отын сөндіргендей  болды.

Ойынның екінші  кезеңде де көрермендер біздің жігіттерден зор үміт күтті. Екі құрама өте қызықты ойын  көрсетіп, қауіпті жағдайлар жасағанмен, көп гол соғылмады. Тек, ойынның 38-минутында қазақстандық қақпашы Асылжан Әлім осы кездесудегі соңғы допты соқты. Осылай, Қазақстан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері  атанды.

– Біз жеңіс үшін барымызды салдық, бірақ нәтиже осылай болды. Қарсылас өте жақсы ойын көрсетті, бірақ біз оларды жеңетін мүмкіндігімізді пайдалана алмадық. Финалда ұтылған соң бәрібір де өкініш сезімі болады екен. Барлық жанкүйерлерімізге мың алғыс айтамыз. Қолдауларыңыз керемет болды. Сондай-ақ, осы турнирдің ұйымдастырушыларына да рахмет, – деді Қазақстан құрамасының  ойыншысы Владислав Черномордов.

Турнир жайлы өз ойларымен ресейлік  ойыншылар да бөлісті.

– Алған әсерім өте керемет. Мен Алматыда, жалпы Қазақстанда бірінші рет келдім. Маған барлығы ұнады. Турнирдің деңгейі өте жоғары. Қолдау да жақсы болды. Дегенімізге жеттік, – деді Ресей  құрамасының  ойыншысы Янар Асадов.

Финалдық ойыннан кейін чемпионаттың салтанатты жабылу рәсімі өтті. Жабылу салтанаты барысында арнайы келген қонақтар Әлем чемпионатының ұйымдастырушыларына керемет қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіріп, артынша Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев ФИСУ туын келесі Әлем чемпионатын қабылдайтын Польша елінің өкіліне тапсырды.

Барлық жеңімпаз мен жүлдегер командалар кубок, медальдармен марапатталып, үздік ойыншылар түрлі номинация бойынша арнайы сыйлықтарға ие болды. Олардың қатарында қазақстандық Біржан Оразов «Үздік  қорғаушы», ал Дәурен Тұрсағұлов – «Үздік шабуылшы» атанды.

Футзалдан студенттік Әлем чемпионатының  жүлделі орындары төмендегідей болды.

Әйелдер командалары:

1-орын  – Ресей

2-орын – Украина

3-орын – Португалия  

Ерлер командалары:

1- орын – Ресей

2- орын – Қазақстан

3- орын – Украина. 

Футзалдан студенттер арасындағы  келесі Әлем чемпионаты екі жылдан соң Польшаның Познань қаласында өтеді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *