Әбжыланның ажалы

Ата жауы кірпіге таланып, жем бола жаздаған әбжылан өзін-өзі шағып өлтірердей өте ашулы еді. Тікендері сойдиған бізтұмсық кірпіні көргенде мына өмірден күдерін үзген болатын. Керісінше кірпі сумаңдаған жыланды көргенде жүрегі жарыла қуанды. Өзі көптен бері аш еді. Бетпақдаланың «көк айналып жерге түскен» мына аптап ыстығында бойына әл-қуат беретін жыланның қоңыр салқын дәмді етіне жерік болып жүретін. Сол таңсық асы алдына жылжып өзі келді.

Жеңіс ШЫНЫБЕК

Кірпі көп ойланып тұрмай жыланға тарпа бас салды. Ежелгі әдетімен жыланның басын көздеп ұмтылды. Әбжылан да талай сойқанды көрген әккі, айлакер қу екен. Бірден басын ала қашып, қалың өскен баялыштың тарбаң бұтағының астына жасырынды. Барлық денесін жинап үлгере алмады, кірпі құйрық тұсынан ала түсті. Кірпі бері тартады, әбжылан әрі тартады. Бірі өмір үшін, бірі аш құрсақ үшін жандәрмен ақ тер, көк тер болып арпалысып жатыр. Ақыры кірпі жыланды шөп астынан суырып алды. Сыннан өткен әдетіне салып құйрықты тістеген күйі тұмсығын ішке алып, тікендерін тарбитып домаланды да қалды. Әбжылан ажал сәтінің жақындағанын сезіп, жанталаса бұлқынды. Кірпіні орап алып шиыршық атты. Бұл да ем болмады. Кірпінің инедей өткір тікендері денесіне кірш-кірш қадалды.

Әбжылан енді тығылатын ін іздеп кірпіні сүйрей қашты. Кірпінің инесі қадалған жерлері удай ашып жанын қинап келеді. Барған сайын қуаты сарқылып барады. Жан беру оңай ма, сонда да өлермендігімен алға ұмтылады. Кірпі де ерегіскен, тістеген жерінен айырылмай еріп келеді. Әбжылан ең соңғы күшін жинап, жалпақ басын тік көтеріп жауына қарап ең соңғы рет айбат шегіп ышқына ысыл­дады. Жасқанып құйрығымды жібере салар деген далбаса дәмесі адыра қалды. Кірпі оның ысылдаған айбатын арты­на да қыстырған жоқ, қайта ызаланып тістерін батыра түсті.

Әбжыланның көрер жарығы бар екен, алдынан тік жартас кездесіп, заматта төмен қарай құлап кетті. Кірпі артынан қуған жоқ, ұзындығы қарыс келетін құйрығын жұлып алып, соны қанағат қылып қырт-қырт шайнап қала берді.

…Бүгілдің жеке Қарасуының жағасында Қайратбек шопан жалғыз үй жайлап отырған. Өзі мал соңында өрісте. Әйелі Жұпаркүл мөңіреп шақырып тұрған тоқал сиырын сауып алмақ болып сыртқа шықты. Әукім-әукім деп дауыстап келе жатқан келіншек киіз үйге қарай ирелеңдей жылжып келе жатқан жыланды байқаған жоқ, дәл қасынан адымдап өте шықты. Әбжылан оны көрді, көрді де тығылатын тесік іздеді. Сорына қарай бұл маңда жан сақтайтын тышқан іні де жоқ екен.

Бұл екі аяқтылардан аяушылық күтуге болмайды, одан қашып құтылу мүмкін емес. Өткенде өзінің жеті жыл жұптасқан серігіне енді жанаса бергенде, осындай екі аяқ­ты мұның көзінше оны әкесінің құны қалғандай тепкілеп, езгілеп, таптап тастаған. Содан бері екі аяқтыны көрсе зәре-құты қалмай көрден-көрге тығылады. Дал­басалап, бассауғалап керегенің көгінен өтіп ішке кірді. Жайлап басын көтеріп жан-жағына көз салды. Киіз үйдің төргі жағында Қайратбектің екі жасар ұлы – Самат ойын­шық сары қыздың сары шашын жұлқылап отыр. Өзі бірдеңе деп былдырлайды. Қыз оған жауап бермеген соң кеудесіне әзер ілігіп тұрған басын жұлып алып, лақтырып жіберді.

Самат бала әкесінің дәл көшірмесі. Қараторы өңді, толық бет, домалақ бас, қылилау шүңірек көздері отты. Қайратбек сияқты қыңыр, дегені болмаса үйді басына көтеріп өңеші жыртылғанша бақыратын, алдап-сулағанға көнбейтін ызақор, бірбет мінезі бар. Аузында алты-ақ тісі болса да тамақсау, қомағай. Берген тамақты өзі шайнап жейді.

Бейнеті ауыр Жұпаркүлдің сүті азая бастаған еді. Аз сүтке қанағат қылмаған Самат ызаланып анасының мәмесінің ұшын қыршып тістеп алып қан қақсатып қойған. Ол-ол ма, бірде қорылдап ұйықтайтын әкесінің дыбыс шығып жатқан танауына екі саусағын тығып, үнін өшірмек болды. Қайратбек балуан бітімді, апай төс, қолағаштай кавказ мұрынды жігіт еді. Кең танауға бала саусағы олқы соқты, қорыл басылмады. Ұйқысын қашырған қорылға жыны келген Самат келесі сәтте әкесінің танауын аузын толтыра асап жіберіп, ет шайнағандай қыршып тістеп алды. Қайратбек жаман түс көргендей шошынып оянды. Алғашқыда босағада жататын құмай тазысы қашты ма деп ойлаған, сөйтсе қасындағы баласы екен.

Қайратбек танауының шеміршегін сындыра жаздаған баласын жазалаған жоқ. Баланың бойынан өзінің мінездерін күнде көріп жүр.

– Өзіме тартқан қабаған күшік! – деп қарқ-қарқ күлді.

…Сонау Тәшкеннен жайлауға келіп алма сатып жүретін Тәшмат ака ботаны көріп: «Кішкентайлығы болмаса құдды түйе екен» деп таңқалыпты. Сол Тәшмат айтқандай, кішкентайлығы болмаса Самат та Қайрат­бектің құдды өзі еді. Ұлының өзінен аумай қалғанын әкесі әрдайым мақтан ететін. Осыны ойлағанда жайшылықта қатал мінезді жігіт әйеліне алғашқы неке түніндегідей жүзі нұрлана күлімдеп, мейірлене қарап, арқасынан қағып еркелетіп қояды.

…Әбжылан жәймен жылжып баланың қасына келді. Бала бұрын өзінен-өзі қозғалатын ойыншықты көрмеген еді. Дәл алдына келіп денесін жинап алып, басын қарыс көтеріп, ысылдап айбат шегіп тұр. Бала ойыншықтың дыбыс шығарғанын да естімеген болатын, әбжыланға таңдана, қызыға қарап қалды. Сынық сүйем құйрығы жұлынған, жарасы жанына батқан жылан сұмдық ашулы еді. Талай жан иесін ажалға ұшыратқан заһар уы тасқындап келіп жоғарғы қос тісінің өзегіне құйылды. Сол уды қашан төккенше жақ сүйектері сыздап, сырқырап шыдатпай барады. Бала да одан көз алмай қарап қалған. Өткір екі жанар түйісіп қалды. Сол сәтте әбжылан шиыршық атып атылды. Бала да соны күткендей екен, шапшаң қимылдап өзіне атылған жыланның мойнынан шап беріп ұстай алды. Жыланның жуандығы өзінің білегіндей екен, ұстаған жерін құшырлана қысып-қысып жіберді. Көздеген жеріне жете алмаған қос тісінен аққан у баланың білегіне тамып жатыр.

Әбжылан тағы бір пәлеге душар болғанын сезіп, жанұшыра шиыршық атып баланың білегіне оралды. Молтақ құйрығымен жалаңаш қарынын сабалап жатыр. Қарнының, білегінің қытығы келген ол бар даусымен сақ-сақ күлді. Бала тірі ойыншықты сығымдай ұстап, дәл көзінің алдына әкелді. Екеуі кірпік қақпай бір-біріне қарап қалыпты. Жылан тілін сумаңдатып ысылдап қоя берді. Әкесінің түнгі қорылынан әбден мезі болған ол жыланның ысылдаған үніне жыны келіп басын жерге ұрды. Қолына түскен ойыншықты сындырмай тынбайтын бала мынаны да сындырып тастауды мақсат еткен сияқты. Ұстаған жерінен айырылмай әлтек-тәлтек басып барып, босағадағы сүт толы шелекке сүңгітті. Жан беру оңай ма, жылан да жанталасып шиыршық атып жатыр. Шашыраған сүт баланың бетін жуып кетті. Ол одан сайын ерегісіп оны тереңірек батыра түсті.

Тегінде бұл бір-екі тамшы қан болмаса, сұйықтық ішіп көрмеген. Батпақдаланың қанқұйлы әбжыланы еді. Бала оны сүтке батырған сайын тынысы тарылып, белі босаңси берді. Әлден уақытта мүлде қимылсыз қалды. Сол кезде шелек көтерген анасы үйге кіріп келді. Сүтке қолын малып отырғанын көріп айғай салды.

– Әй, бұзақы жүгермек, сатпақ-сатпақ кір-қожалақ қолыңды салып жаңа сауылған сүтті бүлдіргенің қалай? Мен сені қазір…

Ол қаһарлы сөзін аяқтай алмай қалды. Самат ажал құшқан жыланды сүттен суырып алып, салаң еткізіп анасының алдына лақтырып тастады. Оның кәдімгі жылан екенін көріп шошынған анасы:

– Ойбай, көтек, мынасы несі, өзіңді шағып алған жоқ па? – деп жаман шошынып, табалдырыққа сүрініп шалқасынан түсті. Екі шелек сүті ақтарылып қалды.

Табалдырықтан аққан сүт әбжыланның басына, қисайып кеткен езуіне тамшылап жатыр…

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *