«Бюджетке қатысу» жобасы бойынша өтініш беруге жеті күн қалды: жүзеге асырылып жатқан жобаларға шолу

Бүгін Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі «Бюджетке қатысу» жобасы аясында қала тұрғындарының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан нысандар бойынша баспасөз турын ұйымдастырды.

«Бюджетке қатысу» — бұл өзара іс-қимыл тетігі, мұнда алматылықтар бюджет қаражаты есебінен аула алаңдарын жақсартып, жаңа гүлзарлар немесе тротуарлар сала алады.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қала тұрғындарын заманауи стандарттарға сәйкес келетін ыңғайлы, жайлы және қауіпсіз қоғамдық кеңістіктермен қамтамасыз ететін сапалы қалалық ортаны қалыптастыруға ерекше назар аударатынын атап өткен жөн. Тұрғындар өз кезегінде ауданның, көшенің, ауланың қалалық келбетін жақсартуға өз үлестерін қоса алады. Ол үшін өтінімді осы жылдың 20 қазанына дейін budget.open-almaty.kz сайтында беру қажет. Сараптама комиссиясы сметаны және өзге де құжаттаманы дайындау мәселелерінде жәрдем көрсетеді. Қандай идеялар іске асырылатыны туралы шешімді осы ауданның аумағында тұратын қала тұрғындарының өздері қабылдайды. Ағымдағы жылы әрбір ауданға 800 млн теңге бөлінді, бұл ретте бір жобаның сомасы 55,5 млн теңгеден аспауы тиіс.

Жалпы, осы жобаның арқасында қала тұрғындары «шетсіз қала» қағидасына сәйкес тұрғылықты жеріне қарамастан жалпы пайдалану орындарын жақсартып, демалыс пен бос уақытты өткізу үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ете алады.

Арнайы баспасөз туры барысында пайдалануға берілген нысандар немесе іске асырудың соңғы сатысында тұрған жобалар таныстырылып, қатысушылар аралап көрді. Атап айтқанда, қатысушылар негізінен кейіннен қосылған қаланың төрт ауданында орналасқан абаттандырылған саябақтарға, балалар ойын және спорт алаңдарына барды.

Баспасөз турына қатысушылар Түрксіб ауданындағы балалардың ойын алаңын, Жетісу ауданы Айнабұлақ-1 шағын аудандағы саябақты, Наурызбай ауданындағы баскетбол, футбол және Workout алаңдарын, Медеу ауданының Самал-1 шағын ауданындағы саябақты аралап көрді.

Одан бөлек, қатысушылар Наурызбай ауданындағы Қалқаман-2 шағын ауданына барып, онда баскетбол, футбол және workout алаңдарын аралады. Бұл аумақта шағын архитектуралық формалар орнатылып, резеңке төсемдер салынды. Наурызбай ауданы тұрғындарының бастамасымен 7 жоба іске асырылды. Олардың көбі іргелес аулаларды, саябақтарды абаттандыруға, балалар және спорт алаңдарын орнатуға қатысты.

«Ағымдағы жылы Наурызбай ауданында «Бюджетке қатысу» жобасының аясында 6 балалар, спорттық алаңдар салынды. Мұнда Қалқаман-2 шағын ауданында үш нысан: скейтборд, баскетбол алаңы, workout аймағы бар. Жобаның аясында көгалдандыру, аумақты жарықтандыру қарастырылған», — деп толықтырды Наурызбай ауданы әкімі аппаратының абаттандыру бөлімінің бас маманы Оңалбек Қыдырбаев.

Одан кейін баспасөз турының қатысушыларына Жетісу ауданы Айнабұлақ-1 шағын аудандағы гүлзар таныстырылды, бүгінде мұндағы жұмыстар аяқталған. Аумағы 2400 шаршы метр болатын саябақ аумағында резеңке жамылғы төселіп, асфальт төселді. Орындықтар, урналар орнатылған, 2 workout алаңы бар.

«Бұл учаске шөп басып кеткен бос жатқан жер болатын. «Бюджетке қатысу» жобасының аясында аталған жобаны тұрғындармен бірлесіп жасап, олардың ұсыныстарын қабылдады. Бұл аумақта тұрғындардың пайдалануы үшін барлығы қарастырылған», — деп атап өтті Жетісу ауданы әкімі аппаратының абаттандыру бөлімінің бас маманы Ернар Батыров.

Баспасөз турына қатысушылар Түрксіб ауданы, Бекмаханов көшесі бойындағы Спасская көшесінің бұрышындағы балалар ойын алаңының ағымдағы жөндеу жұмыстарымен танысты. Оның жанында футбол алаңы бар. Алаң ойын жабдықтарымен, шағын сәулет формаларымен жабдықталған. Жарық тартылған, орындықтар мен урналар бар. Алаңдар 11 көп пәтерлі және 80-нен астам жеке тұрғын үйлерге жақын орналасқан.

«Бұл жерде, көріп отырғандарыңыздай, балалар алаңының ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша жұмыстар жалғастырылды. Жұмысты ауданның мердігер ұйымдары жүргізді, ол жұмыстар мамыр айында басталып, шілдеде аяқталды. Содан бері тұрғындар осы алаңды пайдалануда. Жалпы, 2019-2020 жылдарға арналған «Бюджетке қатысу» жобасының аясында Түрксіб ауданында бес жоба жүзеге асырылды», — хабарлады Түрксіб ауданы әкімі аппаратының абаттандыру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Райхан Нұрпейісова.

Баспасөз туры барысында Медеу ауданы Самал-1 шағын ауданындағы саябақты абаттандыру жобасы таныстырылды, бүгінде мұнда жөндеу жұмыстары әлі де жүргізілуде. Саябақ аумағындағы қоғамдық кеңістікті жайластырумен бірге жасыл аймақты дамыту және жалпы қалалық ортаны жақсарту көзделген. Саябақта спорт алаңы пайда болады, орындықтар мен урналар орнатылады. Жарықпен қамтамасыз ету үшін кабель төселеді, 15 жарықтандыру тіректерімен жабдықталған. Газон төселіп, 30 түп көшет және 50 бұта отырғызылған.

«Бұл жобаның авторлары осы шағын ауданның тұрғындары. Жобаны комиссия мақұлдап, басқа тұрғындар да қолдады. Ол бірауыздан қабылданды, Жолдасбеков көшесінің бойында балалар алаңдары жеткілікті болатын, алайда үлкендерге, соның ішінде қарт адамдарға арналған спорт алаңдары жоқ болатын», — деп атап өтті Медеу ауданы әкімі аппаратының абаттандыру бөлімінің басшысы Мақсұт Нұрғалиев.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *