«ҚҰБЫЛМАЛЫ ӘЛЕМДЕГІ ЗАМАНАУИ ӘДЕБИЕТТІҢ РӨЛІ»

Алматыда өткен Жазушылардың І Халықаралық форумы әдебиеттің өзекті мәселесін талқылады

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

Газетімізде бұдан бұрын жазғанымыздай, Алматыдағы Рахат Палас қонақ үйінде әлемнің белгілі заманауи жазушыларының І Халықаралық форумы болып өтті. Қаламгерлердің әлемдік басқосуын Халықаралық қазақ ПЕН клубының президенті Бигелді Ғабдуллин ашып, үлкен мәдени шараның маңыздылығына тоқталды. Алматы қаласында «Құбылмалы әлемдегі заманауи әдебиеттің орны» тақырыбында өткен Халықаралық жазушылар форумына шет елдерден Қала күнін мерекелеуге орай 80-ге жуық ақын-жазушылар мен әдебиеттанушылар келді.
Қазақстан 1973 жылы өткен Азия-Африка жазушыларының халықаралық конференциясынан кейін мұндай ауқымды деңгейдегі әлем жазушыларының басын қосып көрмеген екен.
Жаһандану дәуіріндегі қазіргі әдебиеттің жай-күйі мен оның қазақ әдебиетіндегі көрінісі жан-жақты талқыланатын мұндай маңызды жиынды жыл сайын өткізу жоспарланып отыр. Халықаралық деңгейдегі мәдени шараға әлемнің 17 мемлекетінен, оның ішінде Франция, АҚШ, Англия, Польша, Израиль, Қытай, Палестина, Түркия, Моңғолия, Германия, Чехия, Ресей және т.б. елдерден аса көрнекті сөз зергерлері қатысты. Олардың ішінде биылғы Нобель сыйлығынан үміткер,71 кітаптың авторы,әлем әдебиетінен жетпіс ақын-жазушының шығармаларын аударған Атанас Ванчев де Трасси (Франция), Януш Вишневский (Польша), Сэндоогийн Хадаа (Моңғолия), Ханаан Аваад (Палестина), Алексей Цветков (Израиль), Юсуф Амине Элалами (Марокко), Бақыт Кенжеев (АҚШ), Сергей Гандлевский (Ресей) сынды әлемге әйгілі жазушылар бар.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев әлем жазушыларының Алматыдағы І Халықаралық форумына қатысушыларға қала әкімінің құттықтауын жеткізе отырып, былай деді:
— Жыл сайынғы дәстүрлі Қала күні қарсаңында әлем классиктерінің Алматыда кеңес құрғаны – біз үшін үлкен мәртебе. Алматы қаласы үлкен мәдениеттің ордасы ретінде әлемнің зиялы қауымына бұрыннан жақсы таныс. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп жатқан «Құбылмалы әлемдегі заманауи әдебиеттің рөлі» атты жиынның маңызы ерекше. Адамзаттың смартфон,ғаламторға тәуелділігі артқан сайын, бір-бірімен пікірлесуден, араласудан шет қалып барады. Жастар арасында кітап оқуға деген қызығушылық бәсеңдеді.Сондықтан,қай қоғамда болмасын әдебиеттің рөлі арта түспек. Әдебиет арқылы адамгершілік, бейбітшілік,ізгі қасиеттерді адам баласының бойына сіңіруіміз қажет. Тәрбие, өнегенің бастауы әдебиетте жатыр.
Арман Қырықбаев өз сөзінде сондай-ақ форум қонақтарын Алматы қаласының ЮНЕСКО тізіміне енген тарихи орындары мен бүгінгі келбетін тамашалауға шақырды.

Әлем жазушыларының халықаралық форумында қазақ қаламгерлері, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Олжас Сүлейменов, Дулат Исабеков, Мұхтар Шаханов, Ұлықбек Есдәулетов, сондай-ақ шетелдік меймандар Ханаан Аввад (Палестина), Януш Вишневский (Польша), Юсуф Элалами (Марокко), Зейнеп Алие (Турция), Саймон Холлингсворт (Англия) сияқты қаламгерлер сөз сөйлеп, өздерінің ойларын ортаға салды.

Әбдіжәміл Нұрпейісов,
Қазақстанның халық жазушысы:

Қазір адамға қажетті ақпараттың бәрі бар

— Технологияның ғажайыптарына таңқалмайсыз. Адамға қажетті ақпараттың бәрі бар. Жаһандану заманында адамға не жетпейді? Бейбіт өмір, мен тыныштық – адамның жанында болуы тиіс. Әлемдегі байлықты түгел алақанға салуға болар, бірақ ол кезде сен де жаныңды жоғалтасың. Біз адамды ұмытып кеттік! Өмірді – храмға теңейтін болсақ, сол храмға кілең саудагер жиналды қазір. «Бір күнмен өмір сүр» деген девиздің ақыры бізді қайда апарады? Бүгінгі таңда біздің жазушы қауым – жоғала бастаған қауым!

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ,
ақын, Қазақстанның Еңбек Ері:

Жазушылар қашан да жалпы адамзаттық
мәселелерді көтеріп келген

— Дүние жүзінің қалаларында өтетін әлем жазушыларының Халықаралық форуына көп жылдан бері қатысып келемін. Бүгінгі Алматыда өтіп отырған жазушылардың форумы жұмысын таңертеңгі мезгілде ерте бастап отыр. Форумға үлгеріп келіп отырған бетім осы. Бұл – қазақ жазушыларының ұйқыдан ерте тұрып, жұмыс істеуін талап ететіндей болып көрінеді. Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыздың сөйлеген сөзінде көп мағына жатыр. Жазушылар қашан да жалпы адамзаттық мәселелерді көтеріп келген, алдағы кезде де солай бола бермек. Әлем жазушыларының Халықаралық форумының Алматыда өтуі – жаңа идеялар мен бастамалардың көтерілуіне септігі тиетіні сөзсіз.

Алексей ЦВЕТКОВ (Израиль),
жазушы:

Жаһандану үрдісі әдебиетке де ықпалын тигізіп отыр

— Мен үшін Қазақ елі бұрыннан жақсы таныс. Кезінде Арқалық қаласында тұрып, жұмыс істеген кезім де болды. Одан кейін АҚШ-тан бастап, әлемнің 6-7 елінде болдым. Ағылшын тілі арқылы барлық елдердің халқымен ортақ тіл табысуға болады. Өзімнің шығармаларымды да ағылшын тілінде жазылып, әлемнің өзге тілдеріне аударылды. Соңғы кездегі жаһандану үрдісі әдебиетке де ықпалын тигізіп отыр. Ғаламтор арқылы өзімнің оқырмандарымды да жинап алдым. Технологияның қатты дамуы жақсылыққа алып бармайды дегенмен жағымды жағы да жетерлік. Адам баласы өзіне керектісін алып, жаман жағынан бойын аулақ салуы керек қой деп ойлаймын. Әлемнің ойшыл жазушыларының адамзат дамуын дұрыс бағытқа бұруда ықпалы өте зор.

Михаил ДЕЛЯГИН (Ресей),
жазушы:

Дамыған технология адам санасын өзгертіп жатыр

— Уақыт өзінің ағымымен өтіп жатыр, адам баласы оған ештеңе істей алмайды. Ақын-жазушылар да дәрменсіз. Өзгерісті тоқтату мүмкін емес. Дамыған технология адам санасын өзгертіп жатыр. Өткеннің бәрі қазір жаңалық емес. Орыстың бұрыңғы классик жазушыларын кейінгі жастар қабылдай бермеуі мүмкін. Осыдан келіп әдебиеттің тілін де жастардың түсінігіне бейімдеу қажеттігі туады. Қазақстан жағдайында латын алфавитіне көшуіне байланысты көптеген жаңа шығармаларды аудару міндеті өзекті болып отырғаны анық.

Саймон ХОЛЛИНГСВОРТ (Англия),
жазушы:

Көп халықтың тілі аз халықтың тілін бауырына тартып,
оның жойылып кетпеуіне ықпал етуі тиіс

— Жаһандану жағдайында көп халықтардың тілдері аз халықтардың тілін жойып жібереді деген ұғым бар. Өткен тарихқа көз жіберсек, аз халықтардың тілдері жойылып кетіп отырған. Сондықтан көп халықтың тілі аз халықтың тілін бауырына тартып, оның жойылып кетпеуіне ықпал етуі тиіс.

Жазушылардың Алматыдағы І Халықаралық форумының екінші күні «Жаһандану жағдайындағы ұлттық әдебиет» тақырыбындағы жиынмен одан әрі жұмысын жалғастырды. Күн тәртібіндегі тақырып бойынша Владимир Карцев (АҚШ), Сергей Чупринин (Ресей), Бақыт Кенжеев (АҚШ), Рябчук Миколь (Украина), Тарык Гюнерсель (Түркия), Малгожат Мархлевск (Польша), Сергей Гандлевский (Ресей), Евгений Абдуллаев (Өзбекстан), Әлібек Асқаров, Әміржан Қосанов, өзге де ақын-жазушылар сөз сөйлеп, өздерінің ой-пікірімен бөлісті.
Алқалы форумның үшінші күні Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында әлемге танымал ақындар Олжас Сүлейменов, Бақыт Кенжеев, Сергей Гандлевский және Алексей Цветков, өзге де қаламгерлердің қатысуымен поэзия кеші өтті. Әлемнің әр шалғайынан келген ақын-жазушылар, драматургтер мен аудармашылар, әдебиет сыншылары әсем Алматының көрікті жерлерін аралап, жақсы әсер алды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *