БЫКОВТЫҢ БАТАСЫ

Қали СӘРСЕНБАЙ

Бір нәрсе анық. Талғат Теменов ара-тұра таңқалдырып қояды. Неге?

Ол үшін алдымен ұлт руханиятының көркем кеңістігін Ахаңша айтқанда (А.Сей­дім­бек) көктей шолып, бір сипай қамшылап өтейікші. Биік деңгейдегі Теменов тұлғасы былайша ой топшылауға мүмкіндік береді.

Қазақ топырағына театр өнерінің дәні қашан түсіп еді. Бәлкім, қазақ қазақ болға­лы. Бір әнінің өзі бір спектакльдің жүгін көте­ретін елдің рухани жадында, тегінде театр өнерінің ұшқындары қай тұста да анық байқалып отырған. Демек, кешегі ел ішіндегі күлдіргі «Шаншарларды» былай қойғанда, соның бәрі жиылып келіп, бұл өнердің кәсіби деңгейге көтерілуі бұрнағы Шанин­дерден, атақты жеті шалдан (Серке, Елубай, Қалле­ки,  Құрманбек, Иса, Әміре, Қапан), одан бертінде Айма­новтар, Тоқпановтар, Қарсақ­баевтар, Мәмбе­товтер дәуіріне ұласып, керегесін кеңге жайып, тамыры тереңге кетіп, алтын бастау­лар мен сағаларды кемеріне келтір­генін, зәу биікке көтергенін айтсақ та жетіп жатыр.

Талғат Теменов те осы қуатты қайнардан қанып ішкен буынның өкілі. Әу баста философ боламын деп қиял кешкен ол бәрібір сол пәлсапаны айналып өте алмай­тын өнердің өкілі болып шыға келді.

Ол Құрманғазы атындағы ұлттық кон­серваторияның актер факультетіне жолы болып түсіп кетті.

…Мәскеу. 1986-1988 жылдар. Мосфильм студиясы.

Өнерге кездейсоқ келген Талғат Теменов жылдар өте келе іңкәр ізденіс жолына түсіп, көркемдік құпиясының тереңіне еніп бара жатты.

1982 жылы ВГИК-тегі Сергей Соловьев­тің курсына оқуға қабылданды. Қазақстан­нан 30-дан астам бала құжат жібергенімен, соның оншақтысы ғана шақыру алады. Соның ішінде таңдау Талғатқа түседі. Бұған дейін «Қазақфильмде» кіші редактор боп жұмыс істеген ол сценарийдің қыр-сырын меңгере бастаған еді. Біртіндеп орыс тілінде сценарий жазуға машықтанды.

 

Өртенген «Қызғыш құс»

 

«Торо» атты алғашқы дипломдық жұмы­сын көруге ынтызары ауған Ролан Быков оны Мәскеуге шақырады. «Тороны» П.Чухрай, А.Митта, Н.Михалков, Г.Данелия, Э.Рязанов көріп, жылы пікірін білдіреді. Содан Ролан Быков Талғатқа «Мен Мосфильмде «Юность» деген жаңа бірлестік құрып жатырмын. Сенің Мәскеуге келге­ніңді қалаймын» дейді. Содан бұл Мәскеуге тартады. Ролан Антонович жатақханадан екі бөлме алып береді. Сонымен жаңа бірлестік­тің жұмысына араласып, сценарий жаза бастайды. Бірде қолына Макаренко туралы сценарий түседі. Ролан Антоно­вичке осы фильмді түсіргісі келетінін айтады. Ол кісі: «Жоқ, сен Макаренконы қайтесің. Сен одан да ұлттық фильм түсір» дейді. Содан бұл қырғыз Баян Сарағұловпен бірігіп «Адамдар арасындағы бөлтірік» фильмінің сценарийін жазып шығады.

Талғаттың барлық фильмдеріне ұлттық мінез, бояу тән. Оның фильмдерінде жасан­дылық жоқ. Бәрі де шынайы өмір оқиғала­рына негізделіп түсірілген. Соның ішінде «Қызғыш құсқа» айрықша тоқталуға болады.

Әр жылы Тәуелсіздік күнінде «Қызғыш құс» фильмі беріліп жүрді. Бір жолы осы фильм көрсетілмеді. Соны аңғарған ұлым «бұл жолы «Қызғыш құсты» көрсетпеді ғой» дегені бар. Бірден халық сүйіспеншілігіне бөленген бұл фильмнің де экранға жол тартуы оңай болған жоқ. Бұл жөнінде автордың өзі былай деген еді.

«Мен Желтоқсан оқиғасы кезінде Мәс­кеуде едім. Кейін елге келген соң көп жәйтке қанықтым. Бірақ сол кезде бұл оқиға туралы шындықтың айтылмағаны, оған жол берілмеуі, әсіресе, бұл оқиға туралы шет мемле­кеттердің хабарсыз болуы зығырда­нымды қайнатты. Бір жағы, қазақ жастары­ның жасқанбай, алаңға шыққандығы көңі­лімде мақтаныш сезімін тудырды. Осындай алай-дүлей күйде жүргенімде осы жағдайды қалай да көрсетсем деген ой мазалады мені. Содан мәскеулік драматург Олег Манжиев екеуміз «Қызғыш құсты» жазып шықтық. Киноны түсіріп болдық. Орысша нұсқасын бітіріп, қазақша нұсқасын жасап жатқан кезім. Фильмді сол күні кешкі сағат жетіде Мәскеуге ұшақ арқылы жөнелтуіміз керек. Түстен кейін сағат төрт-бестер шамасы бола­тын. Пленкалар тиелген «Рафик» машинасы «Қазақфильм» киностудиясының алдында тосып тұр. Бір уақытта машинаны аяқ астынан өрт шалды! Ішіндегі киноматериал­дардың барлығы өртке оранды! Олардың ішінде «Қызғыш құс» та кетті. Иманғали кезінде Мемлекеттік қауіпсіздік қызметіне хабарласып, Крючковтың рұқсатымен Жел­тоқсанға қатысты көптеген деректі кадр­ларды алып берген болатын. Көбісі өртеніп кетті. Содан аман қалғандарын жөндеп, ретке келтіріп, қайта монтаждап «Қызғыш құсты» бәрібір шығардым ғой. Сонда «Машинаның өртенуі кездейсоқ жағдай шығар» деп өзімді қанша жұбатсам да, кейде: «Бұл сол атышу­лы комитеттің ісі ме» деп те ойланамын. Өйткені, сол машинаның жұмысқа кіргеніне бір жеті ғана болған жүргізушісі бір жетіден кейін жұмыстан шығып кетті. Мына бүгінде Желтоқсанға қатысты көрсетіліп жүрген бейнекөріністердің басым көпшілігі менің фильмімнен алынған бейнекадрлар».

Сөз жоқ, «Қызғыш құс» қоғамда үлкен дүмпу туғызды. Ол – шын мәніндегі бұл тақы­рыптағы ең бірінші көркем фильм еді. Оның үстіне бұл туындыға дүниенің атақты он актрисасының бірі ретінде британ энци­клопедиясына енген Дон казагының қызы Нонна Мордюкованың түсуі де аз жетістік емес. Ол да болса режиссердің абырой-беде­лінің арқасы деу керек.

Талғат Теменовтің туындылары жұртқа несімен ұнайды? Табиғилығымен, сыршыл­дығымен, саздылығымен, намысқойлығымен десек, келісерсіз, әрине.

Киноның тіліне түсіндірменің керегі жоқ. Өте шебер түсірілген көркем дүние бар халыққа ортақ. Сіз одан рухани қажетіңізді қанағаттандыратын жауап алып қана қоймай, талантты адамға да соншалықты риза сезімде боласыз. Талант ортақ, өнер ортақ деген осы.

 

«Мосфильмде»

жұмыс істеген тұңғыш қазақ режиссері

 

Талғаттың фильмдерін аса әрлендіріп жіберетін Төлеген Мұхамеджановтың ғажа­йып әуендерін былай қойғанда, фильмдегі бозбалалар тағдыры қандай? 18–25 аралы­ғын­дағы тағдыр. Жас қазақтар тағдыры. Адам өмірінің қайтып оралмас, өрт шалған ғажайып кезеңі.

Социологиялық зерттеулер көрсеткен­дей, осы жастағы бозбалалар өмірде көп адасады екен. Осы кезеңде адам тағдырына, әсіресе, өмірге деген көзқарасы енді қалып­тасып, толысып келе жатқан шақтағы адамға өмір сынағы көп ұшырасады. Осы іспетті көркем фильмдер қазақ киносында жоқтың қасы. Бірақ Талғаттың фильмдері бар. Талғат фильмдеріне, негізінен, осы жастағы кейіп­керлер арқау болған. Ал олардың болмысын ашу оңай емес. Бұл ретте режиссерге жан-жақты қабілет қажет. Бұл да Талғатта бар. Оның кейіпкерінің әрқайсысы бір-бір қаһарман. Сонысымен есіңнен шықпайды.

Бозбала, жасөспірім дегеннен еске түседі. Кеңес үкіметі кезінде Мәскеуде М.Горький атындағы одақтық жасөспірімдер киносту­дия­сы болды. Біз сол студияның өнімдерін көріп өстік. Бұдан орысшыл болып кеткен жоқпыз. Шынайы өнер туындыларын көрдік. Ал оның тәрбиелік мәні, тағылымы да теріс болған жоқ.

Ойды ой түртеді. Шіркін, біздің Қазақ­станда сондай бір жастар киностудиясын ашып, оған Талғатты басшы етіп қойса дейсің. Неге? Өйткені, Талғат қай жерге барса да жанығып жұмыс істейтін, өнер үшін өзін де, өзгені де аямайтын адам. Ол театрды былай қойғанда, киноның қыр-сырын терең білетін адам. Оның үстіне «Мосфильмде» жұмыс істеген тұңғыш қазақ режиссері. Сон­дай-ақ, оған кез-келген қиындыққа кезіксе қыңқ етпейтін, үнсіз еңбек ете беретін қасиет берген.

Ол көзқарастар мен қайшылықтарда өмір сүретін, стереотипті көзқарасты өзгерту жолында жүрген суреткер.

Ұлы өнерде өзгеше өрнек салып, оза шабу кез-келгеннің пешенесіне жазыл­майды. Бұл өзі Тәңірі сыйлаған таланттың арқасында келетін абырой.

Талғат Досымғалиұлы Теменов те сондай дарынды адамның бірі. 80-жылдары қазақ киносына Мәскеу мектебін бітірген «жаңа толқын» келді. Сол толқынның ішіндегі ұлттық бағытта өнімді жұмыс істеп қана қоймай, дара ізденісімен көзге түскеннің бірі де бірегейі – осы Талғат болды десек, аса қателесе қоймаспыз. Алғашқы дипломдық жұмысы «Торомен» тұсауын кескен ол осы­нау зымыран жылдар ішінде ұлттық киноны «Адамдар арасындағы бөлтірік», «Қайдасың, Шапай?», «Махаббат бекеті», «Қыз­ғыш құс», «Көшпенділер» атты туын­­дылары­мен биік тұғырға көтерді.

Талғаттың қолтаңбасы ешкімге ұқсамайды. Оның бір дәлелі, соңғы жылдары Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік балалар мен жасөспі­рімдер театрын басқара жүріп, бұрын-соңғы классикалық туынды­ларды жаңаша қоюда сәтті қадамдар жасады. Театр өміріне тосын шығар­машылық бетбұрыстар алып келді.

Өмірі ұдайы ізденістерден тұратын Талғатпен бірге Мүсірепов театрына жылы ағыс, жаңалық қоса келді. Ол түрлі эксперименттерге барды. Әрине, жанкешті жұмыс істеген адамның соңынан ғана сөз ереді. Жұмыс істемеген адам ғана қателеспейді. Ол саясаттың мемле­кеттік мүддеге, өнердің ұлттық мүд­деге қызмет ететінін терең сезініп, екінші бағытты таңдады. Талғат үшін жұмыс – жан рахаты, ләззат. Кезінде Ж.Хажиев «Қыз Жібекті», Б.Атабаев «Қарагөзді» мүлдем басқаша қойғанда да қоғамда түрлі пікірлер өрістеп, көзқарастар қайшы­лығы болған. Талғат та сол әріптестері тәрізді классикалық туындыларға бүгінгі күннің көзімен қарап, алуан түрлі ізденістерге барды.

Оның фильмдеріне психоло­гиялық лиризм тән. Ол көрерменнің ішкі дүниесін алай-дүлей күйге түсі­ріп, қозғап кететін сәттерді беруде музы­каны шебер пайдаланады. Оның режис­сурасы маған ән салып тұрған­дай әсер қал­дырады. Бұл ретте ол әр қойы­лымдарында дүниелік әуендерді, Т.Мұхамед­жанов, Т.Ша­пайдың саздарын өте шебер пай­даланып жүр. Бір заманда атақты литвалық Чюрленистің картиналарының жұмбағын ашқан қара­пайым көрермен екені есіңізде болар. Ол Чюрленис картинала­рының негізгі құпия­сы оның музыкалы­лығын­да, саздылы­ғында деген пікіріне мүйізі қарағайдай өнер сын­шыларының таңқалып, мойынсұнғаны белгілі. Сол секілді Талғат­тың режиссура­сындағы жұмбақтың бір ұшығы оның музыкалығында жатыр деп те айтуға болар.

«Мәдениет дегеніміз – ұлтты өліп-өшіп сүю» деген екен Жүсіпбек Аймауытов. Талғат Теменовті де қанша Мәскеу көрген, Шукшинді құрмет тұтқан десек те, ол қайсы­бір туындысында болсын, бәрібір ұлттық мәнерден, мінезден ажырамады. Оның фильмдерінің қайсысында болсын ұлт мінезі, болмысы, бітімі жарқырап көрінді. Ол кеше­гі ұлттық киноның негізін салған саңлақ­тардың сара соқпағын алға апара жатқан өз буынының ішіндегі бірегейі десе де болады. Өзі айтпақшы, «ұлттық киноны ұлттық менталитеті бар адам ғана түсіреді, жасайды» десек, қателеспеспіз.

 

Мәскеушілдіктің саясатқа болмаса, Өнерге еш қатысы жоқ

 

Теменовтың тағдырында Мәскеу мекте­бінің алар орны ерекше екеніне жоғарыда көбірек тоқталуымыздың сыры бекер емес. Талғат 60 жасқа толғанда «Дарабоз» атты деректі фильм түсірілді. Режиссері – Жаңа­бек Жетіруов. Сценарийін мен жазып едім. Осы фильмде режиссер өмірінің сәттері үзік-үзік беріледі. Онда сонау атақты Джигар­ханяннан бастап Виктюкке дейін қаншама әлемдік деңгейде мойындалған тұлғалар пікірінің бәрі бір арнада тоғысады. Бәрінің айналып келгенде ойы ұлттық режиссер дегенге саяды. Ұстазы Ролан Быковтың «Сен ұлттық фильм түсір» деген сөзі бұған берілген бата, өмірбақи қағида болып қалғандай. Міне, сол Талғат ұлттық спектакль, ұлттық фильмді түсіріп, жасап қана қоймай, оны адамзаттық, әлемдік ой биігіне алып шығуы, тіпті, әбден класси­калық дүние болып мойындалған туынды­лардың өзін мүлдем басқаша көзқараста түрлендіріп жіберуі енді ғажап. Бұл ретте әлгі мықтылардың оның режиссурасындағы реформаторлық үрдістерді тілге тиек етуі де бекер емес. Бұл тақырыпты талқылауға бет бұрсақ қызыл сөздің қырманын сапырып кетеміз бе деген де қорқыныш бар. Ол үшін оны көру керек. Өзі аса бір шырқау биікке көтерген Ғ.Мүсірепов театрында қойылған. «Ай Қарагөз», «Шығыс сазы», «Кармен­сита», т.б. дүниелерді әлемнің қай сахнасына шығарса да, ұлттың ұтылмасы хақ.

Ол бірнеше бағытта жұмыс істейді. Оның кино мен театрдағы үздіксіз жүріп жататын реформаторлық нышанға ие алуан ізде­ністерін былай қойғанда, күнделікті тіршілік ағысының тамырын тап басып азаматтық үнін, ұстанымын да ашық білдіріп отыруы тәнті етпей қоймайды. Ол шет елге кетіп жатқан дарынды жастардың да тағдырына алаңдап дабыл қағады, арасында Абай атамызға да хат жазып тастайды, өмірден озып жатқан өнердің озық өкілдері туралы да өзек өртер өкінішін жазғанда жай адамның өзінің жүрегін жұлқып жібереді.

Бірде белгілі кино сыншысы Бауыржан Нөгербеков «Талғаттың түсіретін кереметі әлі алда тәрізді көрінеді» деп еді. Оның бұл болжамы да бекер емес. Жаратылысынан тал бойына дарыған жасампаздықтың (реформа­торлық дейікші) түбі бір орасан зор рухани «жарылысқа», дүмпуге алып келе жатқаны сөзсіз. Өне бойы алуан көзқарастар мен қай­шылықтарда өмір сүретін суреткер жөнінде бұл болжамның түбі расқа шығатынына еш шүбә келтіре алмайсың.

Реформа деген не өзі?! Ол бәлкім, сенің қазір түсініксіз болып, жылдар өткен соң барып түсінікті болуың шығар. Оның батыл ізденістеріне (эксперимент дейікші) бірлі-жарым элитаның өрелі өкілі болмаса, биік мәдениет, үлкен өнер тұрғысынан келгенде жалпы қоғам түсіне бермеуі әбден мүмкін. Бұл бағытқа кешегі Хажиев, Жетпісбаев­тардың алапат ізденісін жатқызуға болады. Осы ойға иек артсақ Талғаттың әлі де таң­қал­дыра беретініне сөз жоқ.

Р.S. Талғаттың ұлы ұстазы Ролан Быков­­тың басына барып, тағзым етіп гүл қойған сәті көз алдымнан кетпейді. «Сен ұлттық фильм түсір» деген ұстазының сол сөзі мұның құлағында мәңгілікке қалып қойған­дай. Өнерде адамзатқа ортақ құнды­лықтар, адамгершілік категориялар, түрлі тартыстар арқау болып жатады десек те, соның бәрінде де қандай ұлы суреткер бол­сын өзінің ұлттық болмысын білдірмей қоймайды. Міне, Талғат Теменовтің ерекше­лігі де сонда. Оған басқасын былай қойғанда, бір ғана «Қызғыш құс» дәлел. Әзірге жел­тоқсан тақырыбына түсірілген тұңғыш көр­кем туындының бұдан кейін қанша жалғасы түсірілсе де бәрібір Теменов феномені қайта тумасы анық. «Талантты талант қана тани­ды» деген бар ғой. Біз бұл ретте Мәскеу мек­те­бінің Р.Быков тәрізді аса озық өкілдерінің Теменовті танығанына зор ілтипат білдіруі­міз керек. Әрине, әуелі біреулердің құдай берген қасиет қайда кетер дейсің, мәскеу­шіліктен әлі де арылмаппыз ғой деуі мүмкін. Жоқ, олай емес. Мәскеушілдіктің саясатқа болмаса өнерге еш қатысы жоқ. Ортақ таланттарға келгенде мұндай сөзді ауызға алу қисынсыз. Қалай болғанда Теме­нов егер Мәскеу мектебі болмағанда бойын­дағы сон­ша­лықты таланты ойға емес, тойға қызмет етіп, театрландырылған көріністер­дің шебе­ріне айналып кетуі де бек мүмкін еді ғой. Осындай бір ой жасығы да көкейде кілкіп тұрып алады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *