Бурабайдан бас жүлдемен оралды

Рая ЕСКЕНДІР

Астананың 20 жылдығы аясында Бурабайда халықаралық «Burabay Summer Fest» фестивалі өткен еді. Алматы қаласының атынан барған жас таланттар Бас жүлдені жеңіп алып, олжалы оралып отыр. Атал­мыш өнер бай­қауына әлемнің бар­лық түкпірінен 750 жас талант қатысып, өз өнерлерін ортаға салса, осынау өнер додасына қатысып, Алма­тының абыройын қорғаған жас таланттардың құр қол қайтқаны болмады.

Алматы-І теміржол бекетінде жас өнер иелерін Оқушылар сарайы қызметкерлері мен ата-аналар қауы­мы, баспасөз өкілдері қарсы алды. Жас өнер иелерін басқарып, сұлу Көкше жеріне барып қайтқан «Оқушылар сарайы» көркемөнер бөлімінің жетекшісі Бауыржан Бекетаевтың айтуын­ша, бұл жолғы өнер додасы өте тартысты болған екен. Әлемнің әр түкпірінен келіп, өз өнерлерін көпшілікке ұсынған жастардың дайындығы да ерекше болыпты.

Жас таланттар байқауға қатысып қана қоймай, әсем табиғат аясын тамашалап, көптеген достар тауып қайтқан екен. «Алматы қаласының атынан барған өнерпаз жастарға деген қошемет ерекше болды», – дейді Бауыржан Жақанұлы. Осы байқауда хореографиялық аталымы бойынша өнер көрсеткен 13 жасар Рат­мир Жұмалиев Бас жүлдені, Нұрсұлтан Қожағұл «Көркем сөз» аталымы бойынша І орынды, Гүлжан Мыр­загелді «Дәстүрлі ән айту» аталымы бойынша І орынды, «Эстрадалық өнер» аталымы бойынша Санжар Қали ІІ орынды, Айсана Байбосын «Классикалық би» аталымы бойынша ІІ орынды, Мейірбек Әзімбаев «Дәстүрлі өнер» аталымы бойынша ІІ орынды иеленіп қайтты.

Осынау өнер додасында көп­шіліктің ілтипатына бөленіп, өнерімен тәнті етіп қайтқан жас әнші Гүлжан Мырзагелді П.И.Чайковский атындағы музыка колледжінде оқиды. Белгілі әнші Мәдина Шәріпованың шәкірті.

– Алғашқы күнгі іріктеуде халық әні «Сметті» орындадым. Келесі күні байқау талабына сай «Желкілдекті» орындап бердім. Бұрын да бірнеше халықаралық ән байқауына қатысқан едім. Дегенмен, әр байқаудың өзіндік орны, салмағы бар. Бұл жолы да көп нәрсе үйреніп, жаңа достар тауып қайттым. Жалпы, қарсылас­тарым да шетінен мықты болып кездесті. Жиырма шақты күн мен үшін көп пайдалы істермен есімде қалды. Ең басты мені қуантқаны, дәстүрлі өнерге деген қолдаудың артып келе жатқандығы, – дейді жас өнер иесі.

Ал осы байқауда І орынға қол жеткізген Нұрсұлтан Қожағұл өзінің алған әсерін былайша әңгімелейді:

– Байқау өте жоғары деңгейде өтті. «Балдәурен» сауықтыру орта­лығына жиналған жас өнерпаздың бәрі мықты екен. Әрбір мемлекеттің атынан келген соң ең мықтыларын жіберетіні белгілі ғой. Сондықтан көптеген дос тауып, таным-дүниемізді кеңейтіп қайттық. Бір күніміз байқаумен өтсе, қалған күндерімізді сұлу Көкшемен танысып, тамаша­лаумен өткіздік. «Көркем сөз» аталымына 15 бала қатысып, бақ сынаған едік. Әділқазылар алқасының құрамындағы Әділ Ахметов деген актер ағай мен режиссер Назгүл апайлардың бізге айтқан ақыл-кеңестері де пайдалы дәріс іспетті болды. Байқау шарты бойынша үш өлең оқуымыз керек екен. Мен Жүрсін Ерманның «Тәуелсіздікке тәуелділік», Мұқағалидың «Баба­ларыма рахмет» деген өлеңін оқыдым. Ал еркін тақырыпқа келгенде, ұлы Абайдың он жетінші қара сөзін жатқа оқып бердім, – деді.

Осылайша Астананы ән мен жырға арқау еткен жас таланттар өздерінің жеңістерін 20 жылдыққа тартуымыз дейді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *