ҰБТ-ға дайындық пысықталды

Рая ЕСКЕНДІР

 

«Нұр Отан» партиясы Алматы қала­лық филиалының баспасөз орталығында қалалық Білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенованың қатысуымен брифинг өтті. Брифинг жұмысын «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы төраға­сының орынбасары, қалалық мәсли­хат депутаты Станислав Канкуров ашып, басқо­судың тақырыбына айналып отырған Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағына байла­нысты барлық сауалдарға қалалық Білім басқармасы басшысының арнайы келіп отырғанын жеткізді. Баспасөз өкілдері, ең алдымен, алдағы болатын Ұлттық тестілеу сынағының жәй-жапсарын сұрады.

 

– Биыл қаламыз бойынша 9,1 мың түлек мектеп бітіргелі отыр. Оқушылардың 7100-і ҰБТ тапсыруға өтініш білдірген. Мектеп бітірушілердің 4,6 мыңы қазақ тілінде, 4,3 мыңы орыс тілінде және 93-і ұйғыр тілінде мектеп бітіреді. Алматы қаласында ҰБТ 20 мау­сым мен 5 шілде аралығында өтетін болады. Тәртіп бойынша ҰБТ сынағы қаламыздағы 8 жоғары оқу ордасында өтеді. Дәл қазір бұл оқу ордаларының барлығы жауапты науқанды өткізуге дайындық үстінде, – деді.

Әсіресе, баспасөз өкілдерін биылғы ҰБТ-да өзгешелік бар-жоғы қызықтырды.

– Былтырғы жылы жалпы сұрақтың 25 пайызы жаңарған еді. Биыл да солай болып отыр. Сонымен қатар, 2004 жылдан бері еліміз бойынша өтіп келе жатқан Ұлттық бірыңғай тестілеу қазақ және орыс тілінде өтсе, биыл алғаш рет 46 түлек ағылшын тілінде сынақ тапсырғалы отыр. Олардың алтауы Алматы қаласының мектеп бітіруші түлектері, – деді Гүлнар Махайқызы.

«Өткен жылғы «Алтын белгі» дауы туралы да сөз қозғаған тілшілер осы мәселенің де жәй-жапсарын білуге асықты.

– Биыл қала бойынша 514 түлек «Алтын белгіден» үміткер. Олар алдымен емтихандарын тапсырып, өз білімдерін дәлелдеулері керек. Содан кейін ғана «Алтын­ның» иегері болады. Был­тырғы жыл 417 түлек «Алтын белгі» иегері атанды. Иә, «Алтын белгі» төңірегінде былтыр біраз мәселе болғаны белгілі. Сондықтан биыл «Алтын белгі» иегерлері басқа да талапкер­лермен бірдей сынақ тапсырып, балл санда­ры бірдей болған жағ­дайда ғана басым­дыққа ие болатын болды. Биылғы ҰБТ-ның басты жаңалық­тары әзірге осы болып отыр, – деді.

Келесі кезектегі сауал мектеп бітіру кешіне байланысты қойылды. «Мектеп бітіру кешін дүрілдетіп өткізіп, қымбат мейрамхана, атақты жұлдыздарды шақыру» сияқты да сауалдар төңірегінде басқарма басшысы былай деді:

– Біз өз тарапымыздан барлық 15 маусым күні мектеп бітірушілер үшін күндізгі 12.00-де аттестат тапсыру салта­натын өткіземіз. Сонымен қатар, тек «Алтын белгі» иегерлерін марапаттауға арнал­ған «Жас түлек» кешін жоспарлап отырмыз. Әзірге уақытын дәл айта алмай­мын. Ал ата-аналардың қаты­суы­мен өтетін мерекелік кешке мектеп жауап бермейді. Өйткені, қолына аттеста­тын алған соң ол түлектер мектептің оқу­шы­сы емес. Сон­дық­тан бұл мәселе біздің жоспарымыз бо­йын­ша жасалмайды, – деді.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *