«БРЕКСИТ» БРИТАНИЯНЫҢ «БАС АУРУЫНА» АЙНАЛДЫ

Корольдік үшінші жыл Еуроодақтан шыға алмай келеді

Әшірбек АМАНГЕЛДІ, «Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Естеріңізде болса, 2016 жылғы 23 маусымда Ұлыбританияда Еуропалық одақ  (ЕО) құрамынан шығу туралы  бүкілхалықтық референдум өткізіліп, оны ел тұрғындарының  52 пайызы  қолдап, ал  48 пайызы қарсы болған. Бір айта кетерлігі, референдумда Корольдік құрамына кіретін  Шотландия халқының –

62 пайызы, Солтүстік Ирландияның – 56 пайызы  ЕО құрамынан шығуға қарсылық танытып, Уэльс халқының  56 пайызы шығуды жақтап дауыс берген.  Ұлыбританияда  мұны  өздері  «вrexіt» (брексит)  деп атайды. Вrexіt: (вr–британия, exіt–шығу, яғни Британияның Еуроодақтан шығуы дегенді білдіреді). (Бұл жайында кезінде «Еуроодаққа сызат түсіп, шытынады» деген мақала жазғанбыз. «Алматы ақшамы»,  30.06.2016). 

Сол тұста премьер-министрі Дэвид Кэмеронның  аяқастынан брексит өткізуін  көптеген ағылшындық саясаткерлер «үлкен қателік» санады. Ақиқатында, үкімет басшысы  дауыс беру қорытындысы  бұлай болады деп еш ойламады. Керісінше референдум арқылы халықтың қолдауы мен қуаттауына ие болып, Еуроодақ басшыларымен жұмыс істеу барысында сенімді де батыл қадамдар жасағысы келді. Өкінішке қарай, үміті ақталмай  дауыс беру нәтижесі белгілі болысымен өзінің қызметтен кететінін мәлімдеді. Және де: «Ендігі жерде Корольдіктің Еуроодақтан шығу шаруасымен жаңа премьер-министр айналыссын», – деді.

Айтқандай-ақ,  2016 жылдың  шілдесінде  консерваторлар партиясының  жиынында соған дейін ішкі істер министрі қызметін атқарып келген, алпыс жастағы Тереза Мэй  жеңіске жетіп, премьерлік таққа отырды. Сөйтіп,  Біріккен  Ұлыбритания  корольдігінің өміріндегі  аса маңызды саяси қадам – брекситті  жүзеге асыру  Тереза Мэйдің мойнына жүктелді. Шындығында консерватор Тереза да Ұлыбри­танияның ЕО-тан шыққанын қош көрмейтіндердің бірі.  Десе де,  атқарушы биліктің басшысы  ретінде  халықтың көпшілігінің қалауын  орындауға  міндетті.

Әрине, Еуроодақ сияқты халықаралық құрылымнан шыға салу оңай шаруаға жатпайды, ол үшін оның  жарғысында жазылған өзіндік шарттары мен талаптарды орындауға тура келеді.

Мұндай жауапты шаруа – Вrexіt-ті жүзеге асыруға  Тереза Мэй құлшына кіріскенімен, үш жылдың бедерінде  әр түрлі қиындық-кедергілерге  ұшырап отыр. Бұған қоса,  2017 жылдың 8 маусымында өткен парламенттік сайлауда  Тереза Мэй басқарған КП (Консер­вативтік партия)  650 дауыстың 318-іне ғана ие болды. Осыған байла­нысты лейбористер мен либерал-демократтар оның премьерліктен кетуін талап етті.  Лейбористер партиясының көшбасшысы  Дж.Корбин  «жеңіс біздің қолымызда»  деп жариялады. Іле 2017 жылдың 29 маусымында  «Тереза Мэй  қызметтен кетіп, орнына Филип Хэммонд бо­лады» деген қауесет тарады. Әйтсе де,  КП (Консерваторлар партия­сы) парламентте 10 дауысқа ие болған  ДЮП (Демократиялық юнио­нистік  партиямен)  келісім жасасып, Тереза Мэй  ІІ Елизавета хан­шайымның  алдынан өтіп,   жаңа кабинет құруға оның рұқсатын алды.

Әу баста  Британияның ЕО құрамынан  шығу ісі екі жыл көлемінде  атқарылып бітеді  деп жоспарланған болатын. Алайда,  үш жылға аяқ басса да, мәселе әлі тиянақты шешімін тапқан жоқ. Осы уақыт ішінде Тереза Мэй  үкіметі  Еуропалық одақ   қатарынан шығудың жобасын үш рет ұсынғанымен, парламент тарапынан қолдау таппады. Әдеттегідей оппозициялық лейбористер партиясы және Шотландия ұлттық партиясы  қарсы дауыс берді. Оларға жаңа үкімет құрамын құруда Тереза Мэйге қолдау көрсеткен Солтүстік Ирландияның мүддесін қорғайтын Демократиялық юнионистік (кәсіподақтық) партиясы қосылды. Сайып келгенде,  «брексит» британдық парла­менттің көксеркені  әрі-бері тартқылаған «көкпарына» айналды. Осыған қарағанда  талайлар табынатын батыстың  демократиясы  олай тартсаң да, былай тартсаң да жүрмейтін, кежірлік пен қырсықтықтан алдына жан салмайтын   «ешкінің есерлігін» еске түсіріп, елестеткендей.

ЕО басшылығының айтуларынша, Британия онсыз да басқаларға қарағанда бірқатар жеңілдіктері мен артықшылықтарына ие болып келді. Мәселен, ол ортақ валюта еуроны қабылдамай, өз ақшасы фунт стерлингпен қалды, Шенген келісіміне қосылмады.

Рас, Лондон одақтың қаржылық қоржынына жылына 11 млрд. еуро құйып отырды. Бұл Германия, Франция және Италиядан кейін төртінші көрсеткіш.  Салыстырмалы түрде  аз саналмайтын  осыншама мол сома Корольдіктің бюджетіне ауыр тиіп, одақ құрамынан шығуына бірден-бір себепші  болуы да ықтимал.

Мәселе тек қаржы-қаражатқа тіреліп тұрса  бірсәрі. Мұның әр жағында  «брекситке»  Шотландия мен Солтүстік Ирландия  қарсылығы секілді  қиын түйін де тұр. Сондықтан  кейбір саясаткерлер мен депутаттар  референдумды қайта өткізу керек деген ұсынысын ауық-ауық көтеріп қояды.  Сөз жоқ,  қатарларынан  Британиядай  ірі де ықпалды мемлекеттің бөлініп кеткені  ЕО – Брюссельге онша қолайлы емес. Өйткені, ыдырауға бейім мынадай алмағайып кезеңде «енші алу»  үрдісінің  басқаларға да  «жұғысты» болып кетуі кәдік. Байқап отырғанымыздай, ондай  ерік пен мүмкіндік берілер болса,  одақтан қара үзіп кеткісі келетін  еуроскептиктер  Германия, Франция және Италияңыздан  да молынан табылады.

Мысалы, Ұлыбританиядан «үлгі» алып, ЕО-тан бөліну референду­мын өткізуді Франциядағы Ұлттық майдан партиясының жетекшісі  Марин Ле Пен мен Нидерландиядағы ультра-оңшыл Азаттық партиясының көшбасшысы Гирт Вилдерс те талайдан бері жақтары талмай айтуда. Олардың пайымдауларынша,  басқаның айтқанымен жүру прогреске кедергі. Қазіргі заманда әр елге  еркін даму мен азаттық қажет.

Алдын ала жасалған  жоба бойынша  Британияның  ЕО-тан бөлінуі ақи-тақи  2019 жылдың  29 наурызында  жүзеге асады делінген. Бірақ та бөлінудің  келісім-шарттарын  корольдік парламенті  қайтара берді. Алдымен амалсыз 12 сәуірге шегерілді. Әрі қарай  30 маусымға дейін ұзартылады десті. Бұған  22 мамырға белгіленген  Еуропар­ламентке сайлау  кедергі сияқты көрінді.

Мына жәйтті де айта кеткен абзал.  Британ парламентінің  Тереза Мэй үкіметі жасаған  бөліну жобасын қайта-қайта  қайтаруының бірден-бір себебі  — корольдік құрамына кіретін Солтүстік Ирландия мен Ирлан­дия республикасының арасын­дағы  шекара  жайына барып тіреледі. Өйткені,  Ұлы­британия ЕО-тан толыққанды бөлінуі үшін  аталған  екі  Ир­ландия арасында шекара сызығы белгіленуі тиіс. Ондай жағдайда  қырық жылға созылып, 1998 жылғы Белфаст бейбіт келісімі негізінде әрең тоқтатылған азамат соғысы қайта тұтануы мүмкін. Өйтпесе  брексит тек сөз бен қағаз жүзінде  қалып, Британия­ның бөлінуіне  нұқсан келтіреді.

Британия «брекситіне» байла­нысты соңғы жаңалық  10 сәуірде  ЕО құрамына кіретін 27 мемлекет басшылары мен Тереза Мэй арасында болған  келіссөз нәти­жесінде  Лондонға  биылғы жыл­дың 31 қазанына дейін  «ойланып-толғанып» ортақ шешімге келу жөнінде мүмкіндік пен уақыт  берілді. Мұны Еуропалық кеңес­тің басшысы Дональд Туск жария етті. Осы мерзім аралы­ғында  британдық парламент өз ішіндегі келіспеушілікті  еңсеріп, тығы­рықтан шығудың жолын табу­лары тиіс. Бірақ та  ЕО басшы­лығы  өз тарапынан ешқан­дай  жеңілдік не шегінудің бол­майтынын ескертті.

Әлдебір  саяси сарапшы­лардың  болжауынша,  қанша уақыт берілсе де, қазіргі  парла­менттік  құрамның  Тереза Мэй жобасын қолдап, бекітуі екіталай. Ал үкімет  қайта  референдум өткізуге құлықсыз.  Брекситке бола  корольдікте  жаңа парла­менттік сайлау өткізіледі деп айту  тағы қиын. Кейінгі кезде Британияның ірі қалаларында  ЕО-тан  тезірек шығуды жақтай­тын  және бұған қарсылардың  шерулерінің  өтуі  үйреншікті көрініс болып қалды. Мұндай  белгісіздік пен тартыс әлі талай­лардың жүйкесін жұқар­тары хақ. Қарап отырсаң  адамзат қоғамы қарама-қайшылық пен кереғар­лыққа толы.  Британия ЕО-тан шыға алмай әуре, ал Түркия оның құрамына кіре алмай әуре.

«Түсіністік болмаса тірлік ақсайды» дейтіндей, Ұлыбритания мен Еуропалық одақтың  итыр­ғылжың қатынасы  екі жақтың да дамуына кері әсерін  тигізері анық.

Қозғалып отырған тақырыпқа қатысты айтар болсақ, біздің Қазақстан үшін Біріккен Бри­тания Корольдігі мен Еуропалық одақ алдыңғы санаттағы сауда-экономикалық серіктес-әріптес  саналады.

Ұлыбритания мен Қазақ­стан­ның  дипломатиялық қатынасы  1992 жылдың 19 қаңтарынан бастау алған. Екі жақта да  толыққанды елшіліктер қызмет жасайды.  Британ елі бізге тікелей ірі инвестиция құюшылардың бірі. Тауар айналымымыз 2017 жылы 1,28 млрд. доллардан асты. Экспорт 926,7 млн. доллар болса, импорт 358,9 млн. мөлшерінде. Бізде  олардың Royal Dutch Shell және Ernst&Young компания­лары тіркелген. Лондонда  Самұрық-Қазына, Қазақтеңіз­трансфлотының және Эйр Астананың  филиалдары жұмыс істейді. Атақты  Лондон  қор биржасына  қаражаты 5,8 млрд. фунт стерлингті құрайтын  қазақстандық:  EP KazMunaіGas, HalykBank, Kcell, Kazkommerts­bank  компаниялары  қатынасады.

Мәдени-гуманитарлық салада да біршама жақсы ынтымақтастық қалыптасқан. 2014 жылы бірлескен инновациялық және ғылыми  ізденістерді дамыту мақсатында жарғылық қоры 12 млн. фунтты құрайтын «Ньютон-әл-Фараби» әріптестік жөніндегі  меморандумға қол қойылып, жоба-бағдарлама жемісті жұмыс істеуде. Ағылшындық «Unіversіty College London» оқу орнының қолдауымен  біздегі  Назарбаев Университетінде жоғары білім саласын өркендетудің амал-әрекеттері жүзеге  асуда. Қазіргі күнде  «Болашақ» бағдарламасы бойынша Британияда  қазақстандық 600 студент білім алуда.

Ал ЕО елдерімен еліміздің  тауар айналымы бүгінде 31 млрд. доллардан асып жығылады. Оның ішінде экспорт – 24,3 млрд. доллар, импорт – 3,8 млрд. долларды құрайды. Өткен он жыл ішінде Еуроодақ елдерінен Қазақстанға  107,4 млрд. доллар инвестиция құйылды. ЕО үшін ОПЕК елдерін есепке алмағанда, республикамыз Ресей мен Норвегиядан кейінгі үшінші орындағы көмірсутек отынын экспорттаушы ел. Қазақстаннан жөнелтілетін энергоресурстардың негізгі тұтынушылары: Италия (8,8 млрд. долл., +38,2%), Нидерландия (4,8 млрд. долл., +32,7%), Франция (2,7 млрд. долл., +26%), Испания (1,5 млрд. долл., +46,6%)  және  Румыния (1,1 млрд. долл., +63,8%). Келешекте  бұдан да өсе түседі деген үміттеміз. Бізге керегі  ЕО пен Британия секілді шетелдік  әріптестеріміздің  текетірес емес, керісінше түсіністікті қарым-қатынасы. Ерегістен ел болғандарды естіген емеспіз.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *