БОТАСЫМЕН БІРГЕ КЕТТІ

200Аз ғұмырында қазақ әдебиетіне айтулы еңбек сіңіріп, соңына мол мұра қалдырып кеткен  белгілі жазушы Мұрат Сыздықов  биыл 60-қа толып, ортамызда аман-сау жүрген болар еді. Баланың жанын түсініп, баланың тілінде сөйлей білетін Мұрат Жұманұлы 40 жасында 1996 жылы жол апатынан  қайғылы қазаға ұшырады.

Белгілі қаламгердің соңында ұрпағы, рухани мұрасы – «Әйбат бала», «Күміс сақал арыстан», «Күн шығып келеді», «Жылдың соңғы айы», «Қуатым менің» секілді кітаптары мен «Жетісі берілмеген өлім» атты пьесасы қалды.

Бірнеше ұжымдық жинақтарға көркем және фантастикалық әңгімелері енген.

Біз бүгін жазушының анасы, байырғы ұстаз, еңбек ардагері Жұпар Ықыласоваға арнайы жолығып қайтқан едік.

– Жұпар апа, сізге қиын екенін түсінемін. Өткен күн­дерді еске алып, ұлыңыз Мұраттың тырнақалды туындысы, бала күнгі талпынысы туралы әңгімелеп берсеңіз. Жалпы, қандай бала еді?

– Мен өзім Ақмола облысының тумасымын. Соғыстан кейінгі уақыт қой. Ел еңсесін тіктей қоймаған кез. Оныншы сыныптан соң Алматыға келіп, С.М.Киров атындағы университетке құжат тапсырған едім. Сөйтіп, химия-биология мамандығына даярлайтын факультеттің студенті атандық. Алғашқы жылдарда бар ойымыз оқу болды. Үшінші курста жан-жағымызға қарап, таныса бастадық. Тарих факультетінде оқитын Жамбыл облысының Шу ауданынан Жұман деген жігіт болды. Кейін әңгімеміз жарасып, отау тіктік. Бұл 4-курстың аяғы еді.

201Мұраттың әкесімен екеуміз қазіргі жастар сияқты өмір сүрмесек те, шуақты күндерді бірге кештік. Үлкен профессорлардың лекциясын тыңдаймыз, сосын бірге талдаймыз. Не керек, сөйтіп жүргенде 5-курстың ортасында өмірге егіз ұл келді. Біреуін – Мұрат, екіншісін – Марат деп атадық. Марат кішкентай кезінде шетінеп кетті. Мұрат өте ақылды, мінезі ауыр бала болып өсті. Соңынан ерген 4 бауырын өзі бағып, өсірді. Мен мектепте мұғаліммін, таңертең кетем, кешке келем дегендей. Сонда үйдегі кішкентай балаларды өзі әлі бала Мұратқа сеніп, тапсырып кететінмін.

Мұрат оларды ертегі, өлең айтып ойнататын. Қазір «Мектепке бармайтын бала ертегіні қалай ойдан шығарып айтты екен?» деп әлі күнге қайран қаламын. Өлең-тақпақты жаны­нан шығарып айта беретін. Мұраттың алғашқы туындылары өмірге осылай келген еді. 7 жасында мектепке барды. Екінші-үшінші сыныпта оқып жүрген кезінде-ақ «Қазақстан пионері», «Балдырған», «Пионер» журнал­дарына өлеңдері шыға бастады. «Қай уақытта жібергенсің?» – деп таңқалушы едім. Өйткені, Мұрат көбіне бауырларын ойнатып, соларға бас-көз болумен жүретін. Әсіресе, Гауһар деген қарындасын өте жақсы көрді.

«Егізімді неге ауылға жібердіңіз?» деп көп қамығатын. Мектепте жүріп «Еңбек туы», «Шу өңірі», «Білім және еңбек» газет-журналдарымен тығыз байланысып, жас тілшісі болды. Ұлдарым көбіне маған жақын болды. Әсіресе, Мұрат балам менің сырласымдай, құрдасымдай болып еді.

202Әттең! Сөйтіп, жүргенде Мұрат 10-сыныпты бітіріп, Алматыға аттанды. Бірақ, жолы болмады. Сырттай бөлімге бақ сынап еді. Оқуға түсіп, 2 жыл оқыды. Келесі оқу жылында күндізгі бөлімге ауысты. Ол кезде конкурс деген өте қиын болушы еді ғой. Мұратым ішкі жан дүниесі өте таза, рухани бай, кішіпейіл, ақкөңіл, бөтенді бауыр тұтатын, кең жігіт болып өсті.

Осылайша, оқуын бітірген Мұрат еңбек жолын «Еңбек туы» газетінде (қазіргі «Ақ жол») тілші болып бастады. Кейін бөлім меңгерушісі болды. Бұдан соң облыстық партия комитетінде нұсқаушы, «Егеменнің» Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі, содан кейін, Алматыға ауысып, сол кездегі Ақпарат министрлігінің баспа бөлімінде меңгеруші болып еңбек етті. Ол кезде баспана мәселесі тіпті өткір еді ғой. Үйсіз жүріп қалды. Содан қайта Жамбылға ауысып, облыс әкімінің баспасөз хатшысы болып қызмет етті. 1996 жылы 28 маусым күні жазушы­лардың құрыл­тайына келе жатып, жол апатына ұшырады. Өзімен бірге қызы кетті. «Боташым» деп жақсы көруші еді. Ботасын бірге ала кетті. Мұрат тура 40 жаста, мен ол кезде 62-демін.

– Көлікті өзі жүргізіп келе жатыр ма еді?

– Жүргізушісі бар еді ғой, қалғып кетіпті. Мұрат алдыңғы орнында газет оқып отырған екен. Қарсы келе жатқан көлікке барып соғысқан. Ол жақтан 2 кісі, Мұраттардан 2 кісі қайтыс болды. Көлікте келінім Райхан, Мұраттың ұлы Қуат та бар еді. Олар ұзақ емделді. Қазір келінім немерем Қуаттың қолында тұрады. Екі немересі бар. Менің шөберелерім ғой. Әділ, Еділ деген.

1993 жылы зейнетке шыққан соң, балаларымның ортасында болайық деп осында Алматыға көшіп келдік. Шуда екі ұл қалды. Содан бері 20 жылдан асты ғой, осында тұрып жатырмыз. Аталарың мектеп директоры, өзім мұғалім болып ұзақ жыл еңбек еттік. Үкіметтен алған марапаттарымыз да бар.

Сол жолы Мұрат біраз жазған-сызғандарын баспаға әкеле жатқан екен. Жол-көлік оқиғасы Луговойдың бер жағында болыпты. Қағазының көбін таба алмай қалдық. Есіміз шығып, іздеуге де шамамыз келмей қалды ғой. Райхан екеуміз жарты жыл отырдық. Сосын, қағаз­дарын түгендей бас­тадық. Қолы­мызда қал­ғанын жора-жолдас­тары баспаға тап­сырып, кітап етіп шығарып жатыр. Мұраттың көзі мен сөзіндей болып «Қуатым менің» деген ұлына арнаған кітабы бір жылдан кейін жарыққа шықты.

– Көз жұмарының ал­дында ол кісіде бір өзге­шелік байқалды ма? Сіз анасыз ғой, байқадыңыз ба?

– Ойпырмай, қызым-ай, дәл сол жол апатына ұшырарда ол өзімен «Жетісі берілмеген өлім» деген пьесасын Алматыға әкеле жатыр екен. Соның ал­дында «Мама, мынау өмір­дің шындығы, оқы­ңызшы», – деп берген еді. Маған сондай ауыр, бір­түрлі көрінді. Шынын айтайын, қабылдай ал­мадым. «Тым ауыр екен, жазбашы мұндай дүние­лерді», – дегенде, – «Бұл өмірдің өзі», – деген еді. Қысқаша мазмұны былай өрбиді. Күйеуі қай­тыс болған әйел баласын «оқуыңнан қалма» — деп шет елге жібергелі жатыр. Баласы «бармаймын, әкем­нің әлі жетісі де өткен жоқ» деп көнбей қояды. Осы пьесаны Жамбыл облыстық драма театры қойған кезде маған бірінші қатардан орын алыпты. Менің жү­регім дауаламай-ақ қойды. Сосын, әйелі Райхан екеу­міз ішке кірмей сыртта жүрдік. Сахнаның сырт жағында дастархан жайып, соның қамымен жүріп, ішке кірмей қойдық.

Сонда, құдай сездірді ме екен, сол пьесаны 2 мау­сымда қойып, өзі 28 мау­сымда өмірден өтті. Сәй­кестік пе, бұл қалай? Әлі күнге түсінбеймін. Сол кезде «жазбашы мұндай дүниені» деп сонша жалын­ған едім.

– Ең бастысы, соңынан із қалды, іздеушісі бар. Кіта­бы жарыққа шығып, кештері өтіп жатыр.

– Кейде ортамызда жүргендей болады. Өлім деген табиғаттың қатал шындығы ғой. Сол кезде ғана Мұраттың бақилық екендігі есіме түсіп, бұл пәниде жоқ екендігін мойындаймын. Сағыныш бойымды билейді. Қолымнан келер еш шара жоқ. Алла тағала маған ғұмырды көп беріпті де, оған азы бұйырыпты. (Жұпар апа егіліп жылап отыр). Осы балаларға бас-көз болып, қарасын дегені шығар. Мұрат ерекше бала еді ғой. Қолында барын жұртқа бергісі келіп тұратын. Өмірінің қысқа болатынын сезді ме екен, өзіне туған-туыс, дос-жаран, сырлас, сыйлас жандарды жинай беруші еді. Рухы риза болсын деп еске алу кештерін өткізіп жатамыз. Мұраттың жолдастары керемет. Бірге оқыған Толымбек Әлімбек, Қыдырәлі Қойтай, сосын Серік, өзінен үш-төрт жас кіші Қали Сәрсенбай, барлығы бір мың болғырлар. Ұмытпай еске алып, келіп амандасып, мені апалап жаны қалмайды. Осы балаларды көргенде «Мұра­тым да осылай жүрер еді-ау» деп есіме алып отырамын. Қуатым өзінің ұлына Мұраттегі деп фамилиясын беріпті. Бұған да шүкір деймін. Дәтке қуат деп өзімді жұбатып қоямын.

Ұлым есіме түскен сайын өмірім өкінішпен өтіп, іші-бауырым қан жылайды. Өмірі өтіп кетті-ау деймін. Мұраттың қазасынан соң, сегіз жыл өткенде шалым дүние салды. Ол қазаны көтере алмай кетті. Жарықтық мен айқай салып жылағанда далаға атып шығатын. Өзімді-өзім қанша жұбатайын десем де, Мұраттың бейнесі көз алдымда тұрады. Өзімді-өзім кейде жеңемін, кейде жеңілемін. Алла тағала сынақты да көтеретін адамға береді деп жатады. Кім білсін, мен өз басым 4 өлімді көтеріп отырмын. Мұрат пен Динара, Жұман аталарың, сосын Естай деген ұлым да кетті.

Енем марқұм айтушы еді: «отырмыз ғой құдай алмаған соң» деп, мен де отырмын ғой. Шалым 75-ке келіп кетті. Оның қайғысы жүрегімнен төмен, ал балаларым тура мына жерімде тұр. Жүрегімнен жоғары. Кейде өткізген өмірімді көзіммен шоламын. Сосын, «кімге не жасап едім? Қиянат жасап, қате кеткен жерім болды ма екен» деп қатты қиналып қаламын.

— «Орнында бар оңалар» деген ғой, апа. Енді қалған балаларыңызға, Мұраттан қалған тұяқ — Қуатыңызға  құдай қуат берсін деңіз.

— Рахмет, өркендерің өссін, айналайын.

Сұхбаттасқан — Рая ЕСКЕНДІР.

 

Өмір-дерек

Қазақ әдебиетіне  өзіндік  қолтаң­басымен енген талантты жазушы Мұрат Жұманұлы Сыздықов 1956 жылы туған. Орта мектепті бітіргеннен кейін бір жыл аудандық «Шу өңірі» газетінде тілші болып істеді. 1974 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ  Ұлттық университетінің журналистика факультетіне түсіп, оны бітіргеннен кейін жолдамамен Жамбыл облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетіне  қызыметке орналасып, тілші, бөлім меңгерушісі болды. Бұдан кейінгі жылдары облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі, Қазақстан Республикасы Баспасөз министрлігінің баспа бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Өмірінің соңғы жылдары Жамбыл облысы әкімінің баспасөз хатшысы болды. 1996 жылы Қазақстан жазушыларының құрылтайына келе жатып, жол апатынан қайғылы қазаға ұшырады.

М.Сыздықов «Жалын» баспасының балалар мен жасөспірімдерге арналған жабық бәйгесінің жүлдегері (2-орын) атанды. «Әйбат бала», «Жылдың соңғы айы», «Қуатым менің», «Ақ бас тырна» секілді кітаптары оқырмандар, әдебиет сыншылары тарапынан жоғары баға алды. «Жетісі берілмеген өлім» деген пьесасы Жамбыл облыстық театрында қойылған. Бірнеше ұжымдық жинақтарға көркем және фантастикалық әңгімелері енген.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *