БОТАНИКА БАҒЫ ДА ҚАЛА МЕНШІГІНЕ ҚАЙТАРЫЛСА

Алматылықтар соңғы кездері республикалық бағыныстағы нысандардың қайтадан қала меншігіне өтіп жатқанынан хабардар. Өйткені, кезінде Республика сарайы, Цирк, Орталық саябақ, Ипподром қалаға қайтарылып, алматылықтардың игілігіне жарай бастағанын біледі.

Міне, мен бүгін осындай көпшілік орындардың бірі – Алматы ботаника бағы туралы айтпақпын. Сонау 1932 жылы ашылған бұл бақта содан бері сирек кездесетін өсімдіктер сақталып келді. Осы ретте оны күтіп-ұстауға Білім және ғылым министрлігі осыған дейін 90 млн. теңгедей қаржы бөліп келіпті. Сондай-ақ, келушілер есебінен жиналған қаржы бақты күтіп-баптау жұмыстарына кетеді екен. Өйткені, қаламыздың ең таза аумағында орналасқан, 100 гектар аумақтағы 250 мың елімізде өсетін өсімдіктері бар бұл бақ қазір қараусыздыққа ұшырады. Тіпті, ондағы оранжерея мен техникалық бөлімдердің ескіргені сонша, қазір күрделі жөндеуді қажет етеді.

Әрине, осы ретте біз «Ботаника бағы қала меншігіне қайтарылып, қала тұрғындары мен қонақтарына қызмет етуге қолжетімді болуы керек» дейміз. Бірақ, оның орнына өткен жылы «Ботаника бағы» аумағында жер көлемі 2 гектар болатын жаңа мұражай салынады» деген сөз естідік.

Шыны керек, бұл мәселені өткен жылы «Алматы ақшамы» да жиі көтерді. Соның шешімін күтіп жүргенде былтыр күзде Алматы қаласы әкімдігі мен «Қазкоммерцбанк» АҚ арасында Орталық саябақты, зообақты және Ботаника бағын дамыту және қайта қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік жеке әріптестік туралы Меморандумға қол қойылғанын естіп, қуанып қалдық. Демек, алдағы уақыттарда Ботаника бағының жаңаша дамуына сеніміміз мол.

Мұңлық ҚАРЖАУБАЙҚЫЗЫ,

«Атакент» іскерлік-сауда орталығының қызметкері.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *