БОСТАНДЫҚ АУДАНЫНДА ЕЛУ АЛТЫ СОҒЫС АРДАГЕРІ БАР

Қазақстанда Ұлы Отан соғысының қасіретін тартпаған  шаңырақ  кемде-кем шығар. Жалғыз ұлын соғысқа шығарып салып, соның жолын күтумен өмірден өтіп кеткен аналарымыз қаншама. Ал майданға аттанып, елге оралмаған боздақтарымыз бен  мүгедек болып  қайтқандары қаншама десеңізші! 

Енді ғана ес жия бастаған балалардың да ойыны мен шат күлкісін ұрлаған соғыс бұл. Сондықтан болар, Жеңіс күні жақындаған сайын  жалын жастықтарын   Ұлы  Отан соғысында жоғалтқан ардагерлеріміз  соғыс туралы әңгіме-естелік айта қалса,  терең күрсініп, күні бүгінге дейін жанарлары жасаурай кетеді. 

Н.ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

Алматы қалалық Қан орталығының қызметкерлерімен кездесуге келген Бостандық ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы, ардагер Біржан Хамитов пен  Қазақстан денсаулық сақтау саласының ардагері,  тыл еңбеккері, Алматы қаласының   құрметті дәрігерлерінің бірі  Мұсағали Меңдіғалиевтың  адамға өмір сыйлап жүрген қан қызметі саласының қызметкерлеріне айтары аз болған жоқ. Балалық шақтарын  тылдағы  еңбек майданында өткізген ардагерлердің әңгімесін  орталық қызметкерлері  де қызыға тыңдады. Майданға  аттанған әкелері мен ағаларының орнын­да қалған әйелдер мен аналардың  көмекшісі  болып, өгізбен жер жыртып, соқа тартқан, арбамен шөп тасып, майданға жіберілетін азық-түлікті  темір жол стансаларына  жеткізу  сол кездегі он-он екі жасар   жеткіншектердің мойнына жүктелген еді.

– Ауылда мінетін ат та жоқ,  шаруаның барлығын өгіз арбамен  істейтін едік. Сонда ата-аналарымыз  бізді соқаның астына түсіп қалады-ау, өгіз сүйреп кетсе қайтеміз деп уайымдамапты. Ер-азамат атқаратын барлық жұмысты қабырғамыз қайысып жүріп біз атқардық. Қазіргі он бір жасар балаларды ата-аналары нан әкелуге жұмсамайды, ал біз өгіз арбамен темір жол стансаларына майданға жіберілетін азық-түліктерді таситын едік.  Біз соғысты көрмегенмен, соғыстың елдің басына салған қиындығы мен қасіретін, майданға кеткен жары мен ұлын сағынған аналардың көз жасын көріп өстік. Анала­ры­мыздың қолғанаты бола жүріп,  соғыстың ауыртпалығын сезіндік.  Жұмыстан қажыған кездерімізде  таңды  соғыс бітіп, бір асыр салып ойнасақ екен деген арманмен атыра­тын едік, – дейді он жасында  өгіз арбамен соқа жыртып, егін орып, бидай бастырған  Біржан аға.

Мұсағали  Меңдіғалиев аға   жарылған, құлаған жау самолеттерінің үнін естіп жүріп, еңбек етіп, ер жеткенін, әрлі-берлі жауынгерлерді алып өтетін пойыздарды жағалай жүріп, жауынгерлерге азық-түлік жеткізетін сәттерін, он бір жасар баланың еңбек майданындағы ерлік істері туралы әңгімелеп берді. Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңісте тыл еңбеккерлерінің үлесі зор. Тыл мықты болғандықтан,  жауынгерлеріміздің рухы  биік болды, – дейді ардагер ағалар. Ұлы Жеңіске маңдай терлерімен үлес қосқан арда­герлерді Орталық директоры Жандос  Нәдіров құттықтап, азық-түлік себетін ұсынып, ақшалай сый-сияпат  жасады.   Ардагерлер  қан қызметі арқылы сан мың адамға өмір мен денсаулық сыйлап жүрген орталық қызметкерлерін  Отанды сүюге,  Тәуелсіз еліміздегі бейбіт күнді бағалауға үндеді. Қос қария да «Nur Otan» партиясының  белсенді мүшелері. «Белсенді ұзақ өмір сүру» бағдарламасына қатысып, салауатты өмір салтын жастарға насихаттап жүрген белсенді қарттар. Қазіргі кезде Бостандық ауданында 56 Ұлы Отан  соғысының ардагері қалыпты. Қарап тұрсақ,  ардагерлеріміздің де қатары сиреп бара жатқандай. Аман болыңыздар, бейбіт күнді жақындатқан ардагерлер!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *