БОЛСАЙШЫ АЛМАТЫЛЫҚТЫҢ БӘРI ОСЫНДАЙ

Құрманғазы көшесiндегi №58 үйде тұратын Роза Имашқызы қаламызды сүюдiң нағыз үлгiсiн көрсетiп жүр

Құрметтi «Алматы ақшамы»! Мен сiздерге Құрманғазы көшесi, №58-үй тұрғындары атынан, солардың тапсырмасымен хабарласып тұрмын.

Бiздiң үйде Роза Имашқызы есiмдi керемет жан тұрады. Ол кiсi кезiнде «Роза» ПИК-iн ұйымдастырып, соның алғашқы төрайымы болған. Роза Имашқызы Алматымызды жақсы көретiнi соншалық, бiр күнiн де текке өткiзбейдi. Бiр қарасаңыз, ескерткiштерге, үй қабырғаларына, кiреберiстерге жазылған бейпiл сөздерден, жапсырылған жабайы жарнамалардан тазартып жүредi, ендi бiрде жоғарғы қабаттан шелекпен су тасып, ауладағы ағаштарды суғарып жүредi. Жасы келiп қалған кiсiден «Ауыр емес пе?» деп сұрасақ, «Қимылдағаным өзiме жақсы, талдар болса жайқалып, маған рахметiн айтады» дейдi.

– Мен осы қалада туып-өстiм. Алматының әрбiр талы да, тасы да маған қымбат. Алматыдай қалада туып-өсу бұйырған бiз бақытты жандармыз ғой. Сондықтан да, мен басым жерге тигенше сүйiктi қаламды аялап өтуге бармын. Осыған немерелерiмдi үйретiп жүрмiн. Кейiн немерелерiм, ұрпақтарым менен көргенiн iстесе, жаман болмайтын шығар, – дейдi зейнеткер, – әрбiр алматылық үйiнен бiр шелек су алып шығып, өсiп тұрған көкке құйса, бiз жасыл қаламызды сақтап қалар едiк.

Осы бiр тынымсыз жан осындай тiрлiгiмен бәрiмiздi де Алматымызды сүюге, қаламызды қадiрлеуге ерiксiз тәрбиелеп жүр. Роза Имашқызы әрдайым сенбiлiктердiң, түрлi тазалық шараларының ұйытқысы болып жүрген жан. Роза апай қалалықтарға «Жасыл желек достарымызды қорғайық» деп үндеу тастап отыр бүгiнде. «Шүкiр, арықтардағы су сарқылған жоқ, сол суды арық жетпеген жерге жеткiзiп, талды, көктi суғарсақ, қаламыздың ажары кiре түсер едi. Әрi бұл шара Президентiмiздiң «Еңбек қоғамына 20 қадам» бағдарламасының жүзеге асуына қосылған тамшыдай үлес болар едi» дейдi ардагер апа.

Көршiмiздiң бұл пiкiрiне бiздiң үйдiң тұрғындары бiрауыздан қосылып отырмыз. Көршi апаймен кеше қызметке бара жатқанда кездесiп қалдым. Таңертеңнен тал суғаруға шыққан Роза Имашқызы, Алатау етегiнде болған өрт туралы жүрегi қан жылап тұрып «Бұл өрттi терезеден көрiп тұрдым. Апат тауда ғана емес, менiң жүрегiме де сызат қалдырып кеттi ғой. Маржандай болған тау-орман өртенгенше, шенеунiктердiң кең сарайлары өртенсе болар едi» дедi ашынған зейнеткер. Ащы да болса жүректен шыққан сөз ғой. Нағыз алматылықтың өзi. Оны да тек Роза Имашқызы айта алса керек.

Мiне, бiздiң көршiмiз осындай жан. Бiздiң ауланың тұрғындары атынан Роза Имашқызындай көршiмiз бар екенiн «Алматы ақшамы» арқылы айтқымыз келген.

Александр БОБЫЛЕВ,

Алматы қаласы, Құрманғазы көшесi, №58 үй.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *